Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Суретші Сәкен Ғұмаров және оның картиналарындағы ерекше әлем

2934
Суретші Сәкен Ғұмаров және оның картиналарындағы ерекше әлем - e-history.kz

Өнертанушылар Сәкен Ғұмаровты XX ғасыр соңындағы қазақ бейнелеу өнеріндегі нонконформизмнің сирек кездесетін өкілі ретінде бағалайды. Жалпы нонконформизм бағытындағы суретшілер өз бетінше білім алу арқылы жетіліп, бұрыннан қалыптасқан бағытты емес, жаңаша идеяны ұстанатын, өз ақиқатын тануға ұмтыла отырып, философиялық ой қорытатын шығармашылық иелері саналады. Олар көп емес. Кейбір ғылыми әдебиеттерде бұл терминді қоғамдағы қалыптасқан жүйеге, қағидаттарға қарсылық, басқаша ойлауға бейімділік ретінде түсіндіреді. Отыз жыл қылқаламын тастамаса да, өмірінің соңғы кездерінде ғана аты шыға бастаған суретші С.Ғұмаровтың 500-дей картинасы бар деп есептелгенімен, көптеген картинасы Америка, Жапония, Түркия, Германиядағы жеке коллекционерлер қолында көрінеді. Биыл суретшінің туғанына 85 жыл толып отыр.

Алғашқы көрмесі Киевте өткен

Алматыдан шалғайда, өзімен-өзі бұйығы жатқан Оралдан шетел жұртшылығы назар аударатын үлкен суретші шықты. Бірақ суретші бұл үлкен өнер жолына ұзақ дайындалды. Суретшінің жұбайы (марқұм болған) Гүлсара апай бір естелігінде суретшіні ұзақ уақыт бойы көпшіліктің қабылдамағанын айтқан екен. «Сәкен – жай суретші емес, философ, оның шығармаларын қабылдау үшін терең ойлану керек, оның жеңіл қабылданбайтыны содан. Оның суреттері мына кең дүние, әлем туралы, ол әлемдегі адамның орны туралы ойлануға мәжбүр етеді, тек ойлы адам ғана суретшінің не айтпағын түсіне алады» деген екен.

Үлкен ортадан шалғайда жатып өнерге қызмет еткен Сәкен Ғұмаровтың алғашқы жеке көрмесі 1990 жылы өнертанушы Т.Ржанковский мен Н.Кривуцы деген адамдардың ұйымдастыруымен Киевте өтеді, кейбір картиналарын келушілер сатып алады, кейбіреуін өзі сыйлайды. Осы Киевте оның картиналарына қатысты аттрактивизм деген термин аталады. Бұл термин кәсіби суретшілерге болмаса, көбіміз үшін таныс емес, бұл латынның шындықты тануға ұмтылу, ақиқатқа талпыну деген сөзінен шыққан екен. Суретші әрі бейнелеу өнері бойынша зерттеуші Н. Клещевникова Сәкен Ғұмаровпен 1990 жылы танысып, оның суретшілігіне аттрактивист деп баға берген. Бұл бағаны дарынды суретшілер мен интеллектуалдық тұлғалар бірауыздан мақұлдаған. Суретші Л.Н.Гумилевтің «Этногенез және жер биосферасы» оқулығында кездесетін бұл термин бойынша, аттракт ­- әрекетті қабылдаудың рухани негізі ретінде қарастырылады. Бұл термин сұлулықты жарқыл-жұрқылсыз қабылдау, мораль мен этикаға негізделген әділдік туралы ұғым дегенге саяды. Оның идеясы: эстетикалық қағидаларды ауыстыру, концептуалдық өнерден бас тартып, философиялық ойлаудың ғылыми-техникалық-философиялық түсінігін алға шығару. Суретші Украина, Мәскеу және Будапешт халқын таңғалдырып барып, содан кейін ғана Алматыда көрмесін өткізген.

 

Суретшінің мұражайы

Оралдың әрбір көне ғимараты тарихтан сыр шертетін орталық көшесіндегі баяғы обкомдық үйлердің арасында тұрған қабырғалары көгілдір, ауласында гүл өскен шағын ғана кірпіш үй өзімен-өзі бөлектеніп тұрады, осы тұрысында кішкентай ғана бөлек әлем секілді. Бұл ескі үйдің қай жылы салынғаны туралы дерек жоқ, дегенмен, 1917 жылға дейінгі салынған үйлердің бірі деген болжам бар. Бір кезде мұнда архив болған дейді. Сәкен Ғұмаровтың тынымсыз ізденіс пен еңбекке толы соңғы жылдары осы Қ Аманжолов көшесіндегі 120-ншы үйде өткен. Суретші алпыс жасқа толмай, 1995 жылы қайтыс болып кетеді, артынша суретшінің жұбайы Гүлсара, қызы Ақмаралдың бастамасымен, сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Б.Тұмановтың қолдауының арқасында С.Ғұмаров музейі ашылған. Ондағы картиналар мемлекет меншігі болып есептеледі. Бүгінгі таңда музейге келушілер қатары көп.

гумарова.jpg

Өткен жылы облыстық «Рухани қазына» фестивалінде «Үздік облыстық мемлекеттік музей» атанған С.Ғұмаров мұражайының меңгерушісі Жанболат Мұханғалиев «ЮНЕСКО өкілдері арқылы коллекционерлерге шығып, көшірмелерін сұратып, жаңа альбом жасағымыз келеді» дейді. Төте жазу, араб тілін жақсы білген суретші өзінің картиналарының астына арабша Сәкен деп қол қойып отырған. Музей меңгерушісі Жанболат Мұханғалиевтің айтуынша, аванград бағытында салатын суретшінің есімін Н.Назарбаев әуелі шетелде жүріп естіп, Оралға келетін сапарында С.Ғұмаровтың көрмесін ұйымдастырып қоюды тапсырады, ол кезде облыс басшысы Н. Есқалиев болған, суретші бастапқыда көрмесін ұйымдастыруға көнбепті дейді. Содан Одақтар үйінде өткен көрмеде Н.Назарбаев пен С. Ғұмаров екеуі жарты сағат сөйлесіпті, не туралы сөйлескендері құпия күйінде. Суретшіге сол кезде осы ескі үйді шеберханаға берген екен. 1995 жылдың басында суретші қайтыс болып кетеді, сол жылдың 20 маусымында шешім шығарып, көрме содан бері жұмыс істеп келеді. «Суретшінің ерекшелігі - салған картинасының мағынасын жасырып салады, көрген адам жұмбағын өзі шешуге тиіс, оны түйсікпен қабылдау керек. Көпшілігі Абай мен Шәкәрім ілімдерімен байланысты. "Жусанбанк" облыстық филиалының директоры Мерғат Ахметов кезінде суретшімен ағалы-інілі ретінде араласқан. Көптеген картиналарын сатып алған, қазіргі уақытта сол картиналардан галерея жасап, іліп қойған. Кезінде Д. Ахметов те суретші жұмыстарын сатып алып кеткен дейді. «Негізі қорда 24 картина, уақытшаға жаздырып алып тұрғанымыз он үш картина. Он екісі музей үйінде ілініп тұр, алты ай сайын картинаны алмастырып тұрамыз. Мақсатымыз – суретшінің шығармаларын насихаттау бағытында, оның үстіне 85 жылдығына байланысты көрмесін өткізсек дейміз. Сонымен бірге Қастеев музейінде отызшақты картинасы бар, орталық музей мен галереялардағы картиналардың көшірмелерін алып келсек деген ойымыз бар. ЮНЕСКО клубының шығармашылық орталығына кірсек, олар 67 елмен жұмыс істейді, жинақтауға көмектессе дейміз. "Жусанбанк" филиалы директоры жақында Жапония елінің адамдарымен сөйлескен кезде ол жақта да С.Ғұмаров картиналары бар екенін білді, жапондықтар да Сәкен Ғұмаров туралы кеңірек білгісі келеді екен. Өзіміздің халқымыз жаңа-жаңа тани бастады. Сонымен бірге суретшінің мүсінін жасатсақ дейміз, әрине, бәрі қаржыға байланысты. Музейге келушілер арасында суретшінің кейбір күрделі картиналарының емдік қасиеті бар деп есептеледі. Суретші өзі айтатын сенім, үміт көрінетін «Мың сан шұғылалы сәулелер картинасында»» алдымен жиырма минуттай тыныштықта отырып картинадан көз алмай қарайсың. Шұғылалы сәулелер ондаған кішкентай балалар, аңдар, құстар, гүлдерден тұрады, ал басты пішінде дәрігер көрінеді. Мұнда «Қайырымды жандарға кешірім бар» деп арабша және орысша жазылған. Суретшінің көріпкелдігі де болған. Арнайы пікір кітабында да басқа жақтан келіп, сол картиналар арқылы жанына тыныштық тауып, жаны емделген адамдардың пікірі бар. Суретші өзінің «Зипа, нәркес, назиқа, күшнұр» атты еңбегінде «Қазақта қоңыр деген кеңістік бар, май қоңыр, наз қоңыр, әсем қоңыр» деп қоңыр түсінің қасиетін ашады. Шәкәрімнің өлеңдерін терең түсінгені суретшінің «Астральды» топтамасы арқылы анық байқалады, мұнда «Кімсің? Қайдан келдің? Қайда барасың? деген сұрақтарға жауап іздейді. 1986 жылы «Субстанция» сериясымен «Жаратқан» деген картина салған, бүкіл дүние қалай жаралды, қандай заңдылыққа сүйенді дегенге терең ой жіберген, бұдан оның діни кітаптарды көп оқығанын аңғарамыз. 1980 жылы «Шолпан-нысан» деген картина салыпты, кейін атақты ғарышкердің өзі соны көріп қатты таңғалған еді. Ал «Жаңбырда тек бар ма?» деген картинасында аспан мен жер арасын жалғап тұрған қыз бар. Ойлап көрсеңіз, көктен түскен жаңбыр жерге сіңеді, адам жаны тәнінен бөлініп шығып аспанға кетеді, ал денесі жерге беріледі, осы аралықта ғана адамның ғұмыры бар. Суретші өз ойларын теңеу, меңзеу арқылы жеткізген, аңыз-әңгіме, тарихи тұлғалар жетерлік. Көп шығармасында ұлттың азаттыққа ұмтылысы, ой еркіндігіне талпыныс бар. Поставангардизм бағытындағы «Бағзы түркілер дәуірі», «Орхон-Енисей жазбаларына» ой көзін тоқтату үшін адамда ертедегі мәдениет туралы, түркілер тарихы, жалпы философияға қатысты біраз білім қоры болғаны дұрыс, - дейді музей меңгерушісі Жанболат Мұханғалиев.

 

Бүгінгі таңда бұл жерден суретшінің өз қолымен тіккен ұлттық киімі, КСРО суретшілері мен журналистік мүшелік билеті, домбырасы, ескі Құран кітабы, Библиядан алынған өсиет сөздер жазылған блокноты табылады. Тағы бір ерекше назар аудартатын нәрсе ¬ суретші экстросенсорика және сенсорлық зерттеу бағдарламасы бойынша курс бітіргені туралы да куәлігі бар болып шықты. Басқарылатын медативті аутотренингтің толық курсын бітіріп, «халықаралық категориядағы экстрасенс-инструктор» біліктілігін алғаны бір жағынан таңданыс туғызуы мүмкін. Бірақ, суретшіні танитындар үшін бұл бар болғаны өнер адамының кезекті ізденісі деп қана қабылданады. Бұл тек сол кезде сәнге айналған, бүгінгі таңда психологияны нысана қылған бұқаралық сәнге еліктеу емес, өзін тануға, әлемнің беймәлім қырларын түсінуге талпыныстан туғаны анық. Өйткені, мықты білгір өнертанушы мамандар суретшінің бүкіл Жаратылыстағы заттардың бір-бірімен байланысын, дүниедегі қозғалыс атаулының бәрінің қуат ағыны арқылы басқарылатыны туралы сурет арқылы жеткізбек болғанын айтады.

 

Сурет өнеріндегі Дон Кихот

Өнертанушылардың С.Ғұмаровтың сурет өнерін үш бағытта: абстракция, мистицизм, түркілік сарын жағынан қарастырады екен. Мәскеудегі көрме кезінде өнертанушылар мен қонақтар С.Ғұмаров еңбегін суретші Василий Кандинскийдің суреттеріне ұқсатыпты. 1912 жылы Мюнхенде өткен көрмеде «Көгілдір салт атты» шығармасымен танымал болған суретші Кандинскийдің шығармаларына С.Ғұмаров картиналарының ұқсастығы - екеуінде де экспрессионизм қағидалары тән деп пікір білдіріпті көпшілік. Дегенмен, С.Ғұмаровтың өмірді қабылдауы мен шығармашылық тәсілдері өзгеше екендігі туралы да көзқарастар болған. Вильнюсте өткен көрмеде бас қосқан үлкен өнертанушылар Сәкен Ғұмаровты Дон Кихот деп бағалаған. Бұл суретшілердің өз араларында айтылатын бағалау түрі, яғни Дон Кихоттың бұл жердегі мағынасы – ешкімге ұқсамайтын, түйсікпен қабылдайтын, логикасы бөлек, жаңаша ойлайтын адам деген. Әсіресе, суретші Аушра Сәкен шығармашылығында жарқын өмір образдары жетерлік, өмірге қарсылық көрінбейді, сезім мен көңіл-күйді беруде еркіндіктің салтанаты шағы байқалады деп өз байқағандарын айтқан екен.

 с гумарова.jpg

Сәкен Ғұмаров туралы осыгүні ешқандай стереотипке бағынбайтын, шығармашыл тұлға деген баға береді. 1965 жылы жазылған «Экспансия в каганате» атты еңбегінде түркілердің мыңдаған жылдар бұрынғы тарихына шолу жасап, көшпенділердің қарама-қайшылыққа, қантөгіске толы болмысын беруге тырысқан. «Астыма мінген атым шайтан қара» деген ертеректе жазған жұмысында көшпенділердің ортасындағы жылқылардың көздері бір бұрыштан бір бұрышқа қарап, картина ортасында қозғалып тұрғандай көрінеді екен. Қолданбалы өнер элементтерін қосып орындаған «Ущелье каганата» жұмысында да дала, көшпенді өміріне қатысты сырлар бар. Суретшінің «Әруақ» деп аталатын картинасы ертедегі Бөкей орда топырағында өткен ұлы бабалар аруағына тағзымы секілді. «Сусымалы құмда бағзы бір замандардағы болып, із-түзсіз жоғалған өркениеттің электрлі іздері бар» деп түйген суретшінің жадында өткен шақтардың елесі бар. «Бұл – шығыс. Орталық Азия өркениеті құмының астында көміліп, сол күйі ұмытылып қалған... Ал менің жадымдағының бәрі өткен шақтардан. Біз өткеннің бәрі ұмытылып қалды десек те, бұл менің генімде сақталған. Менің тірек қылғаным сол». «Санада қатып қалған естелік» атты шығармасы «Түркінің ескі заманы» сериясына жататын 1987 жылы жазылған шығарма. Сұп-сұр қабір тасында әйел келбеті бейнеленіп, оның айналасында қызылды-жасылды өмір қайнап жатыр. Бұл тақырып оның шығармашылығына арқау болып, суретшіні Л.Н.Гумилевтің зерттеулерімен жақындатады. Осылайша суретші «Түркілік» атты еңбегінде этногенез бен мәлениет тақырыбын көтереді. Өнертанушылардың пайымынша, бұл жұмыстары арқылы суретшіні қоғамның өзара әрекеттестік тарихы, өнер мен өркениеттің табиғи түрдегі, сондай-ақ, адам күшімен жеткен жетістіктері қызықтырған. С.Ғұмаров Гумилевтің тұжырымын түсіндіре келе, «этникалық жүйенің ырғағы», көрінер-көрінбес құбылыстардың мифі, шежіре... осының бәрін жинақтап, этникалық жағынан зерделеу арқылы сезінгенін, сурет тілі арқылы ақиқат пен әділдік туралы ойларын жеткізеді. Өнертанушылардың бағамдауынша, суретші С.Ғүмаровтың «Бас пен фигуралар», «Астральдық», «Ойлау қалыптары» еңбектерінде уақыттың үздіксіздігі бар. Осыдан келіп үлкен өнертанушылар суретшінің ұлттық мәдениетке негізделген өте жоғары мәдениет иесі, сезіну ырғағы күшті дамыған адам екендігін айтады. Суретшінің көптеген картиналары юмормен, қайсыбірде ирониямен жазылған деп баға береді. «Бестиарии», аяқталмай қалған «Қаздар» жұмыстары философиялық толғамға құрылған делінеді.

         Суретшінің «Абай» циклы бойынша салған суреттері көрмелер мен галереяларға таралып кеткен. Ол бұл тақырыпқа жас кезінен бері өзінің бастау-бұлағына оралғандай әлсін-әлі оралып отырған. Оның ерекше дарын иесі екенін таныған Мажарстан елшісі суретшіні өз еліне көрмесін өткізуге шақырғанымен оған баруды тағдыр жазбайды, суретші қайтыс болып кетеді. 2002 жылы Прагада өткен Қазақстан мен Чехия саммитінен соң С.Ғұмаровтың суреттері Сальвадор Дали арнайы сыйлығына лайық деп танылған.

 

«Рухани жасы өз жасынан үлкен...»

Суретші өзінің қысқаша жазған өмірбаянында жан-дүниесінен сыр ашқандай болады: «Көркемсуретпен айнылысып келе жатқаныма отыз жыл болды. Ес білгелі сурет саламын, тек қана майлы бояумен жұмыс істеймін. Өзімді жанрлармен, тақырыппен шектемеймін. Сондай-ақ, ұлттық бағыт, әлеуметтік не нәсілдік бағыт деп деп қатып қалған ештеңем жоқ. Энергияны бағындыруға тырысамын. Мистикалық дейсіз бе? Ғарыштық дейсіз бе? Мен шығармашылықта қанатын кеңге жаятын, еркіндікке талпынатын суретшімін. Шексіз түрде жаралып, шексіздікке талпыну - менің кредом. Мен импрессионистерді жақсы көрем ¬ бұл балалық шаққа деген махаббат секілді. Бірақ қандай да бір әсері туралы айта алмаймын. Пикассо, Брак, Пауль Клее, Миро... Дегенмен бәрінен де бұрын көрмеген нәрсені жақсы көретін сияқтымын».

Көп адам үшін үшбұрыш дегеніміз ¬ сызықтардың қосылуы ғана. Ал суретші одан басқаша мағына көреді. «Тек қана үшбұрыштың ішінде өмір сүре аламын, Оның мәні бар. Адамзат о бастан үш бұрыш туралы ойланған. Өмірде Сенім, Үміт, Махаббаттың болатыны содан!». Суретшінің жылдамдық туралы ойлары да тосын. «Жылдамдықты арттыру арқылы біз ең соңғы межені бағындырамыз, ол кезде дене жарыққа айналып кетеді, ал біз оны жеңеміз. Біз де жарыққа айналамыз. Қаласаңыз, мұны өмірден жоғалу деп атаңыз». Ол осы тақырыпты өзінің «Жылдамдықты азайту», «Жылдамдықты декодизациялау», «Жылдамдыққа қосылу», «Жылдамдықтың ар жағында», «Экуминикалық жарық» деген еңбектерінде көтерген. Мүмкін суретшінің осы ойларын ары қарай дамытып, болашақта көркемсуретті инженерлік психология мен информатика тұрғысынан зерттеп көретіндер табылып қалар. Санкт-Петербургте тұратын өнертанушы М.Ирхина: «Суретші жұмысынан көрінетін ой да, оның ішкі әлеміне бойлау да әртүрлі болуы мүмкін, Бірақ бір нәрсе анық - суретшінің миы мен жанына жарық жеткізетін бояу түсі - өзінің тұрақсыз ағымы мен нәзік сиқыр үйлесімдегі бай полифонияны тудыратын форма мен ойдың ажырамастай қалыпталып құйылған түсі болуы мүмкін» дейді. Суретші Екатеринбургте өткізген көрмесіне «Белая магия» деп ат қойған. Өзі кейде таныстарына сурет салып жатқан кезде қолын көзге көрінбейтін әлдебір тылсым күштің басқарып отыратыны туралы айтқан екен. Достары суретші туралы «Сәкен бәрін алдын-ала сезетін» деп еске алады екен. Өнертанушы Әмір Джадайбаевтың пікірінше, Сәкен Ғұмаровтың картиналары құпия мен жұмбаққа толы, әлдебір формулаларды жасыратындай. «Сәкен Ғұмаров - рухани жасы өз жасынан әлдеқайда үлкен мистик суретші. Оның картиналарының стилдік және мазмұндық негізі, жалпы ойлау қалыбы бөлек, ерекше белгілер, антропоморфтік, зооморфтік тотемдерге толы» деп бағалаған. Суретші С.Ғұмаров «Ана мен бала», «Абай», «Күту», «Бас пен пішін», «Жарату» шығармаларында әлемді тұрпайы материализмнен арылтып, ғарыш энергиясы арқылы құтқаруды көздейді. Адамдарға күнделікті өмірде қабылданып кеткен байлықтан басқа байлықты көрсетпекші болады.

 

***

Суретші С.Ғұмаров Бөкей Ордада дүниеге келген. Жарық дүние есігін ашқан бойда анасы қайтыс болып, әкесінің інісінің тәрбиесінде өседі. Оның әкесі мәдениет саласына еңбегі сіңген Мұхамеджан Ғұмаров деген азамат, екі ауданда театр ашқан адам. Суретші өз әкесін көке деп өскен. Жалпы бұл туралы суретшінің отбасымен жақын араласқан ақын, журналист Ұлдай Сариева «Көке» атты кітабында баян еткен. Бала кішкене күнінен декорацияны, театр ойынын көріп өседі. Кейін режиссерлікті таңдап, Мәскеудегі А.В. Луначарский атындағы ГИТИС пен Ленинградтағы театр, музыка, киноматография институтында оқыған, алғашқы сурет еңбектерін 1955 жылдан бастап жазған. Облыстық телеарнада режиссер бола жүріп, жергілікті театрда қызмет еткен, Құран да оқыған, домбыра да шерткен, жан-жақты талантты, болмысы бөлек адам өмірде қандай болды екен? Сөзсіз, көбіне өз қиялымен жүретін, пенделік ұсақ-түйек әңгіме-сөзден алыс, біртоға, мақтануды білмейтін адам болған. «Менің күйеуім өте сымбатты, кең иықты, шашы бұйра жігіт болатын. Өте талантты суретші еді. Мен оны ықыласпен тыңдайтынмын, ол әсерін, ой-пікірін өте тамаша жеткізетіндіктен, оның әңгімелері ертегі сияқты баурайтын. Біз екеуміз жақсы ғұмыр кештік» деп еске алған екен жұбайы Гүлсара. Күйеуінің музейін ашуға, еңбектерін мемлекет меншігі ретінде тіркеуде еңбегі сіңген, өмірлік серігіне үнемі қолдау білдіріп отырған қазақ әйелінің өмірі трагедиямен аяқталғаны өкінішті...

Сәкен Ғұмаровтың болмысы туралы ойланғанда ол тағдыр дегенге сенген, бүкіл ғұмырында соған күмән келтірмеген адам ба деген ойға тірелесің. Ол өзінің осы дүние туралы толғану үшін жаралғанын білген, терең ойларын, жан-дүниесіндегі сыры мен мұңын кенепке ақтарып, өлең де жазған.

2018 жылы жергілікті демеушілердің күшімен суретшінің балалық шағы өткен Казталов ауданы Жалпақтал ауылында ескерткіші ашылған. Ал Оралдағы Сәкен Ғұмаров мектебі 2019 жылдан бастап ЮНЕСКО клубының қазақстандық ұлттық федерациясының мүшесі саналады.

Қабырғада қанша сурет ілінген!

 xma20jaahsqpcv6apmto_tc6cpktquq6pivziewjx.jpg

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Редакциялық баспа басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов:

«Талант» деген сөзді естігенде, жаңа қожайыны өзін осылай деп мақтап дауыстаған сайын «Атымды атап жатқан жоқ па екен?» деп елең ете қалатын Каштанка байғұс есімізге түседі. Чеховтың дарынды тұлғаның қоғамдағы орны туралы мәселені қалай трагедияға айналдырып жібергенін аңғармай қаласың. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.   Бүгінгі тақырыбымызға оралсақ, осы тұрғыдан келгенде, Сәкен Ғұмаров туралы сөз болғанда, құр тамсанып желпіну жеткіліксіз деп ойлаймын. Терең толғам, парасатты пайым әлі алда сияқты. Өйткені, дарын болмысын түсіну мен түйсіну үрдісі әлі толық аяқталған жоқ. Бәлкім, енді басталуда...

Сөз жоқ, келмеске кеткен Кеңес дәуірі кезінде суретшінің шығармашылығы тар бұғауда, қатты қыспақта болды. Ол даусыз шындық. Солай екен деп қасаң жүйеге қарсы күрескерлік пен қайраткерлік деңгейінде ғана қарастырайын десек, суретші шығармаларының болашаққа батыл адымдап бара жатқанын байқаймыз. Осыдан бес ғасыр бұрын жазылған Шекспир шығармалары секілді. Қара дауылға қасқайып қарсы тұрып, басын қатерге тігу – ерлік. Десек те, өнердің бояудан тұратынын ұмытпауымыз қажет. Өмірде өңі олай емес екенін білсек те, өлең болсын, сурет болсын әдемі үйлесіп үстелген бояуды, тыңнан табылған теңеуді жүрекпен қабылдаймыз. Мәселен, қоғамның қозғаушы күші саналатын публицистика деген жауынгер бағыт бар. Бірақ, ол әдебиеттің рөлін атқарып кете алмайды. Сол секілді суретшінің шығармашылығын саясатқа тели берсек, батырлығы айшықталғанымен, терең ойшылдығына, шексіз талантына текке обал болмай ма деп қаймығасың. «Сонда құпиясы неде?» «Өміршеңдігінің өзегі қай жерде?» Осы сауалдар әлі талай ғасырға жүк болып, әр заман өз жаңалығын ашып отыратын түрі бар. Кітаптың бір бетін ашпастан, атына ғана қарап, авторының атақ-абыройына бола бас шұлғып, оңды-солды пікір айтуға бола ма? Суретшіге берілетін баға міндетті түрде туындысын көргеннен кейін айтылса, дұрыс. Оралдағы суретшінің музейі – болашаққа аманат деп ойлаймыз. Қазір Сәкен ағаның туындыларын көпшілік назарына жиі ұсыну маңызды. Ақын Айтқали Нәріков ағамыз солардың алдында тұрып:

Қабырғада қанша сурет ілінген!

Дал боламын түсіне алмай бірін мен.

Шарасыздық шырмап алған санамды,

Сезіледі демімдегі дірілден.

«Адам деген алты аяқты болама?

Үшбұрыш бас – үйлеспейді жобаға».

Осы ойлармен ұзақ қарап тұрамын,

Тығырыққа тіреліп сан жорамал.

Тажал түсіп келе жатыр ғарыштан,

Құбыжықтар бір-бірімен алысқан.

Бұраңдайды айдаһардың құйрығы,

Кеуде жағы – жалы құлаш арыстан!

Анау аспан, осы мына жер үсті,

Неге сонша бір-бірімен керісті.

Алауыздық адамдарды аздырып,

Ібілістер тойлап жатыр жеңісті... – деп қалай толғанса, әр көрермен солай өз ой елегінен өткізсін.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?