Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттық ойындар – халықтың рухани қазынасы

10021
Ұлттық ойындар – халықтың рухани қазынасы - e-history.kz

Ұлттық ойындары ұғымы – әр халықтың төл дүниетанымынан, жағырапиялық жағдайларға бейімделуінен, ел мен жерді сыртқы жаудан қорғау дайындығынан негізгі ақпар береді. Бағзыдан бері сайын дала төсінде мекендеген сан алуан тайпалар мен мемлекеттердің бүгінгі мұрагері қазақ халқының күнделікті өмір салтында ойын әрекеттерінің орны қашанда ерекше болған. Ұлттық ойындар қазақ халқының өмірінде үлкен маңызымен қатар алуан түрге ие болуында. Ең қызығы кішкентай балалардан ересек адамдарға дейін қатысып ойнайтын сан алуан ойын түрлері бар. Қазақтың ұлттық ойындары жалпы сипатына ең негізгі бес түрге бөлінеді. Бір ескерер дүние, бұл бес ойын түрі түркі тектес халықтардың барлығына ортақ десек те болады. Соның бірі тоғызқұмалақ ойыны.

«Тоғызқұмалақ» – ең ежелгі ойындардың бірі. Ертеде өмір сүрген малшылардың отаулар мен екі қазанды үлкен ойықтары тоғызқұмалақтың осыдан төрт мың жыл бұрын жасалғандығын ғалымдар нақты дәлелдеп отыр. «Тоғызқұмалақты» қойшылар ойыны дейтіні – таңнан кешке дейін табиғат аясында қой баққан қойшылар уақыт өткізу үшін шұңқыр қазып, оған қойдың кептірілген 162 құмалағын салып ойнайтын болған. Әрине, «Тоғызқұмалақ» – зияткерлік ойын. Сондықтан шығар бұл ойынды қазақтың небір көрнекті тұлғалары құмарта ойнаған. Олардың қатарында Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Қалибек Қуаншыбаевтар бар. Кеңес үкіметі жылдары «Тоғызқұмалақты» ұрпаққа аса қажетті құндылық деп дәлелдеп, Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетіне ашық хат жолдап қорғап қалған қазақ өнерінің майталмандары Кәукен Кенжетаев пен Рашид Абдуллиндер еді. 1906 жылы Ресейдің этнограф ғалымы Н.Пантусов Қазан қаласында «Тоғызқұмалақ» туралы алғаш мақала жариялады. Ал «Тоғызқұмалақ» ойыны туралы 1936 жылы тұңғыш кітап жазған – қазақтың әйгілі лингвист ғалымы Сәрсен Аманжолов еді.

«Тоғызқұмалақ» - қазақ халқының баға жетпес рухани қазынасы. Бұл ойынының тарихы тым ілкіде жатыр. Қазіргі күні «Тоғызқұмалақ» әлемнің көптеген мемлекеттеріне кеңінен танымал. Атап айтқанда, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Германия, Испания, Түркия, Чехия, Ресей, Украина, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Колумбия елдерінде сан мыңдаған адам «Тоғызқұмалақ» ойнауда. «Тоғызқұмалақ» ойыны НЗМ (Назарбаев Зияткерлік Мектебі) бағдарламасында бар екендігі, сондай-ақ осыған байланысты интернеттік бағдарламалар жасалғандығын да айта кетсек болады. Ұлттық ойындардың қалыптасуына қандай да бір жағдай түрткі болды деуге бола ма? Сенімді түрде солай деп айтуға әбден болады. Кең сахараны мекен еткен еркін халық күнделікті тұрмыс-тіршілігінде ойын-сауыққа ерекше мән беріп отырған. Және үлкен-кіші ойнайтын әрбір ойынның шығу негізінде ұлттың дүниетанымы мен тарихы жатыр. Себепсіз ештеңе де пайда болмайтыны секілді қазақтың әрбір ойынның шығу тегінде өмірлік қажеттіліктер мен сұраныстар жатыр. Адамзат баласы ойын элементтері арқылы өмірде кездесетін қауіп-қатерден сақтануға, ақыл-айлалы болуға осы ойындар арқылы машықтанып отырған. Тоғызқұмалақ ойнынан өзге, қазақтардың қыстың ұзақ кештеріндегі сүйікті ермегінің бір дойбы ойыны болған. Әлем тарихында тым ілкі дәуірлерде пайда болған осы дойбы ойыны қазақ даласына да ертеректе келгені анық. Енді дойбы туралы мәліметтерге назар аударсақ. Дойбы ең алғаш Мысыр жерінде 3500 жыл бұрын пайда болған деген болжам бар. Қазіргі заманғы зерттеушілер дойбының таралу тарихы мен жолдарын әлі күнге дейін толық дәлелдеп, ғасырлар қойнауында жасырын жатқын сырды әлі де толыққанды талдап бере алған жоқ. Зерттеулерге қарағанда кәдімгі дойбы ойыны орта Азияға Х ғасырларда жеткен көрінеді. Ал, қазақ даласына дойбы XYIII ғасырда сауда жолдары арқылы келген, қазақтың батыс аймақтарында «шатраш», ал басқа аймақтарда «дойбы» деп аталған деген деректер жиі ұшырасады. Енді «Шөген» ойынының қысқаша тарихына тоқтала кетсек. Ол туралы бізге жеткен тарихи мәліметтер не дейді екен? Жылқыны алғаш қолға үйретіп, оны мініс көлігі мен азығы, сондай-ақ сусыны ретінде пайдаланушылар – қазақ жерінде өмір сүрген ежелгі тайпалар екенін ғалым В.Зайберт «Ботай мәдениеті» арқылы дәлелдеген болатын.


ABT_0860.jpg


Бағзы бабаларымыз жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, сауып сусынға, жаратып бәйгеге қосқан. Азаматтарымыз ат үстінде «Көкпар» тартып, аударыспақ ойнаған. Сонымен бірге ат үстінде «Шөген» ойынын ойнаған. Шөген – түркі тектес тайпа-ұлыстарда, соның ішінде қазақтарда ежелгі замандарда кең тараған спорттық ойын. Ойнаушыдан аса шеберлік пен ептілікті қажет ететін бұл сайыс түрі күні кешеге дейін қазақ халқында ұлттық ойын ретінде қолданылып келген. Өкінішке қарай, бұл ойын түрі қазір түркі дүниесі елдерінде де, қазақ халқының да кейінгі ұрпақтарының есінде мүлде ұмыт болды. Мұның басты себебін, қазақтар мен өзге түркі халықтарының ұзақ уақыт бойы бодандықта болуымен түсіндіруге болады.

«Шөген» ойынын еске түсіретін ат спорт түрі бұл күндері Еуропадан кездеседі. Ағылшын ақсүйектерінің сүйікті әрі машықты спорт ойынынның бірі – «Поло» ойыны. Поло ойыны бүгінгі қазақтарға тек теледидар арқылы ғана жақсы таныс. Яғни, ат үстінде доп таяқпен доп қуалап ойнайтын бұл ойынды «ат хоккейі» деуге де болады. Бұл «ат хоккейді» біздің ата-бабаларымыз да сүйіп ойнаған. Оған көне түркі мұралары, атап айтқанда Махмұд Қашқаридің, Жүсіп Баласағұнның еңбектері куә болады. X-XI ғасырлардағы түркі халықтарының ежелгі мұраларында «Шөген» ойыны туралы нақты деректер бар. Жүсіп Баласағұни өзінің «Құтты білік» дастанында «Елшілер қандай болу керектігі туралы баяндалатын» тарауында осы шөгенді айтып өтеді. Елші тілге шебер, шешен, әдепті, зерелі алғыр болуы керек, әрі шахматты, шөгенді жақсы ойнауы тиіс дейді. Сонымен қатар, Махмұд Қашқаридің «Түркі сөздігі» кітабында шөгенді ат үстінен арнайы имек таяқпен доп қуалап ойнайтын спорт түрі деп атап өтеді. Осы Орта Азия мен қазақ жерінде кеңінен ойнаған «Шөген» яғни «Атты поло» ойыны соңғы жылдары көршілес Өзбекстан елінде жақсы жолға қойылып келеді. Поло ойынының түп бесігі – түркілер екендігі даусыз. «Шөген» ойыны Тұранда туып-өскен Ұлы Моғолдар империясының патшасы Бабыр Үндістанға апарған. Кейін Үндістанды жаулап алған ағылшындардың «шөгенді» Англияға таратып ойнай бастаған. «Ат полосы» немесе біздің ата-бабаларымыз ойнаған «Шөген» ойыны қазіргі күні әлем халқының қызығушылығын оятып, кеңінен таралып келе жатыр. Аргентинада тіпті әйелдердің өзі осы ойынды ойнайтын көрінеді. Сонда кешегі «амазонкалардың» ұрпағы, ерлермен қатар ат құлағында ойнап жауға шапқан қазақ әйелдері де бұл ат спортымен неге шұғылданбасқа деген де ой келеді екен. 

Қазақ халқы төрт түлік малдың еті мен сүйегін, терісі мен жүнін күнделікті тұрмыс қажетіне молынан пайдаланып келген. Бұл – қазіргі тілмен айтқанда – қалдықсыз өндіріс болып саналады. Ұсақ малдың жілігінде болатын асықтар мен ірі қара малдың сақаларын етінен арылтып, бояп, қажет болса қорғасын құйып, түрлі ойындарға пайдаланған. Міне, осыдан асық ойыны пайда болған. Асық ойыны – баланы ептілік пен тапқырлыққа, батылдыққа, есептей білуге үйретудің таптырмас құралы. Бір асықтың өзі ғана қазақтың қаншама сөзін өн бойында сақтап тұр. Асыққа қатысты ырымдар мен тыйымдар, мақалдар мен мәтелдер де баршылық. Бұлардың барлығы да халқымыздың асық ойнына деген ынта ықыласының белгісі.

Қазақта «асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар. Ойындағысы, арманы орындалып, жолы болу, ісі өрге басу деген мағынаға саяды. Мысалы «құмар» иіргенде төртеуі бірдей түссе төрт құбыласы тең деп, төрт түлігің қатар өсер, төбедегің алдыңа түсер дейді. Әр нәрсенің өзіне сай шегі болатынын меңзеген халық даналығы «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» дейді. Расымен де, ерте заманда асық ойнап, құмарпаздыққа салынып кететін жағдайлар да болған екен. Доп демекші, қазақ халқы ежелден бері малдың жүнін былғарыға нығыздап тігіп, доп жасап, түрлі ойындар ойнауға пайдаланып келген. «Адамның басы Алланың добы» сөзі де тым ілгеріде пайда болса керек. Қазақтың көптеген ойындарын қазіргі әлемдік танымал ойындардың түпкі бастауы мен қайнар көзі ретінде де қарастыруға толық негіз бар.


33864202_994076187421247_2771230641612652544_o-1-768x512.jpg


Қазақ халқының көнеден келе жатқан ойындарының бірі – «Қағар» немесе «Кагар». Жалпы, «қағар» деген атаудың өзі «қағу» деген сөзден шыққан болса керек. Қағарды қала бері қазақтың, сондай-ақ түркілердің төл ойыны деуге толық қақымыз бар. Қағар – балаларды жылдамдыққа, ептілікке, қарсыластың күші мен ойын жоспарын аңғара білуге, кішкентай жастағыларды санауға үйрететін қозғалысты ойын. Қағар – қазақтың «бейсболы». Қағарға ұқсас ойындар көптеген халықтарда бар. Мысалы, орыстың «чижигі», ингуштің «чиж» немесе «кулі» және тағы басқалары. Америкалықтардың танымал ойыны бейсболдың да көптеген элементтері қағарға ұқсас. (Аталған ойындардың суреті, ойын элементтерінен кадрлар көрсетілсе) Қазақтың «Шүлдік» атты ойынын да қағардың бір түрі деуге болады. Енді «Қағарды» ойнау тәртібі туралы айтсақ. Қағарды ойнау үшін көбінесе жазық жер пайдаланылады. Алаңқайға диаметрі шамамен 5-8 метрлік шеңбер сызылады. Ойын ойнау үшін ағаш таяқ пен (12-15 см) өлшемдегі, жуандығы бір еліден артық таяқша керек. Таяқшаның екі ұшы аздап сүйірленіп жонылады. Ойынға екі немесе одан да көп адам қатысады. Ойынды бастайтын ойыншы немесе команда анықталады. Ойынды бастаушы анықталған соң, ойын бағыты белгіленеді. Мұнда таяқшаны лақтырған кезде ойыншының көзі күнге шағылыспауы, желге қарсы болмауы ескеріледі. Ойынды бастаушы алаңның ішінде бір қолына ұзын таяқты, екінші қолына таяқшаны ұстап тұрады да, басының деңгейінде көтеріп лақтыра беріп, ұзын таяқпен әуелете ұрады. Осы кезде ол: «Қағар!» - деп айқайлауы керек. Шеңбердің сыртында тұрған ойыншылардың мақсаты – әуеде ұшып келе жатқан таяқшаны жерге түсірмей қағып алу. Мұндай жағдайда шеңберден ұру кезегі ұстап алған жаққа беріледі. Әрі ұпайға ие болады.


b56a90b4a5eb800d0007f1a9cdcdd5fb.jpg


Мынау әлемді ойындарсыз, әсіресе спорттық ойындарсыз да елестету тіптен мүмкін емес. Атап айтқанда, қысқы спорт түрлеріне жататын шаңғы мен конькиді атауға болады. Коньки мен шаңғының түп отаны – Еуропа екенін әлем тарихы мойындап келген. Ежелгі киммерлер – алғаш сүйек конькимен сырғанаушылар, ал қазіргі Ресейдің Балтық маңында өмір сүрген тайпалар шаңғыны алғаш аяққа іліп қолданушылар ретінде айтылады. Бірақ осы жөнінде қазақ этнографтарының өз айтары бар. Қазақтың белгілі ақыны, мәдениеттанушы ғалым, Ақылбек Шаяхмет халқымыздың ұмыт қалған көптеген дүниелерін қайтадан жаңғыртуға атсалысып жүрген тұлғалардың бірі. Ғалымның айтуынша коньки – қазақ жерінде пайда болған. Бұған қандай уәж айтылмақ. Ғалымның өзіне сөз беріп көрсек. «Бұрын Британ мұражайында бұдан 2000 жыл бұрын жасалған конькидің сақталып тұрғанынан аз-мұз хабарымыз бар с еді. Ал 1948 жылы Қостанай қаласының маңайында біздің дәуірімізге дейінгі қола ғасырда жасалған 6 жұп конькидің табылғанынан, оның жылқының сирағынан жасалған мәліметті еш білмейді екенбіз. Аяққа байлайтыны да кәдімгі қайыс, ол да жылқы терісінен жасалған. Ал, тарих ғылымының кандидаты А.Хазанов мұндай конькидi жасауға жылқының тiлерсек сүйегi пайдаланған деген пiкiр айтады. ХIII ғасырда Сарыарқа даласында болған саяхатшы Гильом Рубрук «Олар аяқтарына егелген сүйектердi байлап алып, қатып қалған қардың үстiмен сырғиды да, тiптi құстар мен аңдарды қуып жетiп ұстай алады», - деп жазады. Орыстың «конь» сөзінің мағынасы «атқа қону», яғни «салт атпен жүру» дегенді білдіреді. «Коньки (қон, ки)» – атқа мінгендей «қон» және «аяғыңа ки» деп тұрған жоқ па? Конькидің Тобыл жағасында табылғаны осы деректердің бәрін де растап тұрған жоқ па?».

Расымен де алты ай қыс бойы ақ қар мен көк мұз салтанат құратын Сарырарқаның солтүстік бетінде өмір сүрген ежелгі бабаларымыз конькиді алғаш аяққа байлаушылар болып шығуы әбден мүмкін ғой? Мұны індете зерттеп, талассыз ақиқатқа айналдыру – бүгінгі күннің нақты мақсаты болуға тиіс. Шаңғы – әлемде кеңінен таралған спорттық, сейілдік құрал. Шаңғының қарда, көгалда, құмда сырғанайтын да түрлері бар. Ресей мен Скандинавия – шаңғының отаны деген де пікірлер бар. Әрине, тастағы суреттер, археологиялық қазбалар осылай дейді. Алайда, мұндай суреттер мен қазба бұйымдар қазақтар өмір сүретін өңірлерден де табылып жатса, неге шаңғының отаны Қазақстан демеске?! Оған да негіз жоқ емес. Себебі Алтайдың қар мол түсетін батыс, оңтүстік, солтүстік бетінде мекен еткен қазақтар ежелден бері қар шаңғысын пайдаланып келе жатыр. Ерте кезде адамдардың күнделікті тіршілігіне қажетті көлік құралы болған, ал қазіргі күні қысқы спорттың негізгі түрі саналатын шаңғының алғаш пайда болған отаны қазақтар қоныстанған Алтай өлкесі екені осыдан біраз жыл бұрын әйгіленді. Ғалымдар 2005 жылы Қытайдың Алтай аймағындағы шаңғы тебу бейнеленген жартас суретін зерттеп, оны біздің заманымыздан бұрынғы 10 мың жылдың алдындағы жәдігер ретінде мойындады. Осыдан кейін 2007 жылы «Алтай тауы ең байырғы қар шаңғысының мекені» деп Гиннестің рекордтар кітабына да енгізілген болатын. Осыған байланысты жазушы, этнограф Жәди Шәкенұлы Алтай өңіріндегі тері шаңғы туралы былай дейді. «Қытайға қарасты қазақтар қоныстанған Алтай аймағы – таулы, қыратты, қысы суық әрі ұзақ, қарлы аймақ болып саналады. Бұл өлкені мекендеген халық үшін бүгінгі күнге дейін шаңғы – спорт түрі ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде де жиі пайдаланатын көлік құралы болып келген. Таулы жерде көлік қатынасы қолайсыз болғандықтан қазақтар тері шаңғыны кеңінен пайдаланған. Бұл шаңғының өзегін қайың мен қарағай ағашынан жасап, сыртын жылқы сирағының терісімен қаптайды. Шаңғы орнынан қозғалып, екпін алу үшін бір таяқты ғана қолданған. Басқа қар шаңғыларына қарағанда, теріден жасалған шаңғының өзіндік ерекшелігі – өрге шыққанда тері жүніне қарсы бағытта болғандықтан, биіктен артқа қарай еш сырғып кетпейді. Таудан төмен сырғанағанда бір бағытта жығылған тері жүніне бағыттас болғандықтан, жылдамдығы басқа қар шаңғыларынан шапшаң болған». Түркі даласының жаугершілік заманы мен қатқыл табиғаты адамдарды шымыр да ширақ болуға тәрбиелеген. Ересен күшімен ел-жұртты таңдандырып, тап келген қарсыласын еңсерген кешегі Қажымұқан мен Балуан Шолақ, Иманжүсіп пен Мұстафа Өзтүріктей алып күш иелерінің әр кезеңде шығып отыруы тегіннен тегін емес. Сонымен бірге қазіргі заманға сай дамыған жекпе-жек өнерлерінде, әсіресе бокста біздің жерлестеріміздің айы оңынан туып, әлемге мойындалып келе жатыр. Әрине, бұл да бекер емес. Мұны арнайы айтып отыруымыздың себебі, өткен ғасырдың сексенінші жылдары республикалық «Білім және еңбек» (кейінгі «Зерде») журналында бір қызықты материал жарияланған болатынү

Онда Түркіменстанда тұратын бір қазақ бауырымыз «Түркі халықтарының жекпе-жегі» туралы жазады. Яғни, кеңбайтақ жерімізді қорғау үшін ғасырлар бойы ішкі-сыртқы жаулармен күрес барысында біздің ата-бабаларымыз шабуылдау мен қорғанудың алуан түрлі тәсілдерін меңгеріп, оларды ұрпақтан ұрпаққа үйретіп жеткізіп отырған. Мұның бәрін олар айналадағы табиғатқа қарап, меңгерген. Атап айтқанда жылқының тебуі, бүркіт секілді түз  құстарының тегеуріні мен қанат қағуы секілді дүниелердің барлығы осы шығыс жекпе-жегінің әліппесі болған деген ой айтады. Абылай хан заманында да қазақтар арасында ұрыс жүргізудің арнайы тәсілдерін үйрету мектебі болғандығы да айтылады. Мұның бәрі де рас қой енді. Себебі, қазақтың жан-жақтан анталаған жаулары да осал болған жоқ қой. Кешегі Алашорданың әнұранында айтылған мына сөздер де осыны  дәлелдеп тұрғандай.

Арғы атам ер түрік,
Біз қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз.!
Ат мінсек, жел болып,
Суылдап шабамыз.
«Лап!» десе от болып
Дуылдап жанамыз.


Ер түрік ежелден
Оқ тескен етіміз!
Қаймығып еш жаудан,
Қайтпаған бетіміз.
Жаусын оқ, ақсын қан,
Шықсын жан, қорқу жоқ.
Алаштың жолында,
Жан қимақ – ниетіміз.

Ұлттық ойындардың тарихы алыс жүзжылдықтар мен мыңжылдықтардың қойнауында жатқанына әрбір ойынның қалыптасуына белгілі бір жағдаяттар себеп болғанын жоғарыда атап өттік. Сонымен, бұған дейінгі әңгіменің қорытындысы – қазақ халқы ұлттық ойындарға өте бай және қазіргі әлемдік танымал спорттық ойындардың пайда болуына біздің бағзы бабаларымыздың да қосқан өз үлесі бар. Бұл – үлкен мақтаныш. Үлкен мақтаныш екендігін атай отырып, сол ойындарды бүгінгі жас ұрпақ кәдесіне жаратсақ құба-құп болар еді. Әйгілі философ Зигмунд Фрейд: «Ойын дегеніміз – бала үшін мұны ешкім үйрете алмайтын нәрсеге үйрету әдісі», - деген екен. Демек, әлемнің өзге халықтары сияқты, қазақ халқы да өзінің өскелең ұрпағын ойын арқылы алуан түрлі өмірлік бейімділіктерге баулып отырған. Осы арқылы қазақтың дене-қуаты күшті парасатты ұл-қыздары елі мен жерінің, ар-намысын қорғауға қашанда әзір болып қалыптасқан. Бабадан мирасқа жеткен осы ұлттық ойындарымызды еш ұмытпай оны заман талабына сай жаңаша синтездесек ел болашағының жарқын болары сөзсіз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?