Былай деп тақырып қойғаныма біреулер келісер я келіспес, бұл енді әркімнің өз құзіретіндегі шаруа ғой. Әйгілі Ақан Серінің «Шырмауық» әні –қазақ ән өнерінің ішіндегі ең шоқтығы биік шығарманың бірі. Бір жазбамызда «Мына дүниеге (тек) Тәттімбеттің «Көкейкестісі» мен Ақанның «Шырмауығын» ғана тыңдау үшін келуге болады. Сол үшін де өмірге мың мәрте салауат жаудырып, тәуба етсек те жарасады» деген болатынмын. Осы сөзім – сөз. Осы орайда «Шырмауық» әнінің біз айтып жүрген бүгінгі нұсқасын түгелдей келтіріп алғаннан кейін ғана өз ойымды тарқатсам деймін.
Шырмауық шығарында боз тартады,
Біздің ел ерте жайлап, кеш қайтады.
Ел қайтқан жайлауынан құла дүздей,
Көңілімді ұқпай қойды қалқам-дағы.
Қайырмасы:
Ахау, дүние жалған,
Бітер ме арман.
Сұм тағдыр шырмауықтай,
Шырмап алған.
Үйректің атқызбайды қасқалдағы,
Шебердің былқылдайды бас бармағы.
Бұл күнде ағаң болдым төр алдында,
Бір кезде Ақан едім аспандағы.
Қайырмасы:
Дүние қызыл-жасыл кімді алдадың,
Сен берген ризықтан құр қалмадым.
Дəуренді мендей сүрген кім бар екен,
Сонда да қызығыңа бір қанбадым.
Қайырмасы:
Оқырманға айтарым осы жазбаны оқымас бұрын аталған «Шырмауық» әнін бірнеше мәрте тыңдап алғаннан кейін ғана бұл жазбаны оқыса жөн болар еді. Сонда ғана аталған әннің қазіргі текстіне, оның ішінде әйел затына бұл мәтіннің зәредей де қатысы жоқ екеніне шын иланған болар еді. Демек жоғарыда берілген үш шумақтан тұратын мына ән мәтіні – қолдан құрастырылған жалған мәтін (Кешегі кеңестік кезеңде қаншама ән мәтіндерінің істі болып, қайыра социалистік мазмұнда қортылып жазылғаны есіңізде болар...). Осы тексттің «...Бір кезде Ақан едім аспандағы», «...Дəуренді мендей сүрген кім бар екен...» іспетті өлең жолдарымен тек қайырмасы ғана дұрыс. Қалған фрагменттерінің бұл әнге тіпті де қатысы жоқ. Біздің табан тіктеген негізгі шындығымыз да «Шырмауық» әнінің қайырмасында тұр. Біз бұл шағын жазбамызды сол қайырма ішінен шашақтап жазып отырғанымызды да баса айтқымыз келеді. Қайырма қай әннің болсын негізгі жаны мен ішкі мазмұны ғой. Осы бір-ақ шумақ ән әуезінен Ақанның ғазиз басындағы қамырық хәл мен пұшайман көңілді түсінеміз. Алапаты қайтып, қадірі қашқан қазақ өнерін өз басымен шендестірген запыран шерді көреміз.
«...Дəуренді мендей сүрген кім бар екен» я болмаса «Бір кезде Ақан едім аспандағы...» сөзі – бір Ақанның ғана емес, исі Алаш өнерінің дәуірлеген шағы-тұғын. Өнерпаздың көңілі өнердің өз өрісімен бірге құбылып отырады емес пе?.. Егер де есіл Біржан «Бұл күнде арық қойдан бағам төмен» десе, бұл Біржанның емес, бүкіл өнердің қанжілік хәлге түсіп шын құлдилағанын көрсетеді.
Ал шырмауық ше? Шырмауық – отарлық өлшем. Қыр қызғалдағын желпіген самалдай бұла дәуреннің бұл күнде бастан ауып, кешегі қызықтың «хан базары тарқаған жәрмеңкедей» сүреңсіз кейпін көрсететін дерегі де төмендегі бір ауыз қайырмада тұр.
...Ахау, дүние жалған,
Бітер ме арман?
Сұм тағдыр шырмауықтай,
Шырмап алған.
Бүкіл бозжусан болмыстың өмір сабағын шырмауықша шырмап алған орыс отарлығының зардабын бұдан артық шырқырап айту мүмкін де емес. Егер өмірді сахна, ал өнерпазды бас кейіпкер десек, бұл ән – XIX ғасырдың соңғы шымылдығын түсірген Ақанның бақұлдасу әні. Бұл әнмен бірге желдей ескен сал-серілікпен қатар дала дауысының шалқыған еркіндігі де енді келмеске кетті. «Шырмауық» – шықпаған жан мен ащы өксіктің запыран зары. «Шырмауық» – Ақан арқылы айтылған алаштың ақырғы шері.
Ендеше, екінші «Елім-айдай» болған осындай әнді «Көңілімді ұқпай қойды қалқам-дағы» деп қай антұрғанның ауызы барып айтады екен... Бұл айналып келгенде ән атаулыны еш түсінбейтінімізді, қала берді ұлы Ақанның әруағын қорлау емес пе? Айтыңызшы, шырмауыққа маталмаған ақыл-есіміз бен азат рухымыз қалды ма өзі?..
(Жалғасы бар...)