Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтынға бергісіз қола медаль (Қазақстандағы дзюдо тарихы)

2351
Алтынға бергісіз қола медаль (Қазақстандағы дзюдо тарихы) - e-history.kz

Сурет: olympic.kz

Біздің елдің  балуандары дзюдо күресінен әдем чемпионаттарына 1991 жылдан бері қарай қатысып келеді. Тек жүлдеге осы ғасырда ғана қол жеткізе бастады. 

Жеңіс пен жеңіліс арасы 

Мәселен, 2001 жылы дзюдодан әлем чемпионаты Германияның Мюнхен қаласында өтті. Қыздарымыз әдеттегідей тек ел көріп, жер шалып  барып қайтса, ерлер арасынан Асхат Шахаров  пен Асхат Жіткеев қола медаль алды. Одан кейін біздің елдің балуандарына жүлде араға сегіз жыл салып 2009 жылы бұйырды. Голландияның Роттердам қаласында өткен әлем чемпионатында 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Максим Раков әлем чемпионы атанды. Раков – қазақ елінің спортында дзюдодан әлем чемпионы атанған алғашқы балуан. 2011 жылы Франция астанасында өткен әлем біріншілігінде Максим Раков 2009 жылы жеткен жетістігін қайталауға сынық сүйем қалғанда сүрініп, күміс медальді місе тұтты. Раков сол жолы финалда ресейлік Тагир Хайбулаевқа есе жіберді. 2013 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында Азамат Мұқанов 66 келіде күміс медаль иеленді. Мұқанов әлем чемпионатының финалында жапон балуаны, әлем чемпионы Масаси Эбинумаға есе жіберді. 2015 жылы біздің еліміз дзюдо күресінен әлем чемпионатын Астана қаласында өткізді. Балуандарымыздың арасынан тек  60 келіде күрескен Елдос Сметов пен  Рустам Ибраев медаль алды. Ел спортының тарихында да тұңғыш рет дзюдо күресінен әлем чемпионатының финалына қос қазақ шыққаны да осы тұс болатын. Рустам Елдосқа есе жіберіп күміспен күптелсе, Сметов әлем чемпионы атанған еді. Жалпы қазақ дзюдосының жұлдызы жанған шағы әзірге осы Астана төріндегі әлем чемпионаты болып тұр. Қос бірдей қазақ ұланы тек бір ғана салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының финалына жетіп,  бірі алтын, екіншісі күміс медаль олжалады. 2017 жылы Венгрия астанасы Будапештте өткен әлем чемпионатында Моңғолиядан аттай қалап алдырған Галбадрах Отгонцецег қана қола медаль алды. 2018 жылы Бакуде (Әзірбайжан) Ерлан Серікжанов 66 келіде күміс, қыздар арасында Галбадрах Отгонцецег  (48 келіде) қола медаль иеленді. 2019 жылы әлем чемпионатын Жапония елі Токио қаласында өткізіп, біздің елдің құрамасынан Елдос Сметов қана қола медаль алды. Былтырғы әлем чемпионатын Венгрия елі өткізіп, 60 келіде Ғұсман Қырғызбаев күміс медаль алды. Ғұсман әлем чемпионатының финалында ресейлік  Яго Абуладзеге есе жіберді. 

Есе жіберген Елдос

Үстіміздегі жылдың қазан айында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдодан әлем чемпионаты өтті. Жарыстың бірінші күні еліміздің қанжығасына қос бірдей қола медаль байланды. Ерлер арасында 60 келі салмақта күрескен әлем чемпионы, Рио жазғы Олимпиадасының күміс жүлдегері, былтыр Токио жазғы Олимпиадасында қола медаль алған Елдос Сметов ширек  финалда  тайпейлік балуанға есе жіберді.

Көпшілік әлем чемпионы, әлемдік доданың медалін алып, жазғы Олимпиада ойындарында күміс, қола медаль олжалап жүрген Сметовтің әлемдік аренаға енді шығып келе жатқан тайпейге есе жібереді дегенге сенген жоқ. Елдостың еншісіне жазылған Азия чемпионы, жазғы Азия ойындарының чемпионы деген атақтың бірі де жоқ тайпейлік Ян Юнвэюде.  Жұбаныш белдесуінде Сметов испандық Франсиско Гарригосаны ұтып, қола медаль үшін белдесуде өзбек балуаны Дилшодбек Баратовты жеңді. Отыздан асқан Сметов үшін Ташкент төріндегі әлем чемпионаты осылай қола медаль еншілеумен аяқталды. 

Әбибаның айтулы олжасы

Еліміздің еншісіне екінші қола жүлдені қыздар арасында сынға түскен Әбиба Әбужақынова байлап берді. 48 келі салмақта күрескен Әбиба алғашқы айналымда бразилиялық Аманда Лиманы ұтып, француз Шырын Буклиден басым түсті. Ширек финалда сербиялық Милиса Николичті жығып, жартылай финалға шыққан. Бірақ оның жолы жапон қызы Нацуми Цунодемен түйісіп, есе жіберді. Ал қола медаль үшін таласта чилилік Мэри Ди Варгаспен бақандай 10 минут белдесті. Төреші татамиде Варгастың сылбыр қимылына ескерту жасап, жерлесіміз қола жүлдегер атанды.        

 

Әбиба Әбужақынова – тәуелсіз Қазақстанның тарихында яғни еліміз егемендігін алған 31 жылдың ішінде дзюдо күресі бойынша әлем чемпионатынан жүлде алған тұңғыш балуан қыз. Яғни біздің балуан қыздарымыз бұған дейін әлем чемпионаттарына қатысты, бірақ жүлденің маңына жақындай алған емес. Рас, Моңғолия елінен Галбадрах Отгонцецегті алдырып, еліміздің атынан әлемдік аламандарға қостық. Галбадрах дәл осы жеңіл салмақ 48 келіде белдесуге түсіп, әлем чемпионатынан екі рет қола жүлде алып берді. Бірақ, сайып келгенде, қазақ «өзіңнен тумай ұл болмас» демей ме. Қазақ қыздарының арасынан баптай білсе, түлете алса талай таланттар да шығатынын Әбиба қызымыз қола медальға қол жеткізу арқылы дәлелдеп берді. 

Әбиба Әбужақынова 2017 жылы  Хорватияның Загреб қаласында жастар арасында өткен әлем чемпионатының финалына шығып, жапон қызына есе жіберіп, күміс медаль олжалаған еді. Енді, міне, ересектер қатарында да өзінің  алымдылығын көрсетіп отыр. Осы жылдың тамыз айында дзюдо күресінен Азия чемпионаты Астана қаласында өтіп, Әбиба 48 келі салмақта финалға дейін жеткен. Бірақ құрлық аламанының алтын медалі үшін белдесуде, яғни финалдық сында жапон қызы Вакана Когаға есе жіберіп, алтын медалді сусытып алды.  Дегенмен де Әбибаның қола медалінің қадірі жоғары біз үшін. 

Катардан күтер үміт көп

Біз мұның бәрін неге тізіп отырмыз? Бекзада спорт түрі саналатын дзюдо күресінде еліміздің балуандары арасынан әлем чемпионы атанған әзірге Максим Раков пен Елдос Сметов қана. Бұрымдылар арасынан, міне, Әбиба тыңнан түрен салып, сеңді қозғады. Келер жылы әлем чемпионатын Катар елі өткізеді. Сол әлемдік аламанда Әбиба бастаған әдемі аруларымыз әлем чемпионы атанады деп үміт артамыз. «Амал қанша, ауырту әдісіне түсіп қалмағанымда жапонды да жығуға болар еді. Іріктеу кезеңінде әлемдік рейтингке біздің салмағымыздың көшін бастап тұрған француз қызы Буклидің өзін жықтым, бірақ әлем чемпионатының финалында күресу бұйырмаған екен», – дейді Әбиба балуан. Ең бастысы, Әбиба қазақ қыздарының да олжа салатын шағы туғанын әлемге паш етті.       

Суреттер: olympic.kz сайтынан 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?