Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаратау – адамзаттың тас бесігі

4032
Қаратау – адамзаттың тас бесігі  - e-history.kz
Қазақстан жеріндегі ежелгі адамның іздері ерте палеолит дәуіріне жататын болса, ежелгі адамдардың қоныстануына қолайлы жердің бірі – Қаратау жотасы болғаны белгілі

Қазіргі Жаңақорған аумағы – ежелден тұрғындар мекендеп келген құтты қоныс. Неше ықылым заман өткенімен, бір тайпаны екіншісі, бір мемлекетті келесісі алмастырғанымен тұрғылықты халық автохтондылығын сақтап қалған. Жел айдаған қаңбақтай бір жақтан жер ауып келген тайпалар мен халықтар ұзақ мекендей алмай көшіп кетті немесе жергілікті тұрғындарға сіңісіп кетті. Сыр бойында туып, тұрақты өмір сүрген, өсіп-өнген қазіргі тұрғындар көне замандардағы сақтардан өрбіген ата-бабаларымыздың заңды да табиғи жалғасы, оның тарихы мен мәдениетінің мұрагері. Олай болса, бұл халықтың да адам баласының алғашқы қауымдық құрылысы – тас дәуірін (б. з. д. 1 млн 800 мың ж. – б. з. д. 4 мың ж.), одан кейінгі қола дәуірін (б. з. д. ХVІІ-ІХ ғ.ғ) және темір дәуірін де (б. з. д. VІІІ-ІV ғ.ғ.) басынан өткізгендігінде дау жоқ. 

ae6ae09d2a0ec73cedc10f98153542ca.jpg

Қилы-қилы заман болған. Бірақ халық жойылған жоқ. Өмір үшін ұйымдасып тіршілік жасаған, елі мен жерін қорғаған, ұрпақтар жалғастығын тапқан. Жан-жақты зерттелген, бірыңғай ғылыми жүйеге түскен тарихи жазба деректерге сүйенсек, б. д. д. VІІ ғасырдан б. д. ІІ ғасырларында Орта Азия мен Қазақстан жерін сақтар мекендеген. Бұл сақтарды грек тарихшылары «азиялық скифтер» деп атаған. Парсы жазбаларына қарағанда, сақтар үш тайпаға бөлінеді. 

Олар: 

1. Тиграхауда сақтары немесе «шошақ бөрік киген» сақтар. Бұлар қазіргі Сыр бойы мен Қаратау, Талас пен Шу алқаптарын, Ыстықкөл мен балқаш жағалауларын алып жатқан. 

2. Хауомаварға сақтары немесе «хауома сусынын (хауом – жүзім) дайындаушы» сақтар. Бұлар Орта Азияда, оның ішінде Мургаб аймағына орналасқан. 

3. Масагеттер немесе парадарайя сақтары, яғни «теңіздің арғы жағындағы» сақтар деп аталған. Бұлар Оңтүстік Оралдан Жетісуға дейінгі аймақтарды мекендеген. 

Жаңақорған өңірінде алғашқы мекен еткен халық сақ тайпалары деген қорытындыға келеміз. Бұдан шығатын түйін – қазіргі түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының түп тарихы осы сақ тайпаларына барып тіреледі. Олардың тілі – көне түркі тілі, діні – тәңірлік дін, жазуы – ежелгі түркі сына жазуы болған. 

0b5587ea31e089978a9d859ce81e91cb.jpg

Адамзат өркениетінде өзіндік үлесі бар, әрісі түркі, берісі исі қазақтың ұйытқысы болған киелі аймақ – Сыр бойындағы ежелгі қалалар, асарлар, қамал-қорғандар астында тарихтың қаншама сыры құпия жатқаны белгілі. 

Сыр бойындағы құм жұтқан қалалар мен қорғандардың, шөгіп жатқан түйедей-түйедей төбелер мен өркеш-өркеш қамалдардың, созалаңдап сұлбасы қалған арықтар мен каналдардың орындары өте көп. Өйткені, ел де сулы-нулы жерлерді көбірек мекендеп, халық та сол жерлерде тіршілік жасайтыны белгілі. Сондықтан тұнып тұрған шежіре, қатпар-қатпар тарихы бар жердің бірі – тұтас Сыр бойы болса, соның ішінде сұлу Сыр мен қазыналы Қаратау қапталын алып жатқан Жаңақорған өңірі. 

Қазақстан жеріндегі ежелгі адамның іздері ерте палеолит дәуіріне жататын болса, ежелгі адамдардың қоныстануына қолайлы жердің бірі Қаратау жотасы болғаны белгілі. Содан да «Қаратау – адамзаттың тас бесігі» деп айтуға дәлелдер жеткілікті. Тас дәуірінен бастап өлкені мекендеген тұрғындар әр кезеңдерде өздеріне ғана тән төлтума мәдениеттерді қалыптастырып, дамытып отырды. Бүгінгі Жаңақорған ауданы аумағындағы біздің жыл санауымызға дейінгі І мыңжылдықтан басталатын ерте темір дәуірінің жүзге жуық обалар қорымдарымен қатар жартас суреттерінің көп табылуы өңір тарихының тым көнеден бастау алатындығын дәлелдейді. Әсіресе, Талап ауылынан солтүстікке қарай 17,6 шақырым жерде, Бесарық өзенінің оң жағалауындағы Күйкентай шоқысының шығыс бетіндегі жартастарда адамдардың, таутекелердің, түйелердің бейнелері салынса, Қосүйеңкі ауылының солтүстік шығысындағы Құланшы өзенінің сол жағалауындағы жартас беттерінде бірнеше таутеке мен түсініксіз бейнелер қашалып салынған. Ал, Ботасоқты өзенінің оң жағалауындағы жартас беттеріндегі суреттердің негізгі сюжеттері де таутекелер мен жылқылар, салтаттылар мен жыртқыштар. Дәл осындай сюжеттегі жартастағы суреттер Қыраш ауылының солтүстік шығысындағы Жүсіпсаз жартас суреттерінде, Қосүйеңкі ауылының солтүстік шығысындағы Арқарбұлақ, Құттықожа ауылының солтүстік шығысындағы Табылдыбұлақ, Шыбынтай, Нұрмаханбұлақ, Қаратас, Шалқия ауылының солтүстік шығысындағы Қарасүйір, Қоспа, Қоспа-Бозбұтақ, Ақтасжартас, Сунақата аулының солтүстік шығысындағы Кіші дарбаза жартас суреттерінде кездеседі. Жартастағы жазуларда не жазылғаны бүгінге күнге дейін жұмбақ болып келеді. 

Сонда да болса жартастардағы бейнелердің әрқайсысын сол заманның жәдігері, сол дәуірдегі ата-бабаларымыздың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпынан хабар беретін материалдық ескерткіштер деп қарастырамыз. 

261e02730a752e3de04cd65ee4b1b72f.jpg

Талап ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 35 шақырымда орналасқан Бесарық шатқалындағы жартасқа салынған суреттер

Бөтен елге құпиялау көрінер өмір салты мен келісті салтанаты кезінде Геродотты таң қалдырған Сыр өңірінің көшпелі және отырықшы мәдениеті осы жерде ежелден қалыптасқан. «Ерте заманда бұл өлкені баяғы парсы жаулаушылары Кир мен Дарийдың қайсар қарсыластары сақ-массагет тайпалары мекендеген, ал олар кейінірек, яғни, біздің жыл санағымызға дейін I-II ғасырларда грек-македон шапқыншыларының билігін жойып, құшандардың ұлы орта Азия-Үнді патшалығын құруда үлкен рөл атқарды» [13], – деп жазады С.П. Толстов. Геродот ол тайпалық одақтар туралы былай деп жазады: «...Массагеттер скифтерге тән киім киеді, олардың тыныс-тіршілігі де жақын. Өздері қаражаяу немесе ат үстінде қатар соғысады. Әдетте оларда садақ, найза, әскери айбалталар болады. Барлық заттарды алтын мен мыстан жасайды. Найза, садақ, әскери айбалталардың темір бөлігін олар мыстан жасаса, бас киім, белбеулерді алтынмен көркемдеген. Темір мен күміс олардың қолданысында жоқ, ондай металды бұл елден кездестіре алмаймыз, оның есесіне алтын мен мыс оларда көп... Массагеттер егін екпейді, көбіне мал шаруашылығы, балық аулау кәсібімен тіршілік етеді, сонымен қатар сүт ішеді. Олардың құрмет тұтатын жалғыз құдайы – Күн. Соған бағыштап олар жылқыны құрбандыққа шалады. Олардың ұғымынша, ең жүйрік, әлемдегі ең жылдам, шапшаң жануарды құрбандыққа шалуы керек болған». 

Сыр өлкесі тарихына қатысты деректер грек тарихшысы Страбонның «Географиясынан» да кездеседі. Ол Азияның екінші бөлігін баяндағанда Каспий теңізінің арғы жағын мекендеген тайпалардың бірде сақ, бірде массагет деп аталғанын, бұл тайпалардың тарихының жеткілікті дәрежеде зерттелмегенін көрсетеді. Ол Каспий (Гиркан) теңізінің арғы жағында скифтер (сарматтар), сол жағында көшпелі тайпа – дайлар тұрған дейді. Осы тайпалар туралы Страбон: «Сақтар киммерциялықтар секілді жорықтарға шығатын болған. Олардың бірі алыс, бірі жақын аралыққа жасалған. Олар Бактрияны жаулап алып, Әрмененің жақсы жерлеріне ие болды, оған өз атын беріп «Сакасена» атаған» [14, 35] деп жазды. Осы дәуірді суреттеген Диодор: «Бұл кезде сақтарды соғысқа мейлінше бейім Зарина атты әйел биледі. Жалпы бұл тайпаларда әйелдер ержүрек, олар соғыс тауқыметін ерлермен бірдей бөліседі» деп жазды. 

f725ddd39c53dc7ae191175cbc20046c.jpg

Сақтардың тұрмыс-тіршілігі жайлы әңгіме қозғаған Клавдий Эллиан жас жігіттер үйлену үшін сол қызды жеңу керектігін, ал жеңілген жағдайда ол қыздың тұтқынына айналатынын көрсеткен. Страбон атаси мен хорасмиліктерді де сақ пен массагет тайпаларына жатқызады. Сақтарды соғдылықтардан бөліп тұрған Яксарт (Сырдария), ал соғдалықтар мен бактриялықтардың арасын кесіп жатқан Окс (Әмудария) өзені дейді. Бұл қос өзенді Соғда жерінен бастау алып, скиф даласына құяды деген пікірді Плиний де айтқан. І Дарийдің накширустемдік жазуында сақ тайпаларының: хаумаварга, «теңіздің арғы жағындағы сақтар» тиграхауда-«шошақ төбелі бас киім киюші» сақтар үш тобы көрсетіледі. Ертедегі грек тарихшысы Геродот массагеттер (сақтар) туралы былай деп жазған: «Батысында – Кавказға барып тірелетін Каспий теңізімен, шығысында – шексіз жазық даламен ұласып жатқан осы бір кең-байтақ өлкенің көп бөлігін массагеттер (сақтар) мекендейді екен. Сырт киімі мен тұрмыс-салтына қарағанда, олар скифтерге ұқсас, өздері ат үстінде де, жаяу да шайқаса біледі».

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?