Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қанағат Жүкешев: Президент көпшіліктің назарын ғылымға аударып отыр

2591
Қанағат Жүкешев: Президент көпшіліктің назарын ғылымға аударып отыр - e-history.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы бүгінгі қазақ қоғамы үшін аса маңызды мәселелерді қозғап, қоғамда жан-жақтылы талқыға түсіп жатыр. Осы орайда қазақ қоғамындағы әрбір құбылысқа бей-жай қарай алмайтын, белгілі тәуелсіз зерттеуші, философия ғылымдарының кандидаты Қанағат Жүкешев ағамыздан аталған мақалаға пікір сұраған едік. Пікірді бөліп-жармай, тұтастай ұсынуды жөн көріп отырмыз.


Мақалада қоғамның жанжақты дамуына қатысты мәселелер түйдегімен көтерілген. Зиялы өкілдері өз саласына қатысты істер туралы пікірлер айтуда. Осылай, көптеген сұрақтардың жауабы ортаға салынып, бұған дейін толық жариялылыққа салынбаған кейбір мәселелер жаңа қырынан көрініс беруде.

Қасым-Жомарт Кемелұлы төл тарихымызды жақсырақ тануға бағытталған мәселелерді қотара көтеріпті. Оның «Барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс» деген тезисінің маңызы өте зор. Өйткені, ұлттық сананы өзгертуге септігін тигізе алатын ғылымдардың бірі – тарих.

«Тарихын білген адам отаншыл болады» деген түсінік бар. Мен бұл байламға қарсы емеспін. Соған қоса, тарихшылар мен оны мектепте оқытумен айналысушылардың көңілін мынаған аударғым келеді. Англияның тарихын білген ағылшынның отаншыл болып шығуы нағыздыққа сәйкес келеді. Өйткені, ағылшын тарихы тек прогреске ұмтылыстар мен жарқын жеңістерден тұрады. Ағылшындарда әлеуметтік өрлеу, озық мәдениет, ғылым мен техникадағы жетістіктер,.. бәрі бар, мың жыл бойы үзіліссіз өрлеу бар. Бір ғана тілімен дүниені жаулап алып отыр. Осылардың бәрі қатардағы ағылшынды мақтанышқа бөлейді, көкірегін көтеріңкі күйге толтырады.

Ал отарға түскен халықтың тарихын оқытуға қатысты мәселеге аса ыждағаттықпен қарау керек. Қазақ тарихының мектептік оқулықтары негативке толы. Авторлардың жазатыны: әлеуметтік салада – қайыршылық пен аштық; соғыста – жеңіліс; мәдениетте – артта қалу; саясатта – бағыныштылық; құқықта – қорғансыздық,.. Былайша айтқанда, тарих оқулықтарына енген материалдардың көбі жылау, күңірену, қашу, қырылу,.. сияқты баланың жігерін құм қылатын сипаттаулардан тұрады. Мұнысымен қоймай, негативті тарих орта және ЖОО-ларда төрт рет қайталанып оқытылады. Осындай тарихты оқып жүрген баланың «қазақ болғым келмейді» деп жылағанына да куә болғанымыз бар.

Әрине, қазақ тарихы ыңғай сұрғылт оқиғалардан тұрмайды. Позитивті сәттер де баршылық. Мектепте баланың сағын сындырмайтын, позитивті оқиғалар іріктеліп оқытылуы керек. Ал академиялық тарих идеологияландырудан азат болуы керек. Ұстанымсыз зерттеушілер биліктің емеурініне икемделіп, соларға ұнайтын «тарих» жазып беріп жүр.

XX ғасырдың екінші жартысынан бастап дүние жүзінің алдыңғы қатарлы ғалымдары менталды тарих жазу мәселесін көп көңіл аударып жүр. Оның ерекшелігі кез келген тарихи оқиға оған қатысушы халық бұқарасының менталитеті астарында сипатталады. Менталдық тарихтың бірден бір субъектісі – халық бұқарасы. Менталдық тарихта тарихи қақтығыстардағы жеңістің де, жеңілістің де, қоғамның жетістікке жете алуы да, жетпесе – жете алмауының да себептері сол тарихи кезеңдегі бұқараның дүниетанымымен, жан әлемімен – менталитетімен түсіндіріледі. Менталдық тарих арқылы бұқаралық сананы әлеуметтік апатия құбылысының меңдеуі себептерінің де нақты көрінісін көз алдыға келтіруге болады.

Тарихтың ресми басылымдарында «отарға түстік», «жерімізді тартып алды», «тонады», «қуды», «аштықтан қырылдық», «шетке қаштық» деген түсіндірулер тұнып тұр. Бұл – қате әдістеме. Осындайдан кейін, бұқара тағы қырылуға дайындық психологиясына бейіндік таныта бастайды. Негативті қайталап айта беру бұқаралық сананы келесі негативке дайындау болып шығады. «Отарға түстіктен» «енді кімнің отары боламыз» деген «идея» туындайды. Осы «идеяның» елесі әлі қазақтың санасынан шықпай жүр. «Етіміз үйренген орыстың отары болғанымыз жақсы» деген «ұсынысты» да естіп жүрміз.

Негативті зарлап айта беру қолдарынан түк келмейтін, өзін азамат, ұлт адамы ретінде сезінбейтіндерге – құлдарға тән. Негатив – рухты сөндіруші фактор. Ұлтқа сәйкестігі бар, жігері бар халық «жеңілдік», «отарға түстік» деген сөздерді айтуға арлануы, намыстануы керек.

Менталдық тарихта басты назар жеңілу айғағынан гөрі, жеңілудің себебіне көбірек аударылады. «Неге жеңілдік» деген сұраққа жауап ізделеді. Жеңілістің себептері түсіндіріледі. Келесі ұрыста жеңілмеу үшін қандай шара керектігі тарихи мәселе ретінде алға тартылады. Менталдық тарих қазақтың санасында «арыстандай айқастық», «жолбарыстай шайқастық», «тістестік», «шекістік», «кетістік», «бірақ, төтеп бердік», «беріспедік»,.. идеяларын сіңіруге тиіс. Тарихи еңбектерде трагедияның өзі оптимистік сарында баяндалуы қажет. Қырылудың өзі рухты көтеруге қызмет етуі, салтанатқа ұласуы керек. Қырылыстан тірі қалғандар бұл жолы кеткен қателіктің келесі жолы қайталанбайтынына сеніммен, көтеріңкі рухпен шығуы керек. Қазаққа өткеннен сабақ беретіндей, өкінішті оқиғаларды қайталамауға үйрететіндей, алдағы уақыттарда тек жеңіске жетелейтіндей мазмұнды тарих керек.

* * *

Президент «Әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын-Орда тарихын» еске алыпты. Осында бір ұтымды идея жатыр. Біз – Алтын Орданың жалғасымыз, ізбасарымыз. Алтын Орданың тарихында қазіргі және келешек ұрпақты отаншылдыққа, ерлікке, ең бастысы, өршіл рухқа тәрбиелейтін элементтер тұнып тұр. Оны кинофильмдерде ғана бейнелеп қоймай, Алтын-Орданың отандық тарихтағы орнын еселеп көбейту керек дер едім. Ірі оқиғаларына оқулықтарда тәптіштей тоқталу керек. Алтын Орданың рәміздері көбірек көрсетіліп, көсемдерінің мерейлі даталары бұқаралық сипатта аталып жатса, әлгі қазақтың мемлекеті болмаған деп жүргендердің де аузына құйылатын ыстық құм болып шығар еді.

* * *

Президент мақаласында жастардың шет елге барып, білім алып, сонда қалып қоятын немесе өзіміздегі білікті жас мамандардың кетіп қалу құбылысын да назар аударған екен. Тереңірек үңіліп қарағанда құбылыстың себебін анықтау да қиын емес. Мәселенің түп тірегі жоғары квалификациялы, маманға лайықты жұмыс тауып беруге барып тіреледі.

Қазіргі таңда да, өкінішке орай, отаннан қашу құбылысы қылаң беріп отырғаны рас. Жыл сайын мыңдаған адам шет елдерге кетіп те жатыр. Ондаған мың адамның кәлласына «мүмкіндік болса – қашу» идеясы ұялаған. Қашудың бұрынғысы мен қазіргісінің айырмасы мынада: өткен ғасырда шекаралар ашық болатын. Сондықтан жаппай қашу орын алды. Қазір білімділер, қаражаттық мүмкіндігі барлар қашады. Бұл – қоғамның келешегі үшін қауіпті үрдіс.

Әдетте мұндай құбылыс ғылымы дамымаған, техника мен технология қажет болмай қалған елде байқалады. Ал ғылым, техника, технология тауар өндірісі болғанда қажет болады. Демек түпкілікті себеп тауар өндірісінің жолға қойылмауында. Егер жаңа өндіріс орындарын ашуға бөлінген қаражат қолды болмай, діттеген мақсатқа жұмсалса, отандық кадр шетке кеткенді кескін қойып, шет елдік білікті мамандар бізге келіп, жұмыс істеуге ұмтылар еді. Дамудың барлық жақтарын жолға қою тауар өндірісінен басталады.

* * *

Қасым-Жомарт Кемелұлы тілге қатысты «заң бәрін шеше алмайды, ниет керек» деген ашық тұжырым айтыпты. Мұны қалай түсінеміз? Заң шешпегенде тіл тағдырын кім шешеді?

«Билік заңды өзгертіп қою арқылы тіл үйренуге мәжбүрлік тудырсын» деген талаптың қойылып келгені белгілі. Бұл талапқа осы уақытқа дейін айқын жауап берілмей келді. Президент енді көпшіліктің назарын ғылымға аударып отыр. Шынтуайтына келгенде, тылсым жұмбақтарға толы, қоғам өмірінің барлық аяларында із қалдырып отыратын, тілге қатыстының бәрін бірінші кезекте ғылым айқындап беруі тиіс. Ғылым қалыптасқан ахуалды түсіндіреді, нендей шаралар жасау керектігін айқындайды, концепция дайындап береді. Сол негізде Үкімет бағдарлама қабылдайды, қатысты күштерді жұмылдырады. Іске конструктивті тұрғыдан келіс деген осы.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?