Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта
31
Желтоқсан

Қазақ даласындағы шоқындыру мәселесі

3002
Қазақ даласындағы шоқындыру мәселесі - e-history.kz

Өткен ХІХ ғасырдың басында патшалық Ресей миссионерлері Сібір халықтары мен Қырым өлкесіндегі түркі-қыпшақтарды тайлы-тұяғына дейін шоқындырып біткен соң, қазақтарға ауыз салды. 1862 жылдан бастап ресми түрде қазақ халқын шоқындыру, сол арқылы біртіндеп орыстандыру саясатын ашық жүргізуді қолға алды. Өйткені, патша үкіметінің қазақ даласын отарлау саясатының басты бағыттарының бірі – жергілікті халықты христиан дініне тарту еді. Осы арқылы қазақ халқын толық орыстандырып, дінінен, тілінен айыру – кезек күттірмейтін міндет еді.

Бұл саясатты патша үкіметінің шенеуніктері – қазақ даласына толық иелік етіп, өздерінің отарлау мақсаттарын түбегейлі орындау үшін жанталаса жүргізді. Қазақтарды христиан дініне тартуда, үгіттеу, насихаттау, елді-мекендерге шіркеу, христиан діні мектептерін салуда, әсіресе, миссионерлік ұйымдар үлкен жұмыстар атқарады. Аталған істің барысы мемлекеттік ұйымдар тарапынан бақылауға алынып, оған нақты көмек пен бағыт берілді. Осы жоспар бойынша: «...істі жолға қойып, миссионерлер жіберуіміз керек, олар қазақтарға ұстанған дінінің дұрыс емес екенін, Иса пайғамбардың діні дұрыс екенін, сонымен қатар, патша ағзам қандай дін ұстанса, оның құзырындағы бұқара да сол дінге кіруі керек екендігін, дәлелдеуге тиіс» делінген.

Негізінен қазақтарды шоқындыру жоспары іс жүзінде 1868 жылдан басталып, 1892, 1898, 1902 жылдары кезең-кезеңімен іске асыратын бағдарлама жасалды. Аталмыш құжатта: «Бұратаналарға бұдан кейін өмір сүретін жол қалмауы керек. Жер бөлісі барысында олардың біразы көрге кіреді, екінші тобы христиан дінін қабылдап, орысқа айналады, көнбегендері тұқымы қалмай құриды...», деп атап көрсеткен. Бұл істі атқару Николай Иванович Ильминский бастаған миссионерлерге жүктелді және бұл адамға Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы В.В.Григорьев орыс әліпбиін қолдану арқылы қазақша оқулық дайындауды тапсырады. Бұл кісі қазақтарды шоқындыру жұмысын жүйелі жүргізу үшін 1872 жылы Қазан қаласынан Орынборға ауыстырылып, Қазандағы руханият академиясының жанынан «Мұсылмандарға қарсы күрес бөлімін» ашып, оны өзі басқарды.

Сөйтіп, қазақ даласында шоқындыру арқылы отарлау ісін жүргізуді жүйелі түрде іске асыру мақсатында, 1868 жылы ереже қабылданып, келесі 1869 жылы Мәскеуде миссионерлер қоғамы ұйымдастырылады. Олар бодан ұлттарды орыстандырып, шоқындырудың нақты іс жоспарын талқылап, жүзеге асыруды ұсынды.

Жоғарыдағы ереженің «Қазақтардың құқы» және «Қазақтардың діни істерін басқару» туралы бөлімнің баптарында қазақтарды шоқындыру бағыты анық көрініс берген. Атап айтқанда:

251. Қазақтар дін ісі бойынша Орынбордағы дін ислам мүфтиятына қарайды.

252. Қазақтардың жергілікті жердегі діни істерін тағайындалған молда жүргізеді, ол азаматтық басқармаға, сол арқылы Ішкі істер министрлігіне бағынады.

253. Қазақтардың арасында бір болысқа бір молда бекітіледі.

255. Молданың сайланғаны туралы ақпаратты уезд бастығына жолдайды, ол мұны бекіту үшін облыстық басқармаға жібереді.

256. Молдалар облыстық басқарма мен әскери губернатордың шешімімен бекітіледі не босатылады.

258. Мешіттер тек қана генерал-губернатордың рұқсатымен салынады.

259. Мешіттің жанынан жергілікті балаларды оқыту үшін мектеп ашуға молда міндетті түрде уезд бастығының рұқсатын алуы керек.

247. Христиан дінін қабылдаған қазақтар өзінің ауылында тұра береді немесе қырдағы орыс тұрғындарының арасына көшіп келуіне де болады, ол орыстарға тиісті құқықтың бәрін пайдалана алады.

248. Христиан дінін қабылдаған қазақтар үкіметтің рұқсатынсыз-ақ қалаға немесе селолық жерге емін-еркін орналаса алады...

Қазақ халқының этникалық-рухани белгісін мүлдем жойып, шоқындыру арқылы асссимиляцияға түсіру жолына да бағытталған шаралар бұнымен тоқтап қалған жоқ, ары қарай ыждағатты түрде жүріп жатты.

photo_57732.jpg

Атап айтқанда, 1912 жылдың 5 және 26 сәуірінде болған қасиетті синод кеңесінде мынадай қаулы қабылданады: «Қазақтарға отырықшылық нормамен жер бергенде орысқа қазақты көрші қондырсын! Екі көрші қатынасында орыстардың саны басым болсын! Орыс саны кем дегенде екі есе артық болсын! Сол кезде ысходта (жиында) қандай мәселе қаралса, орыс дауысы басым болады. Сонда қазақ православиеге сіңіп тез шоқынады», делінген (Өмірзақ Озғанбай. «Рух күрескері», Алматы, Нұрлы Әлем, 2010 ж. 47-б). Мұндағы басты бағыт – қоныстанушылар арқылы күштеп шоқындыру еді.

Қазақтарды шоқындырудан бұрын ислам дініне көптеген шектеулер қойылды. Алда-жалда балаларын өз бетінше мұсылманша оқытқан қазақтарға бірінші жолы 10 сом, екінші жолы 30 сом айып салып, үшінші жолы 5-15 тәулік мөлшерінде түрмеге отырғызу туралы үкімі шықты.

Осылай қазақ жерінде мұсылманшылққа қарсы жаппай қуғындаудың ресейлік нұсқасы пайда болды. Ол кезде ұждан бостандығына, діни сенімге жасалған қиянатқа қарсы тұрғандар жазаланып отырды. Мысалы, 1872 жылы қазақ даласындағы дін ахуалын Орынбор муфтилігінен алу ісіне қарсы тұрған Орда қазағы, кезінде Түркиядан діни білім алған Әбсәттар Жәбіров елден аластатылып, Түркияға қуылды.

Сөйтіп ХХ ғасырдың басында патшалық Ресейдің қазақтарды шоқындыру саясаты мемлекеттік құпия болудан қалды. Миссионерлер әрекеті ашық майданға шықты. Ресейлік үкімет басына қандай жүйе келмесін, олар ешқашанда шоқындырудан бас тартып көрген жоқ. Ресей мемлекеті мен ресейліктердің көзқарасы таза православиелік танымда ғана емес, православиелік-орысшылдық бағытта қалыптасты. Кей тұстарда православиелік саясат ұлтшылдықпен астасып, ерекше бір «орыс әлемін» жасады.

Отарлаушылардың бұлайша ислам дініне айырықша шүйлігуіне басты себеп: мұсылманшылық қазақ арасында – ұлттық мәдениеттің, тарихтың, әлеуметтік құрылымының маңызды қыры ретінде қалыптасқан. Шындығында, ортақ ұлттық мәдени және рухани мұрадан дінді бөліп алу мүмкін емес. Социализмнің дін мен мәдениетті ажырата алмауы осыдан. Дінінен айырылған халық ұлттық қасиетінен де айырылады. Ұлт болып ұюдың негізі – дінде. Халық санасына ұлттық идея дінмен бірге енгеннен кейін тәуелсіздікке деген арманнан ешқандай отаршылық айныта алмайды, себебі, онда құдайдың құдіреті жатыр (Аманкелді Айталы: Ұлттану «Арыс» баспасы, Алматы – 2000. 145-б).

Ғалым Т.Құдакелдіұлы «Күйесің, жүрек... сүйесің...» атты зерттеу еңбегінде, қазақ даласына жүргізілген шоқындыру ісін жан-жақты зерделей отырып, отарлаушылар қолданған мына бір мәліметті айтады: «...қазақтардың атынан бізге шоқындырушы, уағызшы қажет деген арыз ұйымдастыру керек. Бұл міндетті орындауға жіберілген адам (уағызшы) қазақтардың барлық талаптарын орындауға, көмектесуге міндетті, оларды өзімен бірге ертіп жүріп бойын үйретсін, өзіне қол беріп амандасқан қазақтарға сый-сияпат көрсетсін. Христиан дініне үйір қыла берсін, сөйте жүріп, «қазақтардың дініне ешкім де қысым көрсетпейді» деген пікір таратсын. Олардың уағызға келуі және тыңдауы өздеріне пайдалы шындықпен өмір сүруге көмектеседі деп сендірсін...», дейді.

Оқи отырыңыз: «Қазақия қалай отарланды?» кітабы жарық көрді

Осы орайда, айта кетерлік ерекше оқиға патша ағзамның тікелей жарлығымен Түркістан өлкесіндегі мұсылмандарды шоқындыруға арналған архиерей кафедрасы құрылып, оның орталығы Верный (Алматы) қаласына орын тепті. 1901 жылы Алматыда миссионерлік епархиальдік мекеме ұйымдастырылды. Алматыдағы кафедралық соборда қазақтарды салтанатты түрде шоқындыру рәсімі өткізілетін болып жоспарланды. Шоқынудан бас тартқандарды жазалайтын «крест жорығының» әскери-жазалау шаралары да күні бұрын қарастырылып, қаражаты бөлініп, жасақтары дайындалып қойды.

Осылай патша үкіметінің қазақтарды әскери күш қолдану арқылы шоқындыру жоспары 1902-1916 жылдардың арасында жүзеге асырылуы тиіс еді. Бағынбағандарды қырып салу үшін Түркістан уәлаятында жазалаушы әскерлер сақадай-сай дайын тұрған.

Келесі бір құжатта: «Қазақтардың бетін бұрып алған соң басқаша ұсыныс жасау керек. Бұның барлығын қазақтардың өзі сұрап жасаттырып еді, ол үшін миллиондаған сом ақша кетті, қазақтардың өзі уағызшы сұрап еді, ол да қанағаттандырылды, соның бәріне қарамастан қазақтар үкіметті алдады, жедел шоқынудан бас тартуда, сол үшін олар жазаға тартылуы тиіс.., деген мәтінде жарлық жасалсын. Қазақтарды жазаға тарту туралы мәртебелі ағзамнан пәрмен сұралсын. Пәрмен берілгеннен кейін қазақтарды жазалау үшін әскер жабдықталады және олар кресті алға ұстап жорыққа аттанады. Қазақтардың бәрін де шоқындыруға және православие дініне кіргізуге мәжбүр етеді. Ал бұл талапты өз еркімен орындамағандарды қырып салу керек», деп кесімді үкім шығарылып қойған.

Ресейдің жоғарыдағы жауыз пиғылын 1905 жылғы орыс-жапон соғысы, 1914 жылғы I дүниежүзілік соғыс, 1917 жылы жеңіске жеткен Қазан төңкерісі жүзеге асыртпай тастады. Әйтпегенде, қазақтар бүгінгі Сібір халықтарының кебін кию әбден мүмкін еді. Қазақты шоқынып кетуден құтқарған Кеңес үкіметі оның ақысына сан ғасыр ұстанып келе жатқан ислам дінінен аластатты.

Бекен Қайратұлы, тарихшы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?