Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шаяхметовтің қолынан шейіт кеткен

2153
Шаяхметовтің қолынан шейіт кеткен - e-history.kz

Қазіргі алаштану ғылымында 31 мамыр жақындаған сайын «Алаш арыстары жазықсыз еді», «олар нақақ атылды» деген сөздер жиі айтылып жатады. бір қарағанда дұрыс айтылып жатқан сөз сияқты, алайда мұның астарына үңілсек, көп нәрсенің бетін ашар едік. Ең алдымен сөздің дұрыс қолданылмағанын байқар едік. Егер Алаш тұлғаларын жазықсыз еді дейтін болсақ, олардың бүкіл саналы ғұмырын түсінбей, еткен еңбегі мен қылған харекетін жете танымаған болып шығар ма едік.

Алаш қайраткерлерінің құбылысы – феноменді, теңдессіз құбылыс. Тек қазақ тарихында ғана емес, түркі әлемін былай қойғанда әлем тарихындағы теңдесі жоқ ғажайып сипат. Импералистік отарлық саясатқа ашық қарсы шығып, бодандағы еліне бостандық әпергісі келген мұндай оқиғалар жаһанның басқа жұртында жоқ демейміз, бар, бірақ біздің Алаш қозғалысының ерекшелігі оның большевизммен күресуінде жатқанын бағамдайық. Бұл дегеніміз жарты әлемді уысында ұстап, үрей құшағында қысқан, зұлымдық ордасына айналған социалистік тоталитарлық жүйемен алысуында болып отыр.

Осылай бола тұра елдің жарық шұғыласына айналған, қыр даладан шығып, әлемнің сол кездегі озық университеттерінде білім алған, ұлт үшін ұйысып, күндіз күлкі, түнде ұйқыны қойып, жан алысып жан беріскен Алаш қозғалысының қатарында жүріп, елдің мәңгілік аңсар-арманы Тәуелсіздікке жетуді ұмтылған прогрессивті тұлғалардың жолы қашанда оңай болмаған. осы орайда сіздерге біріне бірі жақын болған, дос тұтқан екі айтулы тұлғаның өмірімен сабақтастырып жаңа тақырып ұсынайық деп отырмыз.

IMG-20210214-WA0062.jpg

«Алаш» ренессанстық қозғалысының жарқын өкілі, Қызылжардағы «Талап» қазақ ұлттық комитетінің мүшесі, кейіннен төрағасы болған Біләл Малдыбайұлы – өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени өміріне көп қызмет еткен үлкен қайраткер.

Біләл 1890 жылы Айыртау аймағына қарасты Аманжол (қазіргі Қаратал) елді мекенінде дүниеге келген.Ббұл аймақты Тоқсанбай болыс басқарып, патша заманында болыстар жас өскін қазақтарды орыс мектептеріне оқуға бере бастаған кез. Кейін бұл оқығандар «қара таяқ» атанып шықты. Тоқсанбай болыстың демеуімен Темірбектің Құсайыны Омбыдағы фельдшерлік-акушерлік оқуға қабылданады. Бұл Құсайын – Көкшетау өңірінен дәрігерлік оқуды бітірген алғашқы азамат. Құсайын оқуын бітіріп келген соң, Көкше өңірінің халқына мектеп ашады, қара домалақтарға қаріп танытады. Құсайындай ұстаздың алдын көрген шәкірттердің біреуі осы біздің біләл болып шығады. Ұстазының шарапатымен Біләл Атбасар мектебін, сонсоң Омбы малдәрігерлік және акушерлік техникумын тәмамдайды.

Қайраткер өмірінің соңғы жылдарында жазған өмірбаянында (репрессияға ұшырамай тұрып): «...Менің әкем кедей шаруа, жастайынан бір үзім нан үшін байларға жалшы болып жалданған. 1901 жылы әкем мені ауыл молдасы Мұқағали Сәдуақасов деген молдаға оқуға береді. Кейін Имантау ауылында тұратын ұлты татар Құсайын Темірбековтың басшылығымен ауыл мектебі ашылып, балаларды орысша оқыту басталды. 1908 жылы соны үздік тәмамдап, Құсайынның көмегімен Атбасарда, сосын Омбыда малдәрігерлік-акушерлік мектебінде оқыдым. 1912 жылы оны үздік стипендиямен бітіріп, қызмет жолымды бастадым», – дейді.

IMG-20210214-WA0064.jpg

Алаш қозғалысы қарсаңында Біләл азаматтық қоғамдық істерімне көзге түсіп, қазақ зиялыларының қатарынан табылады. «Алаш» партиясының мүшесі болған ол Әлихан Бөкейхан, Жұмағали Тілеуліұлы, Мағжан Жұмабай, Қошке Кемеңгер, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Смағұл Сәдуақасұлы сынды ұлт зиялыларымен қоян-қолтық араласып тұрған.

Тұлғаның өмірбаян деректеріне қарасақ, Алаш кезеңінде ағартушылық қызметке біржола ден қойғанын байқаймыз. Көкшетау уезіндегі жер басқармасының халық ағарту жөніндегі бөлімшесіне меңгеруші болады. Ал Совет үкіметі орнаған соң, Қазақстан өлкелік партия комитетінің жауаптысы Ә. Досовтың шақыруымен Халық ағарту бөліміне инспектор болып тағайындалады. Осы мекеменің саяси бөлімін, қырғыз-татар мектептері жөніндегі бөлімшелеріне жетекші болады. 1925-1927 жылы өзінің туған ауылы – Қараталға аймақтық жетіжылдық мектеп салдырып, директоры міндетін атқарған. 1928 жылы Қазақстан Халық ағарту бөлімінің шақыруымен, сол кездегі астанамыз – Қызылорда қаласына қоныс аударады. Осы қызметінде жүріп, бірқатар кітаптар шығарады. Оның 1929 жылы Қызылжар қаласында жаңа әліпбимен (латын) тілашарлық әліппе кітабы басылған.

Бақытжан Қанапияновтың «Ұстаз» кітабында Әсия Тілегенова: «Ирмовкада оқығанда (Қотыркөлдің жанындағы село) бұл мектептің директоры Біләл Малдыбаев болды, ол отызыншы жылдары Гомердің «Иллиадасы» мен «Одиссеясын» қазақша аударған» деп жазады.

IMG-20210214-WA0068.jpg

Табиғатынан дәрігер Біләл Малдыбайұлы доктор С.Е. Незлиннің «Құрт ауыруы», (Мәскеу, 1927 жыл), доктор Гориевтің «Денсаулық негізі – тазалық» (Мәскеу, 1926 жыл), доктор Шанстың «Безгек» (Мәскеу, 1927 жыл), доктор Б. Броннердің «Жегі ауырулар» (Мәскеу, 1927 жыл) кітаптарын аударып, оқырман назарына ұсынған. Қазақ руханиятының тарихында 1922-1928 жылдар айрықша мәдениет кезеңі болатын. Бұл істе қазақ зиялылары бірігіп, күрес жолының ағартушылық бағытын таңдады. Елдің көзін ашып, сауаттын нығайту үшін, жас ұрпаққа білім беру үшін жақсы, сапалы оқулықтар мен әдебиеттер жазды, алыс-жақын елдердің еңбектерінен аударып бастырды. Мұндай ғажайып оқиғаның бел ортасында Біләл Малдыбайұлы да жүрді.

Алайда ел үшін тер төгіп, адал еңбек еткен ағартушы, журналист 1937 жылдың қанды қасабының құрсауынан құтыла алмады. Советтік қызылкөздер оны атып тынды. Қайраткер «халық жауы» деп репрессияға ұшырағанда оның жары Қалима Сұлтанбек, Шәулетбек, Сейітбек, Қорғанбек есімді балаларын алып, Шымкентке көшіп кеткен екен.

Біләл тұлғасын насихаттауда өзіндік үлес қосып жүрген өлкетанушы Ерсін Ерғалиев: «Біләл мен Мағжан соңғы рет Степняк қаласында кездескен көрінеді. Мағжанды тұтқындағаннан кейін оған да жала жабылып, 1937 жылы «халық жауы» деп тұтқындайды» дегенді айтады.

Біләл 1937 жылы 5 мамыр күні тұтқынға алынды. Оны атышулы 58-баптың 7, 10 және 11-тармақтарымен айыптаған. Онда «Совет үкіметінің мүлкіне қасақана зиян келтіргені», «советке қарсы үгіт насихат жүргізгені» және контрреволюциялық іс әрекеті» үшін делінген. 13 қыркүйекте «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілді.

IMG-20210214-WA0075.jpg

Ең өкініштісі сол, осындай қиын-қыстау кезеңде туған-туысқандары да, қорқып-үркіп Біләл ағаларының сақтауға берген екі сандық қолжазбасын жоғалтып алғандарын қазір өкінішпен еске алады.

 

***

 

Осындай Алаш қозғалысының қайраткері, ұлт зиялысы, биыл туғанына 130 жыл толып отырған ағартушы, әдебиетші, аудармашы Сейітбаттал Мұстафаұлы да Біләл Малдыбайұлының замандасы, жерлесі, мұраттасы десек артық кетпейміз.

Біз «Қазақстан тарихы» интернет порталына бұған дейін Сейітбаттал Мұстафаұлының өмір жолы мен қызметі жайлы «Жүрегі Алаш деп соққан азамат» деген атпен көлемді мақала жариялағанбыз. Сондықтан ұлт зиялысының өмірбаянына тоқталып жатпай, өмірінің соңғы кезеңдері жайлы қалам тербесек деп отырмыз.

IMG-20210214-WA0076.jpg

Қарт ұстаз, зейнеткер Қыдырбай Шәменовтің естелігінде Сейітбаттал атамызды не үшін, қалай айыптағанын, кімдердің арыз жазып көрсеткені түгел айтылады.

– Мен Сейітбатталды көргенім жоқ. Бірақ ол кісінің есімін жақсы білемін, – деді Қыдырбай ақсақал. – Мұстафин – осы өңірдегі көзі ашық, көкірегі ояу, халқы үшін білімін де, шыбын жанын да аямаған жанның бірі.

IMG-20210214-WA0077.jpg

Қазақта «Жолдасыңды көрсет, өзінің кім екеніңді айтып берейін» деген нақыл сөз бар. Халқымыздың асыл перзенті, атақты ақын Мағжан Жұмабаевпен табақтас, үзеңгілес болып жүрген адам осал болсын ба. Біз сырттай білетін Сейітбаттал Мағжанның жақын жолдастарының бірі болған. Ақиық ақын қуғын-сүргінде жүріп, 1937 жылы түрмеден босап, Петропавл қаласына келеді. Осынау қуанышты хабарды естісімен сол жылы февраль айында Мағжанды Молотов атындағы орта мектептің директоры Біләл Малдыбаев Степнякқа қонаққа шақырады. Сол үйде Абай орта мектебінің директоры Ғани Дәуітбаев та бірге болған. Ол кісіні Біләлдің үйіне мектептің пионер вожатыйы Кенжебай Дәулетбеков ат жегіп алып барыпты. Қонаққа барғанымен вожатый ол кезде үлкендермен қатар отыра ала ма. Ол ауыз үйде отырып, дәм татады.

Бұдан 5-6 жыл бұрын Алматыға барғанымда жазушы Сәбит Мұқановтың музей үйінде болған едім. Сонда Мағжанның Сәбеңе Степнякта жатып, жайын айтқан, соңында жұмыс сұрап жазған хаты бар екен. Енді зерделеп, ой елегінен өткізіп отырсам, Мағжан сол хатты Біләлдің үйінде қонақта жүргенде жазған екен. Өйткені хат соңында 20 февраль 1937 жыл деп жазылған. Бірақ Мағжанның жұмысқа орналасуына мұршасы болмайды. Оны үндеместің агенттері ұстап алып кетеді. Одан кейін сол үйдің иесі Біләл Малдыбаев, табақтас болған Ғани Дәуітбаев, Сейітбаттал Мұстафиндердің де «халық жауы» болып ұсталғанын естідік. Ауыз үйде отырып ас ішкен пионер вожатый Кенжебай Дәулетбеков та «ауыр істі» болып, он жыл айдауда болып келеді. Міне, мен осы әңгімені Кенжебайдың өз аузынан естідім, – деп Қыдырбай Шәменов.

Сейітбаттал Мұстафаұлы тұтқынға алынған уақыты – 1937 жылдың 25 сәуір. Қазақстан Республикасының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қауіпсіздік комитетінің архивінде 0449 делінген іс бар, ол С. Мұстафаұлына қатысты. Оның ісі 477 іс болып тіркелген. 25 сәуірдегі шыққан қаулыны еш өзгеріссіз, қаз-қалпында жариялауды жөн деп шештік:

 

ПОСТАНОВЛЕНИЕ

(об избрании меры пресечения)

         В 1937 г. апреля 25 дня г. Степняк

         Я оперуполномоченный секретарь Сев. Казахстанского обл. управления НКВД Н. Оборин

Нашел:

         Что Мустафин работал преподавателем школы. Ведет систематическую контрреволюционную деятельность.

         1. Пораженческая агитация и пропаганду в пользу одного государства иностранного.

2. Агитация против становления движения.

3. Пропаганда в недовольстве рабочих масс, на основе Сталинской конституции.

4. Дискредитация мероприятий партии и правительства в области народного образования.

5. Пропаганда троцкистских вождей и контрреволюционная деятельность.

Ваше указанная преступная деятельность предусматривает от 58-10 УК РСФСР.

 

Постановляем    

Мустафина С. 1892 г. уроженца аула №3 Энбекшильдерского р-на, сына хаджи арестовать.

         Секретарь СКО УНКВД – Н. Оборин.

         Пом. оперуполномоченного – Рафиков.

         Отд. СКО УНКВД сержант госбезопасности: Согласен Шаяхметов

        

Тергеу материалдарында Сейітбаттал Мұстафаұлын Алаш партиясының қатарында болғаны үшін, Семей қаласындағы белсенді қимылдары үшін айыптайтыны ашық жазылған.

мььмор.PNG

 

«Уголовное дело 477» деген архив құжатында:

         Мустафин Б. был членом партии «Алаш-орды» с 1918 г. в организации «Жанар» в г. Семипалатинске, работал учителем на курсах «Алаш».

         Работал и был знаком с М.Джумабаевым, Ж.Аймауытовым, А.Байтурсыновым, Маннаном Тургамбаевым, Каримом Дуйсенбаевым, Абыкеем Сатпаевым, Ж.Тлеулиным, М.Сеитовым, А.Сеитовым – секретарëм Омского обл. комитета «Алаш орды», членом алаш-ординской организации, Бекмухамбетом Серкебаевым, Абдугалимовым Асеном, Рамазановым Габдулханом» деп көрсетілген.

 

Сейітбатталдың көрсетіп жазған адамның бірі – Сүлейменов Ғалым деген кісі. Осы құжатта оның С. Мұстафин Алаш партиясының жұмыстарымен Өскеменге барғанын, онда жастарға түсіндіру жүргізгенін, қалада үш ай бойы алаш туралы дәріс ұйымдастырғанын тәптіштеп жазыпты. Курстың жетекшісі Мәннан Тұрғанбаев болғанына, дәріскерлер Х. Ибрагимов, Қ. Сәтбаев, М. Әуезов, Ә. Әсенов болғанына дейін көрсетіліпті. Сонымен қатар Сейітбаттал белгілі сот, заңгер Райымжан Мәрсекұлының қарындасын алғанын, Алаш партиясының басшысының тапсырмасын түгел орындайтыны да қамтылған екен. Бұл істі жүргізген сол кездегі қауіпсіздік қызметі басқармасы 3-бөлімі басшысының көмекшісі, кіші лейтенант Жұмабай Шаяхметов.

         1936 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық НКВД бастығының орынбасарлығына тағайындалған Ж. Шаяхметовтің 1938 жылы шілде айында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің үшінші хатшысы болып сайланғанына дейінгі өмір жолы осы кезеңдегі оқиғалармен сәйкес келеді.

Ең сұмдығы сол, Шаяхметовтің қолынан шейіт кеткендер тек Сейітбаттал ғана емес, оның қол қойып үкім шығаруымен 1937 жылғы 13 қыркүйекте жеті бірдей керемет арыс оққа ұшқан.

 

Приговором от г. тройкой УНКВД СКО. Член тройки Ж. Шаяхметов приговорил к расстрелу с конфискацией имущества:

         1. Ещанов Мухаметжан – прокурор 1895 г. рожд.  

2. Кешубаев Камел Сасыкович – 1909 г. рожд.

         3. Хусаинов Хаурулла – 1906 г. рожд.

         4. Куанышев Галиаскар Мухаметжанович – 1886 г. рожд.

         5. Малдыбаев Билял – 1890 г. рожд.

         6. Джаныбеков Джанузак – 1888 г. рожд.

         7. Мустафин Баттал – 1892 г. рожд.

         Приговор приведен в исполнение в 1937 г. 16 сентября.

33c7fb69aea9043b2f6ea9ccf9339deb_original.jpg

 

Міне, тарихи құжатта көрсетілгендей, 1937 жылдың 13 қыркүйек айында Сейітбаттал Мұстафаұлына «халық жауы», «Алаш партиясының әрі мүшесі, әрі үгітшісі» деген айып тағылып, «үштік» «ату жазасы берілсін» деген үкім шығарылған. Бұл үкім ертеңінде 16 қыркүйекте орындалған.

Айтсаң нанар аңғал халық едік қой,

Аңғалдықтан талай таяқ жедік қой.

Халқымыздың қамын жеген ұлдарды

О, ғаламат!

«Халық жауы» дедік қой! – деп жыр төккен ақын Шымболат Ділдебаевтың өлеңінде бір ұлттың ұлдарын біріне бірі қарсы қойған зұлым саясаттың, замананың ащы шындығы жатыр.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?