ХХ ғасырдың басында, 1917 жылы Орынборда жалпы Қазақ құрылтайы өтіп, Алашорда үкіметінің басқару органы Семейге қоныстанғаннан кейін, яғни 1918 жылдың көктемінде ұлт қайраткерлері Алаш қаласына жиналып ақылдасады. Мұндағы мақсат – шеттегі қазақтарға барып, оларға Алаш идеясын насихаттау. Басқосуға Абай мектебінің өкілдері – Көкбай Жанатайұлы мен Турағұл Абайұлы және атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы қатысады (1-сурет).
Осы жылдың жазында Қытай елін бетке алып Алаш көсемдері – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Садық Аманжолов, Райымжан Мәрсеков төртеуі жолға шығады. Олар Зайсан-Ақсуат өлкесін басып өтіп, Шәуешек қаласына барады. Кезінде Семей қаласында тұрып, қоныс аударған көпес Рамазан Шәнішевтің үйіне түседі. Елді жинап, келген мақсаттарын айтады. Осы кездесуда әйгілі әнші, ақын Әсет Найманбайұлы да болады. Ол кісінің екі жыл бұрын, 1916 жылы осы өлкеге біржола қоныс аударған кезі-тін.
Алаш көсемдерінің бұл сапарынан бізге мұра болып жеткен екі дүние бар. Біріншісі – Әсет ақының басқосуда айтқан шағын толғауы болса, екіншісі – Ахаң-Жақаңдар күтіп алушылармен бірге түскен суреті (2-сурет). Бұл суретті түсірген адам Шәуешекте орыс мектебінде оқыған әуесқой фотограф – Мұхаметжан Әбдікерімұлы. Ал Әсеттің толғауында:
Міржақып, өлең айт деп, қолқаладың,
Мен бе ақын, сен тұрғанда
ой табатын,
«Алаш» деп ағайынға сауға салып,
Ахаң ер отырмай ма жол табатын,
– деп сөз бастаған Әсет ақын алаш арыстарына біршама наз айтады. Мысалы:
О, Аха, не дегенің – бүй дегенің,
Алашқа бар қазақты жи дегенің,
Сыртта жүрген ағайын суық бауыр,
Оған мысы жүрмейді түздегі елдің,
Жарыссаң – төбеге озып
шықсаң нетті,
Белдессең – белін үзіп жықсаң нетті,
Тозған елден тойынар күй іздемей,
Өз халіңді анықтап ұқсаң нетті,
– деп келетін оғаштау айтылған тіркестер бар. Ахаң мен Жақаңды Шәуешекке еріп барған Садық Аманжолов пен Райымжан Мәрсеков жайында айтар болсақ, С.Аманжолов екінші жалпы Қазақ съезіне Жетісу облысы атынан қатысып, Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланғаны туралы дерек бар. Қуғын-сүргін жылдарынан аман өтіп, 1941 жыл қайтыс болған екен.
Ал Райымжан Мәрсеков – Алашорданың шығыс бөлімшесінің белді өкілдерінің бірі. Алаш полкын жасақтаған. Алаштың ұраны «Сарыарқа» газетін шығарып тұрған. Азамат соғысы жылдары жергілікті халықты азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз ету үшін шығыстағы Владивосток қаласына барып, америкалық «Мейер» фирмасымен шарт жасап, Семейге 15 миллион сомның затын әкеліп, халықты қамтамасыз еткен қайраткер. Жоғары білімді заңгер. 1922 жылы Семей губерниясының атқару комитетінде үлкен қызмет атқарып жүріп, бір түнде Қытай еліне асып кеткен. Сонда жүріп, 1939 жылдар шамасында атылған.
Осы Алаш арыстары қайтар жолында жайлауда отырған Таңғыт үкірдайдың ауылына келіп ат суытқан. Артынан Таңғыт Еңсеұлына «Алашордаға бүйрегі бұрған» деген жала жабылып, 73 жасында бұл адам да атуға бұйырылған. Алаш арыстарының осы сапары кезінде бірге жүрген, дидарласқан адамдардың көбі артынан атылған, асылған. Бұдан біз жаппай жазалау науқаны Қытайдағы қазақтарды да айналып өтпегенін аңғарамыз.
СУРЕТТЕРДЕ: Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының 1918 жылдың көктемінде Шәуешекке аттанарда достарымен бірге Семей қаласында түскен суреті; oртада орындықта отырған: тақиялы – Міржақып Дулатұлы, сол жақ жанындағы – Ахмет Байтұрсынов, одан бергі – Райымжан Мәрсеков. Оң жақта жерде жеке отырған – әнші Әсет Найманбаев. Шәуешек қаласы, 1918 жыл.
Бекен Қайратұлы