Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Елін танытқан Елбасы» фотокөрмесі ашылды

1575
«Елін танытқан Елбасы» фотокөрмесі ашылды - e-history.kz
Тұңғыш Президент күніне арналған «Елін танытқан - Елбасы» атты фотокөрме ашылды. Көрмеге Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өмірбаяны мен өмір жолы туралы сыр шертетін құнды фотосуреттер қойылды

Кеше ҚР Ұлттық музейінде 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күніне арналған «Елін танытқан -Елбасы» атты фотокөрме ашылды. Президент күніне арналған мәдени шараның барысында тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бүгінге дейін еліміздің тұрақты дамуына негіз болып келе жатқан Мемлекет басшысының саясаты мен идеясының айналасына қоғамды топтастырғандығының айғағын көрсететін фотосуреттер қойылған. Көрмеге шамамен 50-ден аса фотосурет ұсынылды.

 Көрмені ҚР Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай ашып: «Сіздерді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналған "Елін танытқан - Елбасы" атты фотокөрменің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!»,-деп лебізін арнай кетті. 

a82fdb53618f054a0c9ee054bf40fc9a.jpg

«Біздің көршіміз - Өзбекстан елінің Президенті Ислам Кәрімов Нұрсұлтан Назарбаев туралы: "Өмірде жылдар өте, ақыл жинап, данаға айналатын адамдар бар. Ал, менің ойымша, Нұрсұлтан Әбішұлына Алла бала кезінен ерекше, ақыл берген", - деп жазады. Ал Түркияның бұрынғы Президенті Абдулла Гүл "Біз Қазақстан Президентін Түркі әлемінің көшбасшысы деп санаймыз" дегені тағы бар. АҚШ Президенті: "Н.Назарбаев - ядролық қауіпсіздік мәселесінде теңесуге ұмтылуға тұратын көшбасшылардың бірі. Вашингтондағы Саммит онсыз өтпес еді",-деген екен. Менің ойымша, әлем елдері басшыларының осындай пікір білдіруі - Қазақстан халқына берілген зор баға. Осы фотокөрмеге келген адамдар тек Қазақстан тарихын танып қана қоймай, тәуелсіз Қазақстанның тарихын құрметтеуді, бағалауды үйренеді деп ойлаймын. Сондықтан, көрмеге қош келдіңіздер!»,-деді Д. Мыңбай. 

Сондай-ақ көрмеде Ұлт көшбасшысының өмірбаяны мен шығармашылық жолы, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың көпұлтты, көпконфессиялы, тәуелсіз, демократиялық Қазақстанның қалыптасуы мен тұтастығын сақтаудағы рөлі, Қазақстанның сыртқы, ішкі саясаттағы жетістіктері сонымен қатар Мемлекет басшысының басқаруымен республикамыздың сан-салалы, көпқырлы дамуы көрсетілді. 

6c67f09f892ef60cf9d370fbfc6cb57a.jpg

Көрменің ашылуына қатысқан қоғам қайраткері Ғарифолла Есім жуырда ғана өткен Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткенімізде еске ала отыра, Қазақстанның тұңғыш президент сайлауын еске алды: «Біз жуырда ғана Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын атап өттік. 550 жыл ішінде бізді талай басшылар басқарды. Сіздер білесіздер, хандық билік мұрагерлік арқылы жалғасып келді. Ал Кеңестер одағы тұсында бізді басқарушылар Мәскеу арқылы шешіліп отырды. Ал біз тарихта бірінші рет 1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстанның тұңғыш президентін сайладық. Халық өз президентін, аңсап келгені соншалық, 98 пайыз дауыс берді. Біздің Тәуелсіздік тарихымыз осы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президентті сайлаудан басталады», - деді жиында қоғам қайраткері Ғарифолла Есім.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?