Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Үйсін: Тянь-Шаньның тәңір сайлаған иесі

2490
Үйсін: Тянь-Шаньның тәңір сайлаған иесі - e-history.kz

Үйсіндер ғұндардың оңтүстік батысын ала, Дұнхуаң мен Чилян тауы (ғұн тілінде тәңіртау) баурайын қоныстанған шағын ел еді. Б.з.д. 177-176 жылдары Хыши дәлізіне үстемдік еткен көшпелі тайпа – юэчжилар шабуылына ұшырап, жылы жұртын тастап, шығысқа ауды. Юэчжиден ықтап, ғұндардан барып пана тапты. Үйсіндердің бұл тарғалаң кешуін юэчжи жайын баян еткен жазбамызда да тілге тиек еттік (https://e-history.kz/kz/news/show/338768).

Ілеге келіп орныққан

Үйсіндер б.з.д. 141 жылдар төңірегінде Ілеге орнықты. Шұрайлы жер, құтты қонысқа келген олар өсіп-өнді. Елдік тағанын нықтап бекітіп, көркейіп-гүлденді. Б.з.д. 161 жылдар шамасында  қазіргі Қырғызстанның Жеті-Өгіз ауданындағы Ыштық елдімекенін қысқы астана етіп, Шығу (Қызыл аңғар қаласы) атты  қала тұрғызды. Ал жазғы ордасы Өртекес бойында орналасты.

Үйсіндер Көкшетеңіз (Балқаш) жағасын, Іленің жоғары-төмен сағасын түгел жайлап, мамыражай өмір кешкендіктен түтін саны 120 мыңға, жан саны 630 мың жетті. Іргелі елге айналды. Әскер саны 180 мыңнан асқан үйсіндер бірте-бірте ғұндар ықпалынан толық бас тартып, өз алдына дербес билік жүргізетін мемлекет құрған еді. Халқы көсемін құрметтеп Күнби атады. Елжау (Елсау) қырағы саясат жүргізіп, шекарасын шығыста ғұндармен, солтүстік батыста қаңлылармен, батыста ферғаналықтармен түйістірді, алыс-жақын елдермен сәтті дипломатиялық қатынас орнатты.

 

Тәңірі қолдаған Елжау (Елсау)

«Ханьнама. Батыс өңір баянында» үйсін елі жайлы жазылған арнайы тарау бар. Сол жазбаларға үңілсек, тайпалық ел ретінде үйсін мемлекетінің негізін Нәнди (Нәнді) бекітіп, алапатын асырған Елжау (Елсау) екенін білеміз. Елжау (Елсау) юэчжилар қырғынында  (б.э.д. 177 ж.) әкеден бір жарым жасында жетім қалған сәби еді. Оны туысы Бөжей (ақсүйек жабғу) жау қолына түсірмей, аман алып шығады. 

Тарих Елжау (Елсау) күнби жайында тылсым аңыздар қалдырды. Атадан балаға тараған аңыз желісі Елжауды (Елсауды) тәңірдің өзі сүйген перзент ретінде сипаттайды. 

Аңыз былай өріледі. Әкесі Нәнди (Нәнді) қаза тауып, Елжау (Елсау) шақалақ сәби күйінде жетім қалады. Юэчжилар әке кегін қуар деп Елжауды қанша іздесе де ел ішінен таба алмайды. Оны Бөжей жабғу қалың шөптің арасына жасырған болатын. Күндіз ел көзіне көрінбей, түн қараңғысын жамылып тамақтандырып жүреді. Бірде бөжей кештетіп азық әкелсе, баланы майса шөптің үстінде көк құртқаның емізіп тұрғанын көреді. Ал аспанда әуелеп ұшқан қарғалар тұмсығында тістеген еті бар сәбиді айналып ұшып жүр екен. Көрген жайтына таң қалып, аңырып қалған Бөжей бойын тіктеп, ойын жинағаннан кейін мұны тәңірдің қалауы, жаратушының қамқорлығы деп ұғынады. Сөйтіп болған жайтты ғұн билеушісіне жеткізеді. Мұны естіген Ғұн тәңірқұты да сәбиді кие қорғап, тәңірі жебеп жүргеніне иланып, үйсіндерді өз панасына алған екен. 

 

Аңыз желісі бойынша құртқа емізгенімен, Елжау (Елсау) тікелей Лаушан тәңірқұттың қамқорлығында ер жетеді. Ат жалын тартып мінгеннен жорықтарға шығып, жауынгер ретінде шыңдалады. Ерлік көрсетіп, ел сүйсінтеді. Жеңіске жетіп, көзге түседі. Кемеліне келген шағында тәңірқұт оған бұрынғы елінің басын құрап, билігін ұстатады. Батыс шекарасына қондырып, жау өтіне қарауыл сайлайды. 

 

Көркейген ел, құтайған қауым

Үйсіннің басын құрап, Ілеге иелік еткен жылдары Елжаудың (Елсаудың) орда бұзар отыздан асқан дүр шағына сәйкес келеді. Үйсіндер Ілеге орнығып, юэчжиларға қарсы соғыс ашты. Бас көтертпестей тұралатып, тағы да батысқа үдере көшуге мәжбүр етті. Ұзында кегін қайтарды. «Ханьнамада» жазылғанындай көшке ілесе алмаған сақтар мен юэчжилар толықтай үйсіндерге сіңісіп кетті. 

Елжау (Елсау) күнби алыс-жақындағы елдермен белсенді саяси қатынас орнатып, ел билеу ісінде зор жетістіктерге жетті. Үйсіннің өзіне тән басқару дәстүрін қалыптастырды. Үйсін мемлекетінде ел ісі 9 сатыдан тұратын бір-біріне бағынышты 15 лауазым иесі арқылы жүргізілді. Олар: 

1. Ең ұлық билеуші – тәңірдің ұлы саналатын Күнби болды. Ол тұтас елдің әскери, саяси, экономикалық істерін басқарды. 

2. Уәзір дәргейіндегі Дулы (Далы, Далу, Дұғлу) елдегі өкілеттігі жоғары екінші адам болды. Ол тек басқарушы ғана емес, сонымен бірге әскери құзіреті бар мәртебелі тұлға саналды. 

3. Сол және оң қолбасшылар. Ғұндардың әскери жасағы секілді үйсіндер әскері де сол және оң қанаттан тұратын. Бір атап өтерлігі, сол қолбасшының мәртебесі оң қолбасшыдан жоғары тұрды және қолбасшы лауазымы тек ақсүйек хан тұқымынан сайланды. Қолбасшылардың әмірінде белгілі жасағы болды.  

4. Тайпа көсемдері. Үйсін елінде жергілікті әскери және саяси істерді 3 тайпа көсемі атқарды. 

5. Сол және оң жасауылдар (дарту). Жасауылдар орданың күзет қызметіне жауапты болып, күнбидің амандығын, қауіпсіздігін қорғады. Арнайы күзет әскерлерін басқарды. 

6. Абыздар. Үйсін мемлекетінде ел арасындағы дау-шарға төрелік айтып, билік жүргізу абыздар құзырына тапсырылды. Төрелікпен айналысатын 2 абыз сайланды. 

7. Ұлыс бегі. Орданың әкімшілік, шаруашылық істерін реттеу ұлыс бегінің мойнына жүктелді. 

8. Орда бегі. Ұлыс бегінің қоластындағы қызметкер есебінде болды.  

9. Әмір сарбазы. 

Үйсіндер Алатау бауырына келгеннен кейін, Іленің басы Текестен Шу өзеніне дейінгі алапта көшіп-қонып еркін өмір сүрді. Іленің жанға жайлы климаты, ну орайлы табиғаты жан санымен бірге мал санының да шарықтап өсуіне қолайлы шарт-жағдай тудырды. Құнарлық жайылымда негізгі шаруашылық көзі болған мал саны еселеп арта түсті. «Ханьнама. Батыс өңір баянында» үйсін мемлекетін жылқылардың отаны деп жазды. «Жылқы орасан көп. Байлар меншігінде 4-5 мыңдап бар. Үйсін еліндегі жылқылардың тұқымы өте сапалы. Жылқыдан бөлек, қой, сиыр, түйе де бар. Негізінен қой өсіреді. Оңғай күнбидің баласы билеген тұста үйсіндегі мал саны 4 миллион 536 мыңға жетті». Хатқа түскен осы деректердің өзі де үйсін экономикасының әлеуетін айғақтай алса керек.  

Б.з.б. 177 жылы юэчжилар өлтірген Нәндиден (Нәндіден) кейін үйсіндерді оның ұлы Елжау (Елсау) күнби биледі. Күнби титулы да осы Елжаудан (Елсаудан) бастап жораға енді. Елжау (Елсау) 70-тен асқан жасына дейін ел басқарып (б.з.б. 104 жылдар шамасына дейін), өзінен кейінгі тізгінді немересі Жөншіге тапсырады. Жөнші күнби б.з.б.104 – б.з.б. 93 жылдар аралығында хандық тізгініне ие болды. Ал б.з.б. 93 – б.з.б. 60 жылдар кезеңінде мемлекетті Елжаудың (Елсаудың) тағы бір немересі Оңғай (Дулудың ұлы) басқарды. Оңғайдан кейін Жөнші күнбидің өсиеті бойынша ғұн әйелінен туған ұлы Нәби билік басына келді. Ол елді жыл санауымызға дейінгі 60-53 жылдар аралығында биледі. Бұдан әрі қарай билік атадан балаға ауысқанымен, сыналап енген сыртқы саясат әсерінен орда ішін алауыздықтар кеуледі, ішкі тартыс ұлғая түсті. Салдарынан билік ісіне сыртқы күштер де араласа бастады. Ол алауыздықтың ұшығы Хань елінен келген елші – Жан Цяньның Хань династиясы атынан Үйсінге дипломатиялық елші болып келуінен басталды. Қармақты қаптырған қытайлар үйсін билеушілеріне қызын ұзатып, Хань мүддесін жақтайтын жиендердің тууына ықпал етті. 

 

Жаң Цяньнан басталған шырға 

Отырықшы мәдениеттегі Хань патшалығы көшпенді көршілері юэчжиу, дунху, ғұндардан үнемі зәбір көріп, жапа шегіп отырды. Құйындай есіп келіп, әп-сәтте ту-талақайын шығарып кететін көшпелілермен соғысу қытайларға шынында қиын еді. Сондықтан олар сахара көшпенділерінің өзінен одақтас іздеді. Сексеуілді сексеуілмен сындыруға есеп құрды. 

Юэчжилармен ғұндар арасындағы қанды қырғыннан хабардар болып отырған Хань патшасы Уди батысқа көшкен юэчжилармен одақтасуға ниет білдіріп, арнайы елші жіберді. Ондағы ойы шығыс-батыс екі тараптан соққы жасап, ұйқысын қашырған ата жауы ғұндардың көзін құрту болатын. Бұл елшілік миссия Жан Цяньға жүктелді. Жанына100 қаралы жолдасын ертіп, сайланып шыққан ол Чань Аньнан аттанып, батысты бетке алды. Алайда межелі жеріне жетпей, жол ортада ғұндар қолына түсті. Хань патшасының юэчжилармен әскери одақ құру пиғылын аңдаған ғұн тәңірқұты Лаушан қатты кәріне мініп, елшілерді тұтқынға алады. Жан Цянь осы ұсталғаннан бақандай 10 жыл ғұндар қолында тұтқында жүреді. Ол мырза қамақта жүріп батыстағы елдерді, оның ішінде үйсіндер туралы да мұқият зерттей бастаған еді.  Жыл санауымызға дейінгі 128 жылы ол сенімді жолдасы екеуі қашып шығып, қаңлы мемлекетін басып өтіп, Бактрия жерінде хандық құрып отырған юэчжиларға жетеді. Жан Цянь юэчжиларды ғұндарға бірлесе соғыс ашу ұсынысына иліктіре алмағанымен, онда бір жылдай тұрып, олардың тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығы, әл-қуаты жайында мол мағлұмат алып, еліне қайтты. Бұл Хань патшалығының көшпенділерге ашқан алғашқы соқпағы, болашақ жымысқы саясатының басы еді. 

(басы)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?