Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта
31
Желтоқсан

Қасым іздеген «Дариға, сол қыз» кім?

2017
Қасым іздеген «Дариға, сол қыз» кім? - e-history.kz

Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз!» деген өлеңі бар. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң жазылған. Бар-жоғы – 6 шумақ. Мұндай лирикалық образдар қазақтың аймаңдай ақындарының біразында кездеседі. Бірақ Қасымның осы өлеңі өзіне дейінгі қазақ поэзиясында болмаған құбылыс деп бағаланған. Қасым Сақыпжамалды сүйді. Ал дариға қыз кім? Дауылпаз ақын неліктен сұрапыл соғыстың, қан майданның ішінде жүріп, «Дариға, сол қызды» іздеді?

Осы алты шумақтан тұратын шығар­масын ақын шартты түрде үш (І,ІІ,ІІІ) бөлімге бөлген. Шағын өлең болса да, асықпай зер салып оқысақ, әр бөлімде соғыстың басы, орта тұсы және соңы классикалық үлгіде суреттеледі. Ал бұл өлеңнің ерекше құрылысы мен сюжеті бізге дейін де талданған. Мәселен, ақын Ертай Ашықбаев: «Бізге дейінгілер де талай мақалаларға өзек еткен «Дариға, сол қыздың» біртіндеп тарқата берерлік осындай жүйелі иірімдері жетерлік. Фор­масы әскери киімдей жинақы, мінсіз, соған орай эмоциялық қуаты да мартен пешінің жалынындай өткір, оған қоса психологиялық дәні де әбден толысқан бұл өлеңнің махаббаттың тозбайтын шежіресінің бір алтын парағы болып қала беретіндігі де сондықтан шығар», деген екен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Қасым іздеген Дариға, ­сол қыз» атты мақаласында.

Ендеше, біздің де Дариға қыз жайлы өз айтарымыз бар.

Алдымен, бұл туынды ақынның өмір­ге құштарлығын, өмірдің мәнін білуге, құпиясын тануға деген жан қалауын байқататынын айтқан жөн. Өйткені «Қайда екен, қайда, Дариға, сол қыз» деп, өзінің білгісі, көргісі келгенін қызға, аруға теңеген болуы ықтимал.

Әдебиеттен хабары бар адамдар не­месе өлеңге жаны жақын жандар: «Қасым соғысқа аттанарда Дариға есімді қыз­ға қатты ғашық болып, онымен тілдесе алмаған. Сондықтан соғыста жүріп сол сұлуды аңсайды. Елге аман қайтып, соны көргісі келеді. Өз қызының есімін Дариға деп қоюы да осы жағдаймен байланысты» деген болжамдар айтады. Жалпы, бұл өлең хақында түрлі пайым бар. Осы­дан-ақ, Қасымның ақындық ­қуа­тын, поэзиясының тереңдігін, тағ­­ды­ры­ның өте күрделі екендігін көреміз. ­Енді, біз­дің болжамға оралайық. Соны­мен, Қасым «дариға қыз» деп кімді із­деді? Пайымдауымызша, бұл сұраққа жа­уап­ты ақынның басқа шығармалары­нан қарастыру керек секілді. Бұл, әрине, жеке пікіріміз.

Енді қараңыз. Қасым туған жерінен жас кезінде кетіп, қайтып келмеген. Яғни туған жерге деген сағыныш оның жүрегінің түкпірінде қайнап жатты деген сөз. Еңсесін тіктеп, енді Қарқаралысына келмекші болып жүргенде, соғысқа аттанады. Кез келген адамда «соғыстан қайтпай қалуым мүмкін» деген үрей болары сөзсіз. Осындай туған жеріне, даласына деген үлкен сағыныштан «Дариға, сол қыз» өлеңі туған болуы мүмкін.

Неге десеңіз, Қасымның «Туған жер» атты өлеңінде «Уа, дариға, алтын бесік туған жер!» деп егіле жырлайды. Міне, оның кіндік қаны тамған топырағына сағынышы қандай болған. Яғни сұрапыл соғыста жүрген әр тірі жан иесі туған жерін, даласын аңсары анық.

Ал Қасым өзінің бар жанымен құр­мет тұтқан түсінігін «Дариға» деп қастер­леген. Солай атаған. Оны жоғарыда айт­қан «Туған жер» өлеңінде ақын өзі бізге емеурін етіп тұрғандай. Мұндай шы­ғармашылық құпиясына сөз арасын­да аздап бағыт-бағдар беру хакім Абайда да кездеседі. Демек Қасым соғыста жүріп, қазақтың даласын, туған, өскен жерін аңсады. Оның сұлулығын, көркемдігін Дариға сұлуға теңеді. Сол қазақтың байтақ та асқақ даласында бұлғақтап өскен, өне бойына жусан иісі сіңген қазақтың дариға сұлуларының теңіздей тұңғиық жанарына көшкен Отан-Анасының, жусан аңқыған дариға мекенінің келбетін көргісі келген болуы мүмкін.

Кім сұрапыл соғыста жүріп, қыз жайлы ойлар дейсіз. Туған жерімді, ауылымды, Отанымды ойлар едім. Өйткені, соғысқа әр солдат сол Отан-Анасын, ел іргесін қорғау үшін барады емес пе?

Ал егер туған даласын сағынғанын Дариға қызға теңеп, жұмбақтамай, тіке­лей жазғанында мұндай жаңа фор­мадағы өлең қазақ поэзиясында құбылыс болмас еді. Өйткені туған жерін, Отанын жырламайтын ақын жоқ. Оны Қасым­ша Дариға қызға теңеп, астарлап жазу екі­нің бірінің қолынан келмейді. Бұл өлеңнің табиғатын Бекен Ыбырайым: «Дариға, сол қыз!» өлеңі ырғағымен, заман шындығын, лири­­калық кейіпкер­дің тебіренісін бейнелеу ерек­шелігімен сол кезеңде айрықша жаңалық ретін­де сүйсіндірді. Әр тармағы он буыннан тұратын өлең ол тұста өте сирек ұшы­расатын.

Бұл ырғақтың тамыры сонау ерте дәуірдегі эпоста, жыраулар поэзиясында жатқанымен, 20-жылдардағы өлеңдер­де ішінара ұшырасқанымен, Қасымға дейінгі және бертінгі қазақ поэзиясында бәлендей кеңінен қолданыла қойылған жоқ», деп дөп басқан екен.

Оның үстіне хас сұлуға, аймаңдай қызға теңеп жазған өлең оқырманның қызығушылығын оятып, қашан да елдің назарында, жастардың аузында болары анық. Сондай құпиялылығымен де, бұл классикалық туынды әлі күнге дейін жан-жақты жазылып, зерделеніп келеді.

Оған қоса, бұл өлең әрі ән түрінде орын­далады. Алты шумақтан тұрса да, басы-аяғы бар, тұтас бір дәуірдің шын­дығын көтерген астары терең туынды.

Тәкен Әлімқұлов: «Терең сезім, мен­менсіз іңкәрлік, шалқыған арман оның «Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!» деп келетін әйгілі өлеңіне ұласады. Сө­зіне әні сай, әніне сөзі сай осынау махаб­бат гимні – әсершіл ақын жанының жаң­ғы­рығы. Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да» атты өлеңімен, оған Сыдық Мұхамеджанов жазған ән­мен қапталдасарлық бұл шығарма Қасым лири­касының да, музыкасының да шы­ңына жатады» деп баға берген. Бұл аталған өлеңнің қатардағы шығарма емес­тігіне дәлел.

Ал біздің айтпағымыз – осы. Көзіміз­­ге осылай көрінді, көңілімізге осылай жет­ті Қасымның Дариғасы. Танымымыз­да Қасым жалындата жырлап, әлемді шарлап іздеген «Дариға сол қызы» – туған жері, байтақ Отаны. Ол, ең болмаса, қа­зақтың бір Дариға сұлуын кездестіріп, соның жәудір көзіне сіңген байтақ дала­сының суретін көргісі келді.

Сонымен қатар бұл өлең Қасым өмір­­ден өткен соң да, өз миссиясын ат­­қаруын тоқтатқан жоқ. Өйт­кені Қасым туған жерін соғыстан аман кел­се де, көре алмады. Бұйырмады. Демек бұл туынды Қасымның қатал тағ­дырының бір белгісіндей. Қасым өмір­ден өтсе де, оның домбырасында шер­­тілмей қалған сол бір күйі шарқ ұра «Дариға, сол қыз» деп, егіле сарнап, ту­ған ­жерін, Қарқаралысын, Дариға ­даласын іздейтіндей…

Жәлел ШАЛҚАР

www.egemen.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?