Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Жыр керуені» – тарихи жады жаңғырығы

2537
«Жыр керуені» – тарихи жады жаңғырығы - e-history.kz
Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Жыр керуені» атты лекция-концерт өтті

«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының қазақ халқының дәстүрлі музыкалық өнерін жаңғырту мен насихаттауға арналған «Дәстүрлі музыкалық мұра» атты бағдарламасы аясында өткізгелі отырған тұңғыш шараға Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматов пен «Жыршылық өнер» кафедрасының жас өнерпаздары қатысты. 

56742d0d5aac07940146742049e8d46b.jpg

Атадан мұра болған асыл өнердің жалғаушысы Алмат Алматов шара барысында жыршылық өнер туралы, оның қысқаша тарихы, әр өңірдің өзіндік жыршылық мектебі болғанын айтып отырды. «Жыраулық дәстүрдің тарихы Күлтегін, Тоныкөк, Орхон Енисей жазуларынан, Естеміс-Бұмын қағандарға арналған мадақ жырларынан басталады. Сол жердегі сөз тіркестері-де, ондағы мадақ та жыраудың аузынан шыққан деуге толық негіз бар. Одан кейінгі кезеңдерде Қорқыт ата, Сыпыра жырау, Кетбұға, Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған, Үмбетей, Бұқар жыраулар жалғасады», – деді профессор. 

1a6ea24cc2063d81fec649a544a3c41f.jpg

Талайғы тарихымыздың шежіресін жыраулар поэзиясында анық көруімізге болады. Жыраулар сөзінде биік рух, қайрат, күш бар. Жыраулар елдің мұң-шерін, арман-мақсатын еш бүкпесіз ашық айтқан. Бүгінгі таңда жыраулардың мұралары арқылы тарихи сананы ояту, жырларды қалың көпшілікке насихаттау аса қажет. Осындай мақсатта елімізде жыршылық, жыраулық өнер жеке кафедра ретінде тұңғыш рет Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ашылды. 1998 жылы дәстүрлі жыраулық өнерді оқытудың білім стандарты бекітіліп, оқулығы әзірленді. Осы жұмыстарды қолға алып, терең ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жыршылық өнерді атадан балаға мұра ретінде насихаттаған бүгінгі лекция-концерттің жүргізушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов болатын. 

8f934c589089506ca648d05419d0dbe4.jpg

«Қазақ Ұлттық өнер университеті жанында дәстүрлі жыр мамандығы атты кафедра ашылып, биыл бесінші жыл қызмет етіп келе жатыр. Мақсат ұлаң-байтақ қазақ даласындағы жыраулық дәстүрді насихаттап, оларды орындаушы өнерпаздарды баулу. Сондай-ақ бүгінгі қоғамдағы жыршы, жырауларымыздың ағартушылық рухани факторын ғылыми ізденушілерге үйрету, білім нәрін құю. Ол үшін жыршы, жырауларымыздың мұрагер ұрпақтарын ЖОО жоғары білікті кәсіби маман есебінде дайындауымыз керек. Ол үшін өзім авторлық жасаған 1998жылы дәстүрлі жыр мамандығының мемлекеттік білім стандарты бар. Осы стандарт аясында оқушыларды оқытып келе жатырмыз», – деді А. Алматов. 

Шара барысында 10000 мыңға жуық жолдары бар «Едіге» батыр жырынан, Қазтуған мен Бұқар Жыраулардың жырларынан үзінді жырланды. Шара қорытындысында лекция-концертті жүргізуші Алмас Алматов: «Жырау – синкретті кәсіби дара тұлғалық өнер шоғыры. Тұлға болу үшін білімді, өткен тарихтың насихаттаушысы болу керек. Жырау – тарихтың тірі жәдігері. Тоныкөк, Күлтегін бабаларымыздан бастау алған саф алтындай өнеріміздің өрісі кеңейе берсін», – деп ақ жарма тілегін білдірді. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?