Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жетісу және Семей облыстарының қорғандары.1-бөлім

2472
Жетісу және Семей облыстарының қорғандары.1-бөлім - e-history.kz

Қазақ жерінде, ХХ ғасырға дейін зерттеушілер үшін құпия болып келген ескерткіштер бағзы заманнан бар. Бұл ескерткіштер көптеген ежелгі қорымдардан немесе қорғандардан, көп бөлігі өзендердің жағасында орналасқан және жер үйінділері мен жыралармен қоршалған қалашықтардан немесе ежелгі бекіністі пункттерден, негізінен Семей және Жетісу облыстарында табылған ежелгі тас қалаларының қираған іздерінен, ежелгі кен қазу іздерінен және жартастар мен өңделген тас бұйымдарындағы жазба ескерткіштерден тұрады. ХХ ғасырға дейін осы ескерткіштерді ғылыми зерттеу басталмаған да еді. Ресей империясының кезінде осы бағытта жүргізілген болар-болмас әрекеттер алдағы ұзақ және күрделі ғылыми жұмысты көрсететін алдын-ала барлау болды. Qazaqstan Tarihy порталы ХХ ғасырдың басындағы Жетісу және Семей облыстарындағы ежелгі қорғанды қабірлердің орналасқан жерлеріне негізделген материалды жариялайды.

Қорған аумағына шолуды Түркістан облысының шекарасынан бастаған өте ыңғайлы, өйткені археологтардың болжауынша осы тамаша ескерткіштерді қалдырған халықтардың Азиядан Еуропаға қонысы тап осы жерден басталған көрінеді. ХХ ғасырдың басында Түркістан өлкесіндегі қорғандар туралы мәліметтер аз болды. Осы өлкелерде болған адамдардың ауызша әңгімелері бойынша мұндай қабірлер Бұқараның оңтүстік бөлігінде, Самарқанд маңында және Әмудария жағасында кездескен. Қорғандардың болуы туралы нақтырақ ақпарат Каспий маңы аймағында болды. Мұнда олар едәуір мөлшерде Теке оазисінің (Ахалтеке, Түрікменстан), Серахс қаласына дейінгі (Иран) жерлерде табылды. Сонымен, жол қатынастары инженері Лессардың айтуынша, Баба Дурмаздан бастап, биіктігі он бес немесе одан да көп метрге дейін жететін, шеңбер немесе эллипс пішіндес, диаметрі кейде жүз метрге дейін жететін күрделі фигураны білдіретін үйінді қорғандар жиі кездесетін. Автордың айтуынша, олар Солтүстік Американың ортаңғы бөлігінде шашырай орналасқан жасанды төбелерге ұқсаған. Онда, «Новое Время» газетінің (1882 ж. 3 ақпандағы No 21) мәліметі бойынша, Огайо штатының бірінде олардың саны 10 мыңға дейін болған және жүргізілген қазба жұмыстары олардың Американың бұрынғы тұрғындарының зираттары екенін растаған.

XIX ғасырдың аяғындағы зерттеушілер Теке қорғандарының Түркістандағы қорғандармен байланысы бар деп есептеген. Айта кетерлігі, Түркістан қорғандарына келетін болсақ, ежелгі уақытта бұл жерлерді, әсіресе Сырдария бойын, шығыс сақтар жайлаған, ал Яксарт өзені (Сырдария) Александр Македонскийдің заманында Танаис (скиф тілінде Силис (Silis)) деп аталған. Осыған байланысты фламандтық картограф және тарихтағы алғашқы географиялық атластың авторы Авраам Ортелий (1527-1598) өзінің «Sinominia Geographica» (1575) атты еңбегінде былай деген: «Jaxartes Ptolomeo Sagdianae, Asiae regionis fluvius quem Arrianus et Suadas Tanaim, Távars apellant, et quem Scithae Silin vocant, testo Plinio. Orexantem eum nuncupat Plutarchus in vita Alexandri Magni, et Orxantem Arrianus, ex Aristobulo, et Ara xates Ammianus, et solis Bactris Jaxartem nominant, scribit Sabinus, Silys Scytharum lingua uterque fluvius dicitur: ille nempe qui Latinis Tanais vocatur et Europam ab Asia dividit, et Jaxartes, qui in Hyrcanum mare effunditur ayctor Plinius». Ортелийдің болжамынша, Александр Македонскийдің сарбаздары Дон мен Яксарт өзендерін бір-бірінен ажырата алмай, шатыстырып екеуін де Танаис деп атаған. Алайда, сол автор ежелгі тарихшылар Страбон мен Торнандқа сілтеме жасай отырып, ежелгі географияларда екі Дон болғанын: біреуі - (қазіргі Сырдария) шығыс деп аталды, ал Азов теңізіне құятын екіншісі батыс деп аталғанын жазады. Скиф тілінде екеуі де «Silys» деп аталды (орыс зерттеушілері, солардың ішінде В.М. Флоринский, бұл санскрит тіліндегі «sila», тас сөзінен шыққан, яғни тас таулардан ағып шығатын өзен дегенді білдіреді деп санайды). «Tanais» сөзіне келетін болсақ, ол итальян халықтарының тілінде «Tana» деп айтылды. Бұл сөздің түбірі, басқа өзендердің (Дунай, Дон, Днестр, Днепр және Двина) атауы сияқты, санскрит немесе праарий тілінен («dha», «dhayati», сауу, тамақтандыру, немесе «da», беру) шығуы да мүмкін.

Сырдарияның арғы жағында қорғандар көп мөлшерде кездесе бастады және осы жерден Жетісу және Семей облыстарына дейін үздіксіз созылып жатты. В. М. Флоринский осы облыстарда, Павлодардан Верный қаласына дейін, тек пошта трактінің бағыты бойынша ғана өз көзімен көріп, зерттегенін жазады. Верныйдан Түркістан шекарасына және Ыстықкөлге барар жолда көргендері Жетісу облысының халық училищелері инспекторы Городецкийдің жол журналына жазылды, ол бұл ақпаратты өз ауданының мектептерімен танысу кезінде жинаған. Бұл еңбек «Топографические сведения о курганах Семиреченской и Семипалатинской областей» деп аталады. Қалай болғанда да, олар болашақ зерттеушілерге аталған ескерткіштерді қайдан іздеу керектігін көрсетеді.

Семей мен Жетісу қорғандарының ерекшелігі, олардың көпшілігі бір ғана топырақтан емес, таспен қабаттасып және сирек жағдайда тек тастардан ғана салынған. XIX ғасырдың соңында археологтар қазба жұмыстарын жүргізген үлгілерге сүйенсек, бұл қорғандар келесідей салынған. Адам жерленген жердің үстіне, көбінесе ересек адамның басындай, кейде одан да үлкен жұмыр тас қабаты төселді. Бұл қабат топырақпен, бірақ басқа жерлердегідей қара топырақпен емес, айналадағы топырақпен, көбінесе саздауытпен көмілген. Қалыңдығы шамамен отыз сантиметр болатын топырақ қабатының үстіне тағы да манағы тастардың қабаты төселген, оның үстіне қайтадан топырақ қабаты төселіп, осылайша қайталана берген. Осы тәртіппен, кейде биіктігі едәуір жасанды төбелер де жасалған. Уақыт өте келе бұл жартылай тас қорғандардың сыртына шөп өскен. Дегенмен, олардың әрқайсысының бетінде тастан жасалған жабындыны оңай ажыратуға болатын.

Қорғандар көбінесе жоғарғы жағында қиық корпусқа шоғырланған, тік құламалы, ең жоғарғы жағында азды - көпті алаңы бар дөңгелек немесе сопақша пішінді болып келетін. Бұл алаңда олар үлкен тастармен толтырылған, топырақсыз, шұңғыма тәрізді бір немесе бірнеше шұңқыр кездесетін. Кейбір үлкен қорғандарда үштен алтыға дейін кейде одан да көп осындай шұңқырлар кездесетін. Әлбетте, олар қорғандармен бір уақытта салынған және бата оқыр рәсіміне арналған болуы мүмкін. Тастарды лақтырып тастап, шұңқырдың түбін қаза бастағаннан табылатын күл мен шоқ қабаты, жануар сүйектері, қыш ыдыстардың қалдықтары, кейде бүтін ыдыстың табылуы осындай ойға әкеледі. Сол кездегі зерттеушілер болашақ зерттеулер сол қорғанның жоғарғы жағындағы осы шұңқырлардың көптігін түсіндіреді деп үміттенді.

Тек тастан ғана тұрғызылған қорғандар көбінесе Жетісу облысында ғана, оның өзінде аз мөлшерде кездескен. Оларда дөңгелек пішінде, айтарлықтай көлемді (диаметрі 6-дан 30 метрге дейін), бірақ дұрыс конус түрінде емес, біршама жайдақ және аса биік емес (үш метрге дейін) тас үйіндісі түрінде болған. Бұндағы тастар әлдеқайда ірі болған. Үйіндінің ішінде де, сыртында да бұл тастар топырақпен көмілмеген. ХІХ ғасырда бұл ескерткіштерді зерттеуге талпыныс жасалды ма, жоқ па, айту қиын, бірақ, осындай үлкен үйінділердің астындағы қабірлерді ашу зор еңбекті қажет етері сөзсіз. Өз еңбегінде В.М. Флоринский былай деп жазады: «Царицын станциясында (Царицын асуының жанында, Жетісуда) Көксу өзені арқылы көпір салынып жатқан кезде, көпірдің тіректерін толтырған үлкен тастардың жақын маңдағы қорғандардың бірінен әкелінгенін кездейсоқ біліп қалдым. Жұмысты басқарып жүрген инженер, көпір үшін тастың бұрын да сол жерден алынғанын, жалпы есепппен ол жерден бірнеше жүз арба тас алынғанын айтты. Бұл жағдай маған пошта станциясы мен көпірден 200-ге жуық сажын қашықтықта орналасқан осы қорғанның астындағы топырақты зерттеуге ой тастады; бірақ сол жерді тексергеннен кейін, бұл жерде қазба жұмыстары туралы сөз болуы да мүмкін емес екенін түсіндім. Бұл өте қымбат және ұзақ еңбекті қажет етер еді».

Ол кезде тас қорғандарды зерттеу сирек кездесетін еді. Сондықтан да бұл тас конструкциялардың астында қабірлер бар екенін дәлелдеу қиын болды. Алайда, кейбір сыртқы белгілерге сүйенсек және келесі негіздерге байланысты оларды қорғандармен қатар қабір тастарына жатқызу орынды болар еді. Біріншіден, Жетісудағы қорғандар, жоғарыда көрсетілгендей, жартылай жұмыр тастардан тұрды және тас төбелерден айырмашылығы, олар топырақпен қабаттасып қалынды. Екіншіден, тас үйінділері қорғандармен бір жерде орналасты. Үшіншіден, олардың пішіні де солар сияқты дөңгелек немесе сопақ болды. Осы және басқа қорғандарды салыстырған кезде, топырақты немесе жартылай тас Жетісу қорғаны тас үйіндіден пайда болған сияқты деген ой келеді. Алайда, ол кезде бұл тек тас қабірлерді қазу және мұнда табылған заттарды қарапайым қорғандардан табылған қола түрлерімен салыстыру арқылы расталуы мүмкін ерікті болжам болды.

«Если бы наша гипотеза была верна, то могильные предметы, добытые из-под каменных куч, должны были бы представлять признаки более глубокой древности, чем соответствующие предметы из обыкновенных курганных могил. Предполагаемая глубокая древность Ceмиреченских памятников не стоит в противоречии с признаваемыми наукой фактами расселения народов, производимого многими учеными из Центральной Азии. Это усугубляет значение исследования Семиреченских курганов и особенно тех из них, которые сложены из одних камней и, может быть, принадлежат к наиболее древним»

В.М. Флоринский,

«Топографические сведения о курганах Семиреченской и Семипалатинской областей»

Жетісу мен Семей облыстарындағы қорғандар негізінен құрғақ, биік және ашық жерлерде, көбінесе өзен жағалауларында, әдетте байтақ және құнарлы жерлерде орналасқан. Бұл үшін құмды және сортаңды жазықтар, сондай-ақ тау шыңдары мен шатқалдар таңдалмады. Жетісу және Семей облыстары сияқты ормансыз облыстардағы бұл жағдай қорғандарды, әсіресе, пошта трактісі өткен соқпақтардан алыс қашықтыққа дейін көруге мүмкіндік берді.

Қорғандардың биіктігі айтарлықтай әртүрлі болды. Олардың көпшілігі өте көлемді болды, 7-10 метрге жетіп, биіктігі 70 сантиметрден асатын, ал басқалары әлдеқайда төмен - 3,5 метрден 5,5 метрге дейін болған. Әдетте олар топтала орналасатын және алыстан қарағанда қазақ киіз үйлерінің ауылдарына ұқсайтын.

Келесі бөлімдерде бұл қорғандар: үлкен (7 метрден 10 метрге дейін және 70 сантиметрден астам), орташа (3,5 метрден 5,5 метрге дейін) және кіші (3,5 метрден аз) болып үш санатқа бөлінетін болады. Сонымен қатар Qazaqstan Tarihy порталы оқырмандарын В.М. Флоринскийдің жол журналындағы жазбаларымен таныстырады.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?