Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шетелдегі қазақтар Тұңғыш Президент күнімен құттықтады

2180
Шетелдегі қазақтар Тұңғыш Президент күнімен құттықтады - e-history.kz
Тұңғыш Президент күні қарсаңында барша қазақстандықтарды құттықтап, ақ жарма тілектерін білдірген шетелдегі қазақ қандастарымыздың лебіздерін ұсынамыз

Әбдіуақап Қара, ғалым, жазушы, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан атындағы Ыстамбұл университетінің профессоры (Түркия): 

Шеттегі қазақтар Қазақстан еліміздің жеткен орасан зор жетістіктеріне қуанамыз және мақтанамыз. Әсіресе Түркия еліндегі қандастардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына оң көзқарас танытатыны анық. Өйткені әлемде өз қандастарын іздеп жатқан елдердің ішінде Қазақстан алдыңғы орында. Қазақтай бір-біріне бауырмал ел жоқ. Қазақстан мен Түркия – баяғыдан бір-біріне жақын, түбі бір туыс ел. Ең алғаш Қазақстан тәуелсіздігін алған уақытта Түркия елі мойындады. Содан бері 24 жылдай уақыт өтсе де, екі ел әлемдік тарих сахнасында абыройлы, беделі жоғары мемлекеттерге айналды. Осы орайда 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күніне орай біз бүкіл Қазақстан халқын және бүкіл дүние жүзі қазақтарын аталған мерекемен құттықтаймыз. Біз Қазақстан сияқты еліміздің бар екені үшін бір мақтансақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сынды көреген Президентіміз бар деп екі мақтанамыз. Соған шүкіршілік етеміз. Елбасымызға құдай тағала ұзақ өмір берсін. Елбасының көреген саясатының арқасында жүзеге асқан «Мәңгілік Ел» идеясы іске асып, Қазақстан дамыған мемлекеттердің шынынан көріне берсін. 

Хабай Өнерханұлы, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының Өлгий сұмын әкімі, қала мэрі (Моңғолия):

Мемлекеттік мереке – ҚР Тұңғыш Президенті күнімен шынайы құттықтауымды білдіремін. Жаңа өркендеген, тәуелсіз жас мемлекеттің іргетасын қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қауымдастық алдында беделі мойындалған, көшбасшы екені анық. Сіздің әркез ғаламдық бастамалардың бастаушысы, әрбір қазақтың кемел істеріне қолдаушысы екеніңізді білеміз. Сіздің басшылығыңызбен атамекен, отанымыз Қазақстан ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформаларды жүзеге асырып, заманауи әрі демократиялық мемлекетке айналды. Бұл – сіздің орасан зор жетістігіңіз. Шеттегі әрбір қазақ бұл сындарлы саясатыңыз бен сарабдал бастамаларыңызды біліп отырады. Сізге және халқыңызға денсаулық, мол бақыт, бейбіт өмір және амандық тілеймін! Қазақ елі одан әрі өркендеп, «Мәңгілік Елдің» бақ-дәулет ырысы шалқыған, табысы мол елге айналсын! 


Әкпәр Мәжитұлы, ҚХР-ның әдебиет саласы бойынша Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, Қытай саяси Мәжілісінің депутаты (Қытай):

Міне, Қазақстанда Тұңғыш Президент күні келе жатыр. Мен осы қарсанда Астанада болғаныма қуаныштамын. Қазақстан тәуелсіздігін алғанына бұйырса 25 жыл толғалы отыр. Содан бері Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның елағасы болып келеді. Қазақстан қазір жалпы әлемге мәлім, қуатты елге айналды. Тәуелсіздік алғалы бері бейбітшілік, ел аман, жұрт тыныш. Бүгінгі кезеңде дүние дүрбелеңге толы. Қырғын болған жерде қырғын. Құлдыраған жерде құлдырау болып жатыр. Бірақ Қазақстан олай емес. Осы Орта Азияның өзінде Қазақстан орнықты бейбіт елге айналып, экономикасы дамып келе жатыр. Халықтың көңіл-күйі шат-шадыман. Тұрмысы бай-қуатты. Бұл, әрине, ең алдымен қазақ еліндегі барлық тілеулес ағайындардың ынтымағы болса, екіншіден, көреген Елбасының арқасы. Ең бастысы көшті дұрыс бастап келе жатқан бір адам бар болса, ол – Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан да барша қазақстандықтарды келе жатқан Президент күнімен құттықтаймын. Елбасына мықты денсаулық, елге бақыт тілейміз. Бозторғай жұмытрқалаған заман болып, «Мәңгілік Елдің» біріне айналсын!


Жанарбек Ақыби, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, альпинист, Қазақ хандығының 550 жылдық құрметіне орай «550 тауға шығу» жобасының авторы, блогер (Моңғолия):  

Моңғол еліндегі қазақтар тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдап, ел басқарған алғашқы жылдардан Атамекенге көшіп келе бастаған еді. Қазақстан – Еуразия кіндігінде орналасқан, әлемге әйгілі, экономикасы қарыштап дамыған ел. Оны, әрине, шетте жүрсек те, күнделікті жаңалықтардан естіп біліп отырамыз. Елордасы Астана қаласында өтіп жатқан түрлі Халықаралық іс-шаралар, конференциялар, экономикалық саммиттер, форумдар – соның айғақ дәлелі. Осылардың барлығы айналып келгенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты мен сарабдал істерінің арқасында деп білеміз. Қазақстан еліне тыныштықты сақтай отырып, өркенге ұмтылуы ешбір елмен дау-жанжалы жоқ, әр қадам сайын «Қазақ елі» деген асқақ үн әлемді жаңғырта бастауы – тұңғыш президенттің әлемдік тұлғалық саясатының жемісі. Осы орайда Тұңғыш Президент күнін атап өту – елдіктің ірге тасының бекемдігі  мен ел бірлігінің тыныштық кепілі болмақ.  

Әзірлеген Алтынбек Құмырзақұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?