Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Майдақоңыр» әніндегі Әмір-Темір кім?

4461
«Майдақоңыр» әніндегі Әмір-Темір кім? - e-history.kz

Жігіттің падишасы Әмір-Темір,

Бозбала әнге салсаң қайғың кемір.

Кешегі бес болыстың кеңесінде,

Шығарған Ақан сері Майдақоңыр.

 

Жүйрік ат, жақсы әйел ер қайрағы,

Жігіттің болып өстім боз тайлағы.

Қағаз шай, ащы насыбай – ерге қуат,

Күйіңе түсіреді қай-қайдағы.


Иә, осы бір әуезді, сырлы да мұңды әнді қалың көпшілік қазақтың ғажайып әншісі Еркін Шүкіманның орындауында тыңдап жүр. Өйткені бұл ән – Ақан сері Қорамсаұлының «Майдақоңыр» деп аталатын әйгілі әні. Бірде сағыныштың табы, бірде жұбаныштың табы қылаң беретін аталмыш әннің тарихына қатысты сөз болғанда, оның кімге арналғаны туралы даулы сұрақ әлі де көптің көкейінен кеткен емес. Себебі дәл осы әнге қатысты пікір білдірген жандардың басым бөлігі әннің Орта Азияның арыстаны, Мәуреннахрдың билеушісі атанған Әмір-Темірге(Ақсақ Темір) арналғанын алға тартады. Мәселен, филиология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтың 2018 жылы, 2 ақпанда egemen.kz сайтына жарияланған мақаласында «Жігіттің падишасы – Әмір-Темір» деп басталатын Ақан серінің «Майда қоңыр» әнін 14-15 ғасырда өмір сүрген Әмір-Темірге арналған жырлардың ішіндегі тарихи қаһарманға деген лебіз әрі шырқау бастамасы екені жазылады. Бірақ қарап тұрсаңыз, 19-20 ғасырда өмір сүрген Ақанның 14 ғасырдағы Әмір-Темірге арнап ән жазуы мүмкін бе? Ал қазақтың тарихында одан да басқа Әмір-Темір болды десек, сенер ме едіңіздер?

         Сөйтсек, Ақан сері ғұмыр кешкен заманда басқа да Әмір-Темір болған екен. Жазбамызға мұрындық болған адам – жай Әмір-Темір емес, Әмір-Темір Әужанұлы еді. Ол – Құлыке... Қаржас руынан шыққан, Мырзақұлдың ұрпағы, Шорманның немересі. 19 ғасырдың орта шенінде, дәлірек айтсақ, 1866-1895 жылдары өмір сүрген. Заманында еліне абыройлы, халқына сыйлы азамат атанған оның әйелі Сақып-Керейдің(Қозыке) қызы Бадығұл-Жамал болатын. Ал ақын һәм сазгер атанған Сақып-Керей(Қозыке) – Шоқан Уәлихановтың інісі. Оған қоса Ақан сері Қозыкемен дос болып жүргенде оның қызы Бадығұл-Жамалға ғашық болып, «Ләйлім», «Ақ тоты» әндерін де шығарған. Кейін Бадығұл-Жамал Әмір-Темірге ұзатылып кеткен соң да, Баянауылға бірнеше рет сапарлап барады. Сол кезде Бадығұл-Жамал да, Әмір-Темір де Ақанды құрметпен қарсы алып, әркез ықылас танытып отырады. Бұған риза болған Ақан сері «Жігіттің падишасы Әмір-Темір» деп басталатын «Майдақоңыр» әнін шығарған көрінеді.

         Осынау оқиғаға қатысты әңгіме де, Шорман ұрпақтарына қатысты деректер де кен инженері, экономика ғылымдарының кандидаты Серік Имантайұлы Жақсыбаевтың «Қаржас ұрпақтары» кітабында кеңірек жазылған. Біз тек сол кітапқа сүйене отырып, оқырман қауымға тарихи шындықтың бір парасын ашалап айта кетуді жөн көрдік.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?