Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алашты танытқан азамат

1909
Алашты танытқан азамат - e-history.kz

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдінің 75 жас мерейтойы қатар келіп отыр. Саналы ғұмырын Алаш тарихын зерттеуге арнаған азаматтың ұлт тарихына қосқан үлесі зор. Нақтырақ айтсақ ол Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының тарихын зерттеп, Тәуелсіз Қазақ елінің мүддесіне сай баға берді. Осының арқасында бүгінде Алаш десе Мәмбет Қойгелді, Мәмбет Қойгелді десе Алаш еске түсетін болды. Бұл алаштанушының мұрағаттарды ақтарып, талмай еңбек еткен қажыр-қайратының арқасы болса керек.

Кеңес Үкіметінің соңғы жылдарындағы жылымық кезеңінде Алаш тарихын зерттеуге мүмкіндік туды. Жарты ғасырға жуық аты аталмай, ұмытыла бастаған қайраткерлерді ақтап, халыққа таныстыру үшін қажырлы еңбектен бөлек, жүрек жұтқан батылдық керек еді. Міне осы кезеңде Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай, Сұлтан Хан Ақұлы, Дихан Қамзабекұлы секілді азаматтар шаң басқан мұрағаттарды ақтарып, Алаш арыстарын халыққа таныстыра бастады. Аталған азаматтардың алдыңғы қатарлы буындарының бірі һәм бірегейі Мәмбет Қойгелді болатын.

Бүгінде Алаштың ақсақалына айналған азамат Алашпен бірге жарқырап көрнекті тұлғаға айналды. Оның әсерлі әңгімесі ешкімді бей-жай қалдырмайды. Біз Бағашар Тұрсынбайұлының «Алғашқылардың әңгімесі» атты жобасында Мәмбет Қойгелдінің айтқан ойларын, ықшамдап бергенді жөн көрдік.

 

Кеңестік Ресей Орта Азия елдеріне неге Тәуелсіздік бермеді?

 

Бізге ХХ ғасырдағы Алаш арыстарының еңбегі неге ыстық? Біздің алаш кезеңін қайта-қайта айта беруіміздің және айта алмай тауса алмай жатуымыздың себебі неде?

Алаштанушының айтуынша, ХХ ғасырдың 1917-1918 жылдары – Ұлт тарихының ең бір жанды жері. Осы уақытқа дейінгі қалыптасқан даму тарихымыздың шырмауының шешілетін сәті болса керек еді.

«Бірақ өкінішке қарай шешілмей қалды. Жалпы бізде еркін даму болғанда ол жағымды жағынан шешілуі әбден мүмкін еді. Ол неге шешілмей қалды? Өйткені біз зорлықшыл империялық жүйенің құрамында болдық. Бұл біздің ұлтымыздың соры болды. Ұлтымыздың 1918-1919 жылдарға дейін қордаланып қалған мәселесін шешкенде қазір біз басқа ұлт, басқа қоғамға айналар едік. Александр Герцен деген орыстың ойшылы «ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары Еуропаға имиграияға кетіп, Лондонда «Колокол» деген еркін, цензурасыз журнал шығарған. Бұл орыс тарихындағы азапты жылдарды Герцен кезеңі деп атайды. Ол «Колокол» журналының алғашқы нөмірлерінде «Ресей сияқты мемлекеттен біздің еркін ойды аңсайтын қайсымыз кеткіміз келмеді? Бәріміздің де елден қашқымыз келді. Өйткені бұл мемлекетте азаттық, еркіндік деген ұғым жоқ. Бұл мемлекеттің патшасы өзін кәдімгі полицейдей сезінеді. Ал ең төменгі шендегі полицей өзін патшадай сезінеді» деп жазған. Бұл сөз Ресейге дәл берілген баға болатын.

60b4659fdb0fa405874396.jpeg

Кезінде Ленин Герценнің ұстанымын жалғастырып, «Ресей халықтар түрмесі» деп дәл айтты. Ал 1917 жылдардағы саяси оқиғалар Ресейдің халықтар түрмесі екенін шын мәнінде көрсетті. Аталған жылы Ресейде революция болып, патша биліктен айырылды. Оның орнына уақытша үкімет келіп, одан кейін оны Совет үкіметі ауыстырды.

Совет үкіметі билікке келе сала Польша мен Финляндияға бірден еркіндік беріп, азаттығын мойындады. Ал келесі 1918 жылдың басында Ресей прибалитика елдері яғни, Эстония, Латвия, Литва сынды үш мемлекеттің Тәуелсіздігін мойындады. Неге мойындады? Польша, Финляндия еуропалық мемлекеттер болғандықтан даму тұрғысынан Ресейден жоғары тұрған мемлекет болатын. Мәдениеті жоғары әрі азаттық үшін күреске дайын қоғам еді. Ленин мен Сталин оларға тәуелсіздік беріп, тез арада құтылу керек екенін жақсы түсінді. Прибалтикада сондай жағдайды басынан кешірді.

Ал біздің Орта Азия елдері мен Кавказ, Украина мемлекеттеріне келген кезде Ресейді басқарып тұрған Ленин сараңдық танытты. Бізге өз тағдырымызды өзіміз шешіп, тәуелсіздік алуымызға үзілді-кесілді қарсы болды. Олар бұл халықтарды күшпен алдап арбап ұстауға болатынын білді және солай істеді де», – дейді тарихшы.

 

«Жер, жер және жер»

 

Патшалы және Кеңестік Ресейдің қазақ жеріне көз алартуының ең басты себебі жер болатын. Қазақтың шұрайлы жерін молынан иемденіп, қазба байлықты қалағанынша сорып алуды көздеді. Жеріміздің асты мен үстінің байлығын пайдалану үшін Кеңес үкімет геология саласын дамытуға күш салды. Бұл жөнінде алаштанушың өз айтары бар.

«Мәселен мен геология тақырыбына не үшін бардым? Кез келген халық үшін ең негізгі фактор ол жер. Атамекені жоқ халық босқынға айналып, бейшара күйге түседі. Сондықтан біз үшін ең қымбат нәрсе атамекен жеріміз. Ал атамекен жеріміздің жағдайы қандай?

Тарихта бір нәрсе байқалады: Халық қандай күйді көрсе, сол күйді жерде басынан кешеді екен. Мен осы ұлт тарихымен айналысып жүріп осы нәрсені байқадым. Мәселен ХХ ғасырдағы қазақ жерінің тағдыры қандай болды десең, осы қазаққа тән территорияның белгілі бір дәрежеде бақытсыздығын көресің. Осы жерде тұрған халық жермен бірге бақытты болуы керек еді.

Нақтырақ айтсам қарапайым халық молшылықта, баршылықта өмір сүру керек еді. Өкінішке қарай ондай болмай шықты. Осынша бай жерде өмір сүріп жатырмыз. Жердің асты мен үстінің байлығы керемет. Өйткені Қазақстанның жері көлемі әлем бойынша 9 орынды алып жатыр. Сондай-ақ жердің байлығы жағынан Қазақстан алдыңғы екінші-үшінші елдің қатарында. Солай бола тұра біз неге кедейміз деген сұрақ туады», – дейді ол.

1917 жылы Алаш Орда Үкіметі желтоқсан съезінде қаулы қабылдап, оны Ленин мен Сталинге жібереді. Қаулының алдыңғы баптарының бірінде «Қазақ жерінің асты мен үстінің байлығы Алаш меншігі» деп жазылған.

«Мұны олар неге айтты? ХІХ ғасырдың 60-70 жылдары Патша үкіметі қазақ жерін тәркілеп, өз меншігіне айналдыратын заң қабылдады. Қазақ өз жерінде қонақ секілді дәрежеде болды. Ал Алаш сол заңның күшін жою үшін «Қазақ жерінің асты, үсті байлығы Алаштың меншігі» деп әдейі айтты. Осы қаулыны Ленин мен Сталиннің қолына тапсырды. Бұл деген сөз қазақ ұлт азаттық қозғалысының ең үлкен жетістігі болды. Осындай тұжырымға келіп, бүкіл Ресей билігінің алдында осыны айту үлкен жетістік еді. Ал енді Совет үкіметі кезінде бұл жер қазақтың меншігі болды ма? Болған жоқ. Жалпы сорақылық пен күш қолдану жағынан Совет билігі патша үкіметінен де асып кетті. Өйткені Совет үкіметі қазақ жеріне байланысты құйтырқы саясат жүргізді.

Ресей қандай мақсат көздеді? Ресей Столыпин тұсындағы жерді алу саясатын жүргізді. Қазақ жеріне ішкі Ресейден жері жоқ мұжықтар пен қарашекпенділерді мыңдап, миллиондап көшіру саясатын бастап берген Столыпин болатын. Соны Совет үкіметі одан әрі жалғастырды. Ондағы мақсат қазақ жерінде сан жағынан басымдық алу болатын. Сан жағынан басымдық алса, жерге байланысты саясатты шеше беретін болды. Оған алқашқы буын және екінші буындағы зиялы қауым өкілдері қарсы шықты. Өкінішке қарай олардың барлығы бірдей репрессия құрбаны болды. ХХ ғасырдың басында қазақ жері тонауға ұшырады. Тоналды», – дейді тарихшы.

 

Кеңес үкіметі геологияға неге көп көңіл бөлді?

 

Алаштанушының айтуынша, Совет үкіметі 1925 жылғы Коммунисттік партияның 14 съезінде индустриализация деген саясат жариялаған. Кеңестік Ресейдің мақсаты осы арқылы қазақ жерін тонау болған көрінеді.

«ХХ ғасырдың 50-ші жылдары геологтардың саны бойынша Совет үкіметі әлем елдері бойынша бірінші орында болған екен. Дүниежүзіндегі геологтардың санынан екі есе асып түскен. Кеңес үкіметінің мұндағы мақсат не еді? Ондағы мақсаты Қазақстанның жері, Орал мен Сібірді зерттеп, жер қойнауын игеру болатын. Осы арқылы советтік империяның күш-қуатын арттырып, әлемдегі ең күшті қаруланған мықты мемлекетке айналу. Бір сөзбен айтқанда большевиктік коммунистік партия әлемнің жандармына айналуды көздеді.
Кезінде Кассин, Русаков секілді геологтардың ең талантты, қабылетті азаматтары Қазақстанға келіп, осында жұмыс істеді. Мен оларды айыптамаймын. Өйткені олар керемет гуманист ғалымдар болатын. Олардың қазақтың жерін зерттеп, жас геологтардың шығуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Совет үкіметі кезінде Қазақстанның геологиялық картасы жасалды. Қай жерде қандай метал, мұнай, газ жатыр? Соның бәрінің геологиялық картасы жасалды. Өйткені Совет үкіметінің ең мықты, ең талантты геологтарды қазақ жерінде жұмыс істеді», – дейді тарихшы.

 

Ахмет Байтұрсынұлының аманаты

 

Кейбір азаматтар «Алаш арыстары жаппай имиграцияға кеткенде ұлтқа әлдеқайда пайдалы болар еді» деген сөзді айтады. Шын мәнісінде Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ қайраткерлері жаппай шет елге кеткенде онда Қазақ елінің 1991 жылы тәуелсіздік алуы екіталай еді. Себебі алаштықтар 1920 жылдан бастап қашан өздері атылған 1937-1938 жылға дейін оқу-ағарту жұмыстарына белсене араласты. Ал шет елге кетіп қалса олардың еңбектерін Кеңес үкіметі мүлде кітап етіп шығармас еді. Осының салдарынан қазақ халқы оқу білім жөнінен арта қалып, Азаттыққа жетуі күрделі болар еді. Мұны өз заманында Ахмет Байтұрсынұлы сезіп, жастарға аманат сөзін айтқан.

image_l.jpg

«Қазақстандағы ең алғашқы оқу орны қазіргі Абай атындағы университеттің ашылу салтанатына Ахмет Байтұрсынұлын сөз сөйлеуге сол кездегі білім министрі Ораз Жандосов шақырады. Сонда Ақаң «Қазақ деген халық әлсіз болды. Өйткені біздің техникамызбен технологиямыз дамымай қалды. Сондықтан біздің өміріміз бен шаруашылығымыз табиғаттың құбылысына тәуелді болды. Ал біз табиғаттан тәуелсіз болуымыз керек. Мысалы біздің халқымыз міндетті түрде ақ қоян жылы қырғынға яғни жұтқа ұшырайтын. Ал университет бізге не үшін керек? Біз университетте жаңа білімді игеріп, білімді ұлтқа айналуымыз керек. Біз білімді ұлтқа айналмай өз тәуелсіздігімізге ие бола алмаймыз. Сол себепті жаңа техника мен жаңа технологияны игеруіміз керек. Мен жастарға құр сөзге үйір болмай жаңа ғылымды игеруге шақырамын. Онсыз мына жерімізге өзіміз ие бола алмаймыз» деп айтады. Ақаң дәл айтады.

Біз «жеріміз үлкен, бай» дейміз. Ал біз осы жерді игеру үшін өте белсенді болып, техника мен технологияны меңгерген ұлтқа айналуымыз керек. Бізге басқа жол жоқ. Әйтпесе біз мына жердің байлығынан, жалпы жерден айырлып қаламыз. Қазір әлемде халық саны күрт өсіп келе жатыр. Ал жер ресурстары өлшеусіз емес, шектеулі. Сондықтан да болашақта жер ресурстары үшін талас күшейе түседі. Сол кезде қазақтың жері үшін де талас күшейуі мүмкін. Жері бай елге алыста да, жақында да қызығып қарайтын елдер көп. Осы жерге ие болу үшін ғылым мен техниканы меңгеруіміз керек. Тәуелсіздіктің бірден бір өлшемі не болуы керек? Біз өз жерімізге өзіміз иеміз бе? Өз жеріміздің байлығын өзіміз игеріп отырмыз ба? Біз сондай дәрежеге көтерілсек тәуелсіздік баянды болды деген сөз. Ал енді сол дәрежеге көтеріле алмасақ тәуелсіздіктен еш қайыр жоқ», – дейді ғалым.

 

Қазақтан шыққан геолог мамандар туралы кімдерді білеміз?

 

Ұлт ұстазының сөзінен кейін елімізде әртүрлі ғылымды меңгерген азаматтар қалыптаса бастады. Мәселен геология саласында Оразалы Жандосов, Мейірғали Арғынбеков, Мардан Әзірбаев секілді ұлтқа ерекше еңбек сіңірген азаматтар шықты. Кейін Мардан Нығыметұлына Шығыс Қазақстан облысында табылған жер асты байлығын жасырды деген айып тағылды.
«Әзірбаев, Қаділбеков, Жандосовтар қазақ халқынан шыққан ең алғашқы геологтар еді. Жарық жұлдыздай жарқырап шыққан геологтар неге репрессия құрбаны болды? Оларды қуғын-сүргінге ұшырату мақсатты жасалған дүние ме, жоқ әлде кездейсоқ па? Мәселен Мардан Әзірбаев Алтай жерінде молибден мен фольфрам бар екенін анықтаған. Ол Мәскеуге «Шыңдағы той деген жерде молибден мен фольфрамның қоры бар. Соны зерттеуге қаржы беріңіздер» деп арнайы хат жазғаннан кейін оған 5 мың рубль ақша береді. Бірақ ол «Аталған ақша ол жердің өнеркәсіптік мүмкіндігін ашуға жетпейді» деп тағы қаржы сұрайды.

Осы мәселе бойынша Мәскеуге барып, онда Тұрар Рысқұловпен жолығады. Мұны сол кездегі ОГПУ қызметкерлері байқап қойып, «Рұсқұловқа не үшін бардың?» деп тергейді. Тұрар ол кезде Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болғандықтан оның қаржы бөлдіруге мүмкіндігі болды. Мардан «Рысқұловқа барғанда зерттеуімді аяғына дейін жеткізуге ақша сұрадым» деп жауап береді. Бірақ ақшаны Тұрар Рысқұлывтың өзі де бөлдіре алмайды.

Бірақ кейін геолком арнайы қаржы бөледі де, зертеу жұмыстарын Мәскеулік геологқа тапсырады. Марданнан кейін Мәскеулік ғалым келіп, Алтайдың өнеркәсіптік ауқымын анықтап, бүкіл абырой-атақты сол алады. Осыған ыза болған Мардан Мәскеудегі геолкомның атына қатты-қаты сөз айтқаннан кейін оны «Сен ұлтшылсың» деп оп-оңай айыптай салады. Бұл геологтарға ғана емес, жалпы қазақ зиялыларына жабылған жала болатын», – дейді ол.

 

Азаттыққа ұмтылыс Кеңес үкіметі кезеңінде де жалғасты

 

Тәуелсіздік жылдарында ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен алдыңғы қатарлы Алаш арыстары халыққа кеңінен таныстырылды. Алайда Алаштан кейінгі кезеңінде ұлттық мүдде жолында қызмет еткен азаматтар әлі де болса назардан тыс қылап жатыр. Солардың ішінде Махмет Құлмағамбет пен Азамат Жәкібаев секілді азаматтар бар.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұлғаларды ашу бүкіл бір контингентті ашумен бірдей болды. Өйткені біздің тұлғаларымыз көп болды. Жалпы қазақ халқы өте талантты, қабілетті халық. Ал енді бір жағынан қабілеттілік пен талантты болу біздің сорымызда болды. Бізде ХХ ғасырда басында әдебиет, өнер және ғылым саласынан қаулап тұлғалар көп шықты. Ол тұлағалардың бәрінің аңсағаны қазақ халқының өз-өзіне ие болып, тәуелсіздік алу болатын. Біз тәуелсіздік кезеңіндегі тұлғаларды көп айтып, жазып жатырмыз. Сондай-ақ біз азаттық қозғалысының басшылары туралы көп жаздық. Әйте де қазақ халқының азаттығы үшін күрескен екінші, үшінші саптағы зиялыларымыз көбінесе айтылмай жатыр.

Екі-үш жылдан бері «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» деген бағдарлама жүріп жатыр. Бағдарламаның басты мақсаты ашылмаған тұлғаларды халыққа таныстыру. Аталған бағдарлама жасалған уақытта Тарих институтында пікірталас болды. «Біз кімдерді зерттеп, кімдерді жазып халыққа жеткізуіміз керек» деген уақытта біраз азаматтар «Ұлы тұлғаларлы анықтап алайық» деп айтты. Мен бұған қарсы «Бұл дұрыс емес. Себебі тұлғаларды мынау ұлы, мынау ұлы емес деп бөлуге болмайды. Кім өзінің отанының тәуелсіздігі үшін күресті сол – ұлы адам» деп айттым. Ондай тұлғалар біздің тарихымызда көп.

Қазіргі кезде біздің мақсатымыз солардың бәрін айту. Бізде көзге көрінетін тұлғалардың бәрі репрессия құрбаны болған. Советтік жүйенің ең бір құрып қалған жері – осы деп білемін. Бұл тұрғыдан алғанда советтік саяси жүйе – ең жауыз жүйе. Бұл қазақ халқының бетке шығар, көзге көрінер барлық тұлғаларын 20-30 жылдары репрессия құрбаны еткен. Репрессиялық жазалау совет үкіметінің алғашқы күндерінен бастап соңғы күндеріне дейін бірде ашық, бірде жабық күйде жүріп жатты», – дейді тарихшы.

Бұған дейін Мәмбет Қойгелдінің «Я себя совершенно не признаю виновным!» деген кітабы жарық көрген болатын. Бұл сөзді 1960 жылдары қостанайлық Махмет Құлмағамбет деген азамат айтқан екен.

«Осы сөзі арқылы ол Советтік жүйеге ашық қарсы шыққан. Философия мамандығын оқыған азамат Қырғызстан мен Ресейде жұмыс істеді. Себебі оны Қазақстанға тұрақтатпай, қудалады. Ең ақырында Совет үкіметі шет елге қуып жіберді. Аталған азамат сот процесі кезінде «Менің Совет билігінің алдында ешқандай кінәм жоқ» деп кесіп айтты.

Махмет Құлмағамбет Еуропа елдерінде өмірден өтті. Кеңес үкіметі Бас прокуратурасының Мәскеудегі мұрағатында жұмыс істедім. Сонда 60-шы, 70-ші, 80-ші жылдардағы Қазақстанда жүрген репрессиялық саясатына байланысты материалдар іздедім. Мұрағатта Махмет Құлмағамбеттен бастап ең соңғы Азамат Жәкібаевқа дейінгі материалдарды алуға тырыстым», – дейді ол.

 

Азаттық үшін күрескен Азамат кім еді?

 

«Мәскеудегі Бас прокуратураның жабық мұрағатына Азамат Жәкібаевтың материалын сұрадым. Азамат деген мектепте жүріп үгіт-насихат парақшасын таратқан Алматының жігіті болатын. Мектеп оқып жүргенде «Совет үкіметі әділесіз үкімет. Онда бостандық, ой еркіндігі жоқ. Қарсы көтерілейік» деген мағынада парақшалар таратқан. Азаматты 16 жасында сол кездегі заң орындары «Бұл психологиялық жағынан ауру» деп психбольницаға жатқызып, 6 жыл ұстаған. Күштеп дәрі беріп ішкізіп, уколдар салған. Осылайша сап-сау жігітті ауру қылған ғой. Сол жерде іс жүзінде өлтіріп, сүйегін әке-шешесіне әкеліп берген. Анасынан сұхбат алғанда ол «Азаматтың артынан психбольницаға жалғыз мен барамын» деп айтты. Ол маған Азаматтың ең соңғы жазған өлеңін берді. Аталған өлеңінде «Ауруханда жатқаныма біраз жыл болды. Мен тек қана тереземнің алдына қонған торғаймен тілдесемін. Торғайды көріп азаттықтың не екенін түсінемін. «Еркін далада ұшып жүр» деп торғайдың өміріне қызығамын» дейді Азамат.

top_f44d5b1d6c5dc8520521833deb647572.png

Азаматты өлтіріп үйіне әкеліп бергенде әкесі, Қазақстанның халық әртісі Қасым Жәкібаев ұлын танымай: «Мынау менің балам емес» деген екен. Сонда әйелі «Бұл – сенің балаң. Көрмегеніңе 6 жыл болды. Балаңды осындай күйге ұшыратты» деп айттым дейді Азаматтың анасы», – деп еске алады тарихшы.

 

P.S. Биыл 75 жасқа толып отырған Мәмбет Қойгелдінің ұлт тарихы туралы сағаттап әңгіме айтатыны анық. Ол Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарынан бастап, Азамат Жәкібаевқа дейінгі және одан кейін қазақ тарихында ақтаңдақтарды ашып, жұртұқа жеткізіп жүр. «Инемен құдық қазғандай» бұрмаланған тарихты қарапайым халыққа жеткізіп жүрген Мәмбет Қожагелдіұлы жоғары құрметке лайық. Алаштанудың алыбына мықты денсаулық, ұзақ өмір тілейміз.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?