«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Атырауда «Сарайшық қалашығының» жобасы таныстырылды

545
Атырауда «Сарайшық қалашығының» жобасы таныстырылды

Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Сарайшықтың маңыздылығы мен танымалдығын арттыру үшін заманауи туризм инфрақұрылымын салуды тапсырған болатын. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында «Сарайшық» жобасы қолға алынды. «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының пленарлық отырысында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов конференция қатысушыларына Сарайшық қалашығының жобасын таныстырды.

«Сан саланың мамандарын жұмылдыру арқылы «Сарайшық қалашығының» жобасы жасалды. Жоспар бойынша кешен аумағында 20 шақты нысан бой көтереді. Солардың ішінде «Жайықтан өтер жылжымалы жүзбелі көпірді» ерекше атап өтуіміз керек. Осындай пантеон көпірмен Ибн Баттутаның Жайықтан жүзіп өткені тарихтан белгілі. Ибн Баттутаның естелігінде Сарайшық аумағында «Орда базардың» да болғаны аңыз болып айтылады. Сондықтан бұл киелі мекенді сауда орталығы ретінде дамыту аса маңызды», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Атырау облысының әкімі «Алтын орда» мұражайы мен қолөнершілер ошағын жандандыруды да айтып өтті.

«Бүгінде Сарайшық музей қорығының қорында 4600 жәдігер сақтаулы. Оның 400-дейі ғана көрініске шығарылған. Осы жағдай жаңа «Алтын Орда» мұражайын салуға негіз болды. Сарайшық заманында қолөнершілер ошағы болған. Ал қазіргі таңда өңірімізде 200-ге жуық қолөнерші бар. Бұл дәстүрді де қайта жаңғыртуымыз керек. Сарайшық мәуелі бағымен де әлемге әйгіленіпті. Кешенді ұзына бойы алып жататын Гүлстан променады сол күндерге сапар шегу мүмкіндігін сыйлайтын саябақ болмақ», деді Махамбет Жолдасқалиұлы.

Оның пайымдауынша, кешен ішінде жылқы, түйемен сейіл құру және Жайық өзенінде алтын қайықпен серуендеу мүмкіндіктеріне жол ашылады. Сондай-ақ, бұл жерде халқымыздың этномәдениетіне негіздеген ұлттық ойындар және мәдени-бұқаралық шаралар өткізілетін болады.

«Бұл жобаларға шағын және орта бизнес өкілдерін тарту жоспарда. Қазіргі таңда Сарайшық мемориалдық кешеніне келушілердің саны 20 мыңға жуық. Жоба іске қосылған жағдайда туристер саны 700 мыңға дейін артады деген болжам бар. Және жүздеген жұмыс орны ашылады» - деді Махамбет Досмұхамедов.