Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жаңа болмыстағы білім беру саласындағы саясат

2637
Жаңа болмыстағы білім беру саласындағы саясат - e-history.kz

Білім беру жүйесін жетілдіру, білім сапасын жақсартуға ерекше мән беру, әлбетте, заңды талаптар. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында: «…құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген ойды жетекші тұжырым ретінде ұсынғаны белгілі [1].

Соған сәйкес, Президент Қ-Ж.К. Тоқаев жолдауда ұлттың жаңа болмысы мен сапасын айқындайтын ең басты қағидат ретінде терең білім тұжырымын ұсынып отыр. Дегенмен білімнің іргелі құндылығы – толыққанды әрі жан-жақты тұлғаны тәрбиелеу. Коронавирус індетінің салдарынан отандық ғылым-білім саласы сындарлы кезеңді бастан кешіруде. Тұңғыш рет білім жүйесінде жаппай қашықтан оқыту форматы енгізіліп, бұл педагогтармен қатар оқушыларға үлкен жауапкершілік артты. Рас, Президент атап өткендей, қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда қателіктер жіберілді. Соған қарамастан, ұстаздардың жаңалықты жатсынбай қабылдауы арқасында оқу жылы сәтті аяқталды.

Жолдауда Президент елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керектігін атап көрсетті. Жалпы, адамдар жауапты адам немесе патриот болып тумайды. Жауапкершілік қасиет отбасы мен оқу орындарында, қоғамдық ортада үздіксіз, жүйелі әрі кешенді жүргізілетін рухани-патриоттық тәрбие процесінің нәтижесі. Сол себепті өз елінің азаматы болу паспорт жүзінде ғана емес, ұлттың жаңа болмысы қалыптасуы үшін әрбір азамат рухымен Ел мен Жердің өткені, бүгінгісі мен келешегіне деген жауапкершілікті терең сезінуі тиіс. Сондықтан да білім жүйесінің ажырамас бөлігі ретіндегі тәрбие процесінің маңызын күшейту мәселесі өзектілігін ешқашан жоғалтпақ емес.

Әрбір адамның заманауи білімі мен дағдылары, рухани діңгегі баға жетпес капитал. Соған сәйкес, білімнің салтанаты негізінде ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін, біріншіден, мұғалімдер мен ғалымдардың әлеуметтік мәртебесі жоғары болуы шарт; екіншіден, әрбір азаматтың табысты болуының қарапайым формуласы – өмір бойы білім алу мен кәсіби дағдыларын үздіксіз жетілдіру қағидаты санамызға берік орнығуы тиіс.

Мемлекет басшысы біздегі мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалғанын ескертіп жүр. Бұл мәселе жыл сайын кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалатын түлектердің көбеюіне, ЖОО бітірген дипломы бар мамандардың әрбір төртіншісінің жұмыссыз жүруіне себеп болуда. Өткен жылдан бастап Президент тапсырмасымен елімізде білім берудің орнына диплом сатумен айналысып отырған университеттермен күрес жүргізілуде. Отандық білім-ғылым саласының дамуы үшін бұл қадам керек, әрі маңызды. Өйткені білімсіз берілген жалған құжат кім-кімді де жарға жығады. Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш салынатыны ақиқат.

Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Былтыр Президент алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырды. Осыған сәйкес, ұстаздардың жалақысы өсті. Ұстаздарға дәптер тексергені үшін және сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша төлемақылары да 2 есеге өсті. Үкіметтің ұстаз жалақысын осылайша арттырып, қолдау көрсетіп отырғаны қуантарлық.

image.jpg

Мемлекет басшысының «педагогтардың жағдайы жақсартылмаса салада оң өзгерістер бола қоймайды» деген пікірі орынды. Заман қарыштап дамып, озық технологиялар қолданысқа енгізіле бастаса да оқушының сапалы білім алуы үшін мұғалімдердің маңызы ерекше. «Мектептің жаны-мұғалім» деп тегін айтылмаса керек. Бұл тұрғыда, оқушыларымыздың озат болуына, жаһандану заманына сай ұрпақ тәрбиелеуге жауапты білім саласы қызметкерлерін қолдауға қатысты шаралары үздіксіз жүргізіле беруі тиіс..

Президент Қ-Ж.К. Тоқаев: «Жаңа ахуал білім беру және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті, экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз. Білім беру және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта зерделеу қажет. 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өсетінін ескерген жөн», - деді ол [2].

Білім министрі айтқан пікірлер меніңше орынды. Ол - қала және ауыл мектебінің арасындағы айырмашылықты қысқарту. Балалар тұратын орны, әлеуметтік статусына қарамастан, сапалы білім алуы қажет. Ауылдағы шағын жинақты мектептерге кәсіби білікті мамандарды апару керек деді.

Білім сапасына әсер ететін бір фактор - педагогтардың мәртебесі мен кәсіби шеберлігі... Мұғалімдерді қоғамда өте танымал адам ету, сыйлы ету керек. Педагогтердің еңбегін бағалауға арналған арнайы медаль - мемлекеттік награда тағайындалса, сонымен бірге қосымша білім беруді, кәсіптік-техникалық білімді дамыту қажет. Сапалы оқулықтар дайындап, мүмкіндігінше оларды цифлық форматқа ауыстыру жөн. Білім - барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі болған. Тек білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала алады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Н.Ә. Назарбаев. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыр. /www.akorda.kz.-2017. -12 сәуір.

2. Қ-Ж.К. Тоқаев. Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі. 1 қыркүйек 2021 жыл

https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtynkazakstan-halkyna-zholdauy-183555


М. Кемелбекова,

Мемлекет тарихы институты


           

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?