Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қазақ» газетінің рухани орыны

3139
«Қазақ» газетінің рухани орыны - e-history.kz

1913 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақ» газетінің басты бағыты ағартушылық мәселесі еді. Өнер, білім жағынан қалың қазаққа айырықша бас-көз болды. Мысалы «Оқу жайы», «Қазақша оқу жайы» атты мақалалар оқудың мән жайын, маңызын, әсіресе, «Қазақтың шаруасына, бір жақтан надандықтан кемшілік келген де, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдігінен, теңдігіне қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат істеп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қол жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгіл өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызда бір жұрт екенімізді білдірер едік» – десе, «Орысша оқу – орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, қазақша оқып, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу керек» – дейді.

Газет 1913 жылы жарияланған материалдарында оқудың мән жайын көпке түсіндіруге тырысса, 1914 жылғы «Бастауыш мектеп» (№61), «Мектеп керектері» (№62), «Оқу мезгілі» сияқты мақалаларында мектеп, медресе жайларын нақты көрсетіп мұқтаждарын айтады.

Жалпы, 265 нөмірі жарық көрген газет «Қазақ» деген ұғымды білдіреді деп рәміздік бейне ретінде киіз үйді ұсынған. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. «Аталмыш газеттің бас таңбасында киіз үйдің суреті тұр. Ал ол киіз үйдің түндігі Европа жағынан ашылған. Мұның да өзіндік себебі бар: қазақ халқына Еуропадан батыс жұртының білім-ғылымы қазақ даласына тарасын деген ниет болды», - дейді алаштанушы Болат Мүрсәлім. Оның айтуынша, «Қазақ» газеті екі бағытты ұстанған: біріншісі – таза әдеби тіл нормасы болса, екіншісі – батыстық өркениетке қарай ұмтылған. Алаш зиялыларының бәріне бірдей ортақ мақсаты – қазақтың ұлттық мемлекеттігін қайта көтеру, халықтың санасын оятып, жастарды оқу-білімге, сауаттылықта бейімдеу болды. «Қазақ» газеті мен оның құрылтайшылары алдарына қойылған мақсатқа қантөгіссіз күрес жолымен жетуге ұмтылды. «Қазақ» газетінің №4 санында 1913 жылы 1 наурызда жарық көрген Есенғали Қасаболатовтың «Қазақ жастарына» атты мақаласында: «Басқа жұрттардың жастарына қарасақ, бәрі де өнерпаз болып, түрлі-түрлі пайдалы істер істеп, заманның төріне қарай бірінен-бірі қалмай, білімін асыруға тырысып жатыр. Жұртта білім болса, байлық, құрмет, барша рахат та табылмақшы. Егерде білім, өнер жоқ болса, дүниедегі кеңшіліктің бәрінен де құр қалып, көрінгенге жем болып, шөліркеп, азып-тозып бітпекші. «Баста ақыл жоқ болса, аяққа күш түседі» дегеннің мағынасы осы. Ақсақ қойдай артқа қалған халықты қатарға кіргізетін, заманның амалына түсініп, жол көргізетін жаңа талап, талпынған әр жігіт, жастар болса керек еді. Бірақ қазақтың оқып шыққан мырзалары ондай амалды талап етіп ілгері ұмтылғандары бек аз көрінеді», - деп жазып, жастарды халық игілігі үшін еңбек етуге, өнер-білім үйренуге шақырады.

«Қазақ» газеті өз беттерінде халық ағарту, кітап шығару мәселелеріне басымдық берді. XIX ғасырдың екінші жартысындағы ұлы ағартушылардың дәстүрлерінде тәрбиеленген қазақ демократияшыл зиялылары Шығыс пен Батыс ағартушыларының тәжірибесін жинақтап, тұтас доктрина жасады. Мысалы, И. Гаспринскийдің жаңа әдіспен оқыту туралы идеясының өзін қабылдай отырып, олар оны түрік-татар үстемдігі идеологиясынан, оқуды дінмен қосудан тазартты. Егер И. Гаспринскийдің ізбасарлары жаңа әдіспен дауыстап оқытудан татар мәдениеті мен жазуының үстемдігін тануға қарай жүрсе, қазақ демократтары Абай, Шоқан және Ыбырай ағартушылығынан отаршылдық режимді тежеу арқылы қазақ мемлекеттігін қайта туғызу идеясына бет алды. Бұл эволюцияда А. Байтұрсыновтың ғылыми-педагогикалық ізденістері ерекше рөл атқарды. Соның арқасында ұлт қазақ әліпбиін алды, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, сөз өнері теориясы мен мәдениет тарихы дамытылды. «Осы тынымсыз еңбегімен,-деп жазды XX ғасырдағы ұлы ойшылдың 50 жасқа толған күнінде М. Дулатов, -А.Байтұрсынов қазақтың сөз өнерін жоғары сатыға көтеріп, ұлттық мектеп пен туған әдебиет үшін берік іргетас қалады».

«Қазақ» газеті беттеріндегі жарияланымдардың едәуір бөлігі тіл мен әдебиет, этнография, мәдениет пен тәрбие, педагогика мәселелерін сол кездегі кеңістікке бейімдей отырып, халық санасын жетілдіруге арнады. Газет өзінің нысаналы жарияланымдары арқылы ұлттың тарихи санасын қалаптастырды. Абай сияқты аса көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметі үлгісімен ұлттық мақтанышқа тәрбиелеу міндеттерін белгіледі. Абай даналығы деңгейіне көтерілуге, өз халқының қамын ойластыруға, оның дәстүрлерінен, гуманистік принциптерінен таймауға шақырды. Газет демократиялық, тәуелсіз мемлекет орнату үшін бірінші кезекте ана тілі мен әдебиетін білу, кәсіби ұлттық экономиканың бай болуы қажет екенін дәлелдеді. А. Байтұрсынов былай деп батыл атап айтты: «Басқалардан қалып қоймау үшін біз сауатты, бай және күшті болуға тиіспіз. Сауатты болу үшін оқу керек. Бай болу үшін кәсібилік керек. Мығым болу үшін бірлік керек. Осы бағытта жұмыс істеу керек». Газетке қатысып тұрған бүкіл авторлар ұжымының А. Байтұрсынов бағдарламасына толық қосылғанын атап өткен жөн. Бұл гезеттің жарық көруіне күллі қазақ интеллигенциясы, атап айтар болсақ, жазушылар, заңгерлер, дәрігерлер, мұғалімдер және барлық оқушы жастар оған жаппай белсенді түрде қатысты. Олардың әрқайсысы өз мамандығы бойынша қазақ халқының өмірлік мәселелерін жария етті... «Қазақ» газетінің жыл сайынғы қызметі өте ауқымды: халық ғылымның, өнер мен техниканың әр түрлі салаларынан теориялық мәліметтер алып қана қоймай, сонымен қатар көптеген жерлерде осы газеттің бастамасы бойынша бұрыннан келе жатқан армандар жүзеге асырылды. Айталық ұлттық мектептер ашылды, стипендиялар тағайындалды, шағын кредиттік серіктестіктер пайда болды, қоғамдық әртүрлі мәселелер бойынша ой жарыстары белең алды.

«Қазақ» газеті өзі өмір сүрген жылдары аз уақыт болса да, алдына қойған мақсатын толыққанды орындай білген басылым болды. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де күні бүгінге дейін өз құндылығын жоймаған материалдарды біз сарғайған газет  парағынан анық аңғарып отырмыз.

Тумарбекова Асыл Қуанышбекқызы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?