Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кетбұқа – кемеңгер бабамыз

2216
Кетбұқа – кемеңгер бабамыз  - e-history.kz
Ұлы Жыршы атанып, Жошы ұлысында ғана емес, оның әкесі Шыңғысханның алдында тайсалмай сөйлейтін дәрежеге ие Кетбұқа найман Ұлытауға қалай және қашан келген?

Жер бетінде аяғы аспаннан салбырап түскен халық жоқ. Олардың қайсысы болсын, ірге бітеп, шаңырақ көтеру жолында жойқын құрбандықтар жасап, суыққа тоңып, ыстыққа күйіп шыңдалған. Тағдырдың тайғақ жолында талай-талай жойқын жорықтарды, аласа-пыран айқастарды, зарлы зобалаңдарды, шерлі шұбырындыларды басынан өткеріп, «мың өліп, мың тірілген», кең-байтақ жерін, тілі мен ділін, салты мен дәстүрін жойдырмай, тәуелсіздік тұғырына талып жеткен халықтардың бірі – өзіміздің қазақ. 

«Они не уступали европейцам ни в талантах, ни в уме. Но силы, которые другие народы употребили на развитие культуры, тюрки... были вынуждены тра¬тить, помимо прочего, еще и на защиту своей независи-мости. За сотни лет они не имели ни года покоя и все же вышли из столкновений победителями, отстояв родную Землю», – депті Гумилев (Ритмы Евразии. – Москва, 1993. – Стр. 329). 

Ғұлама ғалымның осындай тосын түйін жасауына қазақ этносының тарих толқындарында теңселіп өткен жолы да негіз болған. Шындығында да, ұлт болып ұйығаннан бергі халқымыздың көргені – күрес, құрғаны – қорғаныс. Қазақ хандығы ешкімге көз алартқан жоқ. Бірақ байлыққа бөккен байтақ дала басқалардың көзінің құртына айналды. Толассыз ар-палыс, дамылсыз қорғаныс Ұлы Даланың ұлдарын шыңдады, шынықтырды. Бесіктен белдері шықпай жатып, топ бастаған көсем, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешендерге айналдырды. Сондықтан да біздің тарихымызда, қай кезең, қай дәуір болсын, елім деп еңіреген хандарымыз бен сұлтандарымыз, батырларымыз бен билеріміз, шешендеріміз бен ақындарымыздың алар орны айрықша, шиыр-шиыр іздері мол. Қалың қазақтың аузында аты аңызға айналған, есімі, әсіресе, Ұлытау өңірін мекендеген елге етене жақын тұлғалардың бірі – Кетбұқа жыршы, Кетбұқа күйші, Кетбұқа би, Кетбұқа қолбасшы... Бір сөзбен айтсақ – Кетбұқа кемеңгер. 

Күдеріден бау тағып, 

Кіреуке киер күн қайда?! 

Күмбір-күмбір кісінетіп, 

Күреңді мінер күн қайда? 

Толғамалы ақ балта, 

Толғап ұстар күн қайда?! 

Алты құлаш ақ найза, 

Садақ толған сайгез оқ, 

Масағынан өткеріп, 

Басын қолға жеткеріп, 

Созып тартар күн қайда?! 

Кетбұқадай билерден 

Кеңес сұрар күн қайда?! 

Көне қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жауынгер жыршы, кәдімгі: «Азаулының (Азов) Ыстамболдан несі кем... ер Доспамбет ағаның... би ұлынан несі кем? Тәңірінің өзі берген күнінде хан ұлынан артық еді несібем», – деп жырлаған, 1490 жылдар шамасында Азовта туып, 1523 жылы Тәжтархан (Астрахань) жақта жорықта жүргенде қаза тапқан, қазақтың бір бұтағы – Ноғайлының шоқтықты шайыры Доспамбет көкірегі қарс айрыла жоқтаған Кетбұқа бабамыз кім болған, не істеп, не қойған? 

e0813a26766034074a18d8f17c0d1062.jpg

Бұл сұрақтардың көңілді біршама қанағаттандырарлық жауаптарын дарынды жазушы, іздемпаз ғалым Тұрсын Жұртбаевтың «Дулыға» (Алматы, 1994 жыл, 2-том, 348-367-беттер) атты кітабынан табамыз. Кетбұқа туралы онда келтірілген мәліметтердің ел аузында сақталғандарынан басқалары 1992 жылы қазақ тілінде жарық көрген Л. Н. Гумилевтің «Қиял патшалығын іздеу» атты монографиясынан алынған. Кетбұқаның күйшілік, жыраулық бейнесі Мұхтар Мағауинның «Қобыз сарыны» (1968 ж.) және Тарақты Ақселеудің «Күй-шежіре» (1992 ж.) кітаптарында терең талданған. Оларға қосымша ретінде Ұлытаудың аты аңызға айналған ең даңқты ұлы – Кетбұқаның көп қырлы келбетін одан әрі айқындай түсуге септігі тиер деген ниетпен ұзақ жылдар бойғы іздену мен зерделеу нәтижесінде түйсік таразысында тартылып, көңіл көзілдірігімен көмкерілген өз пайымдауларымды ортаға салудың енді ғана сәті түсіп, реті келіп отыр. Әңгімемізді Т. Ақселеудің «Күй-шежіре» кітабындағы В.Т. Тизенгаузеннің «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Извлечения из персидских источников» атты еңбегінен аударылып берілген үзін діден бастайық: 

«...Шыңғысхан әдеттегідей Ұлы Жыршыға: «Жыр айтшы», – деп әмір бергенде, осынау орайлы сәтті пайдаланып, түркі тілінде былай дейді: 

Теңіз бастан былғанды, 

Кім тұндырар, а, ханым? 

Терек түптен жығылды, 

Кім тұрғызар, а, ханым? 

Жыршының сөзіне Шыңғысхан түркі тілінде жауап береді: 

Теңіз бастан былғанса, 

Тұндырар ұлым Жошы дүр... 

Терек түптен жығылса, 

Тұрғызар ұлым Жошы дүр...

...Ұлы Жыршы сөз бастағаннан-ақ көзінің жасына ие бола алмаса керек. Сонда Шыңғысхан былай деп түркі тілінде жыр айтады: 

Көзің жасын жүгіртед, 

Көңілің тұлды болмай ма? 

Жырың көңіл үркітед, 

Жошы өлді болмай ма? 

Шыңғысханға жауап ретінде Жыршы түркі тілінде жыр айтады: 

Сөйлемеске еркім жоқ, 

Сен сөйледің, а, ханым! 

Өз жарлығың өзіңе жау, 

Не ойладың, а, ханым?! 

Сонда Шыңғысхан былай деп түркі тілінде жыр айтады: 

Құлынын алған құландай, 

Құлынымнан айырылдым! 

Айырылысқан аққудай, 

Ер ұлымнан айырылдым! 

Шыңғысхан осылай деген кезде, бүкіл әмірлер мен нояндар көңіл айту дәстүрі бойынша орындарынан тұрып көрісе бастайды. Жошы өлген соң, арада 6 ай өткенде Шыңғысханның өзі де дүние салады». 

«Бұл дерек бойынша, ұлы жыршы Кетбұқа нояндар арасында ғана емес, Шыңғысханның алдында да елеулі тұлға болғанын көреміз», – дейді әрі қарай Т. Ақселеу. 

Кетбұқаның найман тайпасынан екендігіне дау жоқ. Қазақ шежіресін былай қойғанда, ғұмыр бойы көшпенділер тарихын сүзумен өткен Гумилев өз еңбектерінде мұны талай рет ашып көрсеткен, «...Кетбуга был не француз, а найман» (Конец и вновь начало, 1994, стр. 291), «...по военному таланту Кутуз и Бейбарс не уступали найману Кетбуге» (Поиски вымышленного царства, 1994, стр. 264) деген және осы сияқты бұлтартпас анықтамалар келтірген. 

Ұлы Жыршы атанып, Жошы ұлысында ғана емес, оның әкесі Шыңғысханның алдында тайсалмай сөйлейтін дәрежеге ие Кетбұқа найман Ұлытауға қалай және қашан келген? Оның Жошы хан өлгенде осы өңірде болғандығына, Шыңғысханға тұңғыш ұлы Жошының қазасын естіртуге осы өзіміздің Ұлытаудан аттанғанына ешқандай күмән болмауға тиіс. Бұл – ел аузындағы әңгіме-аңыздармен де, көптеген жазба деректермен де әбден айқындалған ақиқат. Осындай тосындау сұраққа сол дәуірдегі Шыңғысхан империясы төңірегіндегі тарихтың тылсым тұңғиығына мүмкіндігінше бір сүңгіп шықпай жауап табу оңай емес. 

586246c0ef4f7dd3cdfa0fa501773da6.jpg

...Жетім бала Темірші (Темучин) әкесі Есугей батыр өлгеннен кейін тоз-тоз болған Бөріжеген (борджигин) – Қияттардың басын қайта біріктіріп, тез арада 2,5 мың жауынгерді атқа қондыра алатын межеге жеткенде, шешуші сәттерде көрші тайпалардың (мемлекеттердің) шаруаларына (саяси одақтастық, әскери көмек және т.б.) араласатын дәреже-деңгей, бедел-абыройға ие болды. Бұған қонырат ханшайымы Бөртеге үйленгені (1179 ж.) көп септігін тигізді. Бөртенің төркіндері әкесінің аруағына китке берген жанат ішік Есугейдің досы, сол аймақтағы ең азу¬лы мемлекеттердің бірі – керейттердің билеушісі Уан (Ван) ханның иығына жабылды. Уан ханның әке орнына әке болған қамқорлығы арқасында (Батудың Александр Невскийге қамқорлығын еске алыңыз – Қ.А.) Теміршінің билік үшін айтыс-тартыстарда үнемі жолы болып, 1182 жылы ақ киізге көтеріліп, өз тайпасының (бөріжеген – қияттардың) ханы сайланып, Шыңғысхан деген лақап атқа ие болды. Темірші мұны місе тұтпады, ол айналасындағы елдердің бірінен соң бірін шауып (ішінде қайын жұрты – қоңыраттар да, өкіл әкесінің елі – керейттер де бар), ең соңында 1202 жылы іргелі мемлекет – найман хандығына қарсы жорыққа шықты. 

Найман мемлекетінің бұл тұстағы айтулы билеушісі Инанг-Білге-Бұқа қаған (көне түрік тілінде: инанг – илану, діндар, білге – білгіш, данышпан, бұқа – күш иесі, жауынгер), не себептен екені белгісіз, билік басынан кетіп (1197 ж.), оның қос ұлы Таян мен Бұйрық алауыздыққа жол беріп, елді екі хандыққа бөліп алған болатын. Шыңғыс ханның алғашқы соққысынан-ақ, 1202 жылы Бұйрық ханның елі бас көтергісіз болып қирады, өзі Урунгу өзенінің бойында өлтірілді. 

1204 жылы маусымның 16-сында Хангай тауының бөктерінде (қазіргі Монғолиядағы Улясутай қаласының маңында – Қ.А.) өткен кескілескен шайқаста Таян хан да қаза тапты, оның шешесі тұтқынға түсті. Таянның ұлы Күшлік қалған елін бастап Алтай асып, Ертіс бойына қашуға мәжбүр болды. Наймандар бұл жерде де ұзақ тұрақтай алмады. 1208 жылы оларға Бұқтырма өзенінің Ертіске құяр тұсында (қазіргі Зыряновск қаласы тұрған маңай – Қ.А.) Сүбедей жасағы шабуыл жасады. Күшлік хан қалған елін бастап Жетісу аймағына, қарақытайлар хандығына келіп кірді. Қарақытайлардың гурханы (патшасы) Жолқу найман ханын қошеметпен қабылдап, тіпті оны өзінің қызына үйлендірді. 1213 жылы, Жолқу қайтыс болғаннан кейін, Күшлік қарақытайлардың гурханы болып таққа отырды. Күшліктің артта ата жауы – Шыңғысхан тұрғанда, Хорезм шахы Мұхаммедпен одақтасудың орнына, онымен соғысып кеткендігін талдап-таразылай келе, Гумилев: «Күшлік дарынды қолбасшы болғанмен, саясатқа шорқақ еді», – дейді. 

Күшлік әскері 1218 жылы Хорезмнің иелігіндегі Алмалықты қоршап тұрған кезінде тұтқиылдан Жебе ноянның жасағының ту сыртынан жасаған шабуылына ұшырады. Жебе ноян тықсырған найман әскерінің ақырғы шайқасы Сарыкөл маңында (қазіргі Самарқанд облысындағы – Қ.А.) өтті. Күшлік хан осы ұрыста қаза тапты. Бұл – он алты жылға созылған Монғол империясы мен Найман мемлекетінің жойқын соғысының соңғы нүктесі еді (Рашид ад Дин, Сборник летописей, 1-том, М.-Л., 1952; Г.Е. Грумм-Гржимайло, Джучиды, Золотая Орда, Москва, 1994, стр. 76-100; Л. Н. Гумилев «Тайная и явная» история монголов 12-13 вв. – Москва, 1994, стр. 101-147; Си ю Цзи или описание путешествия на запад Даосского монаха Чан-Чуня. – Москва, 1995, стр. 280-378; М. С. Муканов, Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. – Алматы, 1974, стр. 38-46).

Бұл соғыстардың себеп-салдары мен сыр-сипатын ғылыми айналыста жүрген орасан зор жазба дерек¬тер негізінде егжей-тегжейлі баяндау көлемді әңгімені қажет ететіндіктен, Шыңғысхан империясының Найман мемлекетін тарих сахнасынан жоюынан жеткілікті дәрежеде мағлұмат беретін қысқаша шолумен ғана шектеліп отырмыз. Тарбағатайдан Жетісуға, тіпті қазіргі Қырғызстан, Өзбекстанға дейінгі алқаптарда өмір сүріп келе жатқан жергілікті наймандар осы жаугершілік кезеңдегі жорық жолында тарыдай шашырағандардың ұрпақтары екендігі айтпасақ та белгілі. 

5a39e7495ff1697fa861fd4b39299d49.jpg

Баяндауымыздың басында қойылған Кетбұқа қыпшақ жұртының кіндігі Ұлытауға қалай келген деген сұрақтың төркіні енді түсінікті шығар. Қағанның қаһарынан қаймықпаған наймандар Шыңғысханмен соңғы демі таусылғанша бағынбай соғысты. Арада 7-8 жыл өткенде, найман Кетбұқа Шыңғыстың ел билеген, әскер басқарған, атағы жарты әлемге мәлім, империяның ең жоғарғы атақ-лауазымдарына (ноян, гавон) ие мемлекет қайраткері дәрежесіне көтеріліп отыр. Оның Бағаналы, Балталы атты қабырғалы қалың елі Ұлы Даланың кіндігі – Ұлытау маңында мамыражай тірлік кешуде. Әңгімемізді әрі өрбітсек, тағы бір жазба деректе Шыңғысханды қара жер қойнына аттандырғанда (жерлегенде) оның ақ айғырымен найманның қара жалды құла айғырының қатар тұрғандығы, бұның найман тайпасының дәрежесі жоғары екендігін көрсететіндігі айтылған (Г.Н. Потанин, Поминки по Чингисхану, Сборник трудов Императорского Русского географического общества, 1885, т. 21, стр. 56). Осы оқиғаны күмәнсіз қабылдасақ, онда бұл айғырдың 16 жыл шайқасқандардың емес, қағанды жазалауға Жошы жұртынан жеткен, бедел-дәрежесі аспандап тұрған Кетбұқа басқарған Бағаналы-Балталылардың қылқұйрығы екендігін түсінеміз. 

Мұның сыры неде? Ол – Кетбұқаның, ол бастаған елдің әу бастан Шыңғысхан империясына адал қызмет атқарғанында жатыр. Түйсік осылай тұжырымдатады. Бұдан басқа жауаптың қисынын келістіріп, тарих тұңғиығынан толғай суырған тұспал-дәлелін, уәж-жосығын алға тартатындар болса, тосын тұжырымымызды кешірім сұрай отырып, қайтарып алуға әрқашанда әзірміз. 

Енді Потанин ел аузынан жазып алған «Атбасар наймандарының тегі туралы аңыз» атты әңгімені (Казахский фольклор в собрании Г. Н. Потанина. – Алматы, 1972, стр. 62) алға тартайық. Онда Атбасар оязындағы 5 болыс Бағаналы-Балталы тайпасының шығыстағы бауырларына ренжіп көшіп кеткен екі жігіттен тарағандығы айтылады. Бұл аңыз жоғарыда келтірілген ғылыми айналыста жүрген нақты деректер мен болжам негізінде жасалынған тұжырымымызбен сабақтасып жатыр. 

Шыңғысхан айналасындағы көршілес мемлекеттермен соғысқанда оның өз руынан 13 мың ғана әскері болды. Осыдан-ақ оның алғашқыда Алтай асып, бері құлаған 129 мың әскерінің 116 мыңға жуық жауынгері басқа рулардан екендігі көрінеді. Жорық жауапкершілігіне қатты мән-маңыз беріп, әскердегі ауызбіршілік-біртұтастықты көздеген Шыңғысхан қосын жинағанда жауынгерлерін ру-руымен жүздік-мыңдықтарға бөліп, қолбасшыларды да өз іштерінен тағайындаған (Рашид ад-Дин, көрсетілген кітап, стр. 179, 260, 270-271; Б. Я. Владимирцев, Чингис-хан. – Москва, 1922, 130-132; генерал-лейтенант М. И. Ива¬нин, көрсетілген кітап, 252- 253 бб.). 

Шыңғысханның сарай шежірешісі Ала ад-Дин Ата Малик Жувейнидің (1226-1283) «История завоевателя мира» («Тарих-и джехангушай») атты 1260 жылы аяқталған еңбегінде (1959 жылы ағылшын тілінде Манчестерде толық басылып шыққан, А. А. Астайкин орысшаға аударған бір тарауы 1995 жылы «Пустыня Тартари» атты жинақта жарияланды – Қ.А.) Шыңғысхан ұлдарына бір-бір ұлысты басқаруға бергенде, Алтай, Әмудария, Орал аралығы үлесіне тиген Жошыға өзінің 129 мың әскерінен 4 мың жауынгер қалдырғанын айтады (С.Т. Кляшторный, Т.И. Султанов. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – Алматы, 1992, стр. 183-184). Алғашқы сұрақтың жауабы осында жатыр. Жошы ұлысының саяси, әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық, орталығы Ұлытауға Бағаналы-Балталылар Кетбұқа басқарған әскер сапында келген. Бұл – 1223 жылы болған оқиға. 

Олардың рулық таңбаларының өзі түбіріне терең үңілген адамға көп мәселеден көрініс береді, өткен тарихтан хабар әкеледі. Бағаналының белгісі – бақан да, Балталының белгісі – балта да көпшенділердің ежелгі қаруы. Жауынгерлік символикасы. Тарих торабында олар қазақ этносын қалыптастырған белді тайпалардың біріне айналды. Тіпті, беріде, он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында орыс шенеуніктерінің Ұлытау өңірін жайлаған ел жайлы: «Баганалинцы отличаются от всех сибирских киргиз духом своеволия и самоуправства...» – деп қағазға түсіруінің өзінен де (Омбы Мемлекеттік архиві, 3-қор, 3-тізім, 3542-іс) сонау Жошы хан заманынан, Кетбұқа кезеңінен үздігіп жеткен жауынгерлік рухтың сарыны естілгендей болады... 

...Кетбұқаның өмір жолы жоғарыда көрсетілген Т. Жұртбаевтың «Дулығасында» біршама баяндалғандықтан, көп тоқталуды қажет етпейді. Саналы ғұмырын қазақ мемлекетінің негізін салған Көк Орданың гүлденуі мен нығаюына жұмсаған ұлы жыраудың, даңқты қолбасшының, мемлекет қайраткерінің ақырғы демі 1260 жылы қыркүйектің 3-інде Сириядағы Айн- Джалуд (қазіргі Назарет қаласының маңы – Қ.А.) де¬ген жерде жорық үстінде үзілді (Л. Н. Гумилев, Конец и вновь начало, стр. 293). Жұртбаев: «Кетбұқа жыраудың сүйегі Палестинада жатқаны мүмкін ғой», — деп жаза-ды. 

Гумилевтің ғылыми деректерге мейлінше мұқият қарайтындығына әбден сенгендігімнен бе, әлде солай екенін түсіндіре алмайтын түйсікпен сезінгендігімнен бе, өз басым жорықта қаза тапқан жауынгерді өлген жерінде жерлейтін ежелгі түріктер салты бойынша кемеңгер Кетбұқаның дәл осы Назарет қаласы маңында мәңгі тыныстап жатқандығына ешқандай күмән келтіре алмаймын. Кетбұқа тұлғасын толық айқындау үшін қазақ шежіресінде қағидадай қалыптасқан, әртүрлі генеалогиялық еңбектер мен мерзімді баспасөз бетінде көрініс тауып жүрген тағы бір деректі атап өтпеу қажет сияқты. Оларда Кетбұқаны Төлегетайдан тараған 3-5-буын ретінде келтіреді. Мұхамеджан Тынышбаевтың «История казахского народа» атты кітабында (Алматы, 1993 жыл) айтылатын белгілі рубасы Төлегетайды ежелгі шежірелерде көрсетілетін найман тайпасының арғы аталарының бірі – Төлегетаймен шатыстырады. 

Тынышбаев кітабында айтылатын Төлегетай – Кетбұқадан 400 жылдай кейін өмір сүрген адам. Оның баба Төлегетаймен руы мен есімі ғана бір. Кейінгі Төлегетайдың шикі кірпіштен салынған мазары Қызылорда облысындағы Жанақорған қалашығынан оңтүстік-батысқа қарай отыз шақырым жерде тұр («Егемен Қазақстан», 13.03.1993). Бұл – бүгінгі-кейінгі зерттеушілер назар аударарлық жайт. Кетбұқаның шыққан елі – наймандар жайлы сөз қозғап отырған соң, сәтті тұста тағы бір қызықты деректі көпшілік назарына ұсынғым келеді. 1996 жылы «Қазақ елі» апталығының қазанның 18-і күнгі санында Қытай шежіреханасынан табылған Шыңғысхан империясы хандарының Бөрте ханым бастаған 7 ханымының бейнелері басылған мақала жарияланды. Хандардың бірнеше әйел алғандығы белгілі. Бұл суреттер – Шыңғысханнан Ауыр Балбет ханға дейінгі қағандардың үлкен әйелдері, яғни бәйбішелері. Жеті ханымның бесеуі қоңыраттың, біреуі найманның, біреуі эчимери деген тайпаның қыздары. Мақалада найман қызы Бе бу че ханымның қай қағанның әйелі екендігін зерттеушілердің анықтай алмағандығы айтылады 

Осы еңбегімде баяндалып отырған деректерді қазбалап жинау, зерттеп-зерделеу барысында ұлы қағандарға әйел болған бір ғана найман қызының есімін үш жерден кездестірдім. Ол – Өгедейдің ұлы, Алтын Орданың билеушісі Күйіктің әйелі – Огул Гаймыш ханым. Ең ғажабы сол, осы ханымның өзі де күйеуі Күйік 1248 жылы қайтыс болғаннан соң, 1251 жылы Мөңке ұлы құрылтай шешімімен таққа отырғанға дейін ордабасы болып қағанның орнына отырып, байтақ империяға билік жүргізген (А.А. Астайкин, Опыт составительного исследования. Монгольская империя. – Москва, 1995, стр. 559). 

Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағанда»: «Күйік ханның хатундары өте көп еді. Барша хатундарының ұлысы Оғыл Қаймыш атты еді», – деп жазылған (Алматы, 1997 жыл, 100-бет). 

Огул Гаймыштың найман қызы екендігін анықтап, сөздің соңғы нүктесін, топырағың торқа болғыр, Гу¬милев қойып отыр. Ол: «...в его (Михайла Ярославина Тверского) судьбе был виноват не Батый, а центральное правительство в Каракоруме, где правила – найманка Огуль Гаймыш», — деп жазады (Древняя Русь и Великая Степь, 2-том, стр. 90). Меніңше, найман қызы Бе бу че ханым – осы Огул Гаймыш апамыз. Қазақы жорамал-жосыққа салсақ, Огул (Оғыл) – оның есімі, ал Гаймыш (Қаймыш) – кәдімгі үлкен әйелге айтылатын бәйбіше (қытайша құбылтқанда – Бе бу че) сөзінен мүлдем алшақ жатпағандығы көзге ұрып, құлаққа қонып-ақ тұрған жоқ па?! Тіпті жорамалымыз дұрыс болмағанның өзінде, Кетбұқадай кемеңгерді тудырған жұрттың қыздары да қилы кезеңдердегі тарих сахнасының нақ төрінен көрініп, әлемді билеген Шыңғыстың қара шаңырағы мен алтын тағына үш жыл бойы иелік еткендігінің өзі неге тұрады?! 

Бүкіл саналы ғұмыры Ұлытауда өткен бабамыз – Кетбұқаның есімі ауызекі аңыз бен шежіре шеңберінен шығып, ғұлама Гумилевтің арқасында ғылыми айналысқа түсті. Ендігі жерде оның тарихи бейнесін өз ғалымдарымыз зерттеуге тиіс. Құдайға шүкір, Гумилев салған даңғыл жол, дана бағыт қолымызда. Ұлтымыздың тарихына теліп айтсақ, тәуелсіздігіміздің тәтті жемістерінің бірі – осы мүмкіндік! 

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев алға тартып жүрген евразиялық идеяны, меніңше, орысымыздың да, қазағымыздың да 99 проценті түсініп отырған жоқ. Соны жан-жүрегімен ұғынуға тек Ұлытау төңірегіне таянта баяндалған осы әңгіменің аспаннан тақыр басқа тамған тамшыдай ғана әсері болса, қолға қалам алғандағы мақсатымның орындалғаны деп білемін. 

Әңгімемізге осы жерде нүкте (дұрысы – көп нүкте) қоя салуға болар еді, алайда тәуелсіздік тұғырына қонған кезде халқымыздың кемеңгер ұлы – Кетбұқаның есімін ұрпақ санасына өшпейтіндей етіп сіңіру жағын да тиісті орындар әбден ескеруі қажет деп ойлаймын. Жезқазғандағы әкімшілік үйіне кірер беттегі Ленин ескерткіші алынды. Болашақта, оның тұрған тұғырын теп-тегіс қылып тегістеп тастамаса, әйтеуір сол жерге бір ескерткіш қойылатын болса, менің пікірімше, оған ұлы бабамыз Кетбұқадан басқа бейнені орнату орынсыз сияқты. 

Қуаныш Ахметов, ақын, жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 

«Ұлы Даланың Ұлытауы». Омбы, 1999.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?