Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Идаров Қазақ даласы туралы. 2-бөлім

2114
Идаров Қазақ даласы туралы. 2-бөлім - e-history.kz

Qazaqstan Tarihy порталы XIX ғасырдың 50-ші жылдары титулдық кеңесші Идаровтың Сібір ведомствосының (Ұлы және Орта жүз) қазақ даласына жасаған сапары бойынша 1854 жылғы 30 қазандағы «Коммерческая газета» газетінде жарияланған «Сібір ведомствосының Қырғыз даласы және ондағы жаңа құрылған Семей облысы» 2 бөлімін жариялайды. Сапар материалдары Ішкі Істер Министрлігінің журналында жарияланды (1854. Кн. 8, отд. 2. С. 1-36) «Сібір ведомствосының Қырғыз даласы және ондағы жаңа құрылған Семей облысы. (Шаруашылық департаментінде титулдық кеңесші Идаров жасаған)» («Киргизская степь Сибирского ведомства и новоучрежденная в ней Семипалатинская область. (Составлено в Хозяйственном департаменте титулярном советником Идаровым)»). Кейіннен мақаланы көптеген ресейлік басылымдар, солардың ішінде Санкт-Петербургте шыққан «Коммерческая Газета» басып шығарады.

Далада келесі керуен жолдары бар:

1) Петропавлдан Ташкентке, Қоқан мен Бұхараға - Ақмола приказы арқылы Құлан бекетіне; сосын Ақтау бекінісі мен Ұлытау станицасы арасымен, Қарағаш арқылы, Сарысу өзеніне; одан әрі Бетпақдала арқылы Шу өзеніне және ол жақтан Созақ қалашығы, Қаратау жотасы мен Түркістан арқылы, Ташкентке және одан әрі.

2) Петропавлдан Құлжаға - даламен Теңгекөл көліне; одан кейін Қажы Құрық шоқысына (Баянауылдан оңтүстік-батысқа қарай, 80 верст жерде); одан әрі Қоянды бекеті мен Үшқатық шатқалының арасында өтетін жолмен Қу тауының жанымен (Қарқаралы приказынан солтүстік-батысқа қарай 80 верст), Көкшетау шоқысына дейін (Қарқаралы тауларының бір саласын құрайтын) Дағандел тұзды өзенінің бойымен, Құрбақанас деп аталатын Бақанас өзенінің құрғақ саласына дейін; содан кейін Түгішкен бекетінің жанымен, Аягөз өзенінің бойымен, Жүзағаш бекетіне дейін; ол жақтан пошта жолымен Қапалға дейін және сол жерден енді Құлжаға дейін.

3) Семейден Шәуешекке – Аягөз және Көкпекті бекеттері арқылы, Тарбағатай жотасының оңтүстік беткейіне.

4) Семейден Құлжа мен Қашқарияға – Аягөз сыртқы округі мен Қапал арқылы.

5) Семейден Қоқанға – Аягөз, Қарқаралы, Ақтау жанымен, Шу өзені мен Ташкент арқылы.

Мұнда сипатталған Петропавлдан Ташкентке дейінгі жолдардың біріншісі, Ақтау арқылы казак бекеттерімен қорғалатын жолды айналып өтетін жол, басқаларына қарағанда артығырақ көрінеді; өйткені, ташкенттік керуенбасылардың пікірінше, бұл жол пошта жолына қарағанда қысқарақ және Ташкенттен Петропавлға баратын керуеннің жол жүру уақытын айтарлықтай қысқартады.

Құлжаға екі жол апарады: бірі қырғыз Байжігіттер мен Қызайлардың қонысы арқылы, Алакөл көлінің шығыс жағымен; екіншісі Ұлы жүз арқылы, яғни «Жеті Өзен» арқылы және одан әрі қытай бекеттері басталатын Ойқантас жотасы арқылы. Слңғысы әлдеқайда қысқа және ыңғайлырақ, бірақ көпестер қауіпсіздеу болғандықтан, осы күнге дейін бірінші жолды (Алакөл көлінің жанымен) артық көреді. Қазір, Жетісу өлкесінде тыныштық орнағаннан кейін, әсіресе Қаратал өзенінен басқа Азия елдеріне: Қашғарияға, Ташкентке және Қоқанға сауда жолдары жүретіндіктен, көпестер керуендерін ыңғайлы әрі қысқа жолмен, Ұлы жүз арқылы Құлжаға жіберетін болады. 

Қырғыз даласындағы сауда жолдарын қамтамасыз ету жергілікті басқарудың басты мәселелерінің бірі болып табылады, ол баспана, яғни керуен-сарайлар мен қонақ үйлерді орналастыру қажет деп тапты. Орыс өнеркәсіпшілері мен Азиялық керуендер қырғыз даласын әртүрлі жолдармен жүріп өтеді: біріншілері пикеттік казак жолын ұстанады, ал соңғылары одан аулақ жүруге тырысады және оның орнына қырғыз болыстарының қоныстары арқылы олармен сауда-саттық жүргізіп, адамдар мен жегін малдарының азығы үшін ақыны тауармен төлеп, ірі қара мал алады да, кері жолда Қоқан иелігіне айдап әкетеді. тін малды алып кетеді. Сондықтан біріншілер (орыстар) үшін қонақ үйлер, ал кейінгілер үшін (азиялықтар) керуен сарайлар ұйымдастырылған. Керуендер қара күзде, тіпті қозғалысы қиын қыста да жүретіндіктен, мұндай баспаналар өте құптарлық. Осы уақытқа дейін даланың кейбір жерлерінде, казак бекеттері жанында қонақ үйлер ұйымдастырылған; бұдан бөлек бір керуен сарайды Семей қаласындағы ташкенттік Рахым есімді азамат Арқат бекетіне жақын маңдағы Қапал трактінде салып жатыр. Ақмола, Көкшетау, Аягөз және Қарқаралы приказдары маңында слободкалар, базарлар қалыптаса бастады. Бұл еркін өнеркәсіп, өзінің жас күйіне қарамастан, қырғыздар үшін де, сонда орналастырылған әскерлер үшін де өте пайдалы. Осындағы нақты табыстарға қарағанда, ішкі сауда айтарлықтай дамып, слободкаларды ауқатты қалаларға айналдыра алады. Бұл дамып келе жатқан базарлар көбінесе керуен жолдарында болғандықтан, оған далада қажетті аралық қосындарды бере отырып, Үкімет тарапынан белгілі бір қолдау және ынталандыру арқылы керуен саудасын міндетті түрде жандандыруы керек. Ішкі немесе орыс саудасы Петропавлдан Көкшетау приказы арқылы Ақмолаға дейінгі жолдың бойымен (оң қапталда), және Семейден Аягөз арқылы Қапалға (сол қапталда) баратын жолдың бойымен жүзеге асырылады. Бұл сауда тұрғындарды астық, тері және үй шаруашылығына қажетті әртүрлі ұсақ-түйек заттармен қамтамасыз етуден тұрады. Оның таралуына қарай Ақмолада және Көкшетауда (Ташкенттен Ресейге және кері қарай жүретін керуендердің келген уақытында) жылдық жәрмеңкелер құрылып, Аягөз бен Қапалда да осындай жәрмеңкелер ұйымдастыру болжанып отыр. Бұл жәрмеңкелер дала саудасына кейбір отырықшылық сипат бере алады.

Сібір ведомоствосының қырғыз даласының кеңістігіне, халқына және бөлінуіне, сондай-ақ оны мекендеген Орда халқының кәсібіне жалпы сипаттама бергеннен кейін, Орта жүзбен де жақынырақ танысуымыз керек. Орта жүз әскери тұрғыдан оң және сол қапталға бөлінеді. Бұл қапталдардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Даланың сол қапталын немесе Жетісу өлкесін негізінен егіншілікпен, мал шаруашылығымен, өнеркәсіп пен саудамен айналысатын қырғыздар мекендеген; демек, мұндағы бұратаналар біршама дерлік отырықшы. Бұған қарама-қарсы даланың оң қапталының халқы кезбе келеді. Былайша айтқанда бұл келесі деректермен расталады: жоғарыда аталған бес керуен жолының үшеуі Семейден келеді: а) Шәуешекке, б) Құлжа мен Қашқарияға және в) Қоқанға, ал қалған екеуі Петропавлдан: а) Ташкентке, Қоқанға, Бұхараға және б) Құлжаға. Соңғысы Жетісу өлкесі арқылы да өтеді; демек, бес сауда жолының төртеуі сол жақ қапталмен өтеді. 

Соңғы төрт жылда Семей кеденінде, сол қапталда, әкелінетін және босатылатын тауарлардың кедендік алымдары оң жақта тұрған Петропавлдағы алымдардан едәуір асып түсті; алынған баж салығы: Петропавл кеденінде 1848 ж. - 71,885 руб., 1849 ж. - 85,365 р., 1850 ж. - 89,895 р., 1851 ж. - 82,655 р.; Семей кеденінде: 1848 ж. - 55,265 р., 1849 ж. - 95,777 р., 1859 ж. - 165,154 р., 1851 ж. - 171,019 р.  

Сол қапталдың оң қапталдан сыртқы саудаға қатысты асып түсуінің себебінен Сібір кеден округі бастығының отыратын жері Петропавлдан Семейге ауыстырылды. Тау-кен өнеркәсібі де оң қапталға қарағанда сол жақта көбірек дамуда: алғашқысында 4 (Көкпектіде), ал соңғысында 5 (Көкшетау округінде) алтын кеніші игерілуде; оларда өндірілген алтын:

 

 

    пұт.        

       фун.    

    алтын.      

         дол.       

             1849 жылы          

         2     

         10     

         37     

             24        

     1850

      3

      22

      37

          5

     1851

      3

      16

      53

         95

     Барлығы 7 кеніште.     

      9

      9

      15

         28

  

Бұдан басқа, оң қапталда, Көкшетауда 20, Ақмолада 8, Қарқаралыда 3, барлығы 31; сол қапталда: Көкпектіде 174, Аягөзде 10, барлығы 184, ал екі қапталды қосқанда жалпы 215 кеніш бар, олар игерусіз қалып отыр, далада жаңа іздеулерді жүргізуге рұқсат беру билеттерін беру туралы көптеген өтініштер үздіксіз келіп түсуде. 1851 жылы оң қапталда:

а) Баянауыл округінде: жылтыр күміс 8 пұт, күміс қоспасы бар қорғасын 9,640 пұт, күміс қоспасы бар мыс 3,650 пұт, таза мыс 110 пұт, тас көмір 52,797 пұт;

б) Қарқаралы округінде: күміс қоспасы бар қорғасын кені 3,883 пұт, мыс 950 пұт өндірілген. 

Тарбағатай тауларында алтын да бар, шығыс беткейдегі қытайлар оны едәуір мөлшерде өндіреді. Алтай жотасының тармақтарын құрайтын Жетісу өлкесінің таулары мен Күнгей Алатауында алтын, күміс және басқа да металлдар бар сияқты. Дегенмен, жеке алтын өндірушілердің іздестіру шекарасы Аягөз және Бұғаз өзендерінің ағысы бойынша белгіленіп, олар біріншінің сол жағасына және соңғының оң жағасына өтпейді. 

Жоғарыда айтылғандардан сол қапталдың немесе Жетісу өлкесі жерінің құнарлылығының арқасында мал шаруашылығын әлсіретпей, сол жерде егін шаруашылығын дамытуға және қырғыздардың отырықшылығын нығайтуға мүмкіндік беретін жер белдеуі екенін көруге болады. Оның алтын және басқа да кендер мен асыл тастарға бай жер қойнауы, маңызды тау-кен өнеркәсібін құрудың жолдарын ашады; Қытаймен шекаралас болуы және Жетісу өлкесі арқылы өтетін сауда керуен жолдарының көп болуы ондағы сауданың жандануына ықпал етеді. Қазіргі уақытта даланың сол қапталында көшіп жүрген қырғыздар, оң қапталдағыдай, негізінен мал шаруашылығымен айналысса да, топырақтың құнарлылығының арқасында, тиісті ынталандырулар арқылы, оларды егін шаруашылығын табысты дамытуға бағыттауға болады. Бұл ынталандырулар негізінен астықты диқаншылар үшін тиімді түрде сатуға қаражат бөлуден тұруы керек; ол үшін, сол аймақтағы орыс қоныстарын көбейту кезінде екі әдіс ұсынылады: тау-кен өндірісін кеңейту және мүмкіндігінше, қалалар құру.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?