Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтардың қоғамдық-экономикалық өмірі туралы очерк. V бөлім

3605
Қазақтардың қоғамдық-экономикалық өмірі туралы очерк. V бөлім - e-history.kz

Қазақтар арасында егіншілік мәдениетінің дамуы туралы материалдармен танысқан кезде 1870 жылдардың соңына дейін қазақ даласындағы егіншілік өте баяу енгенін және сирек шаруашылықтар арасында егілгені белгілі болады. 

Қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныс болған Левшиннің «Описание киргиз-кайсацких орд и степей» (1832 ж.) атты атақты еңбегінде көшпенділер арасындағы егіншілік алғаш рет XIX ғасырдың басында пайда бола бастады делінген. Қазақ сұлтаны Сейдалин «Торғай өзенінің бассейнінде егістік шаруашылығының дамуы туралы» деген мақаласында («Записки Оренбургского отделения И.Р.Г.О.» 1870) Левшиннің жазғанындай жазған. Оның айтуынша, торғайлық қазақтар арасында егіншіліктің ене бастауы, көнекөз қариялардың айтуынша, аталмыш ғасырдың бастапқы кезіне жатады. Сұлтан Сейдалин 1800 жылдан 1830 жылға дейін Торғай ауылшаруашылық аймағындағы Қара қоғадағы егіншілер саны 80 үйге әрең жеткенін, содан кейін бұл санның ұзақ уақыт өзгермегендігін жазады. 1846 жылдан кейін «егіншілер саны барған сайын жылдам өсіп, 1866 жылы Торғай өзенінің бойында олар 500-ге жуық, ал Торғай өзен жүйесінде және осы өзен бассейнімен шектесетін жерлерде 900-ге жуық отбасы болды». Қазақтар арасында егіншіліктің неліктен дами бастағанын түсіндіргісі келген Сейдалин: «Мал өсіруде сәтсіздікке ұшыраған кез келген дала қырғыздары өз бағын егіншілікте сынайды», одан әрі «мал өсірудегі сәтсіздіктен кедейшілікке жетіп, руластарымен көшуге мүмкіндігі қалмаған олар тек егіншілікпен айналысуға бетбұрды»,-дейді. Қазақ сұлтанының жазғанын Ресей империясының Егіншілік және мемлекеттік мүлік министрлігі Торғай облысына іссапарға жіберген Кауфман растайды. «Отарлау мүмкіндігі туралы мәселені анықтау үшін Торғай облысына іссапармен барған аға жұмыс өндіруші Кауфманның есебінде» (1897 ж.) автор қазақ мал шаруашылығы үшін апатты болған 1879 және 1880 жылдарда қазақтар арасында диқаншылық тез дами бастағанын жазады: «Осы бағыттағы 1879-1880 жылдардағы қоян жылының ықпалын осы мәселе бойынша мен сөйлескен барлық қырғ,ыз бірауыздан мойындайды, мұны билік те растайды... Әр қоян жыл мал шаруашылығына негізделген әл-ауқаттың тұрақсыз екендігіне қырғыздың көзін жеткізеді, екінші жағынан – әр киіз үй иесін не диқаншылыққа жүгіну, не кедейлердің – байғұстар мен жатақтардың қатарына тұру, осы екеуінің бірін таңдауға мәжбүр етеді».

Қазақтар арасында егіншілік мәдениетінің дамуы туралы материалдармен танысқан кезде 1870 жылдардың соңына дейін қазақ даласындағы егіншілік өте баяу енгенін және сирек шаруашылықтар арасында егілгені белгілі болады. Бұл кезде оған тек «қырғыз өмірінің дағдылы жүйесінен қағылған адамдар» ғана жүгінген, бұл көптеген авторлардың, соның ішінде қазақ сұлтанының да куәлігімен расталады. Бұлай сол кезде болды, ал XIX ғасырдың аяғында егіншілікпен бай қазақтар да айналыса бастайды.

Коншиннің айтуынша, ұсақ меншік иелерінен шыққан қазақтар отырықшылыққа ауыса бастаған, сонымен бірге тек қана егіншілікпен айналысқан. «Семей облысының 1896 жылғы шолуында» «қазіргі уақытта егіншілік қырғыз шаруашылығында маңызды рөл атқарады» делінген. Аталған аймақтың шолулары осы жағдайды растай отырып, облыстың көптеген жерлерінде егіншілік қазақтардың тұрақты кәсібіне айналғанын көрсетті: Қарқаралы уезінде «Тоқырауда ... қырғыздар егіншілікпен айналысады, және қазіргі кезде мал шаруашылығы емес, егіншілік қырғыздардың жалғыз кәсібі болып табылады, және бұл жерде олар отырықшы өмір салтына біршама көшіп қалған». Даланың ең астықты ауданы - Белағаш болыстығына қатысты да дәл осылай айтуға болады. Семей облысының қазақтары арасында (аталған Белағаш болыстығынан басқа) Құлжа, Бесқарағай, Кетүбек, Аққұм, Күршім, Нарым және басқа да болыстықтарда егіншілік күшті дамыды. Семейге қарама-қарсы тұрған Заречная слободканың едәуір бөлігінде отырықшы қазақ диқаншылары қоныстанды. Өскемен, Зайсан және Павлодар уездерінде экономикалық жағдай қазақтарды егіншілікке жүгінуге және күнкөріске қажетті қаражатты содан іздеуге мәжбүр етті. Осы уездердің біріншісінде отырықшы қазақ диқаншылары мекендеген тұтас үлкен ауылдар мен слободалар болды. Бұлар: Мешіт, Бөкен, Бектеміров, Төнтек, Мировая және басқа да ауылдар. 1900 жылы Өскемен уезінен сібірлік «Степной край» газетіне (№1, 1900 ж.) мынадай хат жазылыпты: «Өскемен қаласының маңындағы қырғыздардың отырықшылыққа деген ұмтылысы барған сайын күшейе түсуде; қала салу үшін оларға ауыл шаруашылығы алқаптарымен қоса тұрақты учаскелер бөлу туралы өтініш жылдан жылға артып келеді. Біздің байқауымызша, қырғыздардан тамаша диқаншылар шыға алады және айтқандай, егіншіліктің дәмін бір рет көргеннен кейін қырғыз енді қайтып оны тастамайды: ол соқа, тырма алады және егін шықпай қалып жатса да, ол бастаған ісін тастамайды».

«Семей облысының егіншілік және астық өнімділігі» баяндамасынан 1890 жылдан 1894 жылға дейін қоса алғанда, бес жыл ішінде, Семей облысында егіншілік мәдениетімен айналысатын қазақ отбасының саны 7000-ға артқанын көруге болады. 1890 жылы 27 271 қазақ отбасы жер өңдеген, ал 1894 жылы - 34 109 немесе облыстағы қазақ отбасыларының жалпы санының 28,8%. 1895 жылға келетін болсақ, 42 725 қазақ отбасы немесе 35,9% егіншілікпен айналысқан.

Ақмола облысына қатысты деректер де қазақтар арасында егіншіліктің болғандығын және оның сол кезеңдегі дамуын көрсетеді. Мал дәрігері В.Михайлов «Қырғыз даласы» атты еңбегінде Петропавл уезінің Құсмұрын болыстығында, қолайсыз жерде тұрған екі ауылдан басқа барлық ауылдарда қазақтардың жер өңдейтіндігін атап өткен. Қазақтар арасында егіншілік мәдениетінің барын «Состояние сельского хозяйства к началу осени 1901 года в соседних с городом Омск уездах Томской и Тобольской губерний и областей Акмолинской и Семипалатинской по сообщениям корреспондентов Омского отделам Императорского Московского общества сельского хозяйства» (1901 ж.) жиынтығындағы корреспонденциялар көрсетеді. Қазақ тілшілері барлық жерде уездер мен болыстықтардағы егін шығымдылығы туралы: «Егін нашар», «егін де шықпай қалды» және т. б. жазған.

Оқи отырыңз: Қазақтардың қоғамдық-экономикалық өмірінің очеркі. ІІІ бөлім

«1880-1894 жылдарға арналған Ақмола облысындағы өнеркәсіп пен сауданың қысқаша статистикалық очеркінде» Ақмола облысының қазақтарында 1880-1894 жылдар аралығында егін егуге арналған егістік жерлердің ауданы 14 есе, ал жан басына шаққанда егін жинау 20 есе артқаны айтылған. 1894 жылдан кейін, «Ақмола облысының шолуларына» сәйкес, 1894 және 1896 жылдары облыста егін шаруашылығы одан сайын дами түскен. Осылайша, 1894 жылы қазақтар 85 000 пұт, ал 1896 жылы 93213,5 пұт тұқым еккен.

Сейдалиннің айтуынан біз Торғай облысының қазақтары арасында диқаншылықтың болғанын білеміз. 1875 жылы бүкіл облыстың егістік алқабы 17 000-ға тең болды, ал 1895 жылы қазақтар 92 874 десятинаға еккен. «Аға жұмыс өндіруші Кауфманның есебінде...» Торғай облысына іссапарға жіберілген Кауфман Сейдалиннің айтқанын растайды. Автор келтірген мәліметтер бойынша, орта есеппен 1890-шы жылдардың бірінші жартысында Ақтөбе уезінде бір киіз үйге 2,4 десятина, Қостанайда - 1,4 десятина егістік келген. Валь «Қырғыздардың экономикалық қарым-қатынас тарихына» деген мақаласында 1899 жылы Ақтөбе уезінде 2 000 қазақ шаруашылығына 16 000 десятина тары егілгенін жазған. Егіншіліктің дамуы қазақ даласының басқа жерлерінде де байқалды. Саяхатшы А.Никольский «Балқаш көліне және Жетісу облысына саяхат» мақаласында Іле өзені мен Балқаш көлінің маңындағы қазақтарда егіншіліктің бар екендігі туралы айтқан. «Қырғыздар» атты еңбегінде Зеланд Жетісу қазақтары туралы былай деп жазды: «мұқтаждық оларды егіншілікпен айналысуға мәжбүр етті және егіншілік мал шаруашылығымен бақталаса бастады». «1893 жылғы 25 қаңтардағы Императорлық Орыс Географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің жалпы жиналысы отырысының хаттамасында», сонда баяндаманы оқыған Вернер, Жетісу қазақтарында егіншілік жыл сайын дамып келе жатқанын атап өткен.

«Русский Туркестан» (№154, 1901 ж.) газетінде егіншілік Шымкент уезі қазақтарының арасында да тарай бастағаны туралы жазылған. Автордың айтуынша, «қыстау мен жыртылған жер көлемі жыл сайын артып келеді. Тек мал өсіру арқылы ғана күн көріп келген бұрынғы көшпелі ... өмірін тастап, қырғыздар егіншілікпен құлшыныспен айналыса бастады, отырған жеріне орнықтырақ орналасуға шешім қабылдады». Г.И. Шендков «Русский Тургет» газетінде (№174, 1901 ж.) Ташкент уезінде «көшпенділер арасында жерге орналасуға және көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа көшуге ұмтылыс байқалады» деп атап өткен.

Kazakh_Tarikh_1_Page_014_Image_0001-1024x716.jpg

Өмірдің жаңа шаруашылық жүйесі, негізінен пролетариат ортасынан шыққан қазақтарды, егіншілікпен айналысуға мәжбүр етті. Егер мұндай қазақтардың өз жері болса, онда олар, әрине, оны жыртады. «К вопросу о переходе Семипалатинской области в оседлое состояние» мақаласында қазақтарға тиесілі жерлерден байлардың кедейлерді ығыстырғаны, олардың казактардан, қазынадан жерді жалға алып, егін еккен жағдайлары болғандығы туралы жазылған.

Коншин өзінің «Өскемен уезі бойынша» жолжазбасында қазақтардың жерді жалға алуы туралы былай деп атап көрсеткен: «Черепанов учаскесін (600 дес.) Ұлан болыстығының 1-ші старшындығының 17 киіз үйі жылына 150 рубльге жалға алады және с.с.» Бұл уезде, автордың айтуынша, қазақтар Шайтанов, Бузулин, Черемнов және Жеребятевтің жер учаскелерін жалға алған. «Русский Туркестан» жинағындағы «Из сибирских впечатлений» мақаласының авторы Омбы уезінде «Қорған деген болыстық бар, сондағы екі ауылдағы 508 отбасының 248-інде тұтамдай да жері жоқ, олар он шақырымдық жолақ шегінде қыстау мен жайлау үшін казактардың учаскелерін жалға алады; Омбы болыстығында жүзден аса отбасы жерді жалға алуға мәжбүр» деп жазған.

Сонымен қатар, кедей қазақтар кедейшіліктен құтылу үшін егіншілікке көшкенін айта отырып, 1-2 жылқысы бар шаруашылықтардың егіншілікке енді көше алмағандығын немесе үлкен қиындықпен көшкенін айта кеткен жөн. Өйткені жұмыс малының осындай санымен қазақ даласында ауылшаруашылық жұмыстарына кірісу мүмкін емес еді. «Обзор Семипалатинской области за 1890 год» айтуынша, бұл жерде «жер жырту үшін 3-4 ат жегілетін соқа қолданылады», яғни Валь келтірген кесте бойынша қазақтардың басым бөлігінше осынша бас жылқы болмаған.

Вальге қарсылық білдірген Смотров («Возражение г. Смотрова на статью К.О. Валя «К истории экономических отношений у киргиз», 1901 ж.), қазақтардың жерді жылқымен емес өгізбен жыртқанын келтіреді. Бірақ даладағы ауылшаруашылығы үшін кем дегенде үш жұп өгіз қажет болды. Торғай облысының мал дәрігері Добромысловтың айтуынша («Скотоводство в Тургайской области», 1895 ж.), «көп жағдайда тың жерді жырту кезінде соқаға 5 жұп бұқа, ескі жерді жырту кезінде 4 жұп жегіледі». Қазақтардың бәрі бірдей осынша бұқаға ие емес, оның үстіне қазақ арасында жылқыға қарағанда мүйізді қара мал үш есе болмаса да, екі есе аз екеніне назар аудару керек. «Обзор Семипалатинской области за 1898 год» деректері бойынша қазақ халқының жан басына шаққанда жылқы 1,2 бас, ал мүйізді ірі қара (өгіз, бұқа, сиыр мен бұзау) шамамен 0,5 бас болған.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?