Байғабылдың актер ретінде танымалдығы да өз алдына жеке тақырып. Оның «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырындағы Шеге мен Қарабай, сондай-ақ М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пен «Айман – Шолпан» еңбегіндегі Еспембет пен Көтібардың рольдерін сомдағаны сол кездегі ел есінде болар. Байғабылдың композитор екендігін айттық. Оның ең ерекше әндерінің бірі «Домбыра» әні. Осы ән сөзінің ең соңында айтылатын «...Тапсырам домбырамды Шолпаныма, Қадірлеп өзімдей ғып сол ұстасын» деп келетін ән мәтініндегі Шолпан Байғабылдың өз перзенті.
Шолпан Байғабылқызы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрда көп жыл бойы актриса болып қызмет етті. Кейін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанған ол «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы да ел есінде. Шолпан Байғабылқызының көп жылдар бойы Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарғанын біреу білсе, біреу біле қоймайды. Нағашы атасының қанымен дарығандығынан шығар Шолпанның өз балалары да өнерден еш кенде емес. Қызы Шынар ілгерідегі «Перекресток» сериалы арқылы да есімі көпшілікке мәлім.
Біз төмендегі «Қазақ балуандары» деген еңбекке сүйене отырып дайындалған, Мұхамеджан Дәуренбеков есімді авторға тиесілі Байғабыл Жылқыбаевқа қатысты осы жазбаны оқырманға қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.
I
Жарық дүниеге келіп, өмір кешкен әрбір адам дара тұлға, қайталанбас құбылыс. Біреулердің екінші біреуге мінез-құлқы, түр-тұлғасы ұқсар. Дегенмен, өзіндік бір ерекшелігі болмай қоймайды. Мен алғаш рет әнші Байғабыл Жылқыбайұлын көргенімде осындай қорытындыға келдім. Әншімен алғаш жүздесуім Павлодар қаласында 1959 жылдың жазында, оның руласы, әрі бажасы Құсайын Шынқожаұлы үйінде болды. Ол Нұрилә тәтей екеуі Ақсу ауданы, Құркөл ауылынан әдейі қалаға қыдырып келген беті екен. Балалар әжесінің әкелген сәлем-сауқатын құрт-ірімшік, жентіне мәз болса, біз ортамызға іздемей өзі жеткен әншіге ризамыз. Үй иесі өзі де, әнші Ақмырза тәтей де қуанышқа бөленіп, апа-жездесіне қою шәйін құйып, буын бұрқыратып, етін асып жатыр. Менің бір байқағаным Байғабыл шәйді асықпай ішіп, мол орамалмен терін сүртіп отырып, әнді баппен айтады екен. Және терлеген сайын бойы балқып, бауырын жазған жүйріктей дауысы ашылып, әнді де әуелететін көрінеді. Ол кезде әнші алпыс бестер шамасында болатын. Бірақ өз тұстастарына карағанда ширақ, қуақы, қақпақ жауырынды, қолдан құйғандай зор да тіп-тік сұлу мүсіні, сақалсыз қияқ мұрты атжақты жүзіне жарасып, оны жасаңдау көрсетер еді. Ұясы кең болмағанмен үнемі күреңітіп жүретін өткір де отты көздері кісіге қарағанда өңменіңнен өтіп кететін. Байғабыл жергілікті шеберлердің қолынан шыққан шанағы таяздау, Абай домбырасының үлгісімен жасалған үзбелі домбырасын шамаданынан алған соң ас ішіп, немесе серуенге шыққанда болмаса, үзіліс жасап, қолынан тастаған емес. Байғабылда кезінде үкімет берген ешбір награда, атақ та болған емес. Бірақ, «Аралап талай елдің дәмін таттым…» деп үкілі Ыбырай айтқандайын, ұшқыр өнерінің қанаты арқасында оны Арқа бойы, Ресейдің көршілес Омбы, Новосібір облыстары, Алтай өлкесіндегі қазақ жүрты түгел таныды. Сексенге таяғанша ел аралап, ән салуға ешбір қиыншылық, бөгет болған жоқ. «Шіркін-ай, ертерек туып қалыппыз. Болмаса «Жиырма бес өткен дәурен қайтып келсе, төрт бұрышын дүниенің былғар едім» деп Зілқара шешен айтқандай тіршілік жасар ма едік» дейтін ол әзіл-шыны аралас сәл-пәл өкінішін білдіріп. Бұл өкініш сырына біз кейінірек, онымен жақын араласа жүре қанық болдық.
Байғабылдың ата-бабасы ертеден Семей мен Павлодар шекарасындағы Ақирек-Аршалы атты таулы, өзен-нулы, малға жәйлі қолайлы жерді мекендеген найман руының Бозқозы бұтағынан тараған ұрпақ екен. Кейінірек әртүрлі жағдаймен олардың арғы атасы Сабдалы бүгінгі Ертіс бойыңдағы Май ауданы (бұрынғы Ақсу болысы), «Целинный» совхозының жерін мекендеген Бәсентиіннің бір ұрпағы Рысбектердің арасына келіп қоныстанады. Сабдалы шаруаға да, саудаға да икемі бар кісі екен. Шарбақты, Бесқарағай, Кереку бойындағы орыс көпестері, қазақ байларымен қарым-қатынас жасап, алғашында жалға тұрып, сауда-саттықтың сырын ұғып, бірталай өмір тәжірибесін алған деседі. Осы өтімділігімен ол бертін келе Рысбектерге күйеу болып, туыстасып кетеді. Бұдан соң оған Ақсу өзенінің іргесіндегі Қазалы көлінің жағасынан қонысқа қолайлы жайылым жер береді. Бұл жер кейін «Байғабыл қонысы» атанып кетеді.
Байғабылға әншілік өнер атадан қалған мұра емес-ті. Әкесі Жылқыбайдың қорасына мал үйірлемесе, одан туған төрт бала Шайхы, Нұртаза, Әбілке, Байғабылда да мал жинауға икемдік болмаған. Алайда Байғабылға табиғат әртүрлі өнер сыйлаған. Әнші, домбырашы, балуан, шауып бара жатқан ат үстінде ойын-қимыл көрсететін акробаттық өнерлері болған. Әншілік нағашы жұртымнан. Шешем Жаншора жақсы әнші, домбыраны да келістіре тартатын еді, - дейтін Байғабылдың өзі. Кедей отбасында туып, ат жалын тартып мінгеннен өзінің жоғарыда айтқандай табиғаттың бойына дарытқан әншілік, балуандық өнерімен жас Байғабыл сол кездегі ру арасындағы болып келген мал, жер мен жесір дауына араласып жүреді. Елде осындай талас-тартыстың әлегінен нағашысы Кенжебай мерт болып, ешкімге жазығы жоқ Қыпшақбай дейтін малшы сойылға жығылады. Осындай оқиғалар өнерпаз жастың намысын жанып, ел ішінде ақ патшаның отаршылдық саясатынан туып, қазақ жұртын қан қақсатқан 1916 жылғы маусым жарлығы да таяп қалған еді. Бұл тұста ел басқарған кейбір болыс пен билер, атқамінер пысықтар патшаның қазақтарды басқаруға қойған әкім-шенеуніктерімен ауыз жаласып, кедейлерге тізесін батыра түседі. Малдылар қара жұмысқа тізімге іліккен туыстарын пара беріп, орнына кедейлердің жасы жетпеген немесе жасы жарлықтағыдан асып кеткендерді тіркетеді. Кешікпей бұл нәубет Жылқыбай шаңырағына сойыл болып соғылды. Бір үйден екі адам Нұртаза мен Байғабыл тізімге ілігеді.
Ресей империясын қорғауға қара жұмысқа алынғандардың хәлі мүшкілболатын. Майдан шебіне күні бойы ор қазғандарға жарытып тамақ, оңдыртып киім бермегендіктен солдаттардың арасында аштық, ауру-індет жайлаған еді. Қобалжу, әскерден қашу бар. Бірақ қолға түскендерді казак офицерлері аяған емес. Окоптан, әскери бөлімнен қашқандар қолға түссе, құны сұраусыз, тағы аңдарға ұқсатып, сылтау тауып, тергеу-сотсыз-ақ атып тастай салады екен.
Жылқыбай балаларына ара түспек болып Әріп болысқа сөз салып көріп еді, маңайына жуытпақ түгіл, сөйлеспей қояды. Бұл кешегі Кенжебай нағашысының кегін ала алмай, намысқа өртеніп жүрген ұлға негізгі сылтау болып, солдатқа алынғандарды жөнелтейін деп тұрған Кереку вокзалында шатақ шығарып, тамам жұрт алдында Әріп болысты ат үстінен тымақтай жұлып алып, соққыға жығады.
Осының әлегінен Жылқыбайдың үлкен баласы сенімсіз адам ретінде әскерге жарамайды делініп, бұзақы Байғабыл табанда тұтқындалып, Тар қаласына жаяу айдалады. Сонан Байғабыл бұл қатерлі сапардан сәті түсіп, 1917 жылғы қызыл әскерлердің дүмпуімен ақ патша тақтан құлап, Кеңес үкіметінің жеңуінен соң елге оралады.
"Өнерлі жұтамайды дейді" халық. Еркіндікке шығып, кедейді жақтаған өкімет өңірге орнаған соң Байғабыл Жылқыбайұлы қанатын қомдаған жас қырандай ән әлеміне самғады. Мәселен, әншінің өзі айтуына қарағанда оның тұңғыш ел таныған әнші ретінде тұсаукесері Баянауылда өткен бір жәрменкеде болса керек. Мұнда сол кезде елге әйгілі Естай, Майра, Темірболат, Байғабыл, Қараөткелден Қосымжан да болып, ән-күй думаны болған. Байғабыл кезінде кедейліктің тақсіретін тартып, білім ала алмаса да өткен ғасырда қазақтың өнер туын көтерген керемет әнші-күйшілерін көріп, олардан үлгі-өнеге алып, ән мектептерінен өткен адам. Ол аспандағы аққудың сұңқылына әнін қосқан атақты Әсетті, Иса пір тұтқан Құдайбергенді көрген, әуендерін естіген, кезінде Қоянды жәрмеңкесіне игі жақсылармен ілесіп барып, талай дала бұлбұлдарын тыңдаған болатын. Байғабыл алғаш рет Біржанның «Теміртас» әнін осы Қоянды жәрмеңкесінде Естай мен Қосымжан Бабақовтың орыңдауында тыңдағанын мақтан етуші еді. Кейін Қали Байжановтың айту мәнері де оған бірталай үлгі берді. Сондықтан, да болар кейінірек Алматыда болғанда оған ән салдырып тыңдаған қазақтың өнер саңлақтары Манарбек Ержанов пен Жүсіпбек Елебеков оның өнеріне жақсы баға беріп «Теміртасты өзің ғана айта берші…» деген екен.
Табиғат берген талант арқасында Байғабыл Кеңес өкіметі тұсында әртүрлі жұмыс атқарғанмен, 1940 жылдан ежелден бергі арманына жетіп, ол кезде Павлодарға қараған Бесқарағай ауданында ашылған колхоз-совхоз театрына режиссер болып тағайындалады. Бұл қызметте жүргенде оның театр ұжымы сұрапыл соғыс кезіңде елдің еңсесін көтеріп дамылсыз концерт қойып, одан соң облыстық қазақ драма театрында бірталай жылдар актер болып ойнайды. Осы театрда үлкен баласы Еренғайып екеуі ондаған рольдердің сахналық бейнесін сомдайды.
II
Ер жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болсын, деп армандайды ғой. Байғабылдың балуандық өнері оның екінші бір қыры деуге болады. Кезінде әншінің ауылдас замандасы Құсан қарияның айтқан бір әңгімесін естігеніміз бар. Бұл отызыншы жылдары болса керек. Тұзқалада жәрмеңке болып, мұнда сауда-саттықтан басқа ән-күй өнер сайысы да тамашаланып, соңы балуандар белдескен думанға ұласады. Күреске сол кездегі дәстүрше Ертістің арғы жағы мен бергі жағы болып, бөлініп күреседі. Ақыры іріктеле келе түйе балуан жүлдесі үшін екі адам шығады. Мұның бірі Ақсу жақтан Байғабыл осында алдебір себеппен келе алмай қалғандықтан оның орынына бұл да мықты балуанның бірі деп саналып жүрген Байғабылдардың жамағайыны Әубәкір шығады. Сәмектер жақтан (Тұзқаладан) күреске түскен балуан түйе десе түйедей, бұқа мойын, бойы зор бір дәу екен. Кілемге шығып тұрып Әубәкірді менсінбей: Әй, бала, менімен белдескелі тұрсың ба?! Кәне, келе ғой! Өзіңді асықша бір атып жіберейін, деп гүжілдейді.
Мұны естіген ақсулықтар: Ойбай, мына шіркіннің түрі, пошымы жаман екен. Қой, анамен белдеспесін. Жүлдесін сол-ақ алсын. Әубәкірдің жамбасын қиратар,-дейді. Қаумалап қызық көрген ел қызбаланып, «Күш атасын танымас» деген. Жығылса жер көтереді, тәйірі. Қай қазақ күрестен қорқып, кілемнен қашқан, деп шуылдасады. Ақыры төрешілер алқасы өзара кеңесіп жатқанда топты жара Байғабыл шығады кілемге. Сол кезде төрешілер де қуанып, айқасқа рұқсат береді. Қос түйе балуан шартпа-шұрт алыса кетеді. Сәмек балуаны жуандау, әрі бойы да сұңғақтау екен. Бірақ Байғабылдың бұлшық еттері білеуленіп, бура сандары шым үйдің тіреуіндей жуан да сіңірлі. Ақсақалдың айтуынша күрес ұзаққа созылмаған. Денесінде артық ет жоқ, шыныққан шымыр жігіт Байғабыл оқыс қимылдап, қарсыласына әдіс қолдануға мұрша бермей шаң қаптырған.
Жерлес қарттардың айтуынша Байғыбыл Қоянды жәрмеңкесінде әнші-күйшілерге араласып өнер көрсетумен бірге атақты күш алыбы Қажымұқанның ойын көрсету тобына қатысып, нөкерлері құрамында болған көрінеді.
Сондай-ақ ілгерідегі Қазақстанның отыз жылдық тойында астанада болып, республикалық балуандар күресінде екінші орын алғанын өз аузынан естігеніміз бар. 1992 жылы Ақсу ауданының орталығында Байғабыл Жылқыбайұлы атындағы аудандық мәдениет үйі ашылды. Байғабыл өз дәуірінде ел аралап, ауыл-ауылда ән шырқап, жырын төкті. Сөйтіп, қазақ халқының ән мұрасын елге насихаттады.
Халқымыз ән сүйеді асқақтаған,
Иесін асқақ әннің ардақтаған.
Сайраған сандуғаштай жарты ғасыр,
Байғабыл дарынды әнші ел мақтаған.
Байғабыл мақтанғандай құрдасына,
Өнері жетіп жатыр бір басына.
Балуан, әнші, ақын, серілігін,
Жетпістің ала шықты қырқасына» деп жазған еді кезінде әншінің өз тұстасы Ақсу бойының ардақты азаматы Айтбай Сүлейменұлы 1964 жылы оның 70 жылдық мерейтойында.
Осы замандасы айтқандайын, жетпіс жастан асқанша ән салып,замандастарына рухани қызмет еткен Байғабылдың сиқырлы саусағы табиғаттың өзгермес заңымен 1977 жылы домбыра шегін қағудан мәңгілікке тоқтады. Ол өзі туған Құркөлге жерленіп, әнге, адамгершілікке баулыған шәкірттерінің бірі Қуат Есімханұлының басқаруымен зиратына мазар орнатылып, ескерткіш тақта ілінді.
Байғабылдың спорт саласындағы өнер жалғасы да жоқ емес. Қазір мұны өз баласы Еренғайыптан туған немересі Қизат Павлодар облысы бойынша қазақ жігіттері арасында тұңғыш рет таэквондоға ден қойды. Ол қазір қарабелбеу атағын алған бапкер. Облыстың бірнеше мектептерінде Қизат ұйымдастырған таэквоңдошылар топтарынан шынығып шыққан жасөспірімдер таэквондоның қиясына талпынуда. Қизат - әлемге әйгілі таэквондошы Мұстафа Өзтүріктің өз шәкірті. Өнер тозбайды деген осы. Кешегі өзі айтқандай ертеде өткен әнші, композиторлардың саф алтындай әндерінің қаймағын бұзбай, бояуын солғындатпай, мөлдір күйінде кейінгі ұрпаққа жеткізгендердің тамаша өкілі Байғабылдың өнері ұрпақтан-ұрпаққа жететініне еш күмәніміз жоқ.