Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: Қазақтың тотемдік бейнелері ІІ

2614
#Түрік әлемі: Қазақтың тотемдік бейнелері ІІ - e-history.kz
Этнограф Зейнолла Сәніктің жазуынша, хайуанаттар туралы ертегілердің мифтік-аңыздык, қиял-ғажайыптық түрі қазақ қоғамының сонау балаң кезінде, адамдардың ой-өрісінің тым кенже дәуірінде пайда болған.

«Адамдар табиғаттың тәлкегіне ұшырап, дала тағысының, аспан құбылыстарының кейбір дүлей күшіне тап болғанда, оның бәрін солардың құдіреттілігінен болып отыр деп есептеп, оны киелі мақұлық деп біліп, соларға табынған.
Соларды әлемнің иесі деп таныған. Осыдан барып, бөрі, марал, аспанның кара кұсы, тағы басқа да аң-құс туралы қыруар кияли хикаялар да туа бастаған. Кейін келе бұл аңыздар толықтырылып, хайуанаттар туралы мифологиялық ертекке айналған», - деп жазады өз зерттеулерінде [5].


Көк бөрі
Бөрі басы - ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым,

- деп Сүйінбай ақын жырлағандай жалпы қазақ ұғымындағы көк бөрі бейнесі өте асқақ, түркі халықтарының ата-бабасы яғни түпнегіздік сипаттағы мифтік жаратылыс, тотемдік бейне.

Ілкі дәуірлерден жеткен аңыздарда көк бөрі сәбилерді асыраушысы, қиын-қыстау кезеңде көмекке келіп, тығырықтан шығар жолды көрсетуші пір, жебеуші ретінде сипатталады. Яғни тұтастай түркі халықтарының ата-бабасы болып табылады.

Түркі халқында шығу тегін қасқырдан тарататын аңыздар өте көп. Солардың бірінде «Түріктердің ата-бабалары Све (Сібе) еліне қарайды. Ғұндардың солтүстігінде өмір сүреді. Олардың ру ақсақалы – Апаңбу деген кісі. Ол ағайынды он жеті екен. Солардың ішіндегі Ижі-Нишыду дегені бөріден туыпты» делінеді [7]. 

wolf_mif.jpg

Сол секілді тағы бір аңызда: «Түркілердің арғы ата-бабалары АШина Сихай (батыс) көлінің құбылысына өз тайпасын қондырып, ел болған екен дейді. Күтпеген жерден ашиналықтарға көршілес бөгде тайпа шабуыл жасап, қырып салыпты-мыс. Ойран-топан болған жұртқа он жастағы баланың аяқ-қолын кесіп, тірі тастап кетіпті. Қаншық қасқыр оны тауып алып асырайды. Ер жеткен соң Әлгі бала қаншық қасқырға үйленіпті-мыс. Осы кезде ата жауы баланың тірі екенін біліп, тауып алып, өлтіріпті. Осы ұлдан жүкті болған қаншық қасқыр Гоацанның (Тұрфан) теріскейіндегі тау қойнауына барып тығылады. Осындағы үңгірді паналап жатып, он ұл тауыпты-мыс. Олар өсіп, ер жеткен соң, сол өлкенің қыздарына үйленеді. Сөйтіп, олар бір рулы ел болады. Ашина қабілетімен, ақыл-парасатымен дараланып, ру басшысы болған екен. Ол ата тегін мәңгі есте қалдыру үшін орда ауласының алдына қасқырдың басын бейнелеген байрақ іліп қоятын болған. Кейін де ру молайып, үлкен ел болыпты. 

Ашинаның ісін жалғастырушы Асян-шад қасқыр ұрпағын Гоацан аңғарынан ертіп шығып, Алтай тауына әкеп орналастырады. Олар осы Алтай тауында «түрік» деп атанған. Түрік қағандарының ордасында көк бөрінің басы сызылған ту асылады. Олар өздерінің келіп шығу тегін есінде сақтап, осылай істеген», [8] – делінгенін айта кету керек. 

Атақты билеуші Елжоу биге қатысты айтылатын тағы бір аңыз бар. Елжоудың әкесі Нәнді би (Нонды) жау қолынан қаза тапқанда, жаңа туған Елжау иeн дaлада қалады. Оған құстар ет тістеп әкелсе, көк бөрі емізіп асырайды. Мұны баланың керемет киесі деп білген ғұн Тәңірқұты оны асырап, ер жеткізеді» [7].

«Қазақта қасқырдың тұқымы, қаракөктің тұқымы деген сөздер тегін шықпаған. Сондай-ақ, қасқыр өндес кара көк қошқар, кара көк айғыр, қара көк бұқа, қара көк серкені касиетті жануар ретінде қарап, екіқабат әйел босана алмай қиналғанда, қара көк қошқарды толғатқан әйелден айналдырып қоя беру сияқты ескілікті ырымдар болған. Бұларды қорыта келгенде, бір кезде ата-бабаларымыздың қасқырға табынғанын дәлелдейді.

Көне түркі халықтарының ұғымында көк – Құдай деген мағынаны білдіреді. Сонда көк бөрі – Құдайдың қасқыры, көк қошқар - Құдайдың қошқары, көк бұка – Құдайдың бұкасы деген сөз. Көк атаулының киелі хайуанға айналуының себебі де осыдан. Аспаннан түскен көк қошқар, көк сиырдың сүті, Көк кептердің еті туралы хикметті аңыздардың да осыған байланысты тууы ғажап емес. Ал, көксоққыр деген қазіргі қолданылып жүрген сөзімізді де, бәлкім, сол кездегі өмірдің бізге қалдырған белгісі ме деп ойлаймыз. Осылайша ол кездегі адамдар көк бөріні Құдайдың жер бетіне жіберген елшісі деп түсініп, соған бас ұрған. Жер бетіндегі барлық алапат бөрінің кереметінен туады деп білген. Адам баласының нәсілін бөріден тараған деп қараған.

Қазақтың тағы бір үлкен тарихи аңызы - «Ергене-Күң» аңызы. Жаңа эраның І-Ү ғасырлары кезінде Алтай өңірін мекендейтін Наймандардың бір тобы Шеттің шабылуына ұшырайды. Шеттің күші мығым болғандықтан, халқы тұтас қырылып, соңында батыры жалғыз қалады. Наймандардың өздерін ойсыратқанына кәрленген шапқыншылар оны өлтірмей, қол-аяғын сындырып, далада қорлықпен өлсін деп жалғыз тастап кетеді. Жау кетіп қалғаннан кейін көп кешікпей бір қаншық қасқыр келеді де, әлгі батырдың қол-аяғын жалап, жарасын жазады. Одан соң, екеуі Алтайдың асқар шыңындағы Ергене-Күн деген шоқыдағы бір үңгірге паналайды да, ерлі-зайыпты болып бірге өмір сүреді. Содан тараған ұрпақты қазақ Ергенекті-Найман деп атаған. 

ffe0cd7795ae0bd9971121f3b1d023ec.jpg

Өз тегін хикметті хайуанаттардан таратуды ол кездің түркі халықтары мақтаныш сезінсе керек. Бір кезде бөрі-түрік кағандарының дербес жасағына берілетін атақ болған.

«Қобыланды» дастанында:
Қора толған малымды,
Аш бөріге тапсырдым.
Азу тісі балғадай,
Жас бөріге тапсырдым, - деп келетін тұсы бар. 

Осыған қарағанда, біздің ата-бабаларымыз алғашында көк бөріні Құдайдың жіберген мақұлығы, Алланың аяны бойынша ол бізді қорғап жүреді, адам баққан малды жеуі несібесінің жеті күн елден, жеті күн жерден болуынан деп түсінген [5].

Көк бөріні тотем тұту қырғыз, қаракалпак, өзбек халқының ғұрыптық фольклорында да жан-жақты көрініс алады. Қазақ халқының таныМында көк бөрі көк Тәңірінің нұры, жеңімпаздық символы, ерліктің тұлғасы болып табылады.

  Көк өгіз тотемі

Көк өгіз ұғымы ежелгі алтай халықтарының жаратылыс туралы наным-сенімі негізінде туған мифтик кейіпкер.

Зерттеу еңбектерін парақтай отырып қазақ фольклорындағы мифтік бейнелердің бірі - көк өгіз бейнесіне қатысты «Қазақтың мифтік кейіпкерлері» атты кітаптан біраз дерекке тап болдық. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы (2016 жылы шыққан) құрастырған көлемді еңбекте көк өгізге қатысты біршама деректер жинақталған екен [9].

Енді осы зерттеуге тоқталып өтсек:

Қазақ фольклорындағы мифтік бейнелердің бірі - көк өгіз бейнесі. Бұл бейнені зерделеу барысында фольклорлық Мәтіндерде аз кездесетіндігін байқадық. Негізінен көк өгіз – жаратылыс туралы түсінікке негізделген діни наным-сенімнен туындаған мифтік бейне. Ол жердің жаратылуы туралы аңызда ұшырасады.

Аңызда: «Көк өгіз жасаған жер мен көкті ең алғаш жаратқанда, әуелі айнадай дөңгелек, жерді тебіңгідей төртбұрыш, жалпақ етіп жаратқан екен.

Кейін бұлар бірте-бірте өсіп, үлкейе беріпті. Сонан соң Жасаған жерді көк өгізге көтертіпті. Бірақ жалпақ жер көк өгіздің арқасына тоқтамай, ауытқып, аударылып, төңкеріліп, қалтылдап, толқи беріпті. Мұның салмағын теңгеру үшін төңіректің төрт бұрышына талдарды әкеліп, орнатып, тау мен жазықты реттеп, бәймөңкелеп бекітіпті. Сонымен жалпақ жер көк өгіздің арқасында аумай-талмай тұратын болған екен».

Бұл миф бойынша жер жүзінде ізгілік, жақсылық молайса, көк өгіздің жүгі жеңілдейді. Бұған көк өгіз де сүйсінеді. Жер үстінде қылмыс, қылапат қабындап, жауыздық, жаманат өршісе, оның жүгі ауырлайды. Бұлардан жиренген көк өгіз, жер үстіндегі лас-жылыс, жаманатты аластау үшін сілкінеді. Осыдан жер сілкінуі туылады. Жердің сілкінуі, жерге аунаған малдың үстіне жабысқан шаң-тозаң, шөп-шоланды түсіріп тастау үшін сілкінетін әдетіне тақылет етілген. 

ashg-b006.jpg

Жасаған Тәңірдің жерді арқалаған көк өгізі, бейне кәдімгі көшкөлігі болып жүрген өгіздер сияқты кәртейе береді. Замандардың заманында көк өгіз әбден Кәртейіп, күш-қуатынан айырылып, ажалға тап болады. Көтеріп тұрған көлігінен айырылған жер-жаһан зауалға ұшырайды: тау қаңбақтай, тас бұршақтай ұшып, жер көкке шығып, көк жерге түсіп, қиямет зілзала туылып, заманақыр болады. Бу - құрып, бітіп, одүние басталады», - делінеді. 


Көк өгіз туралы сюжет осы сарынға құрылған. Мұндай наныма халықтарында кең тараған. Тек бұл сарындағы мифтердің бірінде жерді көк өгіз көтеріп тұрса, енді бірінде кит, алып балық, тасбака тв аңдар көтеріп тұрады.

Қазақтың тұңғыш этнограф-ғалымы әрі саяхатшысы Шокан Уәлихановтың «көк түс – ел дүниетанымында ерекше әспеттелетін аса қасиетті» саналған. Дәстүрлі тәңіршілдік дініндегі күллі әлемді жаратушы әрі бірден-бір әмірші «Көк Тәңірі» деп атауы – шынайы сенімнің белгісі. Өйткені «көк – барлық игіліктің бастауы, ғаламды билеуші Жаратқанның төрі, тұрағы» деп түсіндіреді.

Күн күркіреп, найзағай ойнаса, «Көк Тәңірінің қаһары» деп есептейтін наным бүгінге дейін бар. Көктемдегі күннің алғаш күркіреуін қазақ «Көк айғырдың кісінеуі» деп танып, «Көк Тәңірі көк айғырына мініп, жын-шайтандарды қуып жүрiп атады» деген нанымға иланады.

Аспан әлемін «Көк» деген атаумен атап, оған құдіреттің өзі ретінде қараған ата-бабаларымыз қиналғанда көкке жалбарынса, қуанғанда көкке қарап алғыс айтуды ұмытпаған. Күні бүгінге дейін ренжіген. сәтінде «көк соққыр» деп қарғау осынау тұңғиық әлемнің күшіне деген сенімді білдіреді.
М.Қадыров, Б.Нұрмұқамбетов тәрізді зерттеушілер «Ертедегі Орталық Қазақстан тайпаларының мәдениеті мен өнері» атты зерттеулерінде қазақ халқындағы тотемдік хайуанаттар туралы айта келіп, қошқар, теке тотемдерімен бірге көк өгіз тотемінің де болғандығын айта кетеді.

Фольклортанушы ғалым Ә.Қоңыратбаев: «Мифологиялық ұғымдар қазақ ертегілерінде баршылық. Бұған «Еділ-Жайық», «Құла мерген», «Ер Төстік» сияқты қиял-ғажайып ертегілері айғақ. Онда адам етін жейтін жалмауыз кемпірлер, дәулер образы көп айтылады. Бұл ертегі сақ заманынан қалған ұғымдар. Ертедегі сақ, массагет, үйсін тайпаларында ит, бөрі, өгіз, жылқы, айдаһар тотемдері пайда болады» деп бұл тотемнің шығу заманына талдау жасайды.

Көрнекті фольклортанушы ғалым С.Қасқабасов «Қазақ мифі және Әлемдік мифология» атты зерттеу еңбегінде: «Мифтің бүгінгі күні жеткен сұлбасынан діни сенімнің, таным-тәжірибенің, өнердің, философиялық, тіптен саяси көзқарастардың да алғашқы нышандарын дамытуға болады. Мифтік сана дәуірінде миф біртұтас бөлшектенбеген, синкретті қалпында, әмбебап сананың үлгісі ретінде көрініс тапқан деудің қисыны бар. Былайша айтқанда, миф дегеніміз - дүние-тіршілікке қатысты қалыптасқан қоғамдық сананың бірденбір әмбебап көрінісі. Осы тұста байырғы адамдардың қоғамдық санасы ретінде көрініс тапқан миф пен сол мифтің ғасырлар сілемін көктей өтіп келіп, бүгінгі адамдардың аузымен айтылуының арасында айырмашылық болатыны назар аударады. Бұл айырмашылық мифтің халық жадында құбылуынан немесе шыңдалуынан туған айырмаШылық емес. Мұны дүние тіршілікке қатысты адам санасының өзгеруінен туған айырмашылық десе болар. Себебі байырғы адамдар үшін миф сананың, таным-түсініктің, өмір салттың үлгісі болса, бүгінгі адамдар үшін миф – өткен өмірдің жаңғырығы», - деген болатын.

Қазақ фольклорындағы Көк өгіз бейнесі ғаламның жаратылуы туралы түсініктермен байланысты болып келеді. Кейіннен мұндай рух-иелік сенімге негізделген ұғымдар жойылып, жұрттың санасында сәулесі ғана қалады. Мұндай тотемдік сананың жарқыншағы қазақ фольклорының жұмбақ айтысы тәрізді жанрларынан да қылаң береді. Мәселен, «Есентай мен Қыз Болық» айтысында «Қара жерді көтерген немене» деген сауалға «мүйізімен жерді тіреп тұрған алып бір көк өгіз» деп жауап беріледі. Мифті арнайы қарастырған ғалымдар әлемнің жаралуы туралы мифтерде кездесетін типологиялық сарындардың бірі ретінде осы көк өгізді айтады.

«Жерді Көк өгіз тіреп тұр» деген ұғым ислам мифологиясында да бар. Еділ бойы, Кавказ бен Қырымды мекендеген түркі тектес халықтарға да таралған. Х.Әбішев «Аспан сыры» деген еңбегінде қазақта жер көк өгіздің арқасында орналасқан деген ұғыммен қоса, «жер жұмырткалай, ол көк өгіздің мүйізіне қойылған, бір мүйізі талғанда көк өгіз екінші мүйізіне ауыстыра салады, сол кезде жер сілкіну болады деп» көрсетеді. Көк өгіз туралы сюжетте (қозғалса, мүйізі сынса, мүйізі талса) үнемі ақырзаман болатындығы жайлы айтылады.

Қорыта айтқанда, көк өгіз - Тәңірлік дүниетаным бойынша табиғат құпияларын тәңір тұту, көк аспанды, аспан түстес жан-жануарларды культке айналдыру жағдайында дүниеге келген, жаратылыстың бастауы туралы сыр шертетін мифтік кейіпкер [9]. 



  жалғасы бар...


    Пайдаланған әдебиеттер: 

1. С.А.Плетнев   «От кочевий к городам» − МИА. 142. М.,1967. 13-50-66.) 

2. Жанайдаров О. Ежелгі Қазақстан мифтері. Қазақстан балалар энциклопедиясы. – Алматы: «Аруна» баспасы, 2006 

3. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы, 1984. – 350 б. 

4 Қондыбай.С Толық шығармалар жинағы 9 том Арғықазақ мифологиясы: 1- Кітап:Арыс,2008.-528 б

5. Зейнолла Сәнік. – Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2017.  

6. Мадалиева Ж. Қ. ДҮНИЕТАНЫМ ҰҒЫМЫНЫҢ МӘНІ MATERIALS OF THE XII INTERNATIONAL SCIENTIFIC AND PRACTICAL CONFERENCE«SCIENCE WITHOUT BORDERS - 2016» March 30 - April 7, 2016 Volume 7 History Political science Philosophy Sheffield SCIENCE AND EDUCATION LTD 2016   

 7. Қазақтың көне тарихы/Дайындаған М.Қани. – Алматы: Жалын, 1993. – 400б. 

 8. Қазақ халық әдебиеті. – Алматы: Жазушы, 1988. – Т.2. -228 б 

9. Қазақтың мифтік кейіпкерлері/ Құрас. С.Итеғұлова – Астана: Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы, 2016. -276б

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?