Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Советтік еңбекпен түзеу лагерьлеріндегі еңбек өнімділігі артпау себебі неде? (Эксклюзив))

2441
Советтік еңбекпен түзеу лагерьлеріндегі еңбек өнімділігі артпау себебі неде? (Эксклюзив)) - e-history.kz

Кеңес Одағындағы түрлі жағдайлармен бас бостандығынан айрылған адамдардың жазасын өтеу мекемесі болушы ГУЛАГ (Еңбекпен түзеу лагерьлері мен жер аударылғандар қоныстарының және қамау орындарының Бас басқармасы) 1934 жылы КСРО Ішкі істер халық комиссариатының құрамындағы бес басқарманың бірі ретінде Сталиннің тікелей жарлығымен құрылған болатын. 1960 жылы 25 ақпанда таратылған бұл Бас басқарманың қарамағында бүкіл Кеңес Одағы бойынша 36 лагерь болып, онда сотталған миллиондаған адам жазасын өтеді. ГУЛАГ еңбекпен түзеу лагерьлері ішіндегі ең ірілерінің бірі Карлаг – қазіргі Қазақстанның Қарағанды облысы аумағында орналасты.

Кеңес Одағы Ішкі істер комиссариатының қазақ даласындағы еңбекпен түзету лагері Карлагты құрудың басты мақсаты: Орталық Қазақстандағы Қарағанды көмір алабы аумағын игеруге байланысты жылдам қарқын алған өндіріс ошақтарын арзан жұмыс күшімен және азық-түлікпен қамтамасыз етуді тиімді ұйымдастыру болды.

Карлагтың аумағы Ақмола облысының оңтүстігінен Жамбыл облысының Шу өңіріне дейінгі ұланғайыр аумақты алып жатқан Карлагтың 29 бөлімшесінде күллі Кеңес Одағынан әкелінгендермен қоса, шетелдік тұтқындар да жазасын өтеген. Мұнда ХХ ғасырдың отызыншы жылдары жазасын өтеушілер негізінен «халық жаулары» болса, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін олардың қатарын неміс-фашистік лагерьлерінде тұтқында болып келген жауынгерлер, Кеңес Одағы құрамына қосылған аумақтарда қарсылық жасап жүріп совет әскерінің қолына түскен украиндар, латыштар, эстондар РСФСР қылмыстық кодексінің әйгілі 58-бабы бойынша сотталған толықтырды. Өзге лагерьлер сияқты, Карлагті де ротациялық жүйе бойынша толықтырып отырған. Бұл жазалау мекемесі жүйесі қызмет етіп тұрған уақытта онда бір миллионға жуық қылмыскер жазасын өтеген. 

Осы ретте Кеңес Одағындағы жазалау мекемелері қатарын толтыруға барынша «септігін тигізген» 58-баптың тарихына үңілген дұрыс болмақ. Бұл бап өзінің бастауын 1922 жылы түзілген РСФСР Қылмысты істер кодексінен алады. 1926 жылы және одан кейінгі өзгертулер мен толықтыруларда «контрреволюциялық іс-әрекет» бойынша жауапкершілік белгіленіп, бап тармақтары санын арттыру арқылы қылмыскерлер қатарын толықтырып отырған. КСРО ІІМ есебі бойынша 1921-1953 жылдар арасында 3 777 380 адам қылмыстық жауапқа тартылып, оның 642 980-і өлім жазасына кесілген. 

Оқи отырыңыз: Саяси қуғын-сүргін

58-баптың өзі Кеңес Одағы билігінің әр кезеңдегі саяси ұстанымдарына байланысты өзгертіле келе 14 тармаққа дейін ұлғайтылып, бұл баптар бойынша жаза жүктеушілерге ауыр немесе аса ауыр қылмыстық айыптар қарастырылды. Бұған контрреволюциялық іс-әрекеттер, сатқындық, әскери опасыздық, сатқындық туралы хабарламау, қарулы көтеріліске араласу, шетелдіктермен «контрреволюциялық мақсатта» байланыс жасау, коммунистік саяси жүйенің теңдігін мойындамай оны құлатуға тырысу, тыңшылық жасау, заңсыз қаржылық операциялар мен ақша айналымымен айналысу, мемлекеттік маңызды нысандар мен коммуналдық меншіктерді зақымдау т.б. болды. Миллиондаған жазықсыз адамның өмірін осылайша сталиндік жазалау машинасы ойыншыққа айналдырды. 58 бап бойынша қылмыстық іске үкім шығару үштік трибуналдың құзіретінде болды. Тек Карлагтың өзінде үштіктің шешімімен бес мыңдай адам атылған екен.

08TxHuOxMhQ9v3ePlviC3SAfSKMCmnXZuQMnasQy.jpg

Осылайша Кеңес Одағының жетпіс жылдық ғұмырында ширек ғасырдан астам өмір сүрген бұл жазалау құрылымы миллиондаған адамның өмірін қасіретке ұшыратыпқан зұлмат-зобалаңымен тарих бетінде қалды. Біз аталған еңбекпен түзеу лагерьлеріндегі тұтқындарды еңбек процесіне тартудың психологиялық аспектілері туралы қарастыратын боламыз. Жалпы адам еңбегін пайдалану ерікті және еріксіз, мәжбүрлі түрде болатынын білеміз. Ерікті түрде еңбек істеу мен бас бостандығынан айрылып, мәжбүрлі түрде жұмыс атқарудың арасындағы айырмашылық «Қарлаг» мекемесіндегі жұмыс ырғағының қарқыны мен нәтижесіне сараптау жасағанда айқын бола түседі.

Еңбекпен түзеу лагерьлерінде жазасын өтеп шыққандардың жазбалары мен зерттеушілердің, өзге де дереккөздердің мәліметінше, лагерьлік еңбектің тиімділігі еш талассыз болған. Яғни, ГУЛАГ тұтқындарының тегін еңбегі Кеңес Одағының экономикасын нығайтуға үлесі зор болған. Бірақ тұтқындарға деген қатыгездік пен қорлаудың жоғары деңгейі, тұтқындар өмірінің түкке тұрғысыз құнсыздығы – мәжбүрлі еңбектің пайдалы әсер коэффициентіне қатты әсер еткенін зерттеуші ғалымдар атап өтеді. Атап айтқанда, 1932-1933 жылдардағы ресми есептер бойынша, бір тұтқынды асырауға кететін шығын Кеңес Одағындағы орташа жалақының үштен біріне тең болған. Сондай-ақ мұндағы тұрғын-жай, жиһаздар, фабрикалық құрылымдар, станоктар мен машиналарға ең төменгі шығын қарастырылған. Лагерьлерде жұмыс нормалары тым жоғары болумен қатар, төленетін жалақы өте мардымсыз болды. Ереже бойынша демалыс күндері мен бос уақыт 12-14 сағат мөлшерінде ерікті түрде белгіленумен қатар, өндіру нормалары лагерь әкімшілігінің қалауына сәйкес өзгертіліп отырған. Еңбекпен түзеу лагерьлеріндегі еңбек өнімділігі мәселесін зерттеген ғалым Әлібек Ахметов мынадай сан-деректерді келтірген: «1933-1942 жылдары елеулі еңбек шығындары орын алды және бұл СССР ОГПУ-ІІХК еңбекпен түзеу лагерьлеріндегі тұтқындарды ұстап тұру мен тұрмыстың нашарлығына және медицина-санитарлық жағдаймен байланысты болатын. 

Анализ көрсеткеніндей, Қарлаг тұтқындары арасындағы жұмыс күнін жоғалтудың жоғары деңгейі 1934, 1935, 1940 және 1942 жылдары байқалған, ал бұл жылдардың орташа көрсеткіші тиісінше 4,61, 4,24, 4,89 және 9,66 болған, пайыздық қатынас бойынша 55,7%, 50,9%, 58,7% және 115,9% құраған. Ал ІІХК ОГПУ ЕТЛ-дары арасындағы жоғары жоғалту 1933, 1939, 1940, 1942 жылдары белгіленген екен. 6,55 – орташа көрсеткішке 1933 жылы жетсе, 1939 жылы – 5,44, 1940 жылы – 5,81 және 1942 жылы – 20,29 болған немесе сәйкесінше пайызы – 78,6, 65,3, 39,76 және 43,41». Демек, еңбекпен түзеу мекемелеріндегі жұмыс нәтижесінің жыл өткен сайын төмендей түскен. Мұның себебі – лагерьдегі жазасын өтеушілердің психологиялық ахуалы шиеленісті болуында.

Мұның ішінде лагерьлер мен еңбекпен түзеу колонияларының өндірістік бағытындағы өзгешеліктерді атап өткен жөн. Лагерьлік экономика саласындағы еңбекке ағаш дайындау жұмыстары, көмір шығару, мұнай және газ шығару, бұлардан басқа да энергоресурстар өндірумен қатар, радий, кірпіш құю өндірістері жүзеге асырылған. Ал еңбекпен түзеу колонияларында аяқ киім түрлерін, тоқыма бұйымдарын өндіру, алюминий ыдыстар, темірден жасалған бұйымдар әзірлеу, ат әбзелдерін, алуан түрлі жиһаздар және басқа да халық шаруашылығына қажетті өнімдерді, тұтыныс тауарларын өндіретін болған.

f5c8ea7345c8572a3a39d0803fbb36f2_original.jpg

Лагерьлер мен еңбекпен түзу колонияларында тұтқындар еңбегі арқылы өнеркәсіп өнімдерінен өзге, ауылшаруашылық өнімдерін де өндірді. Қарлаг аумағындағы «Қарағанды» кеңшар-лагері Кеңес Одағындағы аса ірі ет дайындайтын кәсіпорындардың бірінен саналды. Кеңшарда 150 мыңнан астам қой, 30 мыңнан астам сиыр бағылды. Бұл –мал шаруашылық өнімін өндіруде аса үлкен мүмкіндігі бар құрылым болғанымен, мұндағы мәжбүрлі еңбекке негізделген басқарылым салдарынан Карлаг шаруашылығы жыл сайын 20-30 млн. сом көлеміндегі елеулі шығынға бататын болғандығына қоса, мал шығыны ондаған мың баспен өлшенетін.

Сонымен бірге Қарлагта жазасын өтеушілер Ұлы Отан соғысы жылдарында майдандағы жауынгерлерді азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Бұл кезеңдегі жұмыс жағдайы адам айтқысыз ауыр болғаны айтпаса да түсінікті. Жарытымсыз тамақ рационы, аштықтан, аурудан әлсіреген лагерь контингентінің қолындағы күш-көлік пен техника да әбден титықтаған болатын. «Бәрі де майданға!» деген ұранмен тым жоғары қойылып, орындалуы қатаң талап етілген өндірістік жоспар тұтқындарды ғана емес, лагерьдің техникалық паркін де әбден тұралатып тастаған еді. Атап өтерлігі, ұқсас түрдегі ерікті жалдамалы еңбек етушілер мен еріксіз еңбекке жегілушілердің еңбек өнімділігі біршама айырмашылықта болған. Атап айтқанда, 1941 жылы қаңтар айында ГУЛАГ-тағы құрылыс-монтаж жұмыстарының күндік табысы 23 сом 80 тиын болған. Одақтық Халық комиссариатының есебі бойынша еркін еңбек етушілердің күндік табысы 44 сом 98 тиын болған. Мұндай көрініс лагерьлік экономиканың барлық салаларында байқалғанын атап өткен жөн. 

Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ Карлаг өзінің лагерльік бөлімшелерінде майдан қажеттіліктері үшін арнаулы тапсырыстар орындауды ұйымдастыра бастаған. Осының нәтижесінде лагерь базасында оқ-дәрілер, арнайы қышқылдар мен өзге де әскери өнімдер түрлері көптеп шығарылып, майданға үздіксіз жөнелтіле бастаған.

Мұның өзі жоғарыда атап өткеніміздей, жоғары белгіленген жоспарды орындау жолындағы жанқиярлықтың арқасында мүмкін болған нәтижелер болатын. Аштық пен жетіспеушілік, жазғы ыстық пен қысқы суық алмасқан қатал климаттық жағдай мен моральдық тұрғыдағы бас бостандығы шектелген еріксіздіктен туған ахуалдан болып лагерь тұтқындарының елеулі бөлігі ешқандай жұмысқа жарамсыз болып, бірте-бірте өлім құшатын дімкәс жандарға айналатын еді. Әдетте, жұмыс істеуші құлдардың мұндай типі болуы кез-келген құл иеленушіге ұнамайтыны белгілі. Себебі, мұндай тығырықты жағдайдан шығу үшін екі жол ғана бар еді: бірнішісі – тамақтандырып емдеу, екіншісі – еңбекке жарамсыз ретінде босату. Кеңестік мәжбүрлеп жұмыс істету жүйесі аталған екі жолды да ұстанғысы келмегенін көреміз. Яғни ГУЛАГ тұтқындарды тиісті мөлшерде тамақтандырғысы да, емдегісі де, босатқысы да келмеді. Дімкәстер үшін тамақтандыру мен емдеудің арнаулы есебін жүргізгенімен, оны орындау механизмі болмады.

Лагерь басшылығын дімкәстердің ахуалы емес, өндірістік тапсырмалардың орындалуы ғана алаңдатты. Сондықтан да, өндірістік тапсырмаларды орындау үшін лагерь басшылығы жұмыс уақытын мүмкіндігінше ұзартумен қатар, жұмыс істеуге қабілетті тұтқындар санын арттыруға үнемі көңіл бөліп отырды. Белгіленген ішкі тәртіп бойынша, тұтқындарға айына үш рет демалыс күнін, күн сайынғы үзіліссіз ұйқы үшін 8 сағат берілді. Бірақ түрлі жағдайларға байланысты, лагерь тұтқындары осы белгіленген азғантай тиісті демалысының өзін ала алмайтын кездері іс-жүзінде жиі болып жататыны туралы түрме жағдайын зерттеушілер мен естелік жазушылардың еңбектерінде көп жазылған. 

Соғыстан кейінгі кезеңде де лагерьлік режим жұмсара қоймаған. Бас көсем Сталин мен оның қандықол жендеті Бериялар елдегі ірі кәсіпорындарды басқару моделін 30-жылдардың даму үрдісіне оралтуға күш салды. Бұл дегеніміз – халықтың еңбегін бұрынғы қалпында барынша қанай түсу болатын. Оны жүзеге асыру үшін алуан түрлі кампаниялар үйымдастырып, оны айғайшыл үгіт-насихаттық ұрандармен, үндеулермен бүркемелеу, осы арқылы халықты еріксіз жұмысқа жегу болатын. 

Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін КСРО Ішкі Істер министрлігі «Еңбекпен түзеу лагерьлері мен колониялары туралы» Ережені дамытып жетілдіру мақстатында 1954 жылдың 10 шілдесіндегі № 7688 өкім бойынша, 1955 жылдың шілдесінде КСРО Министрлер Кеңесіне мынадай шешім қабылдатады: а) қоғамдық іс-әрекеттер бойынша жұмыс атқаруға кежегесі кейін тартып қасарысып жұмыс істегісі келмейтін, арамтамақтық өмір салтын ұстанатын бандиттік қылмыскер элементтер сотталу санына және жасаған қылмысының сипатына қарамастан, қатаң режимдегі арнайы лагерьлік бөлімшелерде ұсталсын. Лагерьлік бөлімшеге келген барлық уақытында мұндай тұтқындармен қатынас барысында мыналар ескерілсін:

- жұмыс күнін есептеу жүрілмесін; осы бөлімшеге қамалған кезде бұрын есептелген жұмыс күнінің жартысы алынып тасталсын;

- мамандығы бойынша жұмыс істеу мен кездесуге мүмкіндік жасауды, хат алмасу мен сәлемдеме алу мен жолдауға рұқсат беруді лагерь әкімшілігі тарапынан қолданылған ынталандыру әдісі ретінде қарастырылсын;

- айып изоляторымен қатар тәртіптік жазалау ретінде өрескел бұзушылық жасағандарды 10 тәулікке демалыссыз карцерлік режиммен жұмысқа салу қолданылсын; б) келген уақытында жасаған бұзушылықтарына, режим түріне қарамастан тұтқындар түрмелік режимге белгіленген тәртіп бойынша жіберілсін. 

Міне, аталған шешім бойынша, сотталушылардың саны көбеймесе, азаймайтын негіз қаланумен қатар, олардың еңбегін мәжбүрлі түрде пайдалануға барынша көбірек мүмкіндік туды. Мұның да өзіндік мәжбүрлі себебі бар еді. Соғыс уақытында Кеңес Одағының әбден күйзеліске ұшыраған экономикасын қандай бір жолмен көтеру қажет еді. Осыған байланысты азып-тозған материалдық ресурстарының шектеулігі және ұсынылған жоспардың аса ауқымдылығы мәжбүрлі еңбекті және экономикалық өмірдегі волюнтаристік әдістерді кеңінен қолдануға тікелей ықпалын тигізді. Лагерьлік экономиканың рөлі анағұрлым арта түскенімен, ондағы еңбек өнімділігі жоғарылаған жоқ. Осыдан болып Қарлагтағы тұтқындар еңбегін пайдаланушы кәсіпорындардың еңбек өнімділігі құлдыраған үстіне құлдырай берген. Мысал үшін, 1949 жылғы мәлімет бойынша он айдағы шығын 1 миллион адам күнін құраған. Кірістен шығыстың арта түсуі – өндірілген өнімнің өзіндік құны артуына әкелген. 50-жылдардың басында тұтқындарға еңбекақы төлеу жүйесі енгізілді. Сондай-ақ стахановшылар бригадасын құрып, социалистік жарысты өрістетуге күш салды. Алайда бұл әдіс лагерь аумағында жаңалық емес еді. Себебі, осы уақытта лагерьлер мен колонияларда стахановтық әдіспен жұмыс істейтін жүздеген мың тұтқындар бар болатын. «Өз жұмысын стахановша құру арқылы бұл тұтқындар тек өздері жаңа рекордтар жасап қана қоймай, лагерьдегі көптеген бәсекелестеріне жоғары еңбек өнімділігіне жету жолында үлгі бола алады. Үлгі ретінде бұйрықта келесі мәліметтер берілген. Мысалы, лагерь тұтқындары А.М.Селянин мен Я.М.Огнев тапсырманы 200 пайыздан асыра орындаған. КСРО ІІХК бұйрығымен олар өзге лагерьлердегі 19 тұтқынмен бірге мерзімінен бұрын босатылуға мүмкіндік алған және әрбіреуіне 500 сом көлемінде ақшалай сыйлық берілген», - деп көрсетіледі осы кезең туралы құжаттардың бірінде. Демек, лагерьде жазасын өтеушілерді ынталандырудың ақшалай сыйлық пен сыйлықақыға қоса, қылмыстық мерзімін азайту әдісі де қолданылғанын көреміз. 

Оқи отырыңыз: Замана зұлматы. Қуғын-сүргін көрген қазақ жастары

Бір айта кетерлігі, тұтқындар еңбегіне қолма-қол ақшасыз есептесуді енгізу – олардың арасындағы тәртіптік жағдайға оң ықпал етті. Алайда кейбір лагерьлер мен колониялардың басқарма басшылары алаяқтық жолмен бағалы заттар, ақша, спиртті ішімдіктер және басқа да материалдық құндылықтарды алуға қатысты қалыптасқан алуан түрлі қулық-сұмдықтарды уақытында алдын-ала ескертуде, алдын алуда жеткілікті шаралар қолданбады. Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлік бөлімшелердегі бұл қулық-сұмдықтардың мәнісі неде еді? Оның мәнісі былай болды: Қылмыстық-бандиттік элементтер кейбір тұтқындарға күштеу мен зорлық көрсету арқылы өз есеп шоттарынан пошталық ақша аударымы түрінде олардың туыстарына, зонадан тыс тұрып жатқан тұтқындарға немесе лагерь-колония аумағында тұратын арнайы азаматтарға және т.б. ақша жіберуге мәжбүрлейтін еді. 

Еңбек өнімділігі арттыру жолындағы эксперименттер әрдайым жасалып отырды. Осы мақсатта, КСРО ІІМ еңбекпен түзеу лагерьлері мен колонияларындағы жалпы жағдайды жақсарту үшін тұтқындардың өз еңбек өнімділігін арттыруына қызығушылық тудыруды қамтамасыз еті үшін КСРО Министрлер Кеңесі мынадай шешім қабылдайды: 

«- 1949 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұтқындарды асыраудың барлық шығындары – тамақтандыру, заттай жабдықтау, коммуналдық қызметтер, мәдени-тұрмыстық және медициналық қызмет көрсетулер, оларды тасымалдау шығындарына қоса еңбекпен түзеу лагерьлері мен колониялары аппараты жеке құрамы мен күзеті КСРО ІІМ сметасы бойынша, Одақтық бюджеттен қаржыландырылсын. - 1949 жылдың 1 қаңтарынан бастап ІІМ ЕТЛ және колониялар құрамында жұмыс істейтін тұтқындарға жалақы төлеу жүйесі енгізілсін». 

Ақыры еңбек өнімділігін арттырудағы ілгерлеушілікке қол жеткізе алмаған КСРО басшылығы ІІМ-і мен тұтқындардың жұмыс күшін пайдаланатын өзге де тиісті министрліктер мен ведомстволарға 1949 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұтқындардың еңбегі өздерін және асыраушы қызметкерлер мен күзетке жұмсалатын шығынды ақтамайтын, барлық ұсақ әрі рентабельділігі төмен лагерьлік нүктелерді таратуды міндеттеді. 

Сондай-ақ ескере кетерлігі, еңбекпен түзеу лагерьлеріндегі тұтқындар өндірістік кәсіпорындарда да еңбек етті. Мысал үшін, Карлаг өндірістік кәсіпорындарында 1948 жылы 4753 мың сомның өнімі шығарылған немесе жоспар 129,3 пайызға орындалған. Алайда, лагерьдің өндірістік бөлімшелеріндегі өнім өндіру нормасының осындай асыра орындалуы өндіру нормасының асыра орындалуы арқасында емес, еңбек өнімділігінің артуы арқылы жүзеге асырылды, яғни тұтқындарды кәсіпорын өнімін өндіруге жоспардан тыс ынталандырудың нәтижесі болатын. Мысалы, мұндағы жоспар орындауға қол жеткізу – адам ресурсының арқасында мүмкін болды. Яғни, жоспар бойынша 1546 адамның орнында іс жүзінде 2337 адам жұмыс істеді, яғни кәсіпорындағы жоспарланған жұмысты атқарушы адамның саны іс жүзінде 51 пайызға артық болды. Мұндағы бір жұмысшының өндірген өндірістік өнімінің мөлшері де маңызға ие. Атап айтқанда, бір жұмысшының өндірген өндірістік өнімі 1948 жылы 3182 сомды құрады, жоспар бойынша 3576 сом болуға тиіс болады. Бұл меже орындалмады немесе бұл көрсеткіш 89 пайыз орындалды. Өндіру жоспарының орындалмауы контингентті еңбекке пайдалануды дұрыс ұйымдастыра білмеуге, кейбір өндірістік бөлімшелерде тұтқындардың елеулі бөлігін еңбекке лимиттен артық, тиімсіз пайдалануға байланысты болды.

caption.jpg

ГУЛАГ, соның ішінде Карлагтағы тұтқындардың «қоғамдық мәртебесі» де үнемі өзгеріп отырғанын көреміз. 1937 жылдың күзіне дейін ресми құжаттарда ГУЛАГ-тағы бас бостандығынан айырылып жұмыс істеушілерді «тұтқын» деген сөзден қашуға тырысқандығы байқалады. Сондықтан да ГУЛАГ тұтқындарын көбінесе «ағаш кесушілер», «екпінділер», «стахановшылар» және т.б. деп әр түрлі атаған. «Стахановшы» деген термин жалпы лагерьлік лексикада өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап кеңінен қолданылды. 1937 жылдың қыркүйегінде ГУЛАГ-тың мәдени-тәрбиелік бөлімі (МТБ) бұл сөз нақты саяси қателік болғандықтан, тұтқындарды «стахановшы» деп атамауға нұсқау берді. Сондықтан да көп кешікпей гулагтық терминологиядан тек «лагерьлік екпінділер», «каналдар мен құрылыстар қаһарманы» сөздері жойылып қана қоймай, қарапайым ғана «лагерлік» сөзі де алынды. Шынайы айтылымдағы «лагерь тұрғындары», «лагерь қауымы» және т.б. орнына «контингент», «арнайы контингент», «жұмысшы қоры» т.б. тәрізді әкімшіліктік-бюрократиялық терминдер келді. Өткен ғасырдың 30-жылдары соңынан бастап тұтқындарды ресми қабылданған қысқартылған «з/к», көптік мағынадағы «з/к з/к», осыдан шығарып «зэк», «зэктер» деп атау ең көп тараған болатын. 

Кеңес Одағындағы қылмыстық жазалау жүйесі жылдар өткен сайын өзінің орашолақтығын таныта бастады. Тұтқындардың арзан жұмыс күші арқылы мол табысқа жетудің, үнемшілдікке қол жеткізудің мән-мағынасы жоқ екендігіне жыл өткен сайын көз жеткізіле түсті. Осылайша «тұтқындарды еңбекке пайдалану» мәселесі өткен ғасырдың 50-жылдар басынан өткір қойыла бастады. Дәл осы кезеңде лагерьлік экономикада дағдарыс басталды. ГУЛАГ бойынша смета әлденеше миллиардтаған соммен өлшенген жағдайда ІІМ-нің өсе түскен еңбек ауқымын толық қамтамасыз етуге мүлде мүмкіндігі болмады. АҚШ-ты басып осып, әлемдік көшбасшы болу үшін «Коммунизмнің ұлы құрылыстарын» салуды жүзеге асыру қажет болды. Ал мұндай ауқымды іс оны жобалаушылардан аса көлемді, оның ішінде өз еркімен, әрі кәсіби біліктілікке ие еңбек күшін талап етті. Мұны ГУЛАГ-тың арзан кадрлары бере алмайтын. Күрделі де алуан түрлі техникаларды қолданусыз мемлекеттік сұранысты қамтамасыз ете алмайтыны, алға қойған міндеттерді шешудің іс жүзінде ешқандай мүмкіндігі жоқ екендігі айқын болды. Құрылыс пен кәсіпорындарды жарақтауға, қымбат тұратын құрал-жабдықтарды пайдалану үшін өндірушілік мәдениетке ие, өз еңбегінің нәтижесіне мүдделі де сенімді, сауатты кадрлар қажет болды. Ал өз кезегінде, мұндай кадрлар лагерьлік экономикада өте тапшы немесе мүлде жоқ екендігі айқын болатын. Ежелгі дәуірлердегідей, құл иеленуші шаруашылық ретінде көрініс тауып отырған ГУЛАГ өндіру күштердің өсімі мен замаануи ғылым мен техниканың сұранысы алдында қауқарсыздық танытты. 

Кеңес Одағында ұзақ жылдар бойы мәжбүрлі еңбек арқылы көптеген ауқымды істерді жүзеге асырды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы бойынша көптеген жетістіктерге қол жеткенін айтпай өтуге болмайды. Атап айтқанда, тұтқындардың күшімен 1954-55 жылдары 35 дәнді егіс кеңшарлары тұрғызылды, олар негізінен Қазақ ССР аумағында құрылды және ол үшін арнайы құрылыс монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін тұтқындар легін әкеліп, жаңа лагерьлер құрды. Гулагтықтар болашақ тыңгер тұрғындарға арнап тұрғын үйлер, жатақханалар, асханалар, наубайханалар, сонымен бірге дән сақтау қоймаларын, қоймалар және өзге де нысандарды салды.

Ел экономикасын өндірістік емес шығындардың масылдығынан құтқара отырып, Берия 16 маусымда КСРО Министрлер Кеңесі мен КПСС ОК Президиумына «Экономикалық тиімсіздігі мен перспективасыздығына байланысты қалыптасқан еңбекке мәжбүрлеу жүйесін жою» туралы қарастыруды ұсынды. Лагерьлік экономика шығынды, ГУЛАГ мемлекетке елеулі материалдық шығын келтіреді дегенді осы проблемаға тікелей тіреліп жүргендердің барлығы білетін, алайда бұл туралы тек Сталин өлген соң ғана ашық айта бастады. 

ГУЛАГ-тың зияндылығы тек материалдық шығындармен ғана өлшенді. Лагерьлік экономика миллиондаған кеңес азаматтарының еңбекке деген тұрақты жағымсыз көзқарасын қалыптастырды. Жалған көзбояушылық тек ГУЛАГ іс-қызметінде ғана емес, еркіндікте де өндірістік әрекеттерде әдепкі жағдайға айналды. Жалған экономикалық көрсеткіштердің етек алуын тоқтату үшін, КСРО Жоғарғы Кеңесі1961 жылы «Қосып жазғандығы және жоспардың орындалуы туралы өзге де сәйкессіздіктер үшін жүктейтін жауапкершілік туралы» Жарлықты қабылдады және онда 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жазалар қарастырылғанымен, көзбояушылықты жою оңай емес болатын.

Осылайша, коммунистік көсемдер мен лагерь басшыларының қандай да бір жолмен еңбек өнімділігін арттыруға тырысушылығы – жазасын өтеушілер атқарып отырған құлдық еңбекті тиімді ете алмады. Мұның өзі өткен ғасырдың елуінші жылдары соңында лагерьлік контингент қысқаруының көпе-көрінеу себептерінің бірі болды. Бірақ аталған кезеңдегі құлдану және құлдыққа жегілу психологиясы кеңестік қоғамда үлкен із қалдырды деуге болады. Бұл тіпті сонау арғы дәуірлерден, басыбайлылық ғасырлар бойы созылған Патшалық Ресей қоғамынан бері қарай жалғасқан дерт болатын. «Мен қожайынмын, сен ақымақ басыбайлысың» деген астамшыл психология кеңестік әкімшілік-әміршілдік жүйесінде әрдайым өмір сүрді. Мұның ең асқын көрініс табуы – түрме жүйесінде болды. Сол себепті де адамдар жасампаз еңбекке құлықсыз болды. Бұл өз кезегінде социалистік меншікке деген қарым-қатынаста да көрініс тапты. Қазақстанда қой санын қырық миллионға жеткізуге қаншама ұмтылыс жасағанымен, бұл мүмкін болмады. Бұл да қоғамдағы психологияға тікелей қатысты еді.

Бұл кезеңдегі мәжбүрлі еңбекке жегу үдерісі – адам баласы денелей және рухани азат болғанда ғана еңбекте өнімділік болады, шығармашылық тұрғыда жасампаздықтарға қол жеткізе алады дегенді адамзат қоғамына айқын ұғындырды. Кеңес Одағында еңбекпен түзеу лагерьлері мен колониялардағы тұтқындар еңбегін пайдаланудың психологиялық ахуалы туралы көптеген жағдайларға көз жеткізуге болады. Адами ой-сананың азаттығы – қоғамдағы жасампаздықтың кілті екендігі анық. Советтік еңбекпен түзеу лагерьлеріндегі еңбек өнімділігі артпауы, керісінше барынша құлдырап, рентабельді емес жағдайға жетуі – осының айқын мысалы.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?