Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғұндардың жазуы көне түрік жазуына негіз болған

2598
Ғұндардың жазуы көне түрік жазуына негіз болған - e-history.kz

Тарихты зерттеу мен талқылау бүгінде жалпы қоғамдық процеске айналып бара жатқаны анық. Жыл сайын әр түрлі архивтерден алынған материалдардың бөлек-бөлек жинақ боп шығып жалпы оқырманға жол тартуы да көптеген тарихи фактілерге қолжетімді етті. Осындай жағдайда ұлттың өткеніне қызығушылық танытқан әрбір тұлға өзінше ізденіске барып, тың ойлар да айтылып жүр. Қазақстан тарихы порталы ақпараттық ресурс ретінде әр алуан ойлар мен пікірлерді алаламай ортаға салуға міндетті деп білеміз. Осындай оймен көптен бері қызықты пікірлерімен танылып жүрген жас әуесқой тарихшы Ерзат Кәрібаймен Ғұн мемлкетінің тұтас тарихына қатысты көлемді сұхбат алған едік. Ерзат Кәрібай соңғы кездерде жарыққа шығып жатқан Қытай деректеріне және әуелден бізге белгілі батыс және басқа да деректерге сүйене отырып әңгімелесті. Бүгін сұхбаттың екінші бөлімін ұсынып отырмыз.

– Әңгімемізді әр қарай жалғайық. Өткенде қола дәуірінде үлкен мемлекеттер болған жоқ дедің, тарихтан да белгілі, ғұндардың күшеюі мен басқа да үлкен мемлекеттердің құрылуы темір дәуірінің келуіне қатысты болды ма?

– Әрине, адамзаттың темірді игеруі – берік қару-жарақ жасауға мүмкіндік әкелді. Осының арқасында үлкен мемлекеттер дүниеге келе бастады. Hittite тайпалары эрамыздан бұрынғы 14-ғасырда темір құралдарды жаппай қолданысқа енгізді. Олардың Анадолы жерінде құрған мемлекетінде темір қарумен қаруланған 300 мың жарақты әскері болған. Біздің бабаларымызбен көршілес қытайлар жерінде эрамыздан бұрынғы 6-ғасырларда темір біртіндеп қолданысқа енген. Темірдің Қытайда жаппай қолданысқа енуі жауласқан бектер заманының соңы (эрамыздан бұрынғы 3-ғасыр) болды. Чин бектігі елінде реформалар жасалып феодалдық түзімге біртіндеп кірді.

Батыс ғалымдары қытайдың Шаң, Жоу патшалықтары заманын «Феодалдық лордтар қоғамы» деп қарайды да Чин, Хань патшалықтарын «феодалдық жер меншігі түзімдегі патшалық» деп қарайды. Кейін Чин бектігі 9 жылда (эрамыздан бұрынғы 230-221 жылдар) өзге алты бектікті жойды. Ондағы маңызды себептің бірі оларда темірден жасалған қарулардың жаппай қолданысқа енгізілуінде жатса керек. Сонымен қатар олар феодалдық түзімді орнықтырды, озық өндіргіш күшке ие болғандықтан өзге бектіктерді жойды.

Орта Азиядағы сақ тайпалары эрамыздан бұрынғы 10-ғасырда темірді қолдана бастаған. Пазырық мәдениеті – темір дәуірінің археологиялық мәдениеті, эрамыздан бұрынғы 6-ғасырдан 3-ғасырлар арасында болғаны дәлелденді, негізінен Алтай таулары мен Сібірде дамыған. Алдымен темірді пайдаланған елдер қоланы әлі қолданып жүргендерді жеңді. Темір жаппай қолданысқа енгеннен кейінгі мемлекеттердің теритоиясы бұрынғы қола дәуіріндегіден әлде қайда кең болды. Ғұндар мен олармен көршілес нүкістер темірден пайдаланып қару-жарақтарын дамыта түскені анық. Олар негізгі темірді Алтай тауларынан алған, олар ғана емес 3-6 ғасырдағы Нионуан (Жужан) тайпалары да темірді Алтай тауларында түріктерге қорттырып сауыт-сайман мен қылыш, найза, айбалта, сүңгілерді жасатқан.

Қытай деректерінде осы дәуір былай айтылады:

«Жау Улиң уаң тұрмыс-әдетін өзгертіп ғуларша киінді, атқа мінуді, садақ тартуды үйреніп, солтүстікте лимғурларды (орма нумары), леубан нұмдарын жеңіп әрі Ұлы қорғанды Дәйжүннен арі қарай Шұғай тауын жоталата Гаучүйге жеткізді және оны шкара тосқаулы ете отырып, Юкүн, Янмын, Дой аймактарын кұрып, кейінірек Ян бектігінің шығыс ғулардың қолында ақ үйлі аманатта тұрып, олардың сеніміне боленіп opaлғaн Дәнішпан қолбасы Чын Kәй қайтып келгеннен кейін шығыс ғуларға шеру ұйымдастырды, сонан оларды солтүстікке қарай мың неше ли ығыстырды. Кезінде Жин Камен бірге Чин патшасының (Чин Шихуанды) өлтірмек болған Чин Уян деген адам осы Чын Кәйдің немересі болатын. Ян бектігі де ғұндардан қорғану үшін Үлы қорғанның Зауяңнан Цяпинге дейінгі бөлігін тұрғзып, Шангу Юйян. Юбейпин, Ляуши, Ляулун аймақтарын құрады. Бұл кезде өркениетті делінетін азулы жеті бектіктің үшеуі ғұндармен қоңсылмас еді. Кейінірек жау бектігінің шерубасы Ли Мудың тұсына ғұндар Жау бектiгiнiң шекарасына жолай алмапты. Чин бектiгi 6 бектікті жойғаннан кейін, Чин Шихуаң Мың Тянді бірнеше 100 мың адамдық қосынымен солтүстіктегі ғұндарға жойқын жорыққа аттандырып, Хынәнды (Сарыөзеннің оңтүстік алабын) түгел қайтарып алады. Сарыөзенді бойлай қорғаныс қабырғаларын тұрғызып 44 қамал жасатты және бұларға шекара қорғауга бұйірылған қылмыстыларды көшіріп орналастырды. Жю юаннан Юняңға баратын төте жол жасатты. Линтаудан Ляу дұңға дейінгі 10 мың лиден асатын шекара бойындағы тау қыраттары мен тариаткаллардан пайдаланып, Ұлы қорғанды тұтастырды. Әрі Сарыөзеннен өтіп Яңшон тауы мен Бейжя аралығын иеледі.»

– Бұл деректен нені ұғуға болады?

– Бұнда айтылып отырған Жау бегі У Лиң уаңның тұсында (325-299 жылдар) шығыс ғулар күшейіп тұрған, оларға төтеп беру үшін олардың ұрыс тәсілдерін үйренуге қажеттілік туындапты, сонан өзге көшпенділерге қарата соғыста бір қатар жетістіктерге жетіп, қазіргі Чилиян тауына дейін қамал салдырады. Ғуларға Ян бегі ақ үйлі аманатқа адам жібергеніне қарағанда олар әлсіреп ғулардың боданына айналғанын көруге болады. Ғулардың арасында жүріп олардың қыры мен сырына қанығып қайтқан Чын Кәйдің ақылымен шығыс ғуларды жеңіп солтүстікке ығыстырған. Ал сонан кейін ғұндар деген атау мен аталатын көшпенділер пайда болады. Ян, Жау, Чин – үш мемлекеттің солтүстігіне ғұндар орналасқан болатын. Бұл шамамен эрамыздан бұрынғы 340-295 жылдар аралығында болған оқиға.

Эрамыздан бұрынғы 230-221 жылдары Чин бектігі қалған алты бектікті жойып Қытай тарихындағы тұңғыш бірлікке келген Чин империясын құрды. Чин Шыхуаң сардар Мың тиянді 300 мың жасақпен ғұндарға аттандырады, ол кезде ғұндар әлі күшейе қоймаған еді, олар төтеп бере алмай терістікке шегінеді, олардан бос қалған Ордос аймағына чин патшасы ел көшіреді. Қылмыскерлермен бұрынғы жеті бектіктің тұтқын әскерлерін Қытай қорғанын салу жұмысына шегеді, әсілі бұл бұрыннан бар қорған еді. Чин Шыхуаң Чин, Жау, Ян бектіктерінің қорғанын өзара жалғатып шығады. Қатыгез саясат ұзаққа бармай 207 жылы Чин патшалығы жойылады, ғұндар орайдан пайдаланып Ордостағы құтты қоныстарын қайтарып алады.

– Осы жерде бір заңды сұрақ туындайды. Ғұндар атауының пайда болуы эрамыздан бұрынғы 340-295 жылдар шамасына келеді екен. Олардың күшеюінен бұрынғы болмысы, тұрмыс-тіршілігі туралы деректер не айтады?

– Қытай деректерінде ол туралы: «Мал түліктерінен жылқы, сиыр, қойды көбірек өсіріпті, түйе, есек, қашыр, қүлан, тарпаң сияқты ерекше түліктері де болыпты. Олар судың тұнығын, шөптің шүйгінін қуалай қоныс аударып отырады. Қала, кент үстамайды, тұрақты мекен-жайлары болмайды және егін салмайды.» делінген.

Ғұн тайпалары қыста қазіргі Ордос аймағын қыстаған, тәңірқұттың қысқы ордасыда сонда болған. Себебі ол жер қысы жылы, тұрмысқа қолайлы болған, кейінгі түріктер де Ордос даласын қыстап, жазда Орхон бойларына қарай барып жайлаған. Жаратылыстық ортаның ықпалына байланысты егін салмаған, қала да салмаған. Негізгі тұрмыс көзі төріт түлік мал болған.

Ғұндар мекен еткен Моңғол үстірті мен Ордос аймағының жаратылыстық ортасы біршама сүреңсіз болғандықтан ол ортадағы адамдар шыдамды, қайсар келеді. Киім киінісі де сол ортаға байланысты болған. Қытайларға қарағанда олардың дене сапасы әлде қайда күшті, ірі әрі төзімді.

Ғұндар туралы деректерде: «Әйтсе де үлыс көсемдерінің өз алдына жеке-жеке иеліктері болады. Жазу-сызуы жоқ, сөз байласып тілге тоқтайды. Өспірімдері қойға мініп құс, тышқан атып, садақ тартуды үйренеді, ержете келе түлкі, қоян аулап аужал табады. Жігіт-желеңі шетінен садақ асынып сайлауыт-сарбаз болады. Салт бойынша олар жайшылықта мал бағып, аң аулап күнелтеді, жаугершілік бола қалса, барлық адам соғысқа аттанып жортуылға шығады. Бұл – олардың сүйегіне біткен табиғаты. Олар алыстан садақ тартып, таяғанда қылыш, найза сілтейді. Ұрыс үстінде оңаты келсе өршелене шабуылдап оңтайсызда тайсап кетеді. Қашудан арланбайды. Пайданы көргенде таласа ұмтылады, әдеп-ибаны білмейді. Елбасыларынан тартып қарашаларына дейін ет жеп, теріден киім киеді, тон жамылып, киіз төсенеді. Азаматтары Дәмді-құжырды, кәрі-құртаңдары олардан қалған-қүтқандарды жейді. Мықты азаматтарды әспеттейді, әлжуаз кәрілерді сыйламайды, әке өлсе баласы өгей шешесін, ағайындының бірі өлсе, қалғаны жесірін катындыққа алады. Олардың жосынынша, ат тергелмей, әркімнің өз ныспысы аталады, әулет есімі, лақап ат болмайды.» деп жазады.

– Көшпенді қауым мың жылдар бойы салтын өзгертпеген екен ғой...

– Иә, ғұндардың салт-санасы неше мың жыл жалғасқан көшпенді өзге халықтардан көп парықталмайды, көшпенділерде тұрақты қоныс болмайды, қыста табиғаты жылы оңтүстіктегі өзен алқаптарына, ал жазда салқын терістік жайләуларға шығады. Төрт маусымда ақырын жылжып көшіп отырған. Киіз үйлерде тұрып төрт түлік малды малданған. Деседе малшаруашылығы олардың күн көріс көзінің негізі болғанымен жігіт-желеңдері негізінен соғыс өнеріне машыққан. Жастайынан ат құлағында ойнап, садақ тартып аң аулап ерлігін шыңдаған. Соғыс кезінде ер-азаматтардың барлығы әскер болып жорыққа аттанады да, бейбіт күндері соғыс өнеріне жаттығады. Сол себепті соғыс кезінде өздерінен көп санды жауға төтеп беретін. 2000 жылға жалғасқан көшпенді халықтарды бұл тұрғыдан әскери халықтар деп атаған дұрыс, өйткені әр шаңырақтан дерлік бір азамат жарақты жауынгер ретінде соғысқа қатынасатын, көшпенді халықтың санын әдетті әскер саны арқылы шығаруға болатын. Мысалы ғұндарға кезінде бодан болған Усүн елінде 630 мың халық болып оның 188800-і жарақты жауынгер болған. Бұл тіпті үш адамның бірі дегенге келеді. Ғұндарда ең көп кездері 140 мыңнан аса әскер болғаны туралы нақты дерек бар, ал Хань империясымен болған соғыста 400 мың жасағы болды делінген, оны асыра айтты десек те, шамасы 200 мың айналасында әскері болғаны анық. Далалық соғыс тәсілдері бойынша олардың алыстан садақ, жақыннан найза, онан барып қылыш жұмсауы Моңғол империясы кезіндегі ұрыс тәсілдерімен негізі бірдей. Оларда әр үйде бірден әскер болуының да өзіндік себебі бар, егер олай етпегенде халқы 50-60 млн Хань патшалығымен белдесу мүмкін емес еді. Сонымен қатар ғұндар осындай қуатты қарсыласынан озық тұру үшін жаңа ұрыс тәсілдерін қолданды, атты әскерді негіз еткен. Қытайда жылнама және жауласқан бектіктер заманында толастамаған соғыстардың сұранысы негізінде сан алуан соғыс тәсілдері ойлап табылған, оларды Сүн у деген адам «Сүн зының әскери айлалары» деген кітап етіп жазған. Ғұндар олардан үстем тұру үшін онан да озық ұрыс тәсілдерін ойлап тапты, сондай-ақ оларға төтеп бере алды.

Олардың негізгі азығы төрт түлік малдың еті мен сүті, киімі жүні мен терісінен болды. Кейін ханьдықтарды бодандыққа ұстаған кездері олардан астық алып, нан тағамдарын да тұтынды деуге болады. Ал «жастарға дәмді құжырды беріп, қарттарға қалған-құтқанды береді» деген жаңсақ пікір, кейін ғұндарға ұзатылып барған Жүй Хуаң юе атты әйел оған: «Хань елінің салтында да біреу әскерлікке алынып, шегара қорғауға аттандырылса, жасы ұлғайған ата-анасы мен үлкендер өз нәпсілерін тежеп жылы киім, дәмді-құжырларды соларға бермеуші ме еді?» деп тойтарыс берген. Ал ағасы өлсе жеңгесін алу дәстүрі қазақта күні кешеге дейін жалғасқан. Кейінгі қазақтарда да әулет аты аталмай әкесінің атымен қосарлана аталады.

«Жорықта аспан шырақтарына қарап әрекеттенеді, ай толғанда шабуылға өтіп, ай қорғалағанда шегінеді. Ұрыста жаудың бір адамының басын кесіп әкелсе, бір тостаған шараппен сыйланады, әркімнің жаудан түсірген олжасы өзіне тән болады. Ұстап әкелген тұтқындарды өздері құл қылады. Сондықтан олар соғыс кезінде өз пайдалары үшін ұмтылады. Жауды шырғамен қоршауға түсіруге аса шебер келеді. Жауды көргенде пайда үшін андағайлап құзғынша қаптайды. Сәтсіздікке ұшыраса, бет бетіне кетіп ғайып болады. Соғыста өз адамдарынан өлгендердің сүйегін алып келгенге өлушінің мүкаммалы беріледі.» деген деректен ғұндардың соғыста айдың толғаны мен қорғалағанын ырымдап шабуылға шығатынын көреміз. Жасақтарға бір адамның басын кесіп әкелсе бір тостаған патша шарабымен силанатын болған. Әр жауынгердің соғыстағы олжасы өзіне тән болғандықтан соғыста ғұндар мол пайда табу үшін жан аямай соғысатын болған.

– Ғұндардың империяға айналуы кездейсоқтық емес екені анық. Оған жүйелі ұйымдастыру ісі мен бірлікке келтіруші көшбасшы себеп болған ғой. Деректерде ғұн басшылары мен бірлік-берекесі туралы не айтылады?

– Қытай деректерінде: «Бұл шығыс ғулар күшейін, Нүкiстер гүлденген кез еді. Ғұнның Түмен деген тәңірқұты бар еді, ол Чин әулетінің әскери тегеурініне төтеп бере алмай солтүстікке ығысты, 10 неше жылдан соң Мың Тян өліп бұрынғы бектіктер Чин әулетіне сырт бергендіктен, Түнязы аласапыран жағдайға түсті. Шекара қорғауға жіберілген қылмыстылар топ-тобымен кайтып келді. Осыдан тынысы кеңіген ғұндар Сарыөзеннің оңтүстігін бірте-бірте алып, Кіндік қағанатпен шектесетін араны ежелгі шекараға тіреді.

Түмен тәңiрқұттың Бақтұқ есімді балғасы бар еді. Тәңірқұт одан кейін кіші әтшесінен тағы бір ұл сүйді. Тәпiрқұт Бақтұқты тақ мұрагерлігінен қағып, оның орнын кіші ұлына бастырмақшы болды да, Бақтұқты Нүкіс еліне ақ үйлі аманатқа жіберді. Бақтұқ Нүкiске барған соң, Түмен Нүкiске тұтқиыл шабуыл жасады. Нүкiстер өлтiрмек болғанда Бақтұқ олардың бір жүйрік атын ептеп қолға түсіріп, еліне қашып келді.» делінетін жолдар бар.

Деректерге негізделгенде Түмен тәңірқұттың кезінде ғұндар нүкістерге бағынышты болған. Түмен оларға аманатқа үлкен ұлын жіберген, ол ғана емес шығысындағы шығыс ғулар да ғұндардан күшті еді. Чин мемлекеті күшейіп тұрғанда оның 300 мың әскеріне төтеп бере алмай амалсыз солтүстікке шегінеді де, арада он неше жыл өтіп, Чин елі былықпалыққа түскенде бұрынғы жерлерін қайтарып алады.

Ғұн империясының негізін қалаушы осы Түменнің ұлы Бақтұғ, «冒頓» қытай тілінде «mao dun». Көне қытай тілінде «bou(g) dou(g)», «bau dug» деп оқылады, бұл Боғда дегенге жақын келетін сияқты.

«Ұлының батырлығына көзі жеткен Түмен оған түмен сарбазды басқартты. Бақтұқ ысқырып ұшатын ғажайып оқ жасап сарбаздарын соның сілтеуімен ат үстінен садақ тартуға машықтандырды. Бір күні ол: "Мен ысқырма оқпен нені атсам, сендер де соны ілесе атыңдар, атпағандардың басы кесіледі" деп әмір береді. Салбурынға шыққан бір күні ысқырма оқтың нысанасын көзеп атпаған біреуді табанда өлтіреді. Содан көп өтпей Бақтұқ ысқырма оқпен өзінің тұлпарын атты, қасындағылардан тұлпарды атуға қолы батпағандарды да басын алып өлтірді. Енді бірде Бақтұқ өзінің нақсүйер қатынын атты. Қасындағылар жүрексініп оқ шығара алмады. Бақтұқ оларды да өлтірді. Содан бір қауым уакыт өткен соң, Бақтуғ саятта жүріп ысқырма окпен тәнірқұттың (Түменнің) түлпарын атты. Маңындағылар да ілесе оқ шығарды. Осы кезде Бақтұқ сарбаздарынын жарамды болғанын сезінді. Кейінірек ол әкесі Түмен тәңірқұтпен бірге салбурында жүргенде Түменге қаратып ысқырма оқ атты. Жарандары да онымен тең оқ жаудырып, Түмен тәңірқұтты жайратты. Сосын Бақтұқ өгей шешесін, інісін және өзіне бас имеген бөлүндерді (уәзірлерді) түгел жер жастандырып, өзі тәңірқұт болды.»

Бақтұғ қосынға ие болған соң қатаң әскери тәртіп орнатты, ысқырма жебе сияқты өз заманындағы озық қаруды ойлап тапты. Ораты келген кезде өзін шеттеткен әкесін өлтіріп, бақталастарымен бағынбағандардың басын алып бір тұтас орталыққа бағынған мемлекет құрды. Бақтұғ аса қатал адам еді, олай болу себебі жастайынан аманатқа жіберілгенінен, жау қолындағы қорлық, ауыр өмірден туындаған болса керек, оның өмір жолы «Оғызнама» жырындағы Оғыз қағанға ұқсайды.

«Бақтұғтың әке тағына отыруы шығыс ғулардың танауынан құрты түсіп тұрған кезге тура келді. Олар Бақтұқтың өз әкесін өлтіріп, таққа шыққанын естіді де Түменнің тұлпарын (қанатты атын) қалап Бақтұқка елші жіберді. Бақтұқ бұл туралы кеңескенде бөлүн уәзірлері: "Тұлпар – ғұнның тәбәрік аты. Оны беруге болмайды" деді. Бақтұғ: "Бір қылқұйрықтың көзін қимасак, кайтіп іргелес ел болмақпыз!?",– деді де, тұлпарды шығыс ғуларға бергізді. Бақтұқты өздерінен именді деп білген шығыс ғулар бір мезгілден сон тәнірқұттың бір тоқалын қолқалап тағы да елші салды. Бақтұқ кеңес сұрағанда қаны қайнаған уәзірлер: "Шығыс ғулар әлінен асып, сіздің қатындарыңызға ауыз салған екен. Оларды барып талқандайық!" – деді. Бақтұқ: "Іргесі бір елге бір шөпжелкені де қимағанымыз ба?" – деді де өзінің нақсүйер әтшесін шығыс ғуларға берді. Барған сайын есірген шығыс тулардың ханы батысқа қарай ірге кеңейтпек болды. Шығыс ғулар мен ғұндардың аралығында ұзындығы мың лиден асатын иен жер бар еді. Оның екі жағында олардың "Үтуат" аталатын шекаралық карауылханалары болатын. Шығыс ғулар елші арқылы Бақтұққа: "Fүн мен біздің аралығымыздағы шекаралық Үтуаттың ішіндегі иенге ғұндар ендігәрі аяқ басушы болмасын! Оны біз аламыз" – деді. Бақтұғ бүл туралы бөлүн уәзірлермен кеңескенде, олардың бәзбіреуі: "Ол тегінде иен жатқан жер ғой, берсек те, бермесек те келер-кетері жоқ” – деді. Мұны естіп қатты ашуланған Бақтұқ: “Жер – елдіктің негізі, оны қалайша береміз? ” – деді де, жерді Шығыс ғуларға берейік дегендерді өлтірді. Алмауытына мінген Бақтүғ кімде-кім жорықтан қалса, басы кесіледі деп мұқым елге жарлық түсірді. Содан күншығcықа шеру түзеп, Шығыс ғуларды қапыда басты. Бұған дейін Бақтұқты алымсынбаған Шығыс ғу ханы ешқандай әзiрлiксiз бейғам еді. Қалың қолмен келген Бақтұғ бірден-ақ жайпап, Шығыс ғу ханын өлтірді. Халқын тұтқын Қылып, малдарын олжалады. Бұл жорықтан оралған соң, Бақтұғ батысқа шеру тартып, нүкiстерді қуып салды. Сарыөзендегі Леубан, Бағян хандарын бағындырды. Чин Шихуаң тұсында Мың Тян тартып алған ғұн иеліктерін тұтас қайтарып алып, Сарыөзенінің оңтүстігіндегі ежелгi бекiнiстердi Xань әулетімен арадағы шекара етті де, Чауна, Фушы деген жерлерге дейін ат ізін салды. Іле-шала Ян, Дәй бектіктеріне шабуыл жасады. Бұл кездерде Хань әулетінің қосыны Шяң Юймен жұлқысып жатқан түнязылықтар соғыстан көз ашпай әбден титықтаған болатын. Бақтұқ осы орайда әбден құдіреттеніп 300 мыңнан аса садақкер қол жиып үлгерді.»

Бақтұқ ғұндардың билігіне енді келген кезде ел іргесі әлі орнықпаған еді, Шығыс ғулармен соғысудың сәті туа қоймаған, сондықтан Бақтұғ тәңірқұт Шығыс ғулар тұлпарын, екінші рет ханымын сұрағанда олардың қолын қақпай берді. Бұған қарағанда Шығыс ғулар жалпы қуаты жағынан ғұндардан басым екені байқалады. Ал үшінші жылы жерді сұрап елші жібергенде дайындық біткен, ол елшіні өлтіріп, ғұнның біткен ер азаматы жорыққа шығады да, өздерінен әлде қайда қуатты, бірақ қамсыз, дайындықсыз жатқан ғуларды тас- талқан етіп жеңіп, олардың ханын өлтіріп, қарашасын тұтқын етеді. Өзінен күшті елді жеңіп олардың халқын өзіне қосып алғаннан кейін күш-қуаты артып бұрынғы кұшті жауы нүкістерге шабуыл жасап оларды қуып салады. Олардың да бір бөлігін қосып алғаны даусыз. Онан өзге У, Сүн қатарлы кіші елдерді қосып алады да әскер саны 300 мыңға жетеді. Ендігары оған теңдесе алатын ешкім қалмаған еді.

– Бақтұқтың аты мен тоқалын сұрағанда бере салуын – біріншіден, бұл екеуі тек өзінің жеке иелігіндегі нәрсе болғаны үшін, екіншіден жауды сәл де болса масаттандырып, бойларын босаңсытып қою тәсілі деп білген дұрыс шығар деп ойлаймын. Ал соңғы, жерді бермеуі – бұл әрине тұтас халықтың меншігі, ел мүдесі. Егер өз мүдесі үшін соғысқа бастаса елді қанды-қасапқа салғаны үшін үлкен қолдау ала алмас еді, жеңіліп қалса да масқара болатын еді. Ал ел мүдесі үшін, ортақ мақсат үшін соғысқа бару – ел алдында әрі қаһармандық секілді көрінсе, екінші жағынан елдің бірлігіне оң әсерін беретін еді. Бақтұқ осының бәрін алдын-ала білген данышпан және айлакер адам деп қарар едім.

– Иә, бұл пікірің Бақтұқтың жеке тұлғалық портретін аша түсетін пікір екен. Оның айлалы және қатыгез болуы – жоғарыда атап өткен жастық шағына тікелей қатысты екені анық. Тәңірқұттың ұлы бола тұра жат елде аманатта болып қаншама құқай көрді. Туған әкесінің өзі жат көріп тақтан қаққысы келді, баласы аманатта жатқан елге шабуыл жасау – балам өлсе өле берсін дегендік қой. Әкенің өзінен осындай үлкен құқай көрген бала қатыгез болмай қалмасы анық. Ал ол заманда қатыгездік пен айлакерлік – көшбасшы үшін ең негізгі қажетті мінез екені анық қой.

Сөйткен Бақтұқ іргесін кеңейткен үстіне кеңейте берді де. Деректерде: «Кейініректе Бақтүқ солтүстіктегі ғұнро, қүтша, деңлең, гегүн, сенле сияқты ұлыстарды бағындырды. Сол үшін ғүн ақсүйектері мен ұлықтары Бақтұқ тәңірқұтқа ерек сүйініп, оны білге (кемеңгер) санады.» делінген.

Нүкістерді жеңген соң нүкістер Шүлен таудан батысқа қарай көшіп Тәңір таудың батысы Жетісуға келіп ондағы сақтарға шабуыл жасап сақтарды оңтүстікке қуады. Бір бөлім сақтар бағынып қалады. Онан ілгерілей Моңғол үстірті мен Байқал көлі, Сібір, Енисей , Саян-Алтайдағы ғұнро, қүтша, деңлең, гегүн, сенле сияқты ұлыстарды бағындырады. Бұған дейін сан мәрте қырғын соғыстар болғаны анық, соның бәрінде ғұндар жеңіп шығады.

– Жоғарыда бір деректе ғұндарда жазу-сызу болмағаны туралы айтылды. Ал кейін империяға айналған шақта да жазу-сызусыз өмір сүрді ме, әлде жазуға көңіл бөле бастады ма?

– Қытай деректерінде ғұндардың империяға айналған тұста жазуға ден қоя бастағаны туралы деректер бар. Бір деректе: «Зунуйден Түменге дейінгі мың жылдан аса уақытта ғұндар бірде толықысып, бірде ойсырап бытыраңқы күйде тұрған еді. Арада көп замандар өтіп олардың арғы ата тек шежіресін анықтаудың мүмкіндігі болмаған еді. Бақтұғтың тұсында ғұндар мейлінше дәурендеп, солтүстіктегі күллі бұратаналардың тізгінін қолына алды. Оңтүстікте Кіндік қағанатпен үзеңгі соғыстырды. Содан кейін ғана олардың ата-тек, елдік шежіресін, мансап-мәртебе, лауазымдарын қағазға түсіру мүмкіндігі туды.» деп келтіреді.

Ғұндарда бастабында расында жазу-сызу болмаған, десе де ел іргеленгеннен кейін ата-тек шежіресін жазуға мүмкіндік туған, көршілес Хань елімен де Ғұн тәңірқұты хат алысып тұрған. Бақтұқ яғыни Боғда тәңірқұт кейін Хань патшасының жесір әйеліне хат жазып былай деген: « Мен бетпақ далада туып, малмен бірге өскен бейбақ әміршімін. Елдеріңізге барып саяхаттап көрсем бе деген ниетпен шегараға сан мәрте бардым. Қазір сіз де жалғыз, мен де жалғыз, жабығып жабырқар болсақ патша басымызбен әр екеумізде де медеу тұтар жұбаныш жоқ. Сондықтан сіздің жоғыңыз үшін өзімдегі барды атағым келеді!» – деген мазмұнда хат жазған.

Ғұн тәңірқұттары хань патшалығына жазған хаттарының бәрінде:

«Көк пен жерден жаралған, күн мен ай орналастырған ғұнның ұлы Тәңірқұты патшаға сәлем жолдайды», – деп жазылатын. Олар өздерін Хань патшалығынан жоғары санаған.

 12442.gif 875578.gif

II ғасыр - б.з.д. II ғ. Ғұн-Сянбэй жазуының сипаттамасы(Моңғолия және Ішкі Моңғолия), Н.Ишжамц, «Шығыс Орталық Азиядағы көшпенділер», Орта Азия өркениеттері тарихы. 2-том, 5-сурет, б. 166, ЮНЕСКО баспасы, 1996 ж.

Ноин-Улада 1924-1925 жылдары жүргізілген қазба жұмыстарында Орхон алқабында табылған ескі түркі алфавитінің руна әріптерімен ұқсас немесе ұқсас болатын жиырмадан астам жазуы бар заттар табылды. Осыдан кейбір ғалымдардың пікірінше, ғұндардың еуразиялық пішінге ұқсас жазбасы болған және бұл алфавиттің өзі ежелгі түркі жазуының негізі болды дейді.

Расындада жоғарыдағы жазулар көне түркі жазуларына ұқсайды, ол ғана емес қазақ ру-тайпаларының таңбаларымен ұқсастығы айырықша көзге түседі.

– Ғұндар, әрине, тек тәңірқұттың ғана басқаруымен өмір сүрмегені анық. Ірі ел болған соң өзіндік билік жүйесі, оған қарасты бөліктер, аймақтар немесе рулар болады ғой. Ол елдің заңы мен діни түсінігі секілді де тармақтар бар. Осылар жөнінде не айтуға болады?

– Бұл туралы да Қытай деректерінде жеткілікті деректер бар. «Fұндарда сол білге хан, оң білге хан, сол жанақ хан, оң жанақ хан, сол аба сардар, oң аба сардар, сол аға бас жасауыл, оң аға бас жасауыл, сол даңға, оң даңға, сол құтағо, oң құтағо хандар қойылады. Ғұндар "білгені" (кемеңгері) “дөкей” (тауке) дейді. Сондықтан кейінгі мұрагер ханзада сол қол дөкей хан болып тағайындалады. Сол-oң білге халардан даңаларға дейінгілердің ірілері 10 мың, кішіректері бірнеше мың сарбаз ұстайды да, жалпы 24 ағаман тағайындалып, оларға "түмендік" (немесе "түменбасы") деген ат беріледі. Ұлықтардың мәнсап-лауазымы атадан балаға мирас болып жалғасады. Ғұн тайпаларында Қағяндар, ландер, кейініректегі сүбүктер – қара көктің ұрқы есептеледі. Күншығыс жақта тұратын сол қанат хандар мен сардарлардың иеліктері Шангудын шығыс алабымен тұстас, шығыс шеті yaтғақ, чосондармен шектеседі. Батыс жақта тұратын оң қанат жанақ хандар мен сардарлардың біліктері Шанжуңнің батыс алқабымен тұстас келеді де, нүкіс, дей, қияндармен іргелес отырды. Тәңірқұт ордасы Дойжүн, Южүн аймақтарының өкпе түсында. Олар өзді-өзіне тәуелді иеліктерінде жердің отын, судың тұншымын куалап көшіп-қонып жүреді. Сол білге хан, оң білге хан, сол жанақ хан, оң жанақ хандардың иеліктері бәрiнен үлкен. Сол-оң құтағолар тәңірқұттың әкімшілік істеріне көмектеседі. 24 ағаман қол астындағы мыңбасы (мыңер), жүзбасы (жүзгер), онбасы, кіші хан, бөлүн (уәзір), бас жасауыл, данша, сақа сияқты ұлықтарды өздерi тағайындайды.» дейді Қытай деректері ғұндардың басқару жүйесі туралы.

Ғұндарда тәңірқұттан кейін 10 хан болған, олар көбінде тәңірқұттың туыстары еді. Олардың әр қайысысы 10 мыңдап қол бастаған. Әр қайсының өзіне тән иеліктері болған. Бұл тұрғыдан ғұндар мемлекеті ерте заманғы көшпенділердің феодалдық мемлекеті саналады. Соғыс бола қалғанда барлығы атқа қонады. Ғұн тәңірқұтының ордасы Дайжүннің өкпе тұсы дегеніне қарағанда ол Ғұн тәңірқұтының қыстық ордасы болса керек. Дайжүн Ордосқа жақын орналасқан қала, тәңірқұт ордасы да бұдан онша ұзақта болмаса керек.

Ғұндардың тарихи деректерде бес тайпасының аты аталады, олардың бірі луантек руы, тәңірқұттар осы рудан. Олардан басқа (须卜氏) сүбүк тайпасы, бір ғажабы Ляу патшалығы кезінде сахарадағы ең белді тайпалар одағы Цзубу «阻卜» атанғаны белгілі, оларды да көне қытай тілінде сүбүк деп оқиды. Екі тайпа арасында қандай жалғастық бар, бұл әлі зерттеуді қажет ететін түйін. Тағы чұлұм тайпасы, қағание, лан тайпасы болған. Олардан бөлек ғұндарға бағынған деңлеңдер (шығыс Монғолия, Байқал көлінің шығысын мекендеген), орман ғулары, лоупандар, хұнүктер, Байқал көлінің батысында құтша (бәлкім қыпшақ), кенгүн (Енесей бойында жасаған), хадык (Саян тауының батысында жасаған), у сүн (көне қытайша асуан, Іле-Жетісуды мекендеген) тайпалары болды.

Ғұндар мен сол замандағы өзге көшпенді халықтар тәңір дініне сенді, жер мен көкке сиынды. Ғұн патшасы өзін тәңірдің ұлы деп атады. Әр күні таңертең шығып келе жатқан күнге тағзым етті. Түнде айға сәлем берді, күні бүгінге дейін қазақтар айға бата қылады. Ата-бабаларына, жер мен көкке тасаттық берді. Бұл салт кейінгі тарихтағы көшпенділердің бәрінде кездеседі. Қазақтар да қуаңшылық жылдары тасаттық береді. Ғұндар мен өзге өкшпенділер өлген адамды жерлеген, ал түріктер өртеп, күлін келесі жылы жерлеген. Қидандар далаға тастайтын, теле тайпалары мен моңғолдар да өлікті ғұндар сияқты жерлеген. Сақтар сияқты ғұндар да өлікпен бірге алтын-күміс көмген екен. Бұл сақтар мен ғұндардың тегі, тотемі, салты бірдей дегеннің дұрыс екенін дәлелдейді.

– Салихалы әңгімең үшін рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?