«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Қазақтардың Қобда бетіне қоныстануы 1820 жылдардан бастап қарқын ала түсті...»

955
«Қазақтардың Қобда бетіне қоныстануы 1820 жылдардан бастап қарқын ала түсті...»

Белгілі қаламгер, «Жұлдызды лағыл елесі», «Ақ тегершік», «Өрен жүйріктің сілекейі», «Түске оранған күз» «Көгілдір шабыт» сондай-ақ әлем әдебиеті қақында жазылған «Қаламұш әлем» кітаптарының авторы, тарих ғылымдарының кандитаты Сұраған Рахметұлымен болған көлемді сұхбатымыздың үшінші бөлімін өздеріңіздің назарларыңызға ұсынып отырмыз құрметті оқырман қауым.

- Сұраған аға, қазақтардың Шығыс Түркістан территориясына алғаш қоныстана бастауы қалай болды?

- Әңгімемізді сәл әріден бастайық. 1770 жылдың соңында Абақ Керей ақылмандары алқалы кеңес құрып, Абақ Керейге хан нәсілінен бір мұрагер әкеліп төре етіп белгілеуге кіріседі. Бұның себебі, ұанғайыр байырғы мекенге егелік ету үшін елді елдестіру мақсаты тұрды. Шығыс Түркістан өңірін қайта мекендей бастаған іргелі жұртқа айбыны мен ақылы астасқан басшылы билік жүйесі қажет еді. Алқалы ақылмандар ақыры бір бітім, арқалы мәмілеге келді. Сол ұсынысты әйгілі Есімханның немересі Жәнібектен туатын Әбілпейіз сұлтанның назарына жеткізіп, оның екінші әйелі Тұмар ханымнан туған Көгедай, Сәмен, Жабағы есімді үш ұл тақ мұрагерлікке лайық деп әкелінеді. Бұл деректерді әйгілі ғұлама ғалым Асқар Татанай «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабында: «...Көгедай 1773 жылы дүниеге келген он екі жасында 1785 жылы Абақ Керейге төре болды. 1791 жылы Бейжіңге барып Мәнжу Чин патшалығынан «гүн» шенін алды, 39 жыл ел билеп 1824 жылы. 51 жасында дүниеден өтті...» деп келтіреді. Негізі Әбілпейіз үш әйел алған. Бәйбішесі Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың баласы Нұрәлінің қызы Айкүміс. Екіншісі, қырығыздан Тұмар ханша. Үшіншісі, қалмақ Хандажавтың қызы Шаган. Айкүмістен Бопы, Қадай, Ағадай қатарлы үш ұл. Тұмардан Көгедай, Сәмен, Жабағы. Шағаннан Ханқожа, Жолшы туады.

Көгедай өмірден өткеннен кейін 1824 жылы Ажы төре тақ мұрагерлігіне лайықталды. Қазіргі ШУАР – дың Буыршын өлкесі Үштас жайлауында 1836 жылы болған мәміледе Қарақас руының беделді азаматы Жанбайұлы Кененің бітімсөзімен «Төрт би төре» жүйесі ұсыныс етілді. Сол кездегі «төрт орын» билерге: Мамытұлы Көкен (1797-1879), Жантеліұлы Құлыбек (1796-1852), Дөненбайұлы Бейсенбі (1799-1872), Сатайұлы Топан (1802-1881) қатарлы би, төрелер келіп он екі Абақ – Керей тағдырына жөн сілтеді. Қарақас пен Молқы өкпелемеді. Елді мекендердегі талас – тартыстарды реттеуден бастап, бүкіл қазақты береке – бірлікке шақыру мақсаты олардың алдында тұрды. Дәл осы тұста Қазақ тарихында тұңғыш рет Найманнан Дүзбенбет Құмырысқаұлы, Төре, Матайдан Оспан Жәнібекұлы Мәнжу Чин патшасынан «әмбі» атағына ие болды.

Өр Алтай өңіріне қазақтардың қоныстануы жергілікті моңғол ұлыстары үшін дау-дамайсыз бола қоймады. Өріс, шұрайлы жайылымдарға таласу, малдың сиыспауы, қыстау,жайлауға ылайықты өңірлер үшін түрлі қақтығыстар орын алды. Жақсылық Сәмитұлы, Нәбижан Мұқаметханұлы қатарлы жазушы, ғалымдардың дәлелдеуі бойынша 1827 жылы Көктоғай, Қу Ертіс, Ақдала, Сарбастау қатарлы алқапты жерлерді баса қоныстанған қазақтарды қудалау тоқталмады. Бұл туралы Нәбижан Мұқаметханұлы «Қазақ тарихынан зерттеулер» яғни Чин патшалығы тұсындағы Шуан Зүн патшасының деректеріне сүйене отырып былай деп жазады: «...Күші басым қазақтар моңғолдарды ығыстыра бастайды. Өріс-қоныс таластары үздіксіз жалғасты. Қазақтардың қоныстарына қатысты мәселені Бейжінде шешті. Соның бірі Алтай урианхайларының қазақтарға деген наразылығын,өтініш тілегін Ховда әмбісі Бейжіңге мәлімдейді. Мәлімдемеде: «...Қазақтар Чин Лүн (Цзя-Чин) Сайшаалт Ерөөлт (1796-1821) заманынан қазірге дейін урианхай жеріне сан рет келді, екі мыңнан астам түтін көшірілді. Тек ғана Ізғұты Жанбалаұлы (Ізғұты Шақабайұлы Есентай немересі) бастаған 600 түтін көшпей отыр. Бұларды Тарбағатай әмбісі әскер жіберіп қуғындау керек...» делінген. Осыдан соң Мәнжу патшасынан «...Урианхай бұқарасының көңілін табу үшін көшпелі қазақтар мен жергілікті тұрғындарды қырқыстыру мақсатында дөрвөдтің оң, сол қанатынан бір мың, халхадан бір мың қол жинап Чулуундорж дегенге басқартып аталмыш өңірлерден қазақтарды қуып шығару керек...» деген пәрмен түсіреді. Әскерлер жасқталып, жайбарақат жатқан елге шабуылдар жасалды.

- Осы кезеңде қазақтардың көрген қорлығы мен құқайы да аз емес секілді ғой?

- Оныңыз рас. Қарасеңгірдегі қанатты ел-жұрт, іргелі ауылымен күзеп, жайлап отырған Беген Бәйімбетұлының (Есағасы – Қазыбек) еліне тиіскендер бейғам елді аяусыз қырып - жояды. Іргелі ауыл үрке көшіп, көбісі жолшыбай тозғынға ұшырайды. Бұл туралы Шыңжаңдық тарихшы Асқар Татанайұлы «...Беген байдың қалың жылқысын, бірқанша отауы мен жүзден аса жас жігіт, қыз келіншектерін олжалап Қобдаға асырып айдап әкеткен еді...» дейді. Бұл әйгілі «Сайн ноен шапқан» деген тәмсілмен ел есінде қалды. Моңғолия қазақтары бұл оқиғаны «Халха шапқыны» деп атайды. Себебі, Сайн ноён хан болса Халханың сенімді төрт ірі аймағының бірінің сұлтаны, Мәнжу патшасының сенімді адамы-тын. Шекаралық аймақтан қуғын көрсе де қазақтар түп қопарылып алыстап кетпеді. Жылдың төрт мезгіліне тәуелді ел – жұрт, таудың қойнау – қолаттарында мал – жанын бағып жата берді.

1830 жылы Ізғұт Жанбалаұлы (1772-1836), Қазыбектің ұрпағы Иман Қожекеұлы (1790-1824), Қуанбай қатарлы ірі ауылдар мекен еткен жерлеріне қайта көшіп келді. Тағы да дүркін – дүркін болған қақтығыстар жалғасты. Сондай бір кезеңде Ізғұт, Иман, Қуанбайлар моңғол әскерлерінің қолына түсті. Ал, Жарқынбай Халықбайұлы, Өтеміс, Құлыбек бастаған мыңнан астам түтін Бұлғын өзенінің Улаанхус деген жеріне қоныстанды.

Осы жағдайларға қарағанда Қобда бетіне қазақтардың көшіп қоныстануы 1820 жылы қарқынды жалғаса түскен. Ізғұты ауылдары сонда да Моңғолдың шекра шебінен алыстамады. Бұның бір айғағы Жарқынбайды арулап қойған жер – Дэлүүннің Бессала – Үйртісінде, Ізғұт Жанбалаұлының бейіті - Дэлүүннің Жалғызағаш деген жерінен анықталуы болып отыр.

Нығымет Мыңжан еңбектерінде,1860 жылы «Қытай – Ресей (Бейжін) шарты» жасалып, осы кезеңдердегі аталмыш елдер қарым – қатынасына оңды нәтижелер бергендігі айтылады. Бұл шарттың маңызы – көшпелі қазақтардың елді – мекендерді еркін таңдауына жол ашты. Чин династиясы 1860 жылы өз саяси әлеуетінен айырыла бастады. Аз ұлттар көтерілістері бірінен кейін бірі ашық майданға шықты. Әйгілі «Тайпиндер көтерілісі», «Ниендіктер мен исламдықтар наразылығы» аса күшті қақтығыстаға ұласты. Қашқарияда Британдықтар жебеуімен «Қоқан хандығы» түрен салды. Осындай факторлардың барлығы Чин патшалығының шаңырағын шайқалта түскендігі айтылады.

 

- Бұл жайында әйгілі этнограф Г.Потанин өз очерктерінде де көп жазды емес пе?

- Потанин «Солтүстік батыс Моңғолия очерктері», «Түркі тайпалары. Қырғыздар (қазақтар)» атты еңбегінде: «...Қазақтар Қара Ертістің салалы қойнауын, Тарбағатай мен Сауырдың солтүстік беткейін, Өр Алтайдың оңтүстік бөктерін, кейбір бөлігі Қобда өзенінің жағалауында көшіп-қонып жүреді. Қырғыздардың айтуынша біздің Қобдаға келуімізден алты-жеті жыл бұрын олар Моңғолға қарай ауа бастаған. Мұнда қазақтың белгілі адамдары Көбеш би (Айтбайұлы Көбеш би) мен руы Төре Өжекеұлы Самархан (Қожамжарұлы Самархан сұлтан ) өздерінің қол астындағы рулармен бірге шекаралық аралықтарда көшіп-қонып жүрген. Олар алғашқы екі жылды Алтайдың Қобда бетінде өткізген. Сондай-ақ Қожамжар сұлтан Алтайдың оңтүстігіндегі Сұмдайрық өзенінің басын жайласа, Сагсайдың Қобда өзені жағалауында қыстаған. Бұл жерлер урианхай қоныстары болып саналатындықтан қазақтар оларға жер үшін салық төлеп, ол төлемдер урианхай шонжарларының қалтасына түсіп отырған. Қазақтар Бұлғын өзенінің басынан Шегіртайға дейін көшіп отырып, Бұлынтоқайдан Гушенге дейінгі жолда Үрінгі өзені бойындағы кең жазықты артқа тастап тура Говьға қарай тартады. Бұл өңірдің қазақтары Алтайдың альпі жазығын жайлап, Қара Ертістің Үрінгісінде қыстайды. Ал, қазақтың Жәнтекей-Шақабай руының ауылдары Бала Ертістің ұшар басы мен Чаган-чил тауында жайлады. Бала Ертіс қойнауынан ауған қазақтар да шығысқа қарай Таван бэлчээр тауында Күрімті өзенінің басында жайлаған. Бұл ең шығыстағы жайлау болатын. Тілеулі би (Кенеұлы Тілеулі би (1810 – 1871) ) бастаған қарақас руының қыстауы Сүпті және Күрті өзендерінің жағалауында болған және малдары қыста Үрінгі өзенінің бойында отарлап отырған. Ал, Байбосын бастаған молқы руының ауылдары Үрінгі өзені бойында қыстаған. Алтайдың оңтүстік бөктерін қазақтар осы жердің нақты иелері урианхайлардан қалыспай иеленді әрі олардан жан саны да көп еді. Қара Ертіс қойнауындағы кең жазықты қоныс еткен қазақтар Абақ Керейлер мен Қаракерей руының өкілдері болды» деп келтіреді Г.Н. Потанин еңбегінде. Ол, «...Атантай, Есенбай, Есентай әулеттері Базарқұлдар, Атантайдың ұлдары Итқара, Толыбай, Аққошқар, Ақжігіт (Теңсізбай)...кездескендігі айтылады». Ал Ақжігіттің өзі балаларымен 1860 жылы 103 жасында дүниеден көшкенге дейін Алтай өңірі, Қобда бетіндегі Сұмдайырыққа дейінгі жерлерді мекендеді. Ақжігітұлы Маңғұл (1828-1914) 86 жасында Моңғолия жерінде мекендеп тұрып Жа Лама лаңы кезінде Қош-ағаш, Шүй арқылы Алтай өңіріндегі Богда деген жерге барып қайтыс болған. Потанин деректері бойынша анық болған рулар әулеті әлі де Моңғол жерінде мекендейді. Г. Н. Потанин еңбегіндегі Тілеулі би Кенеұлы 1810 жылы туылған. Руы – Қарақас – Назар – Жәдік. Жанбайұлы Кенеден екі ұл туды. Тұңғышы – Қаракөбен. Інісі – Тілеулі. Тілеулі Шақабай батырдың немересі Бәйтеректің қызымен неке құрған. Тілеуліден Тырқай, Бітімші, Қоңыр, Мүрсалима, Ожыр, Нұртаза. Тілеулі биді «Бәлекең» деп қастерлеп, есімін кие тұтатын. Кенеұлы Тілеулі 1770 жылы 61 жасында дүниеден көшті. «Бәлекеңнің» бейіті - Дэлүүннің Жалғызағаш деген жерінде яғни Жанбалаұлы Ізғұтының қабірімен бір маңда.

Саяхатшы Г.Е. Грумм-Гржимайло қазақтардың Қобда бетіне қоныс аударуы жайлы аса маңызды деректер келтіреді. Мысалы: «Мұндағы қазақтар өткен ғасырдың 60 жылдары Алтайдың арғы бетінен бергі бетіне өткен. Қара Ертістің бойынан басталған жер дауы керейлерді Қобда бетіне келмеске шарасыз етті...» дейді. Ал тарихшы Зардыхан Қинаятұлы бұл жөнінде «...Қытайдың батысындағы Мүсілімдер көтерілісін пайдаланған Керейлер Қыран Ертіс, Алтай асып Бұлғын, Сагсай өзенінің басынан урианхай жеріне қоныстанды» деп келтіреді. Мұсылмандар көтерілісі – 1863-1864 жылдары бастапқы жартысында екі мәрте Тарбағатайда көтерілді. 1865 жылы қаңтарда қазақтар да оған үн қосты, қолдады. Осы жағдайлар кезінде көптеген қазақ ауылдары Моңғолия шекарасына қарай беттеді. Алтай өлкесіндегі қазақтар көбінесе жергілікті урианхайлармен жазғы жайылымға таласа берді. Осы жағдайларды ушықтырған Ойраттар арасына Тибеттен келген дінбасы «Шаған Кеген» (Цагаан Гэгээн) Хонгилжанцан еді. Сонымен қоса 1876-1877 жылы Қашғарда болған оқиғалар дүмпуі Алтай бетіндегі қазақтарды да алаңдатты. Әйгілі ғалым Цэвээн Жамсрано: «...Алтай өңірі, Батыс Моңғол немесе Қобда түгелдей Мәнжу Чин патшалығына қарасты болғандығын айта келіп, қазақтар үшін Қобда бетіне өтіп қоныстануға оңтайлы болғандығын дәлелдейді. Оның пайымы бойынша «...Қазақтар алғаш рет Алтай өңірінен (Қобда бетіне) жайылым жағдайымен өткен саясаты...» деп жазды.

 

- Қобда бетіне өткен қазақтардың нақты санын көрсететін ғылыми деректер бар ма?

 

- Дәл осы Ц.Жамсраноның дәлелдеуі бойынша аталған кезеңдегі қазақтардың саны да нақтыланады. Айталық, «...1860 жылы Алтай бетіндегі қазақтар саны көп емес... 1870 жылы бір отбасында төрт адам деп есептесек, барлығы 7480 адам, бір түтінде 6 адам бар деп есептесек 11220 адам болар еді...» деп байлам жасайды.

«...1860 жылы Шәуешектегі Ресей консулы Балкашкин баяндамасы бойынша Алтайдың арғы бетіндегі қазақтар саны Білезік өзенінің бойын мекендеуші наймандардың 500 түтінін қосқанда 12500 түтін, бір жанұяда орташа есеппен төрттен жан болған болса барлығы 50 мың жан болған деп көрсетеді. Патшалық Ресей мен Мәнжу Чин мемлекеті 1864 жылы қыркүйектің 25-і күні шарты бойынша Тарбағатайда батыс солтүстік шекарасы оны қазіргі Завхан аймағы Улиастайдағы Мәнжу әкімшілігіне қарасты етіп 1869 жылы тамыздың 23-і күнгі хаттамасы арқылы бекітті. Осы қаттама бойынша Мәнжу Чин өкіметі батыс солтүстік шекара шебіне құзырлы тұлға ретінде шекара белгілеу жөніндегі сол қанаттың жанжині Хөвөөт улаан хошуунының күндесі (гүн) Мин-И, Тарбағатайдағы кеңесші әскер басы әрі Шилин мен Тарбағатай әскериліктер әміршісі «Ноцтой баатар» деп әспеттелген Бөргөстердің күрделі пәрмені бойынша шекара бекіген тұста Қобда бетіне қарай қоныстанушыларға ыңғайлы сәт туындай бастайды. Бұл жөнінде тарихшы Зардыхан Қинаятұлы өзінің «Жылаған жылдар шежіресі» атты кітабында: «...1864 ж. Қытай мен Ресейдің арасында болған...» «Қытай мен Ресей батыс солтүстік шекарасын бақылауға алу шартты белгілері» атты қазақтың ата-жұртын саудаға салған «осы бір келісім шарттың салдарынан Алтай бетіндегі қазақтар Чин империясына қарасты болып қалды. Бұрынғыша қазақта хан сайлайтын салт жойылды. Әкімшілік бірліктері Мәнжулік үлгідегі жүйеге көшіп бөлшектелді. Ғасырлар бойы хандық билікке бойы үйренген қазақтар жаңа жүйеге бірден жатылып кете алмады. Кейбір ру басшылары түгелдей қарасты елімен Қобда бетіне асып кетті» деп жазады.

- Сонымен Қобда бетіне тұңғыш қоныс аударған әулет адамдары кімдер болды?

- Қазақтардың Моңғол жеріне қай жылдары келіп орнықты деген сауалға тарихшылар нақты дәйектер таппай келді. Тарихшы Ісләм Қабышұлы қазақтар алғаш 1867 жылы келді деп жазады. Мұны әбден дәлелденген дерек ретінде қабылдаудың еш қисыны жоқ. Әуелгі кезекте Моңғолия шекарасының Шыңжаң, Алтай өңірімен шекаралас тұсынан яғни Даян өлкесіне 1855-58 (қоян жылы) Жанбайұлы Дүт ауылдары келді деген дерек табылып отыр. Дүттің руы – Арғын ішінде Сүйіндік. Дүт Жанбайұлы 1858 жылы іргелі ауылымен, мал-жанымен Моңғол жерін мекен етіп тұрды. Қазіргі Цэнгэл сұмынының Даян көлінің жағасында «Дүт шоқысы» деп аталатын тарихи, аңызды жер бар. Сол маңда Жанбайұлы Дүттің бейіті орналасқан. Екінші кезектегі іргелі ауылдар – Керейдің Қанкелді руының Буянтөлекұлы Дүмжік (1826-1918) ауылдары қазіргі Дэлүүн сұмынына қарасты Бұлғын өзенінің бастау тұсы – Хөхцүнхэг, Үш Көкбұлақ, Төвшиннуур, Қасқақұм маңына келіп қоныстанды. Бұл – 1856 жылдар аралығын көрсетеді. Ал Қанкелді руының іргелі ауылын бастап келген тұлға Буянтөлекұлы Дүмжік 1826 жылы Көктоғай, Шіңгіл өңірінде дүниеге келген. Қобда бетіне қоныс аударғаннан кейін 1858 жылы оның тұңғыш баласы Қобдабай дүниеге келген. Қобдабай 1912-13 жылы Жа лама айдаған кезде ауылымен айдалып барып Ресейдің Қошағашқа қарасты Жазатыр деген жерде 55 жасында дүниеден өтті. Үшінші кезекте руы Базарқұл – Қотырақ Көбеш Айтбайұлы (1810-1890) бастаған аса ірі ауылдар келіп қоныстанды. Мәнжу Чин өкіметі құзырлылығына тәуелді болуды қаламаған Көбеш Айтбайұлы Моңғолияның Шыңжаң, Алтай өңірімен шекараласатын Өрмегейті (Ирмэгт) асуымен асып қазіргі Алтай сұмыны Түргэн өлкесіне қоныс тепті. Осы кезде онымен Орыстың әйгілі саяхатшысы Г.Н.Потанин кездесіп, әңгімелескендігі жөнінде деректер бар. Өкіметтен салынатын салықтан жалтарған іргелі елдің Моңғол жеріне нақты қоныстана бастауы 1866 жылы басталады.

- Көбеш Айтбайұлы деп отырғаныңыз әйгілі батыр емес пе? Бұл кісі жайында жазылған «Көбеш батыр» жырынан да ептеп хабарымыз бар еді?

- Иә, Көбеш батыр 1810 жылы Алтай өңірінде дүниеге келген. Айтбайдың кіндігінен Өбіген, Сейтін, Қолдын, Көбеш, Мамаш. Көбеш батыр бес әйел алған адам. Бәйбішесінен (жеңгесін әмеңгерлікке алған) Қыраубай (Рахметолла), екінші әйелі Қырмызыдан ұрпақ қалмады. Үшінші әйелін төсек жаңғырту салты бойынша Ойраттың бір белгілі рубасының қызымен некелескен. Есімі Үлбі. Осы әйелден Асылбек, Қарымбек, Мұрындық, Сіргетай қатарлы төрт ұл, Биби, Қырғи, Тоғжан қатарлы үш қыз көрді. Көбеш батыр 1890 жылы 80 жасында дүниеден көшіп, Алтай сұмыны өлкесі Түргэн деген жерге қойылды. Мағаз Рәзданұлының дерегіне сүйенсек «... Көбеш батырдың ауылы Қызылқияны жайлап, үш жағына жүздей биені байлап, кілең мақпал қара жылқы жасыл жайлауды баран өңге бояп...» отыратын жайлауы қазіргі – Баян-Өлгей аймағына қарасты Алтай сұмынының жері Қызылқиясы болса керек. Оның мұрагері Көбешұлы Асылбек 1831 жылы Алтай өлкесінде дүниеге келген. Мәнжі өкіметінің Сары уаңдарының салық саясатына қарсылық көрсеткендігі үшін 1868 жылы небәрі 37 жасында басы алынды. Асқар Татанай, Ғазез Райысұлы қатарлы қаламгерлердің дәлелдеуінше Асылбекті Іле генералының нұсқауымен Шаған Кеген әскерлері өлтірді делінеді. Бейіті - Сагсай сұмынына қарасты Қу үй (Хуэй) деген жерде. Асылбектің өз кіндігінен үш ұл болған. Тұңғышы Төлепберді, Жарас, Баян. Қыздары: Мәрке, Ұмысындық, Зәуре. Төлепбердіден Нұрғали, одан Жұлдызбай. Ортаншысы Жарас. Ал, кенжесі Баян 1876 жылы дүниеге келген 1938 жылы Қызыл үкіметтің қудалауына ілігіп 62 жасында қаза тапты. Әйгілі барлаушы Баянның баласы Қамай ел қауіпсіздігіне көп міндет атқарды.

Тарихшы Ислам Қабышұлы қазақтардың Қобда бетіне қоныстанғаны туралы айта келіп «Көбеш батыр» жырында «Қазақтар қоян жылы немесе 1867 жылы Қобда бетіне қоныстанды» деп жазады. Алайда, «Көбеш батыр» жыры жазылған болуында таласымыз жоқ. Бірақ, «Қасиханның жыры» атты дастанның да болғаны бар. Халық жазушысы Мағауия Сұлтанияұлы құрастырған «Көбеш батыр» (1997) атты еңбекте: Бұл жыр туралы қызықты деректер келтірген. Жыр – Қасихандікі емес, руы Сарбас Қабимолланікі болуы мүмкін» деген жорамалға келеді. Жырда: «Арғы атасы Қотырақ, Бергісі Көбеш батыры...» деген жолдар келтіріледі де «Батырдың сонда жолдасы, Жылқышы, Мәйті, Тілеуді...» - деп жалғастыра береді. Көбештің туған жылы мен қайтыс болған жылы туралы тарихшы, ғалым Сарай Асқанбайұлы біршама ізденістер жасады. Оның дәлелдеуінше Көбеш батыр 1802 жылы туып, 1888 жылы 86 жасында қайтыс болған. Қайтыс болған батырдың сүйегі қойылған жержөнінде руы Қарақас Мешел атты ақын: «...Қызыл қия Сұр тұмсық, Батыр дүние салған жер...» деп ұзыннан ұзақ жыр жазғаны бар. Көбеш батырдың ұрпақтарының бірі – Темірбек Шәмелұлы «Қара шаңырақ» атты естелігінде: «Көбештің 63 жасында алған кіші әйелі Мақтадан туылған Жақсылықтың (1878-1962) 10 жасында яғни 1888 жылы 74 жасында Көбеш батырдың дүниеден қайтқандығы айтылады. Мәселе батырдың қай жылы туып, қай жылы дүниеден көшкенінде емес деп пайымдаймыз. Ал, ақын-жазушы Кәкей Жаңжұңұлы «...Көбеш батырдың ең алғаш Қобда бетіне қоныс аударуы 1852-1853 жыл» деп көрсетеді. Сондай-ақ тарихшы Сарай Асқанбайұлы «Айтбайұлы Көбеш» атты еңбегінде Г.Н.Потанин белгілеуіне сүйене отырып, «...1876 жылы 9-айдың 13 күні Даян көлінің жағалауында отырған Самырхан төренің ауылының маңындағы Жәнтекей Көбеш батырға хат әкелгендігін...» тілге тиек етеді де,тұңғыш рет Қобда бетіне көшіп келушілер осы ауылдар еді деп түсіндіреді. Демек, орыс жиһанкезінің келгенінен қаншама жылдар бұрын Қобда бетіне қазақтардың қоныс тепкендігі жөнінде деректер неліктен есепке алынбағаны түсініксіз. Көбеш батыр қайтыс болған 1888 жылы оның баласы Асылбектің басы қытайлар тарапынан алынғандығы жөнінде сәл айырмашылықта деректер табылуда. Асылбек Көбешұлының мәйіті қазіргі Даян заставасының маңына жерленген. Қытайлық шежіре, жазушы Мағаз Рәзданұлының «Санатқа алынбаған билік» атты деректі әңгімесінде «...Ши әмбінің қолшоқпары Шаған кегеннің қаталдығына төзе алмаған қазақтар Қобда бетіне қарай қоныс аударған қазақтар деп...» бірсыпыра мәліметтер келтіреді. Мұнда: Шеруші Жылқышы би, Сүйіншәлі билеушісі Барлам, Молқы биі Жуанған, Қарақас биі Бітімші қатарлылар Қобда бетіне қарай ойысты деп келтіретін деректер біздің айтқанымызды дәлелдей түседі. Мағаз Рәзданұлының тілге тиек еткен Барлам (Бардам) Шәкудің кенжесі Сабылдықтан туады. Сабылдықұлы Бардам 1870 жылы туған, 1912 жылы 42 жасында сезікті жағдайда қайтыс болған. Бейіті Далакөлде. Бардам үш әйел алған. Бәйбішесі Зылиқадан Уатхан, Ақтышқан, Асқар, Қазы. Кіші әйелі Қара апаңнан Жолбарыс. Үшінші әйелі Зурәдан Кәкей туады. Осы деректерге қарағанда Бардамның ауылы да Көбеш батырлармен қоныстас Қобда бетіне келген деп көріледі.

 

- Тағы басқа қандай әулеттерді атар едіңіз?

 

- Қобда бетіне қарай қоныс тебушілердің тағы бір ірі бөлігін Найман руының биі Қаратай – Сарғалдақ – Құлжабай – Отыншыұлы Қалдеке (1809-1860) бастады. Қалдеке би Отыншыұлы 1809 жылы Марқакөлде дүниеге келген. 1860 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Дэлүүн өлкесі қазіргі Оқас қыстауының маңындағы ойпаңда мекендеді. Шежіреде: Құлжабайдан Отыншы, Бекбау, Жанбау. Отыншыдан Бұйдахан, Қалдеке, Жәйдеке, Тұрдыбай, Тұрдыбек. Қалдекеден Дабаты, Тәуке, Рүстем, Бүрісбай, Абдолда, Халел, Иісқан, Мамаш деп келтіреді. Патшалық Ресейдің әміршілерінің қыспағына шыдамаған Қалдеке бидің ауылы 1860 жылы баласы Абдолланың бастауында 300-400 түтін елімен Шыңжаңның Алтай өңірі Шіңгілді мекен етеді.Сол жылы яғни 1860 жылы Шіңгілге сыйыса алмаған ауылдардың Моңғол жеріне өтіп қоныстануы жергілікті урианхайлар мен қазақтар арасында төтенше дау туындауына себепкер болды. Сол дау-шардың салдарынан түрлі қақтығыстар орын алып шиеленіс күшейе түседі. Мәнжу Чин патшалығы Қобдадағы дадағы Әмбі өздері пәрменімен қоныстануға рұқсат еткен ауылдардың ара қатынасына бітім жасаудың орнына ру басыларын бір-біріне айдап салу тәсілін қолданды. 1860 жылы Қалдеке би басқаның қолынан мерт болғаннан кейін Абдолла бастаған 400-дей түтін қазіргі Қошағаштың Шүй өзенінің теріскейіне өтіп қонады. Қалдеке бидің немересі Абдоллаұлы Шәкірт бұдан кейін Батыс Сібір генерал-губернаторына арызданып Қаратай, Самай, Сарғалдақ ауылдарының 400 түтініне жер бөлдіріп алады. Осы тақылеттес тағы бір шоғыр ауылды бастап келген тұлға Ақтайұлы Жылқышы (1829-1890). Жылқышы 1890 жылы 61 жасында дүниеден көшті. Сұлтан Тәукейұлының шығармашылығы туралы Н.Энхтөрдің еңбегінде Жылқышы Ақтайұлы 1826 жылы туып, 1890 жылы 64 жасында қайтыс болғандығы туралы мәлімет беріледі. Ал, Шыңжандық қаламгер Қостай Жақияұлы «Дәлелхан генерал» атты кітабында Жылқышы би 1896 жылы қыркүйектің орта шенінде қайтыс болды деп мәлімет береді. Аталмыш қаламгердің айтуына қарағанда Жылқышының Моңғол жеріне келген кезі 1867 жылы шілденің соңы болса керек. Қостай Жақиянұлы бұл туралы: «1867 жылы шілденің соңында Ботамойын асуынан асқан көш Алтайдың теріскей беті Халха жеріне қоныс аударды» деп келтіреді. Ақтайұлы Жылқышын Моңғол жерінде 30 жылдай мекендеді.   Жылқышыдан Сүкірбай (1869-1918) және Мөрдіжан, Ботажан, Айжан, Бижан атты қыздары болған. Шынай Рахметұлы: «...Ақтайдың он шақты ұлының алымдысы Жылқышы шерушінің елін бастап қоныстанды» дейді. Үкірдайлыққа сайланған жері – Моңғолияның Ұланқұс, Соғақ өлкесі. Сүкірбайдың кіндігінен Дөрбетхан (1884 - 1921), Дәлелхан генерал (1905 – 1949) Ажықай, Бәделхан, Далайхан. Шекара бөлінгеннен кейін осы шекараның екі жағын қоныстанған қазақтарға қайбір елге қарауды таңдату үшін біржарым жыл уақыт берілді. Осы мезет ішінде қайсы мемлекетке қарасты болуды қазақтар өздері шешті. 1882 жылы 14-қазанда Шыңжанды өлкеге айналдыру жобасы ұсынылды. Мәнжу Чин патшалығы 1884 жылы Шыңжанды өлке ету жөніндегі саясатын жүзеге асырды. Шыңжан өлке болып құрылғанда Алтай мен Қобда ерекше аймақ болып орталыққа бағынды. Оны Қобдада тұратын Мәнжу Чин әмбісі Санзай – Да Чин басқарды. Моңғол жерін мекендеуге келген елдің орнығуына тағы бір мүмкіндік жасалды. 1881 жылы Петербургта Қытай – Ресей билеушілері арасында «Қытай, Ресей батыс,солтүстік шекраны өлшеп, айыру шарты» жасалды. Аталмыш келісімнің 5 – тармағында: «Қазақ халқы бұрын қай жерді мекендеп келген болса, байырғы мекендерінде отырып ,бұрынғы кәсіптерін істеп,бейбіт өмір өткізе береді. Шекара айырылғаннан кейін бұл жерлер қайсы мемлекетке қараса,сол жерді мекендегендер жерімен бірге сол мемлекетке қарайды» - деп белгіледі.

                                                                                    (жалғасы бар...)