Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғылмани ғибраты

783
                                        Ғылмани ғибраты - e-history.kz

Қазақ халқы өз азаттығын алғаннан кейін, халықтың рухани, мәдени құндылықтары мен ұлттық дүниетанымының негізі дін мен ділге мемлекеттік тұрғыдан назар аудара бастады. Соның нәтижесінде екі ғасыр тоғысында дүниеге келіп, қазақ мәдениеті мен ислам дінінде жатқан ғажап идеяларды төл болмысқа бейімдеп, елдің одан ары өркениетті қалыптасуына құнды мұра қалдырған Сәдуақас Ғылмани сынды ғұламаларымызды танып білуге зор мүмкіндік туып отыр.

ХХ ғасырда өмір сүрген көрнекті қоғам және дін қайраткері, ақын, ғалым, аудармашы Садуақас Ғылмани санаулы ғұмырын саналы түрде дін ісі мен дін іліміне арнады. ХХ ғасырда қазақ топырағындағы қоғамдық-әлеуметтік жағдай мен діни ахуал ушығып, тұрған уақыт болатын. Сол кездегі қоғамдық жағдай ақын шығармашылығында кеңінен көрініс берген еді. Біз осы көлемді мақаламызда Сәдуақас Ғылмани шығармашылығында көрініс берген заман тынысы мен ақын танымындағы діннің дүниетанымдық мәніне талдау жасамақ ниеттеміз. Мақала барысында тарихи еңбектердегі ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы діни ахуалдың ақын шығармаларымен үндес келетіндігі нақты мысалдармен көрсетілді. Сонымен қатар ақынның таза исламнан хабар беретін шығармаларының Құран Кәрім мен хадис сөздермен сәйкестігіне тоқталып өтпекпіз. Садуақас Ғылманидың философиялық ойлары поэзия тілінде жатыр, сондықтан оның идеяларын түсіну қазіргі уақыт талабы.

Садуақас Ғылмани шығармаларын зерттеп, зерделеу тәуелсіздік алған жылдардың еншісіне ғана тиесілі. Ақынның толық жинақталған шығармалар жинағы Д. Қамзабекұлының алғысөзі мен түсініктерін жазып, құрастыруымен 2010 жылы «Ел-шежіре» (Сәдуақас Ғылмани. Шығармалары.) баспасынан шықты. Осы жинақта ақынның біршама жинақталған өлеңдері енген. 2011 жылы Астана қаласында қоғам және дін қайраткері, аудармашы, ақын Садуақас Ғылманиға арналған «Тұлға және ғұлама құбылысы: кеше, бүгін және ертең» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Осы конференцияда ақынның өмірінен өлеңіне дейінгі тақырыптар сөз болды. Онда Садуақас Ғылманидің өмірі мен өлең өрнегіне тоқталып, кең тынысты талдаулар жасалды, ақынның діни өлеңдерінің ерекшелігін, оның қазақтың дәстүрлі дінімен байланысын көрсеткен. Садуақас Ғылмани қолжазбаларында кездесетін хадис түсіндірмелерінің мәтіндік ерекшеліктері сөз етіле отырып, ақын, қажының отандық дінтанудағы орнына да тоқталынды. Сонымен қатар аталмыш конференцияда Садуақас Ғылманидің құрастырған арабша-қазақша сөздігі де зерттеу нысанынан тыс қалмаған еді. Ал Садуақас Ғылмани мұрасы арнайы түрде кандидаттық немесе докторлық диссертация еңбегі ретінде ешқашан зерттелмеген еді. Тек баспасөз беттерінде ғалымдардың Сәдуақас Ғылмнидің өмірі мен шығармашылығына қатысты азды-көпті мақалалары жарық көргенін де атап өту керек. Дихан Қамзабекұлының 2010 жыл, 7 қазан айында жарық көрген «Астана ақшамы» газетінде «Ғылмани мұрасының ғылыми мәні» атты мақала, Назира Байырбектің «Ғылмани ғибраты» «Астана хабары» газеті, 2007 жыл, 9 қазан, Д.Қамзабекұлының «Елшілдік және имандылық: Сәдуақас Ғылмани мұрасы», «Мұсылманшылық мәйегі» газеті, 2010 жыл, атты мақалаларын атап өтуге болады.

Біз осы мақаламызда Садуақас Ғылмани шығармашалағын індете зерттеп, ақынның діни өлеңдерінің мәнін, ғибраттық астарын ашып, әділ бағасын беруді көздейміз. Ақын өлеңдерінің Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп шығармаларымен байланысын көрсетіп, Садуақас Ғылмани өлеңдерінің қазақтың дін данышпандарымен ортақтығын көрсету арқылы рухани байланыстың үзілмегенін оқырманға жеткізгіміз келеді.

Ғылмани ұлттық өркениетте қалдырған ізі мақтау тұтарлық құнды жәдігер. Ғұлама өз дүниетанымын заман талабына сай, әрі ХХ ғасырдың басындағы қазақ қауымының діни ахуалын айна қатесіз көрсете білген.

Жалпы ақынның негізгі діни мазмұндағы өлеңдері «Мүнәжәт», «Зейін Ашу бәйіті», «Араб әдебиетінен аударма», «Кәлендәр тысына жаздым», «Сахар назым», «Көз көргенге ризалық», «Тәржімә хал», «Мінәжат мұң», «Құрбан айты», «Сопылар», «Қасас сүресінің әз аяты мен тәпсірі аудармасының мазмұны», «Пайғамбардан көшірілген мына хадис», «Тағы да пайғамбардың мынау сөзі», «Тағы да пайғамбардан сөйлеген сөз», «Ғалымдар мен надандар туралы», «Ұзақ хадистің аудармасы», «Тілек», «Тәпсірден бір әңгіме», «Әбубәкір хазреттің біраз жайы», «Дұға», «Акбар қалпеге арнадым» секілді өлеңдері құрайды.

Ақын осы жоғарыда аталған шығармаларында діннің ішкі мазмұнын өлеңмен беріп, хадис сөздері мен Құран аяттарын қара өлеңмен халық санасына жеткізуді шын көздеген болатын. Өлеңдерінің негізгі мазмұны адамдарды оқуға, ғылымға шақыру, адам болып, адамшылықта қалу, дүмше молдаларды сынау, нәпсіні тыю, Аллаға мадақ айту, тәубе, шүкіршілік ету, шариғатты үйрену сынды діни дүниетанымдық мәні бар тақырыптарға сай келеді. Сонымен қатар Сәдуақас Ғылмани Құран аяттары мен пайғамбардың хадистерін өлең өрнегімен жеткізген. Ақын дінді тек құлшылықтың көзі деп қана білмей, білім үйрену, ақылмен ой жүгірту, адал болу, әділдік қылу, сыйласу сынды ізгі үлгі қылып, үйренуді насихаттайды.

Садуақас Ғылмани шығырмашылығында жоғары зерделі құндылықтарды анықтау арқылы адам болмысының бейнесін ашу, өмірге қажетті құндылықтар жүйесін көрсету. ХІХ ғасыр аяғымен ХХ ғасырдың басындағы қалыптасқан қазақ халқының рухани құлдырау себептерін анықтау. Ғылмани шығармаларында кездесетін діни өлеңдерге талдау арқылы ақын мұрасының діни дүниетанымдық мәнін ашалап көрсету мақаламыздың басты межесі.

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасына дейін қазақ топырағындағы мұсылманшылыққа аса қысым жасамаған еді. Бұл мәселе Сәдуақас Ғылманидің шығармаларынан былайша айқын көрініс тапқан болатын:

Үкімет берді дінге ерік,

Тұтайық дінді біз берік.

Жасқа сенім қағазбен,

Келді оқырлық заманы.

Әлхамдулелә, шүкірлік,

Оқиық дінді пікір қып.

Үкіметтен тыю жоқ,

Келді оқырлық заманы.

Бұл Сәдуақас Ғылманидің 1925 жылы 1 қарашады жазған «Зейін ашу бәйіті» өлеңі. Осы өлеңнің аталған шумақтарынан дінге ерік берілгені, дінге тыйым жоқ екендігі анық көрініп тұр. Бұл туралы тарихи еңбектерде де айтылған: «Исламды (1925) мектептерге үйретуге рұқсат берілген кездер болған. Бірақ, дін ұстаздары бұл мүмкіндікті антисоветтік үгіт насихат мақсатында пайдаланбауы керек, әрі олардың еңбек ақысын балалардың ата- аналары көтеруі тиіс » деген шарт қойды.

Кеңес үкіметі дінге қысым жасамай, ерік беруі заңды болатын. Себебі билігін тұтас орнатып, тұрақталмайынша, үлкен қадамға баруға еш болмайтын еді.

         Сәдуақас Ғылманидің аталған өлеңінен үлкен қуаныш пен зор бақыттың ұшқынын көруге болады. Дінге еш қысым жоқ «келді оқырлық заманы» деп халықты оқуға шақырады. Ақынның өлеңдерін ыждахатпен қарағанымызда кейінгі өлеңдерінде бұл сарын байқалмайды. «Дінге қысым жоқ, оқиық» деген сөздер кездеспейді. Оның себебі де сол дінге қатаң тыйым салынып, мешіттер қораға айналып, молдалардың басы айдауға түскен, дін үшін қасіретті жылдар болатын. Ол туралы: «ХХ ғасырдың 20-жылдары большевиктік билік қоғамның барлық саласын бір идеологияға бағындырғанда, олар үшін елдің рухани қорын қалыптастыратын ғалымдар, діндарар, ақын-жазушылар, өнер адамдары бұрынғы әлеуетінде керек болмай қалды. Бұл саясаттың кері әсері бірінші кезекте бағыты мен түр-тұрпаты анық діндарларға тиді» деген ғылыми пікір де бар.

Тарихтан белгілі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жәдит оқу шықты. Жәдитшілдік қозғалыстың ұлтты оятудағы процесс болғанын, бұл қозғалыстың түп мақсаты – орталық езгі мен миссионерлік саясатқа қарсы халықты көтеру жолында қалыптасқан еді. Ресейдің негізгі саясаты мұсылман түркі халықтарының дінін, тілін, дәстүр әдет- ғұрпын түбімен құртып, орыстандыруды көздеген. Ресей империясы барлық мемлекеттік мекемелердің күшін жұмылдыра отырып, ислам дінін жойып, туыстас халықтар арасына іріткі салып шоқындыру үшін барлық айла тәсілді пайдаланған. Осы жағдайларға байланысты артта қалған түркі – мұсылман қауымына «жәдитшілер» түбегейлі өзгеріс енгізуді көздеді. Бұл тұрғысында Д.Қыдырәлі: «... жәдит қозғалысы бірте- бірте ұлттық идеологияның мәніне айналып, халықтың санасын оятуға және оны тәуелсіздікке бастауға, ол үшін дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып ғылым- білімге озық технологиямен қарулануға бағытталды деуге толық негіз бар» деген тұжырым жасайды. Ал профессор Дихан Қамзабекұлының «Алаш және әдебиет» атты еңбегінде жәдитшілік- сан саналы құбылыс империя құрамында мұсылман ұлттар арасында ол әртүрлі деңгейде көрінді. Алайда оның бәрінде ортақ сипаты – біріктірушілік күш еді. Жәдитшілік реформалық көзқарасқа Ресей империясы мұсылмандарының рухани ренессансына ұйытқы болды. Оған оқығандардың барлығы дерлік тартылды. Әліппеден бастап танымдық кітаптарға дейін «Сенің танымың бар қасиетті дінің бар, әлем жетістігін пайдалана отырып дамуға мүмкіндігің бар, тек намыспен берік күрес» деген ой айтты. Әдебиет мәдениет жалпы руханият атаулы елді жаңа арнаға, талғам мен танымға бұрды.

Жалпы ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қазақ топырағында білім беру ісі үш түрлі бағытта дамыды:

1. Қадым мектептері – мұсылмандық дәстүрдегі діни мектептер

2. Орыс-қазақ мектептері

3. Жәдит мектептері – дін ілімімен қатар дүниеуи пәндерді оқытатын мектептер.

Осы жәдит мектептерінде құран оқудан бастап, араб тілі, құран тәпсірі, шариғат заңдарымен қатар, әдебиет, мәдениет, табиғаттану, математика сынды пәндер де оқытылды. Осы усул-жадит оқуы туралы қазақтың данышпаны Мәшһүр Жүсіп: «Жаңа низам шығарғанда, қазаққа пайдалы жұмыстарды низамға қоса тіркеп, бұйрықпен түсіру керек. Бірінші пайда - партия қалуы. Екінші пайда - ұрының тыйылуы. Үшінші пайда - байлардың өзіне тоқтау, тыю болуы. Төртінші пайда - ишан, қажы, қожа, молданың бұрынғы адасу еркіне жіберілместігі. Бесінші пайда - балалардың оқуына усули жәдит, жаңа тәртіп берілуі. Алтыншы пайда - көшіп-қонудың өзіне тағылым үйретуші шығуы. Жетінші пайда - қазақта бір үйден бір үй от алатұғын рәсім бар, даладан қазатұғын жерошақ деген бар. Осы екі жұмысқа тыю, тоқтау салу және қойшылардың далада от жағып, сүт пісіретініне тоқтау шығару. Осыларды қылмағанға кісі құнындай ауыр жаза кесу. Сегізінші пайда - қазақтың: «жанға шығу», «жан беру» - тариқасын бұрынғы өзінің ата-бабасының ғұрып-мірдемінше: «жанға» өтетұғын» кісіні «тірілей» жуып, кебінге орап, ақ кигізге салып моланы үш айналдыратұғын қылу, алдында үш жақсы кісінің жүруімен. Сегізінші пайда - өлгенге де, туғанға ас, той деген турасын қазақтың бұрынғы ата-баба заңынша: «Туған - тойсыз болмасын, өлген - ассыз болмасын!» деп, жаңа низамда оны да низам қылып шығару керек! Тоғызыншы пайда - қазақты бұғынғы ата-баба рәсімімен, солардың жақсы үлгісімен жүргізіп, тұрғызса, қазақ сонда көңілді, ықыласты болып, бір түрлі жақсылыққа рағбәтлі болады. Абылай хан заманында қазақтың не қылып, не қойғанын өз білгенімше жаздым. Сол күндегіден артық қазақтың оңған жері жоқ» дейді. Мұндағы бесінші пайда усул жәдит екендігін айтады. Сәдуақас Ғылманидің де шығармашылығында осы ой көрініс берген:

Оқу екі бөлекті,

Дін дүние үшін керек-ті.

Екі жақтан үлес ап,

Қалмақ парыз замани.

Дін оқу мешіт маңында

Діншілдер соның қамында.

Дүние оқуы мектептен,

Оқылар түгел замани.

Дүниедегі бақыт – бұл оқу,

Қияметтікі тағы оқу.

Екеуі бірдей қажетің,

Ескерсең толық замани.

Сәдуақас Ғылманидің осы шағын шумақтағы ойдан усул жәдит оқуының негізгі қағидасы көрініс тапқан. Ол – дін оқу мен дүние оқуын қатар алып қарау. Ақынның «екі жақтан үлес ап» деуі сондықтан.

1925 жылға дейін Ислам дініне Кеңес үкіметі тарапынан айтарлықтай қысым болған жоқ. Тек 1925-1927 жылдары НКВД өкімімен мұсылмандық сауат ашуды, діни дәстүр мен мерекелерді атап өтуді, тіпті ұлттық мейрам Наурызды тойлауды шектеп, діни мектептердің жабылуына ықпал етті. 1926 жылдарға қарай Исламды байлардың дініне теліп, сенімге деген шектеу күшейе түсті.

1928-1938 жылдары Қазақстанда дінге қарсы саясат Голощекиннің қазақ ауылдарын советтендіру саясатымен түсіндіріледі. Себебі ауыл ошақтарында қазақтың дәстүрлі мәдениеті үзілмей, дініне шіркеу түспеген болатын. Керісінше кала қазақтары өзге мәдениетті тез сіңіріп, орыс тілі арқылы дінінен де ажырай бастады. Ал ауылдарда керісінше қазақтардың негізгі бөлігі шоғырланып, тіл, дін, дәстүр сақталған болатын. Бұл туралы тарихта: «Исламды жою жаппай колхоздарды салумен, «буржуазиялық ұлтшылдармен» жүргізілген класстық күреспен, молдалардың адал көмекшілері деп есептелген байлар тобымен тығыз байланысты болды.

1930 жылдары атезим саясаты өзінің шарықтау шегіне жетті.

Демек Кеңес үкіметінің қазақты ауылдан ажырау арқылы көздегені діні мен дәстүрінен айыру болатын. Колхоздар құру, ұлтшыл, байлармен күрестің мақсаты да сол, олар – дін таратушы молдалардың тірегі болатын. Елді дінінен айыру арқылы, мәңгүртке айналдыруға болатынын білген Кеңес үкіметі қандай қадамға болсын барып, ештеңеден аянбады. Себебі, дін дегеніміз –сенім. Әр адамның бойындағы ең қастерлісі ол оның сенімі болса, сенімі жоқ адам санасыз малдан да бетер болмақ. Сол үшін де небір қатаң саясатқа барды. Сол кезеңді көзімен көрген Сәдуақас Ғылманидің 1930 жылдары жазған өлеңдері нала мен мұңға толы болды. Мәселен ақын «Мүнәжат мұң» атты өлеңінде:

Тілек айтып мұң шағамын бір Құдайға,

Өзіме бос отыру тіпті ұнай ма

Дін үшін не бар дейтін мықты қайда?

Сол себепті көрдік дер соққы қайда?

«Жан сала қимылдайтын мезгіл еді»,

Деп айтып көздемейтін бастық қайды деп жазады.

Бұл өлең 1931 жылы 2 сәуірде жазылған. Жоғарыда біз келтірген тарихи деректегі: « 1930-шы жылдары атеистік саясат шырқау шегіне жетті» деген пікірдің ақын өлеңімен үндестігін көреміз. Дінге тыйым салынып, молдалар қуғынға ұшырып, байлардың басы саудаға салынғанда ақынның ішкі мұңы қара өлең болып шығады.

Ақының сол кездердегі ішкі күйінің:

Мұңды ойласам мұңайып жабығамын,

Егіліп көзден жасым қамығамын.

Ауыр тұман, зор қайғы басып кетіп,

Шатасып бар тапқаным аһ ұрамын, болуы заңды да еді.

1928 жылы 17 қыркүйекте культтік ғимараттардың (мешіт-медреселердің) кеңестік мәдени-ағарту оралықтарға беру туралы қаулы шығарылды. Аталған нормативтік-құжат бойынша культтік ғираттардың мәдени-ағарту орталықтарына берілуі күшпен емес, ерікті түрде болатын. Босаған мешіт, шіркеулер мәдени-ағарту оралықтарының құрамын енуі керек болатын. Ал іс жүзінде бәрі керісінше болды: «Шіркеулер, мешіттер мен монастырлер «бұқара халықтың өтініші» негізінде деген желеумен әкімшілік тәртіпте жабыла бастады. Бұдан басқа, ғимаратты босқа ұстау, мәдени мүлікті ұрлау және т.б. жала түрлері сияқты «заңды» негіздер де табылып жатты. Мешіттер мен медреселердің ғимараттары кинотеатр немесе клуб ретінде пайдалану үшін ғана беріліп қоймай, сондай-ақ аталмыш ғимараттарда радиостансалар, қойма, асхана, атқора орналаса бастады. Көбіне мінәжат үйлері қиратылды. Дінге сенушілер мен имамдарды моральдық тұрғыдан кемсітіп, қорлау, ішімдік ішкізіп, темекі шектіру әрекеттері орын алды. Қасиетті әулиелердің бейіті қиратылып, қорланды, құнды жәдігерлер лақтырылып тасталды. Кейбір мәліметтер бойынша 1929 жылдар мен 1933 жылдар аралығында Қазақстанда ерікті түрде 198 шіркеулер мен мешіттер жабылған еді.

Осы тарихи оқыға 1931 жылы жазылған ақынның жоғарыда аталған «Мүнәжат мұң» атты өлеңінде көрініс тапқан. Осы өлеңде ХХ ғасырдың басындағы қазақ топырағындағы діни ахуалдың негізгі көрінісі десек қателесе қоймаспыз.

Құлшылық орын болған мешіт қайда,

Жиналып мұң шағатын бір Құдайға?

Сан соғар әр адамға кездеспек қой,

Немене өкінгенмен жоқты пайда.

Жайнамаз, кілем, сәлде – түгел қайда?

Дін жақтап, көмектескен нүгер қайда?

«Сен өлсең, біз өлмейміз» дегенді айтқан,

Кешегі жанқиярың бүгін қайда?» дейді.

Исламға шектеу қойылып, мешіт-медреселер жабылғанда, дін иелері қуғындалып, байлардың басы саудаға салынғанда ақынның ішкі мұңы сыртқа қара өлең болып шығады.

«Құлшылық орын болған мешіт қайда?» дегенінен мешіттің жабылғанын, «Жайнамаз, кілем, сәлде – түгел қайда?» дегенінен намазға да тыйым салынғанын, «Дін жақтап, көмектескен нүгер қайда?» дегенінен дін үшін басын бәйгеге тігетін асыл азаматтардың да азайғанын көреміз. Адамнан қайран кетіп, ақынның ендігі үміті тек Жаратушы Алла ғана. «Тілек айтып мұң шағамын бір Құдайға» деп, ақынның айтатыны да сондықтан.

Қазақты дінінен ажырату үшін Кеңес үкіметі өте көп айла-амалдарға қадам басты. Латын әліпбиін еңгізудің де бір айласы осы қазақ халқын діннің ықпалы бар араб графикасынан ажыраут болатын. Қазақтың біртуар зиялылары, А.Байтұрсыновтардың осы тұста араб жазуын ақтап, латын әліпбиіне қарсы шығуының бір себебі де осы болатын. Бұл туралы тарихи еңбектерде: «Араб алфавитын жою - халықты дінен Құраннан және ғасырлар бойғы ұлттық мұрасынан айыру мақсатында, сондай- ақ христиан халқы тарапынан ассимиляцияға ұшыратудың оңай тәсілі ретінде қолданды» дейді.


1527736146_article_b.jpeg


Жылдан жылға Ислам дініне қарсы шаралардың ұйымдастырылуы көбейе берді. Тіпті, әртүрлі дінге қарсы курстар ұйымдастырылып, университеттерде дінге қарсы оқулар жүргізіле бастады. Ауыл орталықтарында мұсылманшылыққа қарсы үгіт насихатты қызыл киізүйлер мен қызыл шайханалар, әйелдер клубы мен колхоз клубтары жүргізді. Аталған клубтар әдетте бұрынғы мешіт пен медресенің орнында болды. Бұл орталықтарда құмар ойындар ойналып, арақ ішілді. Жалпы дәстүрлі танымға, мұсылманшылыққа қарсы іс-әрекеттер ХХ ғасырдың отызыншы жылдар осындай көріністе болды. Сонымен қатар дін өкілдері болып есептелетін молда, ишан, қажы, сопылардың бастарына күн туған болатын. Оларды Сібірге және Оралға жер аударып, халықтың сеніміне ие болған діни қайраткерлердің де осылай жағдайлары нашарлаған болатын. Сәдуақас Ғылманидің «Інім Қалысқа арнап туыстармен амандықпен үгіт» атты туындысында дін қайраткерінің басындағы мұңы былайша берілген:

Мінекей, қарындашты алдым қолға,

Құдай-ау, із-жолымды өзің оңда.

Тұрмыстың мұнша ауыр зорлағаны,

Түсірді ықтиярсыз мұндай жолға.

Бірталай оқуменен өмір сүрдім,

Үйреніп діннің жолын жақсы білдім.

Үйренгенді үйретіп, басшылық қып,

Бүгінде мына торға мен іліндім.

Сол ХХ ғасырдың 30 жылдары Сәдуақас Ғылманидің де басына қиын кезеңнің келгенін өлең жолдарынан көреміз. Білгені үшін, өзгеге үйреткені үшін «Бүгінде мына торға мен іліндім» дейді. Бұл өзге де дін қайраткерлерінің сол тұста басынан кешірген халі болатын. Мұның барлығы Садуақас Ғылманидің тілімен айтқанда:

Жалғыз абырой мендегі бір дін үшін,

Сол үшін жаза тарттым, көріп қысым.

Болмаса, бұл тұрмыстың жағдайында,

Болмады кедергі дер жалғыз ісім.

Көріп отырғанымыздай исламиятқа қатысы бар адамдар дін үшін отқа күйіп, суға бата бастады. Шәкәрімнің де кеңес белсенділерінің қолынан қаза болуы да осы дінге қауіп төнген ХХ ғасырдың 30 жылдары болатын. Ақынның дін үшін жаза тартып, қысым көргенін айтуы да сондықтан.

Сәдуақас Ғылманидің «Мешіт» деп аталатын туындысында:

Саған басшы болатын күйім мынау,

Маңыңа бара алмаймын қадам басып.

Кейде барсам маңыңа ішіңе енбей,

Кетемін есалаң боп ми шатасып» деп ақының мешітке кіре де алмағанын өлеңінде ашық суреттейді.

Дін адамы үшін осыдан артық қорлау бола қоймас. Құлшылық үшін Жаратушының үйіне де кіре алмау ақынды жегідей жегені рас. Оны осы шумақтың соңғы жолдарынан да көруге болады «...Кетемін есалаң боп ми шатасып» деп көрсетеді.

Ендігі кезде діні ісі нашарлай бастады. Дінді мазақ етеп, дін иелерін қорлайтын ел ішінде шала белсенділер шыға бастады. Н.Нұртазинаның «Борьба с Исламом» атты еңбегінде олар туралы: «Қызыл киіз үй мен шайханалардың меңгерушісі қызметінде беделі күмәнді сауатсыз адамдар жұмыс істеді. Жиі қызыл киіз үйлерде құмар ойындары ойналып, ішімдік ішілді, дәстүрлі этикет – мұсылмандық «адаб» («әдеп») ережелері қасақана түрде бұзылып отырды» делінген. Осындағы «безграмотные люди» дегені сауатсыз адамдар, Сәдуақас Ғылманидің тілімен айтқанда шала белсенділер болып табылады. Ол туралы ақын «Шала белсенділер» деген арнайы өлең де жазды. Сонда:

Белсенді кім?

Бола ма мін,

Пайдаланған теңдіктен?

Асып жатқан,

Белшеден батқан,

Сезіне ме кемдіктен?

Көпшілігі мынау,

Істе бар ма ұнау

Тек қана аты – белсенді.

...О да – біздей адам,

Қараңғы, көбі надан, деп шала белсенділердің портретін береді.

Ақынның шала белсенділерді сынап, мінеуі де жоғарыда айтылған дінге жасаған қиянаттары, мұсылманға жасаған қорлықтары есебінен. Өздерінің надан екенін, кемдікке белшеден батқандарын айта келе:

Айтатыны – «мен – Құдай»,

Көзіңді аш жұмбай,

«Көр, міне, дер, әкеңді.

Заң жолында,

Іс қолымда,

Ұрмаймын дер әкеңді», – деп олардың өздерін Құдай санайтындарын да, заңға сүйеніп қиянаттан да қашпайтындарын паш етеді. Осы сауатсыз шала белсенділердің қолымен Кеңес үкіметі от көсеп, діттеген мақсаттарына жетті. Мұсылмандардың сенімдерін қорлап, ар-ұяттарын табанға таптады. Закон да, іс те олардың қолында. Белдесуге дәрмен жоқ болғандықтан да ақынның ашынып, оларды уытты тілмен сынап мінейді:

Күйегін асып,

Мастанып тасып,

Адамдықтың түрі жоқ.

Кейінде пәлте,

Тар шалбар келте,

Ауропа форм оларда.

Киінген кісі,

Көрініп мысы

Ит ұқсасын оларға.

ХХ ғасырдың басындағы осындай күрделі діни ахуал Сәдуақас Ғылманидің шығармаларында біршама көрініс тапқан. Дін ісіне жасалған қоқан-лоқы адамдардың санасына сіңген үрей де туғызған болатын. Себебі әр күн, күннің әр сәтін қорқыныш пен үрей билеген кездер еді. Топ бастайтын, жүректілерді қамап, қудалап, молдаларды қорлап, ишандарды қолдаған байларды тонап, ең ақыры мешіттерді ойын-сауық ордасына айналдырды. Діни кітаптар өртеліп, тапталды. Осындай зұлматты кезеңде адамның ішкі жан дүниесін үрей билейтіні сөзсіз. Осы хәл Сәдуақас Ғылмани шығармаларында да өз көрінісін тапқан. Мәселен оның «Ғажап тұрмыс» атты өлеңі ащы сарказм, иронияға құрылғандай. Өлеңнің атау «Ғажап тұрмыс» та, ал мазмұны керісінше, күйіну, тарығу, торығу. Сол тұстағы бас көтерер мен деген ерлердің басын жалмайтын сталиндік репресия күтіп тұрған болатын. Міне осындай сәттегі адамның күйін ақын өлеңінде былай берген:

Қайда кеткен жүректілік?

Қорқақтық билеп бойды да,

Не болмаса өте ойды да.

Не болмаса өте ергіш,

Жетекшіл түйе болды ма?

Жетекшіден бас бұрмас,

Биттей бөлініп іс қылмас,

Өлген жандай ерік жоқ,

Жуушының қолында.

Қазақтың бойынан қайрат кетіп, бұрынғы ерлігі жоқ жетекшіл жуас күйге түскенін суреттейді. Тарихи шындық осы. Қайрат кетіп, қажыған, өз сенімінен айрылған сол кездегі қазақтың басынан кешіргені осы күй болатын. Сәдуақас Ғылмани өлеңдерінің мұң мен назға толы болатыны да осы себепті. Ақынның Аллаға «мүнәжат» қылып, зар айтатыны да сондықтан.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?