Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Әкеме менің сәлем айт!»

1580
«Әкеме менің сәлем айт!»  - e-history.kz
Отбасылық жағдайына байланысты Мырзабек әскери комиссариаттан сұранып, 11 разьездте пойызды тоқтатып, марқұм болған баласын жерлеп, жерлеу рәсімінен кейін пойызға мініп соғысқа кетеді

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық тарихымыз бен рухани мұрамызды тереңінен зерттеп, жаңаша зерделеуге мүмкіндік туды. Әрбір азамат өз елінің өткені мен тарихын білуге, Отан тарихының тәжірибесі мен құндылықтарын келесі ұрпаққа үйретуге міндетті. «Өз жұртыңды құрметтеу – туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлағатты сөзі соған айғақ. 

Бірінші дүниежүзілік соғысқа Сыр бойынан 150 мың адам аттанған. Соғысқа аттанғандардың бірі Боханов (құжатта) Мырзабек Боқанұлы (1902-1944). Соғыс кезінде Украин майданында ерлік көрсеткен Сыр бойының азаматы. Тегі Байұлы-Жаппас-Баймұрат-Өте аталығынан шыққан. Атақты Байбөріұлы Баймұрат батырдың 6-ұрпағы. Жаппас пен Алтын руларының ұраны «Баймұрат» болған. 

83fce9ea7b81c7560ebdeabc90205398.jpg

Жауынгер Мырзабек Боқанов 

Мырзабектің ағалары Досқали (1896-1953) өте қонақжай адам болып өмірден өткен. Екінші ағасы Мырзалы (1899-1973) елге сыйлы етікші болған. Екі қарындасы: біріншісі Қаным тегі Айдар Алтын, Алшын Тілеуке бидің ұрпағы Тұрсынбайұлы Сүлейменге тұрмысқа шығады. Екінші қарындасының есімі – Қанымкүл. 

Қызылбайұлы Боқан ақсақалдың үш түйесі болған. Малы қыста Сырда, жазда қырда болады. Боқанов Мырзалы Совет үкіметінің белсенділері (активист) қатарынан болғандықтан, ұжымдастыру науқаны кезінде түйелеріне ешкім тиіспейді. 

Қызыләскер Мырзабектің анасы Үндемес әже (18?-1953) тегі – Сумұрын Жаппас. Бұл кісі үлкен ұлы Досқалидің жүзін бергеннен кейін қайтыс болады. 

7659101b232c2835c9a1290d1d3b4b4a.jpg

Мырзабек Боқановтың зайыбы Бибіхан әже

Мырзабек Бохановтың анасы Үндемес, ағасы Досқалидің бейіттері 9 разьездтегі Қаратоғай жеріндегі Балықбай қорымында орналасқан. Мырзабек күш-қуаты өте қайратты, жігерлі әрі аса қатал кісі болған, бойы орташа, бет әлпеті бидай өңді. Түйесі болған, түйенің үстіне ағалары Досқали мен Мырзалыны лақтырып жіберіп мінгізеді екен, айтарлықтай қара күштің иесі. 

Мырзабектің зайыбы Бибіхан Тұрғанбайқызы (1904-1966), тегі Үнгіт Жаппас. Жас отбасы құдай берген үш балаға ие болып бақытты өмір сүріп жатқанда соғыс басталады. Балалары: Тоқшылық (1936-1942) Тоқтарбай (1939 ж. т.) Тынымбай (1942-1962) әскерде жүрген кезінде Польшада жол апатынан қаза болады, Брест қаласында жерленген. 

d5e466d99ceac4c07fce8275917f18b8.jpg

Тынымбай Боқановты жерлеу рәсімінің көрінісі, 1962 

1942 жылы қазан айында соғысқа аттанайын деп тұрған кезінде үлкен баласы Тоқшылық 6 жасында науқастанып қайтыс болады. Отбасылық жағдайына байланысты Мырзабек әскери комиссариаттан сұранып, 11 разьездте пойызды тоқтатып, марқұм болған баласын жерлеп, жерлеу рәсімінен кейін пойызға мініп соғысқа кетеді. Кетіп бара жатқан кезінде «Мен кеттім» деген бір жапырақ қағазды үйіне жазып жібереді. 

Мырзабек Боқановтың Украин майданындағы майдандасы марқұм Камал ақсақал (Қызылорда қаласының Гагарин атындағы шағын ауданында тұрған) Тоқтарбай Мырзабекұлына: «Сенің әкеңмен переправадан өтіп бара жатқанда ажырап қалдық», – деп айтқан екен. Майдандасы Қамал соғыстан мүгедек болып оралады, кейін дүниеден өтеді. 

Бірінші дүниежүзілік соғысқа Мырзабек Боқановпен бірге аталас туысқандары, Баймұрат батырдың ұрпақтары Совет Одағының батыры Нағи Ілиясов, Қали Әміров, Әли Әміров, Сейіткәрім Әміровтер қатысады. Әміров Қалидің тізесінің жартысы жоқ соғыстан мүгедек болып оралады. Әміров Әли, Сейіткәрім Әміровтер соғыстан аман-сау оралады. Сейіткәрім Әміров обкомда инструктор болып жұмыс атқарған. 

1944 жылдың аяғында Боқановтар әулетін әскери комиссариатқа шақыртып, Мырзабектің соғыс майданында хабарсыз кеткені жайлы қара қағаз келгенін естіртеді. Әулеті: анасы, зайыбы, бауырлары қатты қайғырды, сонда жиналған халық, көршілері: «Әй, өлді деген хабар емес қой» деп басу айтады. Осы кезге дейін сол кезде 5 жастағы Тоқтарбай баласы осы оқиғаны ұмытпай келеді. Кішкентай бала 10 разьезден өтіп бара жатқан поездарға: «Әй, әкеме сәлем айт!» – деп паровоздың оның сәлемін айтып баратынына үміттеніп жүреді. Бірақ амал жоқ, әкесі соғыстан қайтпайды. Қазақта жақсы сөз бар «аман елдің аты шығады» деген, яғни өмір жалғаса береді. Бір күні, 1953 жылы Мырзабектің зайыбы 49 жастағы Бибіхан Тұрғанбайқызы науқастанып қалады, соғыстан кейінгі жылдары халықтың жағдайы ауыр болғандығын тарихтан білеміз, сонда ортаншы баласы Тоқтарбай 3 сыныптан кейін оқуды тастап 14 жасында жұмысқа шығады. Бала кезінде масақ терген, қыста аяқ киімі, бас киімі болмаған соң фуфайканың жеңін жыртып алып аяқ киім қылған. Үйде отын, көмір жоқтығынан дарияның мұзының үстімен шанамен өтіп отын тасыған, қасында інісі марқұм Тынымбай бар, кейбір кезде отынның үстіне шаршаған кішкентай Тынымбайдың өзінде отырғызып тасиды. 

Қазіргі ескі базардың қасындағы Перовск партизандарына қойылған ескерткіштің қасында бала Тоқтарбай Боқанов бір күні халықтың қара ағаштан түсетін тұқымды (каша-малаша) қапқа жинап таразыға салып өткізіп жатқанын көреді. Осында таразыда отырған кемпірден: «Әже, бұл не?» — деп сұрағанда, ол кемпір: «Үстіңдегі көйлегінді шешіп оны тұқым (каша-малашамен) толтырып алып кел. Орнына қолма-қол ақша беретінін ескертеді», – дейді. Бала Тоқтарбай келіседі де көптеген ақша табады. Енді ақшамен қайтайын десе, кеш болып қалады. Сонда әлгі кемпір ақшаны екі жерден жіппен байлап: «Енді қасыма жат да таңертең үйіне қайт, шешең іздеп қалады», – дейді. Азанда бала 3 дана күйдірілген қант, 3 бөлке нан, т. б. алып үйіне барады. Үйінде анасы Бибіхан қатты сөгеді: «Сен кімнен ақша ұрладың?» – деп. Баласы: «Мен ұрлағаным жоқ, жерден тұқым тердім», – барлық жағдайды түсіндіреді. Анасы сенбей, әлгі кемпірге келеді. Сонда кемпір алыстан: «Әй, бері кел, бұл балаға рахмет айт, ұрлаған жоқ», – деп болған оқиғанын барлығын түсіндіреді. Содан бері 60 жылдан астам уақыт өтті. Перовск партизандарына қойылған ескерткіштің қасынан өткен кезде Тоқтарбай аға осы оқиғаны есіне түсіріп жүрегі сыздап кетеді. 

9cc7f6e26c5735f997e84082bcc030ac.jpg

Тоқтарбай Мырзабекұлы Боқанов 

Тоқтарбай Боқанов 1957-1958 жылдары ДОССАФ-та 6 ай оқыған. 1958 жылдың 11 қыркүйегінен 1961 жылдың 21 желтоқсанына дейін әскер қатарында. Алдымен Тәжікстанның Сталинабад өлкесінде болады. № 2033 әскери бөлімшеде Московский ауданы № 2 Горная заставада 6 ай жүргізуші, Қырғызстанның Ыстықкөлінен Сталинабадқа солдаттар тасыған. Сосын Түркіменстанның Мари қаласына жіберіледі. Тас жолы салынып жатқан құрылысқа қатысады, Кушка қаласына құрылыс заттарын тасып, Мари қаласына қайта оралып демобилизация кетеді. Тоқтарбай Мырзабекұлы 1962-1994 жылдары Горкомхоздың спец автобазасында көлік жүргізуші, парторг болып жұмыс атқарған. 1973 жылдан бастап КОКП белсенді мүшесі. 

Тоқтарбай Мырзабекұлы 1957 жылы Дәмегүл Пірмағанбетқызымен танысып, үйленеді. 1938 жылы туған Дәмегүл Пірмағанбетқызы тегі Алшын-Шөмекей-Қаратамыр-Ерназар аталығынан. 

c8d07c7a107f1915d5de7686bd81da9d.jpg

Тоқтарбай Мырзабекұлының 1973 жылы КОКП-ына өту үшін жазған арызы 

Тоқтарбайдың анасы Бибіхан ана өте мейірімді жақсы адам болған. Түскен келініне: «Қызым жоқ еді, енді қызым боласын» деп мейірін төккен асыл ана бола білген. Сонда Дәмегүл келіні жалғыз сіңілісі Алмагүлге осы үйде тұруға рұқсат сұрайды. Енесі рұқсатын береді, кейін бұл құдаша осы үйден Байұлы-Жаппас Мойнақ руынан шыққан Тәліп деген жігітке тұрмысқа шығып, қазір 2 ұл, 2 қыздың қызығын көріп отыр. 

Дәмегүл Пірмағанбетқызы Масақбаева Зеленхоздағы тәлімбақта көгалдандыру қызметінде жұмыс атқарған. Батыр Ана ССРО мен Қазақстан Республикасының алтын ордендерімен марапатталған. Балалары: 1) қызы Аманкүл (1959-1963), 2) ұлы Батырбек (1962-1983), Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы пединституттың РКШ факультетінде оқып жүріп, соңғы бітіретін курсында кенеттен жол-көлік оқиғасынан қайғылы қаза ұшырайды. 3) ұлы Орынбек (1964), келін Дариға – Байұлы Жаппас Тағай батырдың ұрпағы, олардан Әсел (1989), ұлы Нұрдәулет (1991) және Айдана (1996) қыз дүниеге келген. 4) қызы Гүлнәр (1965) Байұлы Есентемір руына келін, жұбайы Совет, балалары Ерхан (1989), Данияр (1992). 5) ұлы Нұрлан (1967) ҚР ІІМ-нің құрылымдық басқармасының басшылық құрамында адал қызмет атқарып, подполковник атағымен құрметпен зейнетке шыққан. Қазіргі таңда Қызылорда облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасында – заңгер, келін Мейрамгүл – Алшын-Шөмекей-Бозғұл-Сарығасқа-Жәрімбет бидің ұрпағы. Олардан қыздары Самал (1990), Сымбат (1994). Астана қаласындағы медициналық университеттің 5-курс студенті, Диас (2001) деген ұл дүниеге келген. 6) қызы Эльмира (1969) Байұлы-Алтын-Мәметек руына келін, жұбайы Шарапат, балалары Ясин (2009), егіздер Фатих және Кәусәр (2011). 7) қызы Гүлмира (1970) Алшын-Шекті-Жақайым руына келін, жұбайы Марат, балалары Расул (2006), Ерасыл (2007). 8) қызы Салтанат (1971) Жетіру-Керейіт-Ерші руына келін, жұбайы Бағдаулет, балалары Жомарт (1994), Ернұр (2001), Ердәулет (2006). 9) қызы Жанат (1973) жұбайы Төрежан. Алшын-Шекті-Айдарбек-Татыран батыр еліне келін. 10) қызы Сәуле (1976) Астана қаласында медбике болып жұмыс атқарады. 11) қызы Зәуре (1978) Байұлы-Жаппас-Қараша руына келін, жұбайы Ербол, балалары Ақниет, Арнұр. 

Мырзабек Боқановтың үлкен ағасы Досқалидің зайыбы Патима Тұрсынбайқызы — тегі Айдар Алтын Байұлы Алшын Тілеуке бидің ұрпағы. Осы үймен Қызылбайұлы Боқан әулеті қарсы құда болып келеді, өйткені Тұрсынбайұлы Сүлейменге Боқанқызы Қаным тұрмысқа шығады. Боқанов Досқалидің баласы Қасымбай (1935-2013), келіні Алтынкүл Медетқызы (1942-2008). Қасымбайдан тарайды: Мира (1959), Орынкүл (1964), Жәнібек (1966), Серіккүл (1969), Әділбек (1971), Асылбек (1974), Кенжебек (1982), Бердібек (1985). 

Мырзабек Боқановтың кіші ағасы Мырзалының зайыбы Күміс Әлібекқызы тегі Алшын Байұлы-Жаппас-Сумұрын-Қалқаман аталығынан. Балалары: ұлы Үсейін (1933-2005), одан Балтабек, Айман, Айгүл дүниеге келген. Ұлы Бодыбай (1937-2007), ұлы Тиштықбай (1944-1970), қызы Шынар (1946), ұлы Тынымбек (1951), қызы Жұпар (1955). Мырзабектің қарындасы Қанымнан Жұмағали, одан Светлана, Әсия және т. б. дүниеге келген. 

«Артында бар оңалады» деген қазақта нақыл сөз бар. Мырзабек Боқановтың оты өшген жоқ, баласы Тоқтарбайдың 10 баласынан 18 немере, 6 шөбере өсіп-өнуде. Екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері Мырзабек Боқановтың есімі елдің және салиқалы ұрпағының есінде мәңгі сақталады. 

Бақытжан Ахметбек, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?