Қазақ халқының ерлік-күрескерлік шежіресіндегі бір ғасырда біртуар қаһармандығымен ерекшеленген ел арыстары айрықша арқауланғаны белгілі. Қилы кезеңдерде ел басқарып, тіпті жаугершілік замандардың өзінде қас батырлармен үзеңгі қағыстырып, ерлік көрсеткен қазақ сұлтандарының қарымы да ерекше болған. Ел қамы үшін қиын-қыстау уақыттарда олар ат үстінен түспеген. Қазақ елінің дербес ел болуын көксеген осындай қаһарман тұлғалар әрқилы кезеңде ұлт-азаттық күрестерге басшылық етті. Тіпті, Абылай, Нұралы, Әбілпейіз хандардың жатжерлік, көршілес орыс еліндегі шаруалар қозғалысын қолдаулары да, сайып келгенде, ел мүддесі үшін болған маңызды саяси әрекеттер. Аласапыран замандарда елінің абыройын асқақтатып, ерекше қайрат көрсеткендерін халық ақ киізге көтеріп, таққа отырғызып, хан сайлағаны аян.
Қазақ сұлтандары әулетінен шыққан осындай арыстардың бірі – Сыбанқұл Ханқожаұлы. Ол 1783 жылдан Найман руларына билік жүргізген Орта жүз сұлтаны Ханқожа Барақұлының ортаншы ұлы еді. Ханқожа әкесі Барақ сұлтан дүние салғаннан кейін немерелес туысы Әбілпейіз сұлтанның қолында өскен. Ол қазақ сұлтандары арасынан алғашқы болып қытай елі билеушісінен уаң шенін алған, кейіннен мұрагерлікке қалған осы атақпен үлкен ұлы Жанбөбек сұлтан ел арасында «Уаң төре» аталып кеткен. Сыбанқұл өзімен туысқан Жанқожа, Шалғынбай, Данияр, Күшік сұлтандардың арасынан шыққан ең айтулысы еді.
Ханқожаны тәрбиелеп өсірген Әбілпейіз хан XVIII ғасырдың 60-80 жылдары Орта жүздің шығыс аймағындағы Найман руларын билеген. XVIII ғасырдың қиын-қыстау кезеңінің бірінде қалмақ жағының қолына түскен Абылай сұлтанды елге босатып әкелуі оның ел билігіндегі беделін көтергені белгілі. Оның немересі Солтабай Бопыұлының Батыс Сібір генерал-губернаторының атына 1830 жылы жолдаған хатында арғы атасы Әбілпейіздің Ресей өкіметіне өте сыйлы болғандығын, ол елдің көпестеріне Қытайға жол ашқандығын, Семей шаһарының алғаш салынуына орын көрсеткендігін (Омбы ММ. 338-қор. 1-тізбе, 503-іс, 27-б.) және осы әулеттен 50-ден астам сұлтандар шыққандығын, әрқайсысы бір-бір ру ел басқарғандығын дәйектеп жазған. Шындығында Әбілпейіз әулетінен шыққан Бопы, Жошыдан тараған Сарт, Уәли, Қалифан, Әликен, Тұрсын, Солтабай сұлтандар ел билеуде әйгілі тұлғалар болған. Поляк зерттеушісі А. Янушкевичтің «Естелік күнделіктерінде» ерекше суреттелетін Барақ Солтабайұлы да осы тұқымнан шыққан айтулы сұлтандардың бірі болғандығы белгілі.
Сыбанқұл сұлтан қазақ елінің соңғы ханы Кенесарымен замандас әрі тағдырлас болды. Бұл тұжырымға дәйек боларлық айғақтар Омбы мемлекеттік мұрағатының қорында жетерлік. «Бүлікшіл сұлтандар» деп патша шенеуніктері атап кеткен ел арыстарының ұлт-азаттық күрестері кері бұрмаланып, олар туралы қазақ даласынан келіп түскен шұғыл мәліметтер іс-қағаздарына бірге тіркеліп отырған.
Отызында орда бұзып, қырқында қамал алған Сыбанқұл сұлтан нағыз қайсар, бірбеткейлігімен елге танылған. Тіпті, жауларының өзі оны «...Тәкаппар, көмек іздегендерге жайсаң, достарына адал, жауларына қорқынышты, іс-әрекеттерімен еліне сыйлы, қандастары арасында даңққа бөленген» деп бағаланған. Бұл сөздер орыс әскери шенеунігінің бірі Беленицкийдің 1832 жылы қыркүйекте Омбы облысы бастығына екінші ширегінде Сыбанқұл сұлтан өзінің ең белгілі тұлғаларына айналды.
XIX ғасырдың 30 жылдары қазақ елінің шығыс аймағында әлі де болса дербестік сақтап отырған руларды бодандыққа үгіттеу мақсатында келген Ресей мемлекеті Батыс Сібір әкімшілігінің мәртебелі ұлықтарын қарсы алу қатарында Сыбанқұл сұлтан болған жоқ. Себебі ол бұған дейінгі жылдары Ресей үкіметі саясатымен талай рет бетпе-бет келіп, өзіндік тұжырымға келген еді. Сыбанқұл сұлтан ел дербестігі үшін Сібір қалалары мен Шыңжан шаһарларына атбасын тіретіп, мәмілегерлік те жүргізді. Тіпті ел басқару жөнінде өзінің жеке пікірлерін білдіріп, ақ патшаның өзіне тікелей хат жазған да болатын. Омбы мұрағаты қорында сақталған бұл хат мәтінінде ол қаракерей – мұрын руларының атынан ел басқарушыларының Ресейдің жаңа басқару жүйесіне қарсы еместігін баяндай келіп, өз ұсыныстарын да мәлімдеген. Отаршылдық ниеттегі Ресей озбырлығы бірте-бірте оның саяси көзқарасын өзгерте берді. Оның сол кезеңде қаракерей – мұрын руларынан Ресей бодандығына кіруге ант берген ел билеушілері Сарт Жошыұлы, Бопы Әбілпейізұлы, Солтабай Бопыұлы, Дәуіт Мамырханұлы, Осман Жанайұлы, Есім Жошыұлы, Жаманбай Шанхайұлы, Қисық Тезекұлы, Айдарбек Көтебайұлы, Тілеміс Базарұлы сынды сұлтан-билер мен ру басыларының қатарында болмауы-нан байқауға болады. Олардан арасынан кейіннен соңғысы өзінің саяси көзқарасын өзгертіп, Сыбанқұл сұлтанның жақын серіктестерінің біріне айналғандығы жөнінде мұрағат деректері бар. Сыбанқұл сұлтанның ел арасындағы зор беделі оның сол кездегі халық арасындағы игі жақсылар Сасан би, Боқбасар би, Қырықбай би Кегенбайұлы, оның әйгілі Тана мырза сынды тұлғалармен өте жақын қарым-қатынаста болуынан көрінеді. Сыбанқұл сұлтанның басты бақталастарының бірі, Аягөз сыртқы дуанының аға сұлтаны Сарт Жошыұлы 1827 жылы 23 қазанда Батыс Сібір генерал-губернаторы Де сент Лоранға жазған хатында «...Сыбанқұл сұлтан Тобықты руларының билері Өскенбай, Байпақпен астасып, барымта жасағанын, бес жүз жасақпен қала-далаға шығуына бөгет болып, сол себепті ақ патшаға баратын сапарының кешігуілі екендігін, ел-жұртын, мал-жаның қорғау үшін 50 атты казак жіберілуін сұраған». Оның бура – найман руларының сұлтандарды Досан, Қылыш Ханбабаұлдарымен де қарым-қатынасы жақсы болғандығы мұрағат деректерінен ұшырасады. Жалпы сұлтан Жанбөбек уаң бастаған Ханқожа әулетінен шыққан төрелер Ресей бодандығына кіруді қолдамаған. Уаң, гун, тайжы шендерін иемденген олар Қытай мемлекеті Тарбағатайдың тауларынан асып келмейтіндігіне сеніммен қараған. Шындығында батыстан жөңкілген орыс отаршылдық топан суы Тарбағатайдың теріскейіне келіп бірақ тоқтағаны XIX ғасырдың орта тұсында шындыққа айналғаны мәлім. Дегенмен, ел дербестігі үшін екі ұстанымды да қатар таңдаған ел жақсыларының мақсат-мүдделері бір арнаға тоғысқан амал болғандығы тарихи шындық.
1830 жылы бодандыққа ант берген ел жақсыларына зерлі шапан жауып, алтыннан оқалар тағып, әскери шендер берген орыс ұлықтары үсті-үстіне әр түрлі айла- шарғымен Ресей қанатына алынған қазақ даласындағы ел билеу дәстүрін жойып, өз басқару жүйесін орнатып, сыртқы дуандарды бірінен кейін бірін ашты. Орыс отаршылдық саясатының түпкі ниетіне көзі жете бастаған ел жақсылары Сыбанқұл сұлтанның маңына топтаса бастады. Шыңғыстаудан тобықты рулары, Аякөз атырабынан Садыр, Матай, Керей рулары, Тарбағатай баурайындағы қаракерей – мұрын руларының көпшілігі алғашқы кезеңде Сібірден Қытайға қатынған сауда керуендеріне шабуыл жасауы Ресей жағын мазалай бастады. Аякөз дуанына қарасты әскери жасақтар дүркін-дүркін жіберілгенмен, нәтижесіз аяқталып, Семей, Өскемен маңындағы бекіністерден жазалаушы сарбаздар аттандырыла бастады. Жер жағдайының ерекшелігін жақсы білген Сыбанқұл сарбаздарымен ұрысқа түсу орыстар жағына оңай болмады.
Кенесары сұлтанның ұлт-азаттық күресінің Шығыс өңіріндегі жаңғырығындай болған Сыбанқұл сұлтанның Ресейдің Батыс Сібір өкімет билігіне қарсы көтерілу кезеңі тұспа-тұс уақытта болды. 1832 жылы басталған қарсылық 1840 жылға дейін созылып, табанды қарсылыққа ұласты. Осы мерзімде Сыбанқұл сұлтанның қол астында екі мыңға дейін тұрақты атты әскер болды. Олар аса қауіпті шайқастар кезінде Тарбағатай тауларын асып, Қытай жағына өтіп, уақыт оздыра шешуші ұрыстарға қайта оралып отырған. Ресейдің әскери ұлықтары Сыбанқұл сұлтанды ұстап, Сібір қалаларының бірінде қамауға ұстауға әрекеттенді. Сол себепті Сыбанқұл мекендеген Тарбағатайдың ұзына бойына шолғыншы тыңшылар жіберген. Олар ішінара Қарғыба – Базар өзендері алқабында егіншілікпен айналысқан ташкенттіктерді де пайдаланған. Мынандай бір мұрағат дерегіне көз жіберіп көрелік: «Тыңшылыққа жіберілген орыс әскери шенеуніктерінің бірі Авасов 1835 жылы 31 мартта Мұрын болысының сұлтаны Есім Жошыұлының тілмашы ретінде Жанай рубасы Тілемістің ордасына келгенде, үлкен ұлы Тана болмай, кіші ұлдары Қожахмет пен Есенгелді отырады. Кененттен Тілеміс нөкерлері келіп, оның ұлдарының нұсқауымен Авасовтың екі қолын артына қайырып, ат кісенге салып, керегеге байлап тастайды. Үшінші күні Тілеміс пен Сыбанқұл келіп, олар түскен үйге Авасовты алып келеді. Сыбанқұл одан Аякөз дуанындағы әскери жасақтың санын сұрайды. Әңгіме аяқталғаннан кейін Сыбанқұл оны төлеңгіттеріне тапсыратындығын орыстарға қайта сатуға немесе тіпті өлтіруге ерік беретіндігін айтады.Ол назарлықтарда 15 күн бойы қамауға отырады». Бұл деректі жазбадан сол кезеңдегі аласапыран оқиғалардың бірінің нақты көрінісін елестетуге болады.
Тағы бір деректі жазбада яғни, 1831 жылғы наурызда хорунжий Масласов мынандай оқиғаларды мәлімдейді: «Осы айдың 10-ы күні. Таңертеңгі 7-де тыңшы – тәшкендік Ауша Иішев келіп: «Түйемойнақ, Ботамойнақ тауларын қыстаған Төлеке Кегенбайұлы бастаған назарлықтар және Қарғыба өзенінің жағасындағы ауылдар Нор – Зайсан көліне қарай көшкенін, ары қарай Қытай жағына ауып кетуі кәміл екендігін. Назар болыстығына үш жүз атты сарбазы мен Сыбанқұл сұлтан келгендігін, ал, 11-і күні таңғы 4-те ертемен тағы көшкен топты күшпен тоқтату мүмкін болмағандығын, бұл мезетте Қытай жақтан екі жүз атты сарбаз ертіп уаң Жанбөбекұлы Бегалы сұлтанның келгендігін, бұған бес нөкерін ерткен Тана мырзаның келіп қосылғандығын айтқан».
Бұл көшке 51 үй байжігіт, 82 үй жанай, 52 үй ырсақ, 34 үй сары, 96 үй тоқабай, 200 үй керей ілескен. Осы көшті тоқтатуға Аякөз, Көкпекті отрядтары шамасы жетпегендіктен, Ямышев бекінісінен 8-әскери казак полкі шақырылған.
Осылайша Сыбанқұл сұлтанды қолдаған ел Ресей отаршылдығына қарсылық ретінде Қытай жағына өтіп, алғашқы көшті бастаған еді. Сыбанқұл сұлтан 1840 жылға дейін өз сарбаздарымен орыс әскерлеріне шабуыл жасап, отаршылдыққа қарсы күресін жүргізе берді. Елден орыс әскерлерінің жоғарғы ұлықтарына жазылған баяндауларда Сыбанқұл сарбаздарымен бірде Қаратауда, бірде Күршімде, бірде Маңырақта қарсылық жасағаны жөнінде мәліметтер үсті-үстіне жазалаушы әскери жасақтар жіберуінен-ақ байқауға болады. Мысалы, Омбы об¬лысы бастығы Крайкинге көмекке 1830 жылы 200 казак, 1-атқыш ауыр зеңбіректі қарулы күш жіберілген.
Бірнеше жыл Сыбанқұл сарбаздарын жеңе алмағандықтан, орыс әскери қолбасшыларының бірі «қазақтардың атты әскеріне ауыр зеңбірек қолдану керек. Бұл әрекет кезінде біздің мемлекеттің көмегімен жоңғар жасақтарына да жойқын күш берген» деген кеңес береді.
1839 жылы 15 мамырда шешуші шайқасқа Аякөзден аттандырылған зеңбіректі ауыр қарулы күшті басқару жүзбасы Жуков пен хорунжий Асановқа жүктеледі. Жуков пен Крайкинге далалық жағдайда ұрыс жүргізуге толық нұсқау беріледі. Батыс-Сібір жоғарғы мәртебелі ұлықтары тарапынан поручик Жуков пен Крайкинге Сыбанқұл сұлтанды қалай да қолға түсіру амалын табуға тапсырма беріледі. Батыс Сібір жоғарғы мәртебелі ұлықтары тарапынан поручик Жуков пен Крайкинге Сыбанқұл сұлтанды қалай да қолға түсіру амалын табуға тапсырма беріледі. Бұл кезде Сыбанқұл сұлтанның Тарбағатай баурайындағы Аякөз дуанына қарасты таулы жерде екендігі белгілі болады. Жіберілген жансыздар арқылы мекендеп отырған Долаңқара тауын дәл анықтап, жазалаушы жасақ төте жолдарды тауып, өздерін қазақ жасақтары түріндегі киімдермен топ-топқа бөліне жасырын жылжып бірнеше күн бойы Сыбанқұл сұлтан сарбаздары бекінісіне таянып келеді. Жіберген шолғыншылар Сыбанқұл сарбаздарының білтелі мылтықпен, қылышпен, найзамен қаруланғанын, ру таңбасы бар ақ байрақтар көтеріп жүргендерін байқап қайтқан (Өйткені кезінде Сыбанқұл сұлтанның арғытегі Сығай ханнан бергі Барақ пен Ханқожадан тараған төрелер салтанатты немесе жаугершілік шақтарда ақ ту көтеретін – А.Қ.)
Межелі орынға көш жер қалғанда Крайкин Сыбанқұл сұлтанмен келіссөз жүргізуге талпынып, екі қазақ старшынын жібереді. Сыбанқұл сұлтан оларға келіссөзге әзір екенін, кездесу орны екі жаққа бірдей орта тұс болуын талап етеді. Келіссөз барысында Крайкин Сыбанқұл сұлтанға ұрыссыз беріліп, басқаруындағы барлық ауылдарды Аякөз дуаны қармағына өткізуге үгіттейді. Бірақ өз жағына оралған Сыбанқұл сұлтан ең жақын серіктерімен сөз байласып, шешуші шайқасқа шығуға ұмтылады. Шайқас өте сұрапыл болып, ақ байрақты Сыбанқұл сарбаздары орыс жасақтарына тегеуінді соққы берген сәтте, жоталарда жасырын тұрған ауыр зеңбіректерден оқ жаудырған кезде қазақ сарбаздарының аттары жаппай үркіп, ұрысқа беттемей қалады. Арты қанды қырғынға айналған ұрыс даласын тастап шыққан Сыбанқұл сұлтан аман қалған сарбаздарын ертіп, төлеңгіт-нөкерлерімен кейін шегінеді. Осы ұрыстан кейін орыстар жағы көшіп үлгере алмаған киіз үйлердің бірінен Сыбанқұл сұлтанның отбасын қолға түсіреді. Артынан оларды құтқаруға Сыбанқұл сұлтан жіберген 11 сарбаз қоршауға түседі. Шапқында қалған жұрттан 636 жылқы, 750 ірі қара, 9800 қой, 280 түйе жинап алынды. Жеңіліске ұшыраған Сыбанқұл сұлтан тез арада тағы да жасақ жинап үлгереді. Сұлтанды ұстау үшін Тарбағатайға тағы екі жасақ жіберіледі. Бірін жүзбасы Портягин, екіншісін жүзбасы Нюхалов басқарады.
Портягин басқарған жасақ мынандай іздеу жорығын жасайды: Көкпектіден Жүзағашқа дейін (40), қурайлы жазығы (20), Боғас өзені (70), Базар өзені (23), Ақсуат бұлағы (17), Қарғыба өзені (2), Құмкөл бұлағы (15), Тебіске өзені (15), Ақжол өзені (20), Талды өзені (20), Арқалық бұлағы (50) және Қандысу өзені (90), барлығы – 292 шақырым. Портягин тәшкендік Иішев арқылы Сыбанқұл сұлтанмен келіссөз жүргізеді. Сұлтан өзінің отбасының амандығы үшін лагерге келетіндігін айтады да, келесі күні сөзінде тұрып, ұлы Абылхан бастаған сарбаздарын, отбасын барлық мал-жанымен Алакөлге көшіреді.
Бірер күннен кейін тәшкендік Иішев Сыбанқұлды өз үйіне қонақ қылып отырып, орыстар жағына ұстап береді. Сатқындық жасаған ташкендікке қатты назары болған жергілікті халық оны ел ішінен қуып жібереді. Сөйтіп орыс шенеуніктердің уәде еткен мол ақшасына қызыққан ол табысы көп егіншілік кәсібінен айырылып, өз жеріне кетеді.
Сыбанқұл сұлтан тұтқынға түскеннен кейін орыс ұлықтары Қытай шекара маңында істің ақырын күтіп жүрген Ханқожа әулетінің сұлтандарын ата қонысына оралуларын үгіт жүргізеді. Тарбағатайдың теріскейінің ұзына бойындағы құнарлы алқапты Қытай жағы иемденіп алмас үшін айла-шарғыларын жалғастырады. Ол үшін Қытай жағын арқа сүйеген Ханқожа әулеті сұлтандарын көндіру аса маңызды еді.
Алғашқы болып Аякөз дуанына қарасты Сыбан болыстығының сұлтаны Солтабай Бопыұлының араласуымен Сыбанқұлұлы Абылхан сұлтан елге оралады. 1839 жылдың 18 тамызда Көкпектіге Күшік Ханқожаұлы өз отбасымен және жиырма үй төлеңгіттерімен Маңырақты асып келеді. 24 тамызда Сыбанқұл сұлтанның басты қолдаушысы, қытайдың «уаң» шенін алған Жанбөбек Портягинге хат жолдайды. Ол інісі Сыбанқұлдың өз қолына қайтарылуын сұрайды. Әрине, уаң Жанбөбектің бұл өтініші қабылданбайды, керісінше оларды тезірек елге оралуға шақырады. Өз өтініші орындала ма деген үмітпен Жанбөбек бұрын қайтыс болған інісі Шалғынбайдың балалары мен інісі Рүстем сұлтанды төлеңгіттермен бірге бастап Көкпекті маңына қарай беттейді. Олар оралғанша басқа жұрт иеленіп алған Қаратау, Долаңқара қыстауларын, Көкпекті, Бөкен, Шілікті өзендері мен Қалба тауындағы жайлауларының өзеріне қайтарыылуы жөнінде тағы да хат жібереді.
Батыс Сібір генерал-губернаторы Веляминов Ханқожа әулетінің өз мекендеріне қайта орын тебуіне ерекше қарауды жүзбасы Портягин мен ассесор Подозов-Чублевцовқа жүктейді және олардың ауылын жедел қоныстандыруды тапсырады. Олардың соңғысы Көкпектіде Сыбан, Мұрын руларының сұлтан-билерінің сиязын шақырады. Сияз Ханқожа ұлдарына Назар және Мырзас жерлерінен қоныс беруді ұйғарады. Ал Ханқожа ұлдары кейіннен Ертістің оң жағына ауысуды және Сыбанқұл сұлтанды кешіруді сұрайды, бірақ бұл өтініштері де орындалмайды. Отаршылдыққа қарсы сегіз жыл сергелденге түскен семсерлі сұлтан Сыбанқұлдың ерік-жігеріне осылай тұсау түседі. Ол 1841 жылы 15 маусымда Том қаласы маңындағы итжеккеде айдауда жүріп, дүниеден озады.
Осылай орыс отаршылдары Кенесарымен тағдырлас болған, тағы бір арыстан жүректі ел арысын озбырлықпен туған жерінен жыраққа кетіріп, түбіне жетеді. Ал, туған жерлерінен топырақ бұйырған, бақилық болған аға-інілерінің мүрделері Уаң кесенесіндегі жер бесіктерінде жатыр (Ғасырлар сынына төтеп берген бұл тарихи ескерткіш, қазіргі Тарбағатай ауданының Уаң елді мекенінде әлі де сақталып тұр – А.Қ.) Орыс бодандығына бас имей, Шығыс өңіріндегі қалың жұртты отаршыл саясатқа қарсы көтерген ержүрек Сыбанқұл сұлтанның Кеңесары сұлтанмен қарым-қатынасының қалай болатындығын болашақ зерттеулер анықтайтын болады.
Сыбанқұл сұлтан жөнінде мұрағат қорында деректер мол. Бұл ретте ел арысының жеке өмірдерегін зерделеу, ұлт азаттығы жолындағы қаһармандығын айғақтау арқылы тарихымыздың күрескерлік-ерлік шежіресінен лайықты орнын алуы үшін ал туралы ғылыми-зерттеу, талдау, тұжырымдау істерін жалғастыру қажет. Алдаспандай жарқылдап дәурені өткен тәкаппар, Тарбағатайдың шыңдарындай өр мінезді Сыбанқұл сұлтанның ерлік өнегесі қазақ тарихындағы өзі тағдырлас Кене-сары сұлтан қатарынан орын алуы тиіс.
Қонысбек Ақжасар, ҚР мәдениет қайраткері