Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ халқының негізін құрайтын рулар мен тайпалық одақтар

1940
Қазақ халқының негізін құрайтын рулар мен тайпалық одақтар - e-history.kz
Көшпелі түркі халықтары соның ішінде атам қазақтың ешкімге де ұқсамайтын үлкен ерекшелігі бар. Ол – шежіре дәстүрі. Яғни қазақ халқы өзінің арғы тегінен ажырап қалмау мақсатында шежіре жазу немесе шежіре жаттау жұмысын дәстүрге айналдырған.

Бұл келешке ұрпаққа өткеннің өнегесін ұғындыру және тарихтан ажырап қалмау мақсатында жасалған. Ел арасында шежіреші қарттар мен ата шежіресін білетіндерді айрықша құрметтеп, мадақтап «жеті атасын білмеген – жетімдіктің белгісі» деп төрден орын берген. Керісінше, шежіреге мән бермейтіндерді, ата шежіресін білмейтіндерді мінеп, сынап отырған. 

Қазақ шежіресі көбіне ауызша тарап отырған. Хатқа басылып, жазбаша тараған шежірелер де баршылық. Оларға XVI-XVII ғасырларда өткен белгілі ғалымдарымыз Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі». Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи-и Рашиди» атты шежіресі, Қадырғали Жалайыридың «Жылнамалар жинағы» атты шежіресі және кейінірек жазылып, баспадан жарық көрген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Шәкерім Кула ұлының, Мұхаметжан Тынышбаевтың «Қазақ шежіресі» атты еңбектерін жатқызуға болады. 

«Қазақ арасында «жаттамалы шежіре» деген де шежіре болған», - деп жазады белгілі этнограф әрі зерттеуші Зейнолла Сәнік өзінің зерттеу еңбектерінде. Автордың атйтуынша, мұндай шежіре атадан балаға ауызша жалғасып келген оны көбінде халық арасындағы «шежіреші қариялар» деп аталған үлкендер жағы ұрпаққа үлгі ретінде үйретіп отырған. 

«Керей еліндегі «Сегіз сері» шежіресі, наймандағы «Ақтайлақ» шежіресі осындай жаттамалы шежіренің үлгісіне жатады. «Керей» шежіресін XVI ғасырдың соңы мен ХVII ғасырдың басында өткен «Ашамайлының» «Көшебе» тарауынан Дәулет батыр Таузанұлы жинастырған» делінеді. Одан кейін баласы - Толыбай, немересі - Шәукер мырза, оның ұрпақтары Шақшақ би жалғастырып, оны 1854 жылы дүниеден өткен әйгілі өнерпаз Сегіз сері Бахрамұлы хатқа түсірген екен. Ал «Тоғыз таңбалы найман», «Жеті көкжарлы» шежіресінің арғы тегі Тоқтамыс хан, Орманбет хандардан басталып, одан соқыр абыз (Қаракерей) Құттыбай би, Ақтайлақ би арқылы әйгілі шежіреші Бейсенғали Садықанұлының қолжазбасы арқылы баспа бетіне түсті», - деп жазады ол өзінің зерттеу еңбектерінде. 

Сонымен қатар автор қазақтың ата шежіресін қамтыған мазмұнына қарай «жалаң шежіре» және «хикаялы шежіре» деп екіге бөлген: 

Жалаң шежіре көбінде атадан-атаға тараған ұрпақтарды жалаң тізімдік бойынша таратады. Ал хикаялы шежіре сол аталардың қалай дүниеге келгендігін, қандай тағдырға тап болғандығын, өз бастарынан қандай ерлік күрестерді, азап-тозақты өткізгенді гін, әсіресе ұрпақ өсірген аналардың бастан кешкен қиын күндері шежіре арқылы кейінгі ұрпаққа жалғасып отырған. Бұлардың арасында Ұлы жүздегі Бәйдібек би мен Домалақ анан бастан кешкен хикаясы, Абақ ананын өз ұрпағын қанаттандыру жолындағы қажырлы еңбегі, Кызай ана мен Мұрын ананың үлгі-өнегелері ұрпакка шежірелі хикая ретінде жеткен. Әсіресе Домалақ ананың Бәйдібек жоқта үйін тонауға келген жеті қарақшыны ақылмен жеңіп, емшек сүтіне нан пісіріп беріп, оны өз сүтін емген баласы қатарына түсіріп, өзіне қастык жасаудан амалсыз қалдырғандығы, өзінен туған бала Жарықшақты күндестері қатерге ұшыратқанда көрсеткен төзімділігі аяулы ананың даңқын бүкіл қазақ халқына тараткан.
Міне, бұл күнде халықаралық ғылымда дала тағылымы, дала ғылымы атанып, «қазақтанудың картасы» делініп жүрген казак шежіресінің адам тұшынарлық бір үзігі», - деп жазады З.Сәнік. 

Енді осы этнограф Зейнолла Сәніктің еңбектерінде кездесетін қазақ рулары мен тайпалық одақтарына қатысты зерттеулерге тоқталайық: 

«Қазақ» сөзінің шығу тегі 

Автор жалпы қазақ сөзіне «ғасырлар бойы Орталық Азияның байтақ даласын мекендеп келген ежелгі этностық топтар сақ, үйсін, қаңлы, ғұн, алан, қарлық, Ұлы жүз, Кіші жүз, найман, керей, қоңырат, жалайыр, уақ сияқты рулар мен тайпалардан құралып барып, ұлт болып қалыптасқан халық тобы» деп анықтама берген. 

Автордың жазуынша, «Қазақ» деген атау сонау VII ғасыр кезінде еліміздің тарихи жазбаларында кездеседі. Сонымен қатар Таң патшалығының жаңа тарихынан да кездестіргенін айтады. «Арал мен Хазар (Каспий теңізінің төңірегін мекендейтін елдер кезінде «хаса» (қазақ) деп аталғандығы айтылады. ХІІІ ғасырдағы «Моңғолдың құпия шежіресі» мен «Алтын шежіреде» «қазақ арба» (хасак терген) деген сөз кездеседі: «Қыз өсірсек әдемі, ұмытпаймыз кәдені, қара бура жүргізіп, қазақ арба мінгізіп, сый етеміз қағанға...» деген өлең жолдары («Моңғолдың құпия шежіресі», 18-бет) сол кездің өзінде қазақ күймесінің салтанатын әлемге әйгілеп тұр. Араб жазушысы Ал-Ауфий 1228 жылы Үндістанда жазған қарлұқтарға байланысты бір кітабында «олар тоғыз ұлысқа бөлінеді, оның ішінде үш ұлыс шығып, үш ұлыс қазақ бар» делінген. 

Соңғы кездері дүние тарихшылары «қазақ» сөзінің ежелгі «хас сақтарға» байланысты екендігін көп жазып жүр. «Қазақ әдебиеті» газетінің 2006 жылғы № 30 санында Қазақстанның белгілі ғалымдары Мекемтас Мырзахметұлы мен Бахтияр Әбділдаұлының «Қазақстан – ежелгі хас сақ мемлекеттігінің мұрагері» деген ірі деген көлемді мақаласы басылды. Мақалада аты аталған ғалымдар ежелгі тарихи жазбаларда «хас сақ» сөзінің «нағыз батыр», «ержүрек», «қырағы», «қыран» деген сияқты мағына беретінін, ежелгі ирандықтардың ағылшын отаршыларына қарсы күрескен ержүрек батырларын «қазақтар» деп атағандығын, Түркияда да бұл сөздің осындай мағына беретінін айта келіп, біздегі «шаңырақ» сөзінің және «хас батыр», «хас сұлу», «сақман», «сакпан», «саккұлақ», «сакшы», «сан-саққа жүгіртті», т.б. сөздері ұлттық тілімізге келіп қалыптасқан сол дәуірдің белгілерін көлденең тарта отырып, бізден басқа ешбір халықта ежелгі хас сақтардың мұндай белгілері жоқ екендігін, сондықтан қазақтар «хас сактардың» табиғи мұрагері екендігін дәлелдеген», - деп біраз деректің басын қоса кетеді. 

Сол секілді қазак ғалымы Кадырғали би Қосымұлы Жалайыридың еңбегіне де тоқталады: «Кадырғали би Қосымұлы Жалайыри өзінің 1602 жылы аяқтаған «Жылнамалар жинағында» «Алаш мыны болды үш сан» деген құнды деректерді айтады. Демек, біздің жыл санауымыздан бұрынғы Үйсін дәуірінде «оң», «орта». «сол қол» болып, үшке бөлінген, XIII ғасырларда «3 ұлыс қазақ» болып, XVII ғасырларда «3 сан алаш» болып келген халықтардың кейінгі кезде қазақтың үш жүзі болып бірігуі. тегі бір әр қилы ру-тайпалардың талай заманалар бойы бірбірімен қарға тамырласып, қауымдасуға, топтасуға ұмтылған әрекеттерінің әрі заңды, әрі түйінді тіл бірлігі мен діл бірлігінің нәтижесі деуге болады. Қазақ шежіресінің деректері де осы жазба деректерге сәйкес келеді. 

«Ерте заманда Қалшақыдыр деген батыр қолбасшы болады. Ол қол бастап, шеру тартып, талай-талай жеңісті жорықтарды бастан кешкен батыр екен. Бір жолғы шайқаста ауыр жаралы болып, елсіз иен далада жалғыз жатып қалады. Жарақаты жанына батып, өлiмшi халде жатқан батырға аспаннан бір ақ қаз (аққу) ұшып келіп, аузына су тамызып, өзі жүре алатын халге келген соң, оны бір көлдің жағасына бастап барады. Аққу болып, құбылып келген бұл ақ қаз бірден перизат ақ қызға айналады да, батырдың жарақатын емдеп жазады. Сосын екеуі үйленеді, қыз жүкті болып, ұл табады. Оның атын Қазақ деп қояды. Қазақтан Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс атты үш ұл туады. Акарыстан – Ұлы жүз, Бекарыстан - Орта жүз, Жанарыстан Кіші жүз тарайды», - дейді ата шежіреміз. 

Бұл аңызда казак халқының негізін салған кыз бейнесі басым орынды ұстайды, аққу-қаздың кейпіне кіріп, аспаннан ұшып келіп, көлге шомылған перизат аруларға ғашық болып үйлену казақ ертегі-аңыздарында көп кездеседі. Бұл аңыздың тегі аналық дәуірде аққу-қазға сыйынып, оны тотемдік нышан етіп табынған алғашқы аналық дәуірдің сәби санасынан пайда болғандығы байқалады. 

Бір кезде Арал мен Каспий бойларын мекендеген халықтың «қазақ» аталуы, қазақтың қыпшақ тайпасында «қаз» атты рудың болуы, Балқаш көлінің «Қаз суы» аталуы, сол манда «қаз баласы» деген қаланың болуы тегін емес. Халқымыздың салтында акку-қазға киелі құс деп қарайды. Бұрынғы заманның бақсы-дуаналары басына аққудың терісін киіп, қанатын асып алатын. Қазақ Қыздарының тақиясына аққудың сапарын іліп, үкі тағып алатын себебі де, сол ертедегі тотемдік ұғымның бұл күнге жеткен сарқыншақтары деуге болады», - деп жазған өзінің зерттеу еңбектерінде. 

Сонымен қатар, «Алаш», «Алаша хан» туралы аңыздарға да кеңінен тоқталады: 

Тағы бір тарихи аңыздарда «қазақ», «алаш», «үш жүз» деген сөздердің шығу тегі туралы былай баяндалады: «Есте жоқ ерте заманда Сыр бойында 32 рулы елді билеген Қызыл Арыстан деген хан болады. Бұл ханның төңірегінде бес жүз түтін төлеңгіті бар екен. Ол өзінің қол бастаған жорықтарында ылғи да жеңіспен оралып отырған екен. Бір жорықта тұтқын болған бір сұлу қызды хан өзі алады. Тұтқын қыз содан жүкті болып, тұла бойы түгел ала бір ұл туады. Мұны жаман ырымға жорыған ханның бәйбішесі жасауылдарына бұйрық беріп, «ала баланы» Сырдарияның суына тастатады. Дария бойында балық аулап жүрген бір кедей қария суға кеткен баланы құтқарып, өзі бала ғып асырайды. Күндер өте келе «ала бала» асқан ақылды, ержүрек азамат болып жетіледі. Содан барып «алаш» деген аты жұртқа жайылып, даңқы алысқа кетеді. Мұны естіген хан оны ордаға әкелмек болады. Ал хан ақылшылары Қотанбай мен Майқы би ала баланы ордаға әкелмей, қасына жүз жігіт қосып беріп, өз еркіне қоя беру керектігін айтып, кеңес береді. Мұны хан мақұл көреді. Сонымен алғашқы жылы Қотанбайдың үлкен ұлы - Үйсін бастаған жүз жігіт, келер жылында Қотанбайдың ортаншы ұлы - Болат бастаған жүз жігіт, үшінші жылы Қотанбайдың кіші ұлы - Алшын бастаған жүз жігіт ілгерінді-кейінді Алашқа барып қосылады. Бұлардың бәрі де ержүрек, сайыпқыран жігіттер екен. Осы үш жүз жігіт ешкімге бағынбай, ержүрек батыр Алашқа еріп, еркін жүріп, ерлік жорықтарын жасайды. Сүйте-сүйте ол төңірегіндегі елдерді өздеріне бағындырып, содан барып «қазақ» атанады. Мұның мәнісі - «ержүректілер», «еркін адамдар» деген сөз екен. 

Кейін бұлар бас қосып, ақылдасып Алашты ақ киізге отырғызып хан етеріп, оны «Алаш хан» (Алаша хан) деп атайды. Содан барып Котанбайдың үлкен ұлы Үйсін бастаған жүз жігіттің әулеті - Ұлы жүз, ортаншы ұл Болат бастаған жүз жігіттің әулеті - Орта жүз. Кіші ұлы Алшын бастаған жүз жігіттің әулеті Кіші жүз атанып кеткен екен. Қазақтардың «атамыз – Алаш, атымыз -казак, үш жүздің ұрпағымыз» дейтін сөзі осыдан калған екен.

Алаш, алаш болғанда,

Ала тай ат болғанда,

Таңбасыз тай,

Енсіз қой болғанда,

Алаша хан болғанда, -

дейтін жыр тақылетті аңыз меншікті мүлік қалыптаспаған, малға ен-таңба салмаған, қысқасы, атадан енші алып бөлек шықпай, бір адамның берекелі ұрпағы болып тұрған кездің аңызы екенін аңғартады. Бұл күндері Ұлытаудан ағатын Жанқабыл өзенінің жағасында «Алаша хан ордасы» деп аталатын үлкен сарайдың байырғы жұрты бар. Ұлытау өңіріндегі Қаракеңгір өзенінің оң жағында «Алаша хан күмбезі» деп аталатын күмбез бар екені мәлім. 

Пайдаланылған әдебиет:

Зейнолла Сәнік. Көптомдық шығармалар жинағы/ VII том. –Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2017.    

жалғасы бар...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?