Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Густав картасындағы қазақ жері

2209
Густав картасындағы қазақ жері - e-history.kz

Соңғы жылдары, әсіресе пандемиялық ахуал кезінде шетелдік, соның ішінде еуропалық ғылыми-зерттеу орталықтары мен танымал университеттер архивінде және дәстүрлі музей-кітапхана мекемелері қорында сақталған азиялық мұраларды жеке википедиясы (Johan Gustaf Renats kartor) немесе энциклопедиялық (Renat map) тегін мәліметтері арқылы көпшілікке ұсынуда. Соның бірі – швед офицері һәм картограф Йохан Густаф Ренат (1682-1744) жасаған карталар. Бұл сызбаларда қазіргі қазақ даласының шығыс бөлігі қағаз бетіне түсіріліпті.

Осы орайда Й.Г.Ренат кім дегенге тоқ­талсақ, академик – жазушы Сәбит Мұ­қановтың 2005 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Халық мұрасы» атты еңбе­гінің 238-бетінде: «Швед офицері Йохан Густав Ренат 1709 жылы Полтава соғысында Ресейде тұтқынға түсіп, То­былға жер аударылады. Бухгольц экспедициясы құрамында Ертіс бойын өрлеп келіп, Ямышев көлінде ойрат шерігі мен орыс солдаттарының қақтығысы кезінде жоңғарлар қолына түседі. Сөйтіп, ойрат шерігіне темір қорытып, зеңбірек құюды, оқ-дәрі жасауды үйретеді. «Ақтабан шұ­бырынды» кезінде ойраттар осы от қаруды қазақтарға қарсы қолданды», дейді.

Сәбең дерегін әрі қарай індетер болсақ, бұл уақытта қазақ қайраткері Телжан Шо­нанов айтқандай, ресейлік ақ патша қазақ жеріне жерік болып, аңсары ауып, сілекейі шұбырып тұрған кез. Осы орайда, қазақ даласын барлау үшін экспедиция аттандыру жайлы 1714 жылы І Петр патшаның атына Сібір губернаторы Матвей Гагариннен хат келіп түседі. Онда қазақ даласын барлау, игеруді Ертіс дариясы арқылы іске асыруға болатыны айтылған. Осы хатқа І Петр патша: «Ертісті өрлей жүзетін экспедиция жасақталсын, Ямышев көлі жанынан бекініс салынсын!», деп қол қояды. Аталмыш тапсырманы орындау үшін ресейлік үкімет Бухгольц экспедициясын жасақтайды. 1714 жылы маусымда жолға шық­қан 4 мың адамдық экспедиция Ер­тісті бойлай жүзіп, қазақ даласына ден­деп енген соң, Ямышевск (қазіргі Павло­дар облысы Аққулы ауданы жерінде) бекінісін салды.

Одан әрі жылжуға Жоңғар шеріктері қарсылық көрсетіп, ерік бермейді. Ойрат билеушісі Цевен Рабдан өзінің немере інісі Церен Дондукты жасағымен жіберіп, орыстарды бекіністен қуып тастайды. Осы қақтығыс кезінде швед артиллериясының сержанты, еврей тұқымдас Йохан Густав Ренат ойраттар қолына түседі.

Атақты жырау Қожаберген: «Жоңғар­лар қорғасыннан оқ боратқанда, найза ұстап, садақ асып қарсы шықтық...» дегеніндей, Ренаттың тікелей басқаруымен ойрат же­рінде артиллериялық, қару-жарақ, кен өндіріс зауыты орнап, қазақтармен соғыста Жоңғар хандығының әскери қуаты артты. Ойрат ордасына барып Ренатпен кездескен Ресей елшісі Л.Угрюмов өзінің құпия баянхатында: «Швед офицері Ринат 1729 жылы ойраттарға 4 фунттық 15 зеңбірек, кіші калибрлі 5 зеңбірек, 10 фунттық қыс­қа стволды 20 жаңа зеңбірек жасап беріп, оларға қалай қолдануды үйретті», депті.

Осы бір еңбегі үшін Ренатқа 1734 жылы Қалдан Серен хан басына бостандық сый­лайды. 1734 жылы швед барлаушысы Алтан, Жаманкіс, Сара есімді қалмақ күң­дерін ертіп Стокгольмдағы Ескі қала­дан үй сатып алады. Әскери қызметті 1739 жылы капитан шенімен аяқтаған.

* * *

Швед офицері Ренат тұтқында жүріп қазақ даласын және ойрат жерін картаға сызып, екі үлкен құжат ала шығады. Бұл карта кейін Еуропа үшін өте құнды бұйым саналады. Себебі аталмыш картада 732 өзен-көл, тағы басқа маңызды елді мекен атаулары сызылған. Й.Р.Густав – Шығыс Қазақ­стан және Жоңғария картасын тәп­тіштеп жасаған алғашқы еуропалық.

Ренат жасаған карта көпке дейін беймәлім болып келді. Корольдік кітап­ханада жұмыс жасаған Ю.Стриндберг 1878 жылы осы карталардың көшірмесін тауып алып, Я.Грота арқылы ИРГО-ға жібереді. Оны 1881 жылы А.Макшеев жариялайды. Оншақты жылдан кейін карталардың түпнұсқасы Упсала университетінен табылады. Дәл қазір де осында сақтаулы тұр.

Ал мұнда біз ұсынып отырған үлкен сызбада (1-карта) Балқаш көлінің батыс аумағы және Сарысу, Іле өзендерінің аңғары, Ертіс дариясы толығымен һәм Алакөл ойпаты түсірілген. Мұндағы жер-су атау­лары жайлы орыс зертеушілері В.Б.Бо­родаев пен А.В.Контевтың «Швед­ксий артиллерист Й.Г.Ренат и его ойрат­ские кар­ты» атты еңбегінен оқып, таны­суға болады.

Екінші сызбада (2-карта) Ертіс дария­сының қос аңғары толық бейнеленген екен. Яғни дарияға екі жақтан құйып жатқан өзен-сулар атауын сандық ретпен белгілегені байқалады. Маман картографтар мәліметіне жүгінсек, Ертістің оң қапталына емініп жатқан Күршім, Нарын, Бұқтырма, Үлбі, Қалғұты өзендері картада анық орналасса, бұлардың сандық атауы: Қалғұты (197), Бұқтырма (198), Кеңгір (199), Үлбі (200), Қалжыр (200) ретімен беріліпті. Оның сыртында, Қалба тау жоталары мен осы өңірде Ертістің сағасын жанай өтетін Қызылсу – Шар және Шаған өзенінің Ащысу саласын көруге болады.

2021_10_07_kar2.jpg

Көптеген зерттеуші екінші картада бейнеленген қаптаған кіші өзендерді таппай әуре. Бұған бірінші себеп, қазіргі Күршім, Марқакөл, Үлкен Нарын аудандары жерінде Кеңес кезінде ауыл ша­руашылық мақсатында тұрғызылған су қоймалары кіші өзендерді бөгеп тастаса, 1953 жылы салынған Бұқтырма су электр стансасының кесірінен Ертіс дариясы тұншығып, суы еріксіз ойпатты аңғарларға жайылғандықтан кіші өзендер арнасы кеңейген Зайсан көлінің астында қалып қойды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

www.egemen.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?