Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаштың аналары: Теркен хатун (шамамен 1165 жылы туып, 1225-1228 жылдары өлді)

1533
Алаштың аналары: Теркен хатун (шамамен 1165 жылы туып, 1225-1228 жылдары өлді)  - e-history.kz
Сақ тайпасының падиша қызы Тұмар сияқты жаумен майданда шайқаспағанымен, Теркен хатун өзінің аса зор ықпалын пайдаланып, қыпшақтарды сан рет қырғыннан құтқарды

«Хорезмдегі Теркен хатунның беделі мен Хорезмшахтың мемлекеттік ісіне ықпалы баршаға аян. Бұл әйел әміршіден де зор билікке ие болды. Өзінің туысы – қыпшақтарды қолдай отырып, ұлы хорезмшах Мұхаммедтің тұсында шешуші тұлғаға айналды». 

С.М. Ақынжанов. «Қыпшақтар орта ғасырдағы Қазақстан тарихында», 221-бет 

Дүние тарихының ең бір толқымалы тұсында Азия мен Еуропаның арасындағы ұланғайыр жер мен билікке ие болған хорезмшахтың билігін туған ұлы Мұхаммедпен тізгін жарыстыра ұстаған қыпшақ қызының есімі Теркен хатун деген атпен айдай әлемге машһүр болды. Егерде, Араб пен Иранның, Шығыс Түркістанның, қидандардың, Қыпшақ даласының, ең соңында Шыңғысханның сыртқы саясатына араласып, дегенін істетіп отырғанын ескерсек, онда осынау ақылды да өжет, қаншыл әйелдің Тұмар, Мария Стюарт, Жанна д’Арк, Тамара, Сүйімбике сияқты күрделі әдеби тұлға ретінде бейнеленуге толық қақысы бар еді. 

Бірақ та ондай құрмет көрсетілмеді. Хорезмшахтардың тарихын зерттеген ағайындар қасақана көзге ілмеуге тырысатын сияқты. Қазақ ғалымдарының ішінде арнайы тоқталған Сержан Мұсатайұлы Ақынжанов. Заман да, оған деген көзқарас та өзгереді. Түркі, оның ішінде қазақ тілі де мағыналық қолдануларын өзгертті. Теркеннің кезінде хатун – падиша, ханым, әйел – арабша үй қызметіндегі адам деген мағына білдіретін. Қазір көне түркі сөзінің орнына «әйел» әбден сіңіп алып, «хатун» өрескел ұғымға айналды. Егерде Теркенге алда-жалда біреу «әйел» деп тіл қатса, сол арада басы алынар еді. Сондықтан да біз бұл әфсанада сол тарихтагы есімі бойынша Теркен хатун деп қолданамыз. Екіншіден, хорезмшахтың қандай да бір мүддесін қорғау үшін Теркен хатунды аяр, сатқын етіп көрсетуге ұмтылушылар кездеседі. Орта ғасыр тарихшысы Несеви де соған мегзейді. Бұл бір жақты баға. Өйткені Теркен өзінің күйеуі Текештің, баласы Мұхаммедтің бедел-берекесі үшін күреспеуі мүмкін емес. Шыңғысханның шабуылы кезінде хорезмшахтың жанында тек Теркенге тиесілі қыпшақ жасақтарының қалуы соны аңғартады. Ал әңгіме падишаның туған елі – қыпшақтарға бүйрегінің бұрып, үнемі оларды қамқорлыққа алуы хақында болса, онда бұл сатқындық емес. Теркен қыздың бойындағы ең асыл қасиеті ол. 

І

Қаншама құдіреті күшті шахтың сүйікті падишасы болғанмен де, мемлекеттің басқару тізгінін толық меңгеру мүмкін емес. Оның үстіне, әскери іске араласудың сәті үнемі түсе бермейді. Әсіресе абыройы асқақтап тұрған хорезмшах Текеш өзінің қайын атасы Қыран Қадыр – Бұқа ханның масқара боп жеңілуіне себепкер Теркен хатун екенін білгеннен кейін оған деген сенімін азайтты. Қалай да қарымта қайтаруға тырысқан шах құпия түрде қыпшақтардың арасына жансыз жіберіп, олардың осал тұсын аңдуға тырысты. Исламның атын жамылған қожа-молдалар исі даланы шарлап, Жент пен Сығанақтың махаллаларынан өсек-аяң, сыбыс жиып, Қадыр – Бұқа хан туралы жалған дақпырт, қауесет таратты. Мұны хан да, ханның қызы Теркен де сезді. Бірақ еш айла-амал таппады. Ал Текеш қыпшақтардың жауынгер жасағынсыз ешқандай шахқа тән әскери абырой-атағының дәуірлемейтінін, ешкімге айбат шегіп, күш көрсете алмайтынын білді. Қарауындағы қаңлылар да жеме-жемге келгенде түркілік тегіне тартып, қыпшақтарға қосылып кететініне көзі анық жетті.

31cd79b0d124b7597fd46c5eb10be324.jpg

Араға үш жыл салған соң жансыздарының біреуі сумаң қағып иіліп ішке кірді де, аса жымысқы күлкімен езу тартып, «өте құпия хабар» әкелгені жөнінде сарай тілімен Текешке білдірді. Хорезмшах не туралы сөз қозғалатынын бірден түсінді. Күзетшілерді шығарып жіберіп, оңаша қалғанда жансыздың айтқан ақпары шынында да сергітіп тастады. Қадыр ханның жауы өз ішінен, өзінің ордасынан шыққанына қуанды. Қыранның інісі, инал – мұрагері Алып Теректің ағасының тағына көз сұғын қадап жүргенін білді. Мұны естісімен Шадьяхтағы әскербасы, хорезмшахтың өзінің тағынан дәмелі ортаншы ұлы Құтып-ад-дин Мұхаммедті шақыртып алды да: 

– Саған аса құпия тапсырма бар. Қыпшақтардың жеңіске жетіп, біздің абыройымызға дақ түсіргенін білесің. Тек өзіңе қарасты қолмен Сығанаққа аттан. Өткен жолы қалай қапы қалсақ, енді Қыран Қадыр – Бұқа ханның өзін қақпанға түсіреміз. Оның інісі Алып Терек саған қосылады. Бағыңды сынайтын шақ осы. Мен шау тартып қалдым. Ендігі кезек сенікі, – деді тақтың мұрагерінің біріне. 

Сөйтіп, қыпшақтардың жеңісінен кейін «үш жыл өткен соң, Бұқа ханның немере інісі Алып Терек ағасымен араздасты да, хорезмшах Текештен көмек сұрады. Хорезмшах Шадьяхтан Құтып-ад-дин Мұхаммедті шақырып алды да, 594 жылы, раби (1198 жылы, қаңтар-ақпан айында) оны Алып Терекпен бірге Бұқа ханға қарсы аттандырды. Бұқа хан жеңілді де, тұтқынға алынып, Хорезмге әкелінді» (Жувейни). Құтып-ад-дин мен Алып Теректің мұнша құлшына кірісуі заңды еді. Өйткені тақ біреу, ал үміткер көп. Текеш шах қартайды, ал оның орнына Теркеннен туған Мұхаммедті қояды деген сыбысты естіген Құтып-ад-дин орайы келгенде жанын салды. Тек хорезмшахтың Қыран Қадыр – Бұқа ханды өлтірмей, тірі әкел деген әмірі үшін ғана оның басын өз мойнында қалдырды. 

Соншалықты құпия жасалған мына шабуылды Теркен хатун кеш білді. Әкесінің тұтқынға алынып, зыңданға қамалғанын естігенде Теркен қыз қатты налыды. Көкесі азаппен алысып жатқанда мұның үлде мен бүлдеге оранып, саз сырнайдың үніне балқып отыруы қорлық емес пе?! «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Әкесінің, елінің көз жасын, аққан қанын кешіп падиша атанбай-ақ қойсын. Ойлаған ісіне қатты бекінген Теркен хатун өзінен туған, қыпшақ жауынгерлерінің тәрбиесінде өскен ұлы Мұхаммедті шақырып алды да, хорезмшахтың өзіне кірді. Қанша сүйікті, беделді болса да, әйел адамның шахтың тағы тұрған сарайға үстемелеп кіруі әбес саналатын. Бірақ Теркеннің жанындағы шахзаданы көріп, уәзірлер үшеуін оңаша қалдырды. 

– Хорезмшах! Мені сізге ұзатқанда бабам Алып Қара Ұран да, әкем Қыран Қадыр – Бұқа хан да: «Екі елдің дәнекері бол, ашуын ақылға жеңдір, абыройын асыр. Бірақ сенің жұртың қыпшақ. Соны сатпа. Еліңді сатсаң, шахқа да адал жар боп жарытпайсың», – деген. Хал-қадірімше қысылғанда қол ұшымды бердім, ақыл қостым. Содан ұтылғаныңыз қайсы? «Дінсіз ханның қызына үйлендің, падишаң кәпір» дегізбес үшін мұсылман болдым. Жасауыма келген қаржыға үш жерден мешіт салдырдым. Сығанаққа да мұнара орнаттым. Қыпшақтардан сенімді жасақ құрап бердім. Сондықтан да селжүк сұлтаны да сізбен есептесті. Бірақ та сол еңбегімді өзіңіз еш еттіңіз. Жаулық іздедіңіз. Ақыры ағайынды екеуін арандаттыңыз. Жарайды, Алып Терек те өз қаным. Тақтың заңы. Енді, міне, әкемді зынданға салып отырсыз. Мен – ақ жаулықты әйелмін, шах. Алайда мына Мұхаммед шахзаданың бағын байлап, қаптаған қастандық пен арандатудың арасына тастап, жаралы арыстандарға талатқалы отырсыз. Менің әкем Қыранның кегі мен құны осының мойнында қалады. Күні ертең исі қыпшақты ұлыңызға қарсы қоясыз. Құтып-ад-дин мен Мұхаммедтің арасын аштыңыз. Сонда үрім-бұтағым тақ үшін таласып, артым қырғын болсын дедіңіз бе? Онда несіне өршеленіп төрткүл дүниені кездіңіз? Берекесі жоқ өлім себетін ел мен жерді кім үшін кеңейттіңіз? Қыран – Қадыр хан жазаға ұшырағандай күнде әскеріңіз екіге бөлінеді. Алып Терек өлсе де қыпшақты сатпайды. Сонда жалғыз қалмайсыз ба? Менің сізге қоятын шартым бар, соның бірін орындаңыз. Әкемді қорламай, сый-сияпат көрсетіп, жұрттың кезінше тұтқыннан босатыңыз. Мұхаммедті Жент пен Сығанақтың, Түркістанның құшбегілігіне тағайындап, Қыран Қадыр – Бұқа ханды ақылшы етіп жіберіңіз. Сарай маңы енді қауіпті. Ал тілегім орындалмаса, онда мені төркініме қайырыңыз. Екінің бірі, хорезмшах, – деді Теркен хатун байыпты сөйлеп. 

– Мүмкін емес, ол дегенің – мұқым қыпшаққа қорлық, сөзсіз соғыс ашады. Шахзаданың шешесін талақ ету – оған да намыс. Райыңнан қайт, Теркен хатун, – деп Текеш шошып кетті. 

– Хорезмшах, екінің бірі. Не әкемді босатыңыз, не мені дарға асыңыз. Екеуін де орындамасаңыз, сарайдағы қыпшақ жасақтарын дәл қазір жиямын да, елге өзім кетемін. Мұхаммедті ерте кетемін. Арғы жағы белгілі ғой. Жасақтар сақадай сай тұр. Әне, қараңызшы, – деді өңін суытып. 

Теркен хатунның бұл сөзі шындық еді. Хорезмшахтың ең таңдаулы жасағы және сарай күзетшілері ұран – қыпшақтардан жасақталған. Текеш оларға қатты сенетін. Кенже ұлы шахзада Мүхамедтің атабектері – тәрбиешілері де солар еді. Хорезмшах ұзақ ойланып барып: 

– Сенің сөзіңнің жаны бар екен. Намыспен істеп ем. Артын ойламаппын. Артыма алауыздық, бітіспейтін кек тастап барады екенмін. Мұхамед шахзаданы сарайдан шеттетуге болмайды. Қыран Қадыр – Бұқа ханды өзім де өлімге қиғалы тұрған жоқпын. Сырт көз сескеніп жүру үшін істеп ем. Қайын атамыз осы Хорезмде қалсын. Әрі қауіпсіз. Ол кісіні сарай әкімшілігіне тағайындаймын. Бұл үшеумізге де тиімді, – деді.

«Жаным – арымның садағасы, арым – елімнің садағасы» деп түсінген қыпшақ қызы Теркен осылай елін де, әкесін де, күйеуін де, баласын да қанды кектен құтқарды. Рашид-ад- диннің: «Құтып-ад-дин оны (Қыран Қадыр – Бұқа ханды) нөкерлерімен қоса тұтқынға түсірді де, әкесіне әкеп тапсырды. Хорезмшах оған кешірім жасады да, әкім етіп тағайындады»,– деп жазуының мән-жайы осындай еді. Текеш ағайынды екеуін бір-біріне қарсы қою арқылы қыпшақтардың күшейіп кетуіне жол бермеді. Алып Терек – Инал хан «сұлтанның дәргейіне көшіп, мұсылмандықты қабылдады, сол үшін сұлтан оған Түркістан уәләйәтін берді, ол соның бектігіне тағайындалды. Дәл осы күннен бастап сені ешкімде инал-мұрагер деуге тиісті емес, тек Қайыр хан деп атауы керек» (Әбілғазы. «Түркі шежіресі»),– деп жарлық айтты. 1200 жылы Текеш дүниеден қайтып, орнына Теркен хатуннан туған Махаммед хорезмшахтың тағына отырды. Қыран Қадыр – Бұқа ханның алаңы да азайды. Ол 1210 жылы інісі Қайыр ханның қолынан қаза тапты-мыс деген жорамал ғана бар. Бірақ ешқандай тарихшы оны шындыққа санамайды. 

Теркен хатунның белсенді саяси-әкімшілік әрекеті енді басталды. 

ІІ 

Қыпшақтар мен қаңлылар, қарлықтардың қуатты күшіне сүйенген хорезмшах Мүхаммед ақыл-қайратын қатар ұстап, әскери-әкімшілік жағынан Орта Азиядағы және қыпшақ даласындағы бірден-бір өктем мемлекетке айналды. Бұған шешесі Теркен хатунның беделі мен көрегендігі әсер етті. 1210 жылы бүйіріне қадалған жебенің ұшын суырып тастау үшін және дінсіздерді исламға кіргізу үшін Талас бойындағы кедендердің гүрханына соғыс ашты. Майданда екі жақ та жанталаса шайқасқанмен, жеңіс анықталмады. Бірақта осы уақытқа дейін жеке билікке дәмеленген гүрханды қатты әлсіретті де, Ферғана жазығы Мұхаммедтің иелігіне көшті. Өзін «екінші Ескендір Зұлқарнайын» деп жариялап, қайтар жолда Отырар қаласының ханы Білге қағанды дәргейіне қаратты. Бұрын қыпшақтың күшіне арқа сүйеген Білге қаған хорезмшахтың әмірін жүре тыңдайтын және ғазауатқа мойынсұнбай, Отырарда көтеріліс ашты. Табан тірескен шайқас болған жоқ. Қыпшақтар қалың қолға қарсы келмей, Арал теңізін айналып өтіп, Ырғыз бен Жемнің арасындағы сайын далаға қоныс аударды. 

Хорезмге қайтып келген соң, сарай салты бойынша Мұхаммед шах анасы Теркен хатунмен жорықтың қорытындысы, ендігі ішкі-сыртқы саясат қақында әңгімелесті. Осы арада Теркен хатун қыпшақ еліне үшінші рет араша түсті.

– Ұлым! Қыпшақпен, қаңлымен, қарлықтармен жауласып опа таппайсың. Одан басқа сенімді сарбазың қайсы? Мына Самарқанды, Хорезмді, Үргенішті, Бұхараны жайлаған саудагерлер мен диқандар саған әскери тірек болмайды. Олардың заты қымбатқа өтіп, бау-бақшасы көп өнім берсе, бітті, хан таңдап жатпайды. Білге қағанды тұтқындап, Отырарды алыпсың. Маңындағы ел ұлы далаға үдере босыпты. Ақылымды тыңда. «Қашқан елге – қатын ер» дейді түркі даналығы. Сен олардың соңынан қуып, ел-жұртты күйзелтпе. Қарғысына қаласың. Басқа амалын ізде. Отырарға сенің нағашы ағаң, менің әкемнің інісі Алып Терек Қайыр ханды әмірші етіп тағайында. Білге қағанның есімі жазылған алтын манаттарды қайта қорытып, өз атыңмен шығарт. Қайыр хан намысшыл, қызу қанды, бірақ қыпшаққа адал адам. Ол Қыран Қадыр – Бұқа ханның заңды мұрагері, яғни исі түркі оның дәргейін мойындайды. Сонда босқан ел де қайырылып келеді. Ал Білге қағанды жанын қинамай, мырзақамаққа алып, алыстау жерге жібер. Сонда кек қумайды, – деді. 

Ақылды ананың сөзін хорезмшах екі етпеді. Қайыр хан Отырардың сарайына кірісімен, оның жер асты жолдарын, алтын-күміс ақша соғатын қазына ұстаханасын, қару-жарақ жасайтын қылыш төбені, Арыстан су тартатын құбырды аралап шығып, Мұхаммед хорезмшахқа мынандай мықты қорғаны бар шаһардың неғып тез берілгенін базарды аралап жүріп түсінді. Дүниенің төрт бұрышынан жиылған қара шашты, сары шашты, көк көзді, қысық көзді, қоңқақ мұрынды, ақ, құба, қара өңді, сәлделі, тақиялы, бөрікті көпестерді көріп, ішінен оларға күдіктене қарады. Іле сарайға келісімен, олардың әрқайсысына тыңшы қоюды тапсырды. Бес жылдың ішінде Отырардың айналасына ор қаздырып, оны сумен қоршады. Өзінің айбыны мен атағы жағынан Еуроазиядағы ең даңқты шаһарға айналды. Көшпелілер мен отырықшы елдің арасындағы шекаралық шаһардан іздеген затын таппай кететін адам табылмайтын. 

Болып-толудың да, ағылған ырыс көзінің де шегі бар. Сондай тоқырау 1215 жылы сезілді. Қазынаға түсетін алым-салық мөлшері күрт азайған соң, бедекшілерге сенбей, базарға өзі барды. Барды да, кілтипанның неде екенін бірден түсінді. Қыпшақтар биыл базарға мал да, жүн де, тері-терсек те әкелмепті. 

Ал онсыз иран, араб, византия кепестерінің көні көншімейді. Керегі сол ғой. Қайыр хан мұны қыпшақтардың қасақана істеп отырғанын ұғып, себебін сұрауға жіберген шабарманы бір аптадан соң қайтып келді. 

– Ат тұяғы жететін жерде бір де бір тірі жан жоқ. Тек жұрты ғана жатыр. Көш ізі Еділ-Жайыққа қарай созылып жатыр, – деді. 

Қыпшақтардың хорезмшахтан іргесін аулақтатып, Дөң, Орал бойындағы құба қыпшақтарға қосылу үшін қоныс аударып бара жатқанын сезе қойып, Мұхаммедке жаушыны аттандырды. Мұхаммед шешесіне ақыл салды. Сонда Теркен хатун: 

– Міне, менің өткендегі өтінішімді орындамадың. Егерде Низам Әл-Мүлікті уәзірліктен шеттетпегеніңде ғой, мұндай аласапыранға жол бермейтін едің. Қыпшақтан шыққан адамды сарайдан қууыңды олар бүкіл елге қауіп төніп келе жатыр деп ұқты. Низам әл-Мүлікті өзіме уәзір етіп алып қалғаным қандай жақсы болды. «Елден ел бөлінсе – жұт, елге ел қосылса – құт». Енді аялдамай, Низамды жол бастаушы етіп, құба қыпшақтарға жеткізбей, еліңді кері қайырып ал. Мүліктің өкпесін сейілтіп, жанын тыныштандырдым. Ол сені алдамайды. Есіңде болсын, балам: сені қорғайтын жасақтардың барлығы да ұран қыпшақтар. Олар сені кімнен де болса қорғайды. Маған ант берді. Тек солардың қадірін біл. Таққа, әкесі бір аға- бауырыңнан бастап, естіп-білмеген алыстағы жауыңа дейін көз сұғын қадап отыр,– деді. 

d3612e9c88ad1a1deca841cc8634d704.jpg

Сөйтіп, 1216 жылы жазға салым хорезмшах Мұхаммед Еділге аттанды. Тура дәл осы мезгілде меркіт Тоқта бектің соңынан қуған Жошы да солай беттеді. Хорезмшах қыпшақтарды қайырып, ат басын кері бұрғанда, жаралы меркіттен өздерінің тұқымы қалмай қырылғанын естіп, Мұхаммед Жебе мен Сүбедейдің соңынан қуа жөнелді. Екі әскер «Қос өзеннің» – Жем мен Ырғыздың аралығында бетпе-бет келіп қап, күнұзақ соғысты, қас қарайғанда барып дамылдады. Түн салқын еді. Екі жақ та от жақты. Дала алаулаған отқа толды. Тек таңертең хорезмшах әскерін жауынгерлік шепке тұрғызып, майданға шыққанда моңғолдардың жұртын сипап қалды. Олар түнде кері шегініп кетіпті. Хорезмшах та шаһарға бет бұрды. 

Теркен хатун осылай іргесі бөлінген қыпшақтардың басын күшпен қосты. 

ІІІ 

Сақ тайпасының падиша қызы Тұмар сияқты жаумен майданда шайқаспағанымен, Теркен хатун өзінің аса зор ықпалын пайдаланып, қыпшақтарды сан рет қырғыннан құтқарды. Білек күшімен емес, ақылымен, шешен тілімен дегенін істеді. «Қаупің неден болса – қатер содан» деген. Теркен хатунның қанына тартып, Шыңғыс ханның елшісін өлтірген Отырардың әміршісі Алып Терек Қайырханды тұтқынға бергізбегені – исі Еуроазия халқының тағдырын таланға салып, аласапыранға ұласуына сылтау болды. 

Жоғарыдағы Теркен хатунның қыпшақтарға көрсеткен перзенттік парызын тарихшылар Жувейни де, Несеви де, Рашид ад-дин де, Әбілғазы да жете бағаламай, адал арудың ақ жүрегіне күдіктене қарады. Кейбір ғалымдар шындықты біле тұрып үндемеуге тырысты. Алайда Шыңғыс ханның шапқыншылығына ұшырап, аз әскермен Қап тауын сағалағанда, «хорезмшах Мұхаммедтің қасында шешесінің туыстары – ұрандықтар деп аталатын бір топ түркі жасақтары қалып, ақтық демі біткенше оны қорғады». (Рашид ад-дин). 

Ұлы Мұхаммед Қап тауына, немересі Жәлел ад-дин түстік Иранға қашқан Теркен хатунның өмір жолы босқындықпен аяқталды. Шыңғыс шабуылынан шығыс Иранға қашып, биік шың басындағы қорғанға тығылды. моңғолдар сусыз қалдырып, еріксіз қолға түсіріп, Самарқанға әкелді. Шыңғыс Самарқаннан кетерде: «Теркен хатун мен Мұхаммед сұлтанның әйелдері шептің алдында тұрып дауыстап жылап, қашан моңғол әскерлері өтіп болғанша қоштасуға» бұйрық берді. Амалсыз көнді. Мүмкін, бауыры Қайыр ханды сауғаға қиғанда, тағдырдың зауалына ұрынбас па еді, кім білсін. Қалай болған күнде де, есімін есте сақтайтын аналарымыздың бірі – осы Теркен қыз. 

Тұрсын Жұртбай, жазушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор

Дулыға. ІІ том. – Астана: Фолиант, 2014. – 342-350-бб.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?