Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақтоғай ауданында Әлихан Бөкейхан бюсті ашылды

2739
Ақтоғай ауданында Әлихан Бөкейхан бюсті ашылды - e-history.kz

Ежелгі аңыздарда Феникс деген құстың қанаты күйіп қалып, күлден қайыра түлеп- тірілетіндігі туралы әпсана айтылады. Маған Алаш қайраткерлері де қазақ халқының азаттығы жолында жанып кеткен сол Феникс құс секілді елестейді. Ақсораң тауының бауырында ұлт азаттық қозғалысының көшбасында тұрып, Алашорда үкіметінің негізін салып, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күресіп, басын бәйгеге тіккен, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ рухы Феникс құс секілді қайыра түлеп, Алаш аспанына қалықтап ұшып шыққандай көрінді. Және бір кереметі тап сол сәтте қоңыр күздің салқыны да күрт сынып, жылып сала берген.

Өзге халықтарды ұлтсыздандыруға бағытталған кеңестік сұрқия саясат, тарихты қанша бұрмалап, санамыздан қанша өшіруге тырысса да, халықтың жады керемет. Өз арыстары мен алыптарын еш ұмытпайды. Тәуелсіздік алғалы бергі 30 жылғы аралықта біз оған талай куә болып, көз жеткізіп келеміз. Алаш қозғалысы мен Алашорда тақырыбында мыңдаған ғылыми еңбектер жарық көрді. Сол еңбектердің дені Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханды тануға арналған. 

25 қыркүйек күні Әлекеңнің туған жері Шабанбай би ауылында тағы бір ескерткіш-бюст ашылды. Бұған дейін Ақтоғай ауданының орталығында Әлихан Бөкейхан есімімен аталатын мектеп алдында Әлекеңнің тамаша мүсіні орын тепкен болатын. Жалпы, Қазақстан бойынша Алаштың үш арысы Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбайға арналып, тұңғыш ескерткіш-манумент те Ақтоғай топырағында бой көтерген.

Әлекеңнің екінші ескерткіш-бюсттін Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылының 1973 жылы туған мектеп түлектері өз қаражаттарына орнатқан екен. (Бюст авторы - белгілі суретші, мүсінші Бейбіт Мұстафин).

Ақтоғай


Шынын айту керек, үлкен қаражатты қажет етететін мұндай үлкен іске қалталы деген азаматтардың өзі бара қоймайтыны белгілі.  Жалпы, Шабанбай би ауылы ынтымақты ту еткен, телі-тентектен ада, адамдары қонақжай, кең қолтық, жаратылыстары бөлек ауыл. 

Ана бір жылы еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдығы қарсаңында да ел аралап шыққан ұжымын Жалғасбай Шамбеков есімді азамат ақ пейіл, ақ дастарханын жайып қарсы алып, ат мінгізіп жіберген мәртігін білеміз. Белгілі кәсіпкер Азамат Төребеков те жыл сайын ауылдың үлкендеріне құрметтің жол - жоралғысын жасап, алғыс арқалап жүр.

12

Шабанбай би ауылындағы Ұлт көсеміне арналған ескерткіш-мүсіннің ресми ашылуына Нұр - Сұлтан, Қарағанды, Балқаш қалаларынан есімдері елімізге танымал бір топ ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен  ауыл тұрғындары қатысты.
Аруаққа бағыштап, ауыл имамы Айдаржан Балтабайұлы хатым құран түсірді.

Белгілі айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов арнау айтып, елімізге белгілі әлихантанушылар Тұрсын Жұртбай, Сұлтан-Хан Аққұлы, Парламент мәжілісінің депутаты, ақын Қазбек Иса және аудан ауданы әкімі Салтанат Әбеуовалар ескерткіш-мүсіннің лентасын қиды. 

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің: «Туған жерге туыңды тік» дегендей ауыл азаматтарының Алашорда көсемінің ескерткіш бюстін туған жеріне, өздері оқыған мектебіне  орнатуы тағылымы мол, ұрпаққа үлгі боларлық үлкен еңбек» деп ауыл азаматтарының игілікті ісіне ырзашылығын білдірген құттықтау хатын оқып берді.  

 Ерлан Құсайын

Бекзат Алтынбеков облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешевтің құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ салтанатты шара барысында ҚР Президентінің көмекшісі Е.Қариннің, ҚарУ-дің ректоры Н.Дулатбеков мырзалардың да құттықтау хаттары оқылып, аты аңызға айналған «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің өнерпаздары жергілікті әнші-сазгерлер А.Жұмаш, Д.Әркеновтердің туған жерге арнаған әндерін шырқап, мәртебелі меймандар мен жергілікті жамағатты бір желпіндіріп тастады.
Одан әрі ауылдық клуб үйінде Алаш көсемінің 155, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырлған "Әлихан Бөкейхан және қазіргі Қазақстан" атты ғылыми конференция өтті.


23

Мазұмұны зор, тағылымы мол конференцияны Қарағанды индустриялық университетінің аға оқытушысы, философия ғылымының докторы Жәния Қапашева жүргізді.

Конференция шеңберінде ҚР мәдениет қайраткері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Қ.Садуақасов, жазушы, белгілі алаштанушы Т.Жұртбай,  филология ғылымдарының докторы, академик Ж. Смағұлов, облыстық мәслихат депутаты, «Білім меценаты» Б.Алтынбеков, «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Қ.Ахметов, Азаттық радиосының тілшісі Асылхан Мамаш, Еуразия университетінің жас ғалымдары С.Жұмағұлов, Қ.Кемеңгер (Алашорда үкіметін құруға зор үлес қосқан белгілі қайраткер Көшке Кеменгердің ұрпағы)  Әлекеңнің тұлғалық сипатын, қайраткерлік қырын жан-жақты ашып, баяндама жасап, сөз сөйледі.


Бекзат


Конференция барысында «Әлихан – Алаш Ақсораңы» жинағының тұсауын ғалым Жандос Қожахметов пен Әлихан Қабылсаятұлы кесті. Онда ғалымдар мен алаштанушылардың мақалалары топтастырылған.


B


Іс-шара қонақтарының қатарында Парламент Мәжілісінің бөлім меңгерушісі Марат Әділбаев, белгілі қоғам белсендісі Майра Әбдірахманова, белгілі ғалым Азат Бабашев, ақын Бақытжан Әрінов пен Ақтоғайдың тағы бір аяулы перзенті - аудармашы Ернат Қашқыновтардың болуы шараның мән-маңызын артыра түскендей болды.


А


Сұлтан-Хан Аққұлы  мен «Ақжол» партиясы Қарағанды филиалының жетекшісі Ермек Әбілдин ҚР Мәдениет қайраткері Қ.Сәдуақасовты, Шабанбай би ауылы мектебінің 1973 жылы туған түлегі Б.Сатыбалдинді, Бөкейхановтар әулетінің ұрпағы, аудандық жануарлар әлемі және орман шаруашылы мекемесінің бастығы Қ.Ғалихановты, Е.Бегетаевты,    аудан әкімі С.Әбеуованы, аудан әкімінің орынбасары А.Аманжоловтарды "Алаш қозғалысының 100 жылдығы" төсбелгісімен марапаттады.
Өз кезегінде аудан әкімі С.Әбеуова азаматтық танытып, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға ескерткіш бюст қоюға үлестерін қосқан ауылдың 1973 жылы туған мектеп түлектеріне Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар тапсырды. Мектеп оқушылары Әлихан Бөкейханның қанатты сөздерін жатқа айтып, бейне сұрақтарға жауап берді. Шара ұйымдастырушылар алыстан арнайы ат арытып келген қонақтар мен ауыл тұрғындарына арнайы ас беріп, сый-сияпаттар жасады.

Ұлт көсемін ұлықтауға арналған шара Шабанбай би ауылының ақсақалы Жұмағали Ахметов пен Ақтоғайдың және бір абызы Қайырбек Садуақасовтардың берген ақ баталарымен қортындыланды.

Осылайша біз жанымызды рухани байытып, бірлігі бекем Шабанбай би ауылында елім дейтін ұл-қыз барына куә болдық. Алыс-жақыннан келген қонақтар «шабанбайлықтар болашақта Әлекең мүсінінің қатарын Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбай сынды арыстарымыздың ескерткіш-бюсттерімен толықтырады» деген сеніммен тарқасты.

​Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ
saryarqanews.kz




Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?