Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан өзінің Скопус журналын шығаруы керек пе?

1974
Қазақстан өзінің Скопус журналын шығаруы керек пе? - e-history.kz

Сурет: https://fsn.enu.kz/post/uvazhaemyj-zhabajhan-mubarakovich!-ot-vsej-dushi-pozdravlyaem-vas-s-89-letiem!

Scopus – бүгінгі таңда әлемдегі ең ауқымды ғылымометриялық деректер базасының бірі. Бұл базаны 2004 жылы «Elsevier» компаниясы құрған, ол өз қызметін әлемдегі ғылыми әдебиеттермен толықтыра отырып, бүгінгі таңда аса үлкен әлемдік ғылыми базаға айналды. База техникалық, жаратылыстану, гуманитарлық және т.б. ғылым салаларын қамтитын 24600-ден астам журналды қамтитын дәйексөздер мен зерттеулердің бірегей көзі. Бұл бір жағынан бүкіл әлемнің ғылымын біріктіреді де, ортақ адамзаттық ғылыми қор жасайды. Алайда біздің елімізде бұл базаға қатысты жағымсыз әсерлер де жеткілікті көрінеді.

15 қыркүйек күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Жабайхан Әбділдин Скопус базасына және Қазақстандағы қазіргі ғылымның халі туралы пікір білдірді.

 

Скопус базасына енген журналдарға мақала жариялаудың қазақстандық ғалымдар үшін екі түрлі жағымсыз жағын өзге де ғылым жолындағы мамандар айтып жүр. Оның біріншісі, әсіресе Қазақстанның тарихы мен әдебиетіне қатысты және т.б. гуманитарлық салаға қатысты мақалаларды жариялау қиынның қиыны болса керек, себебі шағын ғана елдің өзіндің мәдениетіне қатысты мақалалар әлемдік үлкен ауқымды қызықтыра қоймайды. Екінші жағынан, біз ел ішіне қатысты қаншама ақпараттар мен ғылыми жаңалықтарды оп-оңай шетелге бере салған болатындаймыз. Осы қиындықтар бүгінгі таңда жас ғалымдардың ғылыми атақ алуына үлкен кедергісін келтіріп отыр. Профессор Ж.Әбділдин осы мәселелер мен біздегі ғылымның жайы, қаржыландыру мәселелері төңірегінде тоқталған болатын.

 

– Қазақстан тәуелсіздік алған қуанышы атқан таңмен, шыққан күнмен ғана салыстыруға болатын жаңалық еді. Бірақ кемшіліктер де көп болды. Совет үкіметі кезінде Қазақстанның ғылым академиясы Ресей мен Украиндағы академиядан кейінгі үшінші орында тұрған болатын. кейін тәуелсіздік алғаннан соң ғылымға көңіл бөлу өте қатты төмендеп кетті. Біздегі қазіргі ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 0,5 пайызына да жетпейді. Сондықтан да ғалымдарға, әсіресе жас ғалымдарға ғылым арқылы отбасын, өзін асырау қиынға соқты. Оның сыртында аты бар, заты белгісіз қоқыс академиялар қаптап кетті. Халықтың өзі шатасып қалды. Сөйтіп жаңа ғана шығып келе жатқан келешегі бар жас жігіттердің бірі бизнеске кетті, бірі депутат боп, бірі үкімет органдарына кетіп көбінен айырылып қалдық. Көп ғалымдар Қазақстаннан шетке кетті. Мұнымен бірге, бұрынғы президент Назарбаевтың ұсынысымен әр жылы шетелге 10 мыңға жуық жастарды оқуға жіберіп отырдық, бірақ соның бірде бірі ғылымға қайтқан жоқ. Неге қайтпады? Ғылымның абыройы өте төмен, жалақысы төмен болған соң абыройсыз. Шетелден оқып келгендердің көбі мемлекеттік органдарға қызметке кетті. Келешегі бар сондай жастардың көбі Қазақстанда ғылым арқылы көтерілем дегенді ойламайды. Ғылым іздегені көбіне шетелге кетіп, қайтып келмейді.

 

Және ғылымнан бір кеткен адам қайтадан ғылымға келе алмайды, себебі ғылым ондай оңай нәрсе емес, қазақтың өзі «инемен құдық қазғандай» деп теңеген ғой, ғылыммен үнемі шұғылдану керек адам, одан бір кеткен соң қайта айналып келіп ғалым болам деу оңай емес. Бір министр айтады, біздің университеттер Гарвордтың қатарына жетеді, біз Нобель сыйлығын аламыз деп, жарты пайызға жетпейтін ақша бөліп, қалай ондай деңгейге жетуге болады? Тек жайдақ сөз айтуға құмар. Сондықтан президент Тоқаев жолдауындағы ғылымға қолдау көрсету туралы сөзін құр сөз күйінде қалдырмай іске асыру керек.

 

Ғылымда көпшілік лаурианттардың көбі АҚШ, одан кейін Жапония, Германия секілді елдерден шығып жатыр. Ал солардың көбі АҚШ-тың өз тумасы емес, АҚШ пен Жапония ғылымға ЖІӨ-нің 5 пайызын бөледі, сондықтан әлемнің түкпір-түкпіріндегі жүрегінде оты бар, ғылымға деген ынтасы жоғары адамдар сонда барады да, сонда оқып, сонда ғылыммен айналысады. Оларға ғылыммен айналысудың барлық мүмкіндігін береді. Әлемде АҚШ-тың Гарвард, Ел, Питсбург университтерін бітірдім деген адамды әлемнің қай елі болсын қабыл алады. Оның сыртында сол елде белгілі бір ғылыми жаңалық ашылды деп, әлде бір жас өнертапқыш, не ғалым көзге түссе соны бизнесін жаңа бастап жатқан байлар солардың мақалаларын оқып, қолдап, қаржы салады. Ғылымға сенеді. Талантты адам осындай дүниені жасаймын десе соны қаржылай қолдап әкетуге бейім тұрады.

 

Біздің ЖІӨ, әрине ондай көлемді де емес, Түркия, арабтың кейбір елдері де 2 пайыз бөледі. Біз де 5 пайызға жеткізе алмасақ та, 2 пайызға жеткізсек жақсы болар еді. Шетелде оқып жүрген, қызмет істеп жүрген білім, ғылымы жоғары жастарды күшпен қайтарғаннан көрі, осындай келешек сыйласақ, қазақ қана емес, өзге де халықтың жас ғалымдары мұндағы ғылымның болашағына сенсе, қаржы көбейтілсе қуана келер еді.

 

Тағы бір айтатын нәрсе, біз балон процесіне кіреміз дедік, кірдік. Бірақ оның нағыз шын мәнін емес, сыртын ғана алғамыз. Ол дегеніміз, бакалавр, магистр, доктор деп бөлеміз. Бұндай жүйе Совет үкіметіне дейінгі Ресейде де болған, Совет үкіметі 1930 жылдары осыны өзгерткен. Қазіргі бакалавр деген не жоғары оқу емес, не төменгі оқу емес жағдайда тұр. Балон процесінің негізгі мақсаты – адамды ойлауға үйрету. Ондағы емтихан сұрақтары «Абылайдың тісі қандай?» деген секілді сұрақтар емес, ондағы сұрақтар тек ойлану арқылы жауап беретін сұрақтар. Бұл адамды ойлануға машықтандырады.

 

Қазіргі тағы бір айтылып жүрген мәселе мектепті 12 жыл қылу мәселесі. Бірақ менің ойымша, мектепті 12, тіпті 14 жыл қылсаң да мектептің аты мектеп, мектеп баласына мұғалім кітаптағыны түсіндіріп береді де, соны ертесі қайта сұрап алады, ал институтта студент өзі ізденеді, өзі оқиды. Бұнда шығармашылық процес басталады, студенттің психологиясы соған бейімделеді.

 

Тағы бір қате ұғым – философияны гуманитарлық ғылымға жатқызып жүр, бұл қате. Себебі философия ақылмен айналысады, ойлауға үйретеді. Ал ойлау, зерделеу – барлық ғылымға бірдей, математик, физик бол, журналист бол, заңгер бол, сенің ақылың болуы керек, сен ойлай білуің керек. Біз философияда оқығанда екі курс математиканы, физиканы өттік. Қазір философияға көрінген түседі.

 

Қазіргі кезде докторант, не магистрант болу үшін шетелде мақала шығаруды шарт етіп қойды. Шетелде мақала шығарудың жайы былай, шетелде кейбір қоқыс журналдар бар. Ол журналдарды кезінде өзімізден кеткен орыстар, еврейлер, қазақтар ашып, не сонда журналдардың адамдарымен таныс болып алған делдалдар бар. Содан кейін олар мың доллар берсең сенің мақалаңды басам дейді, оған біздегі ешқандай жаңалығы жоқ қоқыс мақалалар сөйтіп ақша арқылы басыла салады. Сөйтіп біз жұртқа күлкі боп жүрміз, бір елде мұндай нәрсе жоқ. Мысалы, бұрындары жоспарлы тақырып деген болған, 3-5 жыл кақытпен, сол жоспарлы тақырыпты өзіміздің ғалымдар ғана қарайды, олар тақырыпқа қанық, білгір болды да, кез-келген ұрлықты тап басып отырды. Қазір көрінген доктор болатын болды. Магистрантқа да сондай мақала жазу тапсырылған, ол қалай жазады? Осыдан барып плагиат, жалғандық өршиді.

 

Физика, математика секілді мамандықтар бір жаңалық туралы 2-3 бет қана мақала жазса да жеткілікті. Ал гуманитарлық ғылымда 20-30 бетке дейін жазылу керек. Ал осы шетелде шыққан бір неше мақала үшін сол адамды керемет ғалым деп айтуға бола ма? Гуманитарлық ғылымда монография болуы керек. Егер Толстой «Соғыс және бейбітшілікті» шағын бір мақаламен жаза салса ол Толстой болар ма еді? Мұхтар Әуезов «Абай жолын» 16-17 беттік мақаламен айтып шықса ол жазушы болар ма еді? Маркс «Капиталға» дейін талай мақала жазған, бірақ «Капиталды» жазбаса Маркс болар ма еді? Осы секілді нәрселерді түсінбей, көбі бүлдіріп жүр. Университеттердің ретингінде монографияны есептемейді, оның орнына жаңағы қоқыс журналға шыққан өтірік мақала есеп боп кетіп жатыр. Әрине, әлемде керемет журналдар бар, АҚШ-та, Еуропада, Ресейде де сондай үздік журналдар бар, оларға көрінген адам мақаласын баса алмайды. Оның орнына, Индияда, Түркияда өтірік журналдар шығарып алып жұртты ақымақ етіп жүр.

 

Біздегі мәселе, әлемдегі белгілі үлкен журналдарға мақала шығарса – ол өте жақсы. Скопустың орнына өзіміздің журналдардың ішінен қарап, саралап бір нешеуін алып шығуымыз керек. Ол журналдың редакторлары жоғары деңгейлі білікті ғалым болуы және өте әділ болуы тиіс. Ұрлаған, жалған дүниелерді басып, жемқорлыққа ұрынса жазалануы керек. Ондай журналдарға арнайы қаржы бөліп, мәртебесін көтеріп, сондай деңгейге жеткізу керек, сонда ғана біз өз ғылымымызға өзіміз ие боламыз. Сонда ғана ғылым жүйеге түседі. Журналдың басында тек атақ-дәрежелі адамдар емес, нақты білікті мамандар болуы керек. Америка секілді елдер ғалым болу үшін шетелден мақала шығар деп шарт қоймайды ғой, біз де шетелде емес, өзімізде сол шартқа толатын журнал ашып, соның мәртебесін скопусқа жеткізу керек. Шынайы, әділетті сын болу керек. Совет кезінде ондай сындар көп болатын, қазір тек мақтау ғана қалыпты, – дейді ғалым.

 

Сөз соңында Совет үкіметі тұсындағы Ғылым академиясының қызметі мен қазіргі жағдайы туралы сұраққа былай деді:

 

– Совет үкіметінің уақытында да кемшілік болды. Ол кезде Лениндік сыйлық алған аса үлкен ғалымдар шықты. Бірақ ол кездегі ғылымда теориялық жағы жақсы дамыды да, қолданылмалы ғылымдарға қаржы көп бөлінбеді. Ал, қазіргі күнде ескіні қайта тірілтуді ойлағаннан көрі, оның тек үздік жақтарын ғана алып, қазіргі таңдағы алдыңғы қатарлы елдер ғылымға қалай көңіл бөледі, қаржыны қалай бөледі, осы жағын басты назарға алу керек.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?