Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Парламент сайлауынан жаңашылдық күтеміз»

1468
«Парламент сайлауынан жаңашылдық күтеміз»  - e-history.kz
Үш айдың ішінде өтетін кезекті Парламент сайлауына қатысты еліміздің ғылым қайраткерлері мен саясаттанушы мамандар портал арқылы өз ойларын ортаға салды

2016 жылдың 13 қаңтарында Қазақстанның саяси тарихында елеулі оқиға орын алып, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің үш фракциясының басшылары Мәжілістің 5 шақырылымын таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы өтініш білдірді. Мерзімінен бұрын өтетін сайлау туралы есімі елге белгілі мамандар мен сарапшылары пікірін «Қазақстан тарихы» порталы да білген еді. 

d357f77027168c8d803957645785db4c.jpg

Бүркітбай Аяған, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы:

Қазақстанның саяси тарихында елеулі оқиға болып отыр. Себебі, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің үш фракциясының басшылары парламенттің өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату және Мәжілісті тарату туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа үндеу жолдап жатыр. Парламентті таратып, оны қайта сайлау тәжірибеде бар. ҚР Конституциясы бойынша, 2 айдан кейін сайлау өтуі керек. Сайлау наурызда өтеді. Осы арада әркімнің көкейінде неліктен Парламент тарады, неге осындай шешім қабылданды деген сұрақ жүрген болар. Сондықтан, дер кезінде сайлауды өткізіп алған дұрыс. 

Дағдарыспен біз қосыла күресуіміз керек. Қазіргі дағдарыс әлемдік деңгейдегі дағдарыс. Біз, яғни, жас мемлекет Қазақстан түгіл, Қытай, АҚШ, Ресей сияқты алпауыт мемлекеттердің өздері дағдарысқа тойтарыс бере алмай отыр. Осы жағдайда біздегі маңызды мәселе саяси реформалар тәз әрі жинақы өткізіліп отыруы керек. Алдағы болатын сайлау ел үшін, халық үшін маңыздырақ. Бұл қазіргі саяси және геосаяси жағдайларды реттеп алуға үлкен шешім болады. Осы жаңа сайланатын мәжілістің арқасында жаңа бір моделді, жаңа бір заңдарды қабылдауды алға қоямыз. Ол еліміз үшін үлкен үдеріс пен жаңа леп алып келеді деген ойдамын. Сондықтан, наурыз айында жаңа Парламент, жаңа саяси серкелерді, жаңа саяси күштерді көреміз деген ойдамын. Тағы бір айтатын мәселе қазіргі Мәжілісте 107 депутат жұмыс істеп жатыр. Соның бұрынғы құрамынан 43 депутат жұмыс жасауда. Сондай-ақ, Мәжіліс құрамында ҚХА-дан өткен 9 депутат бар. Осы құрам өзгермеуі тиіс, себебі ол – конституциялық норма. 

1869b7369f74c2511d356007ed3d813a.jpg

Қазыбек Иса, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газетінің президенті:

Мәжіліс сайлауын мерзімінен бұрын өткізу уақыт талабынан туып отыр. Қазіргі құрам өз міндетін орындап бітті. Елбасы белгілеген Ұлт жоспарына – 5 институционалды реформаға байланысты тиісті заңдарды қабылдады. Енді сол жаңа саяси-экономикалық талаптарды іске асыру үшін жаңа күш – жаңа құрам керек. Әр шақырылымның 5 жылда жүріп өтетін өз шақырымы болады. Бесінші шақырылым өз шақырымын 4 жылда жүріп бітті. Бізге Жаңа жол қажет. Сондықтан да, Мәжіліс депутаттары өздерін таратуды сұрап, Президентке Үндеу жасады. Ендігі сөз – Елбасыда. 

650117ad9aae1968fcae8d7957b3b587.jpg

Марат Бәшімов, «Еуропа құқығы және адамзат құқығы институты» қоғамдық бірлестігінің директоры, профессор, заң ғылымдарының докторы: 

Депутаттар осыдан бір-екі күн бұрын мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы үндеу жариялады. Заң тұрғысынан алсақ, біздің Конститутцияда мұндай норма бар. Конституциялық кеңестің төрағасы ата-заңға сай екенін анықтаған соң, Мемлекет басшысы, Парламенттің қос палатасының төрағасы және Үкімет басшысы келісім береді. Өздеріңіз көрдіңіздер, Парламенттегі үш партияның өкілдері бірауыздан мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қолдады. Егер тіпті бір депутат қарсы шығатын болса, онда мерзімінен бұрын сайлау өтпейді. Бұл жерде барлығы қолдады. Сондықтан заңдық тұрғыдан барлығы да Констититуциялық нормаға сәйкес. 

Егер Елбасы депутаттардың үндеуін қолдап, келісім беретін болса, Парламентке белсенді, білімді жастарды жинауға мүмкіндік туады. Креативті, жаңа заманның ережелерін білетін, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастарымыз көп. Соларға мүмкіндік беріледі. 

fa67055897f143720be8cad77f497c9a.jpg

Сәлім Меңдібаев, «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары:

Мерзімінен бұрын сайлау өткізу – уақытында жасалған бастама. Өйткені, Елбасы жариялаған Ұлт жоспарында алға қойған мақсатты орындау тетіктері дұрыс берілген. Осы жоспарлы міндеттерді жүзеге асыру үшін жаңа күш керек. Ол жаңа күш жастардан шығады. Қазір Парламенттің құрамына қарап отырсаңыз мұнда негізінен тәжірибесі бар, халыққа еңбегі сіңген адамдар көп отыр. Бірақ көбінің жасы ұлғайған. Ал жаңа реформаларды жүзеге асыру үшін жастар керек. 

«Ақыл – жастан» деп қазақ текке айтпаған. Сондықтан Парламент мәжілісінің мерзімі күзде бітеді деп күтіп отырмай, осы бір екі айдың ішінде біз мәжілістің сайлауын өткізуге тиіспіз. Оны халық та күтіп отыр. Оның үстіне жергілікті мәслихаттардың да сайлауының уақыты жақындады. Мынандай алмағайып заманда Мәжілістің сайлауын өз мерзімінде өткізу бізге көп шығын келтіреді. Қаражатты текке шашамыз. Екі саяси науқанды алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін осындай жаңалыққа баруымыз керек. Бұл біздің партиялардың белсендігілін арттырады. Олардың ең мықтысын таңдауға мүмкіндік береді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?