Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

XIX ғасырдың екінші жартысындағы Жетісу жері

2323
XIX ғасырдың екінші жартысындағы Жетісу жері - e-history.kz

Бағбаншылық, бақша егу мен темекі өсіру жыл өткен сайын дами түсті. Бұл кәсіптердің Жетісуда экономикалық әлеуеті жақсы еді, өйткені жол жағдайы жақсы болса, олардың өнімдерін Жетісумен шекаралас жатқан Сібірге өте үлкен көлемде сатуға болар еді.

Жоғарыда айтылған кәсіптердің қатарына қант қызылшасын және қытай қант құрағын өсіруді де қосуға болады. Жетісуда оларды өсіруде үлкен әлеуетке ие еді, бұл жерде қанттың пұты 20 рубльге дейін жететін [еск. 1 пұт – 16,3 кг]: «…Когда начнется правильная разработка каменного угля и устроится сахарный завод в Илийской долине, то дунгане и таранчи доведут культуру джюгары до совершенства, это их любимое растение. Племена, населявшие Илийскую долину, с незапамятных времен занимались культурой джюгары. Само название сахара происходит вероятно от этого растения…»

Козелл-Поклевский Жетісудағы жібек шаруашылығының жағдайы қандай болғанын да жазады. Оның айтуынша, тұт ағашының Жетісу облысында жақсы өскеніне қарамастан, орыс тұрғандары ғана емес, сонымен қатар осы іспен таныс қазақтардың арасында да жібек шаруашылығы айтарлықтай мәртебеде болмаған. Инженер бұның себебі басқа кәсіптерге қарағанда жібек шаруашылығынан айтарлықтай пайда келе қоймаған деп санайды. «Халық саны өскен сайын ол табыс табудың жаңа түрін іздей бастайды, сол кезде, бәлкім, жібек шаруашылығы дамитын шығар»,- деп топшылайды инженер.

Шөптесін өсімдіктер мен ағаштардың көп болуына байланысты Жетісу тауларының баурайы омарта шаруашылығы үшін қолайлы болды. 1856 жылы Жетісуға алғашқы бес омарта әкелінеді, ал 1882 жылы олардың саны 17 мыңға дейін жетеді.

Балықшылық басқа кәсіптерге қарағанда, маңызды сала болып саналмаған. Оның екі себебі бар: біріншісі – Жетісудың өзен-көлдерінде балық көп болғанымен, түрі аз болды; екіншісі – сол балықтың сапасы. Жетісуда ең көп тараған балықтың түрі – «ақбалық» деп аталды. Козелл-Поклевскийдің айтуынша, оның уылдырығы өте зиянды. Ақбалықтан басқа Жетісу өзен-көлдерінен осман («өте дәмді және уылжыған балық»), кәдімгі сазан, алабұға, жайын, ханбалық, ал Ыстықкөл көлінен үлкен көл ханбалығының түрін ұстауға болады. Автор балық аулау кәсібінің болашағына үлкен үмітпен қараған. Ол Жетісуда еуропа мәдениеті дамыған сайын балықшылық қана емес, сонымен қатар балық шаруашылығы да өседі деп үміттенуге болады деп санайды. Сол кезде Жетісудың барлық суы Ресей Үкіметіне тиесілі болғандықтан, өзен мен көлдегі тиімді балық шаруашылығын жүйелеу қандай да бір кедергіге ұшырауы неғайбыл еді. Инженердің айтуынша өңірде балық аулаумен тек еуропалықтар ғана айналысқан. Оның айтуынша, қазақтар тек соңғы уақытта ғана орыс балықшыларынан кейбір әдіс-тәсілдерді үйрене бастаған. Жалпы, Козелл-Поклевскийдің айтуынша, жетісу өңірінде балық шаруашылығын дамыту мәселесі бірінші кезектегі маңыздылықта болмаған, өйткені жергілікті әкімшілік басқару басқа да одан да маңызды мәселелердің шешімін табуға тырысқан. Алайда, автор балық шаруашылығының тиімді дамуынан, оның халыққа да, қазынаға да пайда әкелетінінен үмітін үзбейді.

Аңшылық кәсібінің сол кезде маңызы өте жоғары болған. Бәрінен де көп түлкі терісі (6 мыңға дейін), одан аздау дәрежеде сусар, аю, сілеусін, жолбарыс, барыс, суыр мен кәмшат терілері өндірілген. Ет үшін қабан, тау және дала ешкілері ауланған. Ол кезде аңшылық кәсібімен айналысқандар аң терісінен басқа, маралдың мүйізін қытайлықтарға 100 рубльден сатып, зор пайда көрген. Құстарға келер болсақ, тауда кекілік, ұлар көп болған. Далада дуадақ, безгелдек, дала кекіліктері мол болған. Өзен-көлдердің маңайында қырғауыл және түрлі су құстары: аққу, қаз, үйректердің түр-түрі, бірқазан, суқұзғын, тауқұдірет, балшықшы сияқты құстар тіршілік етеді. Сол кезде халық санының артуына байланысты аңшылық кәсібі өспейді, керісінше, азаяды деп саналған. Автор болса өнеркәсіп иелерін назарын құс жүні мен қауырсынын игеруге шақырған.

XIX ғасырдың екінші жартысында Жетісуда айтарлықтай тау-кен өнеркәсібі болған жоқ. Өндірушілер Тентек, Ырғайты, Хоргос өзендерінен алтын өндіруге сынама жасап көреді, алайда, кемшілігіне және жұмыс күшінің қымбаттығына байланысты алтын өндіру пайдасыз болып табылады. Күміс-қорғасын, мыс, темір, марганец және басқа да кен түрлері мол болғанымен, әлі де өндіріле қоймаған еді. Тас көмір туралы да осылай айтуға болады, көптеген жолдар табылғанымен, көмірді өндіру әлі басталмаған. Құлжаны қытайлықтарға бергеннен кейін, Иван Козелл-Поклевский Вали-Ахун және Пугасов деген көпестермен бірге барлау жұмыстарына шығады, нәтижесінде Чишкан өзенінің жоғарғы жағында Іле жағасынан көмір кенін тауып қайтады. Инженердің айтуынша, бұл көмірді Жаркент участогында орналасқан тараншылар игеруі керек еді. Қалқанда өндірілетін көмір Іле өзені бойындағы бумен жүретін кеме шаруашылығы және осы шаруашылықпен байланысты болатын кәсіпорындар үшін қызмет етуі керек болған.

Металл кені мен тас көмірден басқа, Жетісу түрлі тас таужынысына бай болған. 1870-1880 жылдары Верный және оның айналасында шағылған және қашалған сиенит қолдану кеңінен орын ала бастады. Бұл тасты қашаудың арзан болғаны соншалық Талгарка өзенінен көпір салу үшін қашалған тастың текше сажыны ерітіндісімен, қапсырма шыбығымен, бәрі бірге небәрі 60 рубльге ғана шыққан. Сиениттен басқа ақырындап мәрмәр да қолданыла бастайды. Козелл-Поклевский мәрмәр мен агальматолит өндіру үшін Қаскелең тауы ішінен шағын кесу орнын ашып алады. Жетісу алебастр, агальматолит, саз балшықты жер мен тас тұзына бай болған. Оның үстіне, көлдерде тұнба, ас және глаубер тұздары мол болған. Балқаштың оңтүстік жағасынан озокерит кені табылған. Жергілікті халық жерден селитра мен сақар өндірген. Глаубер тұзы араласқан сақар Іле өзені бойынан алынған, оны сабын шығару үшін қытайлықтар сатып алған. Жетісу жері минералдарға бай болғанына қарамастан, ол кезде аз зерттелді. Тек профессорлар Мушкетов пен Романовскийдан басқа сол кезде Жетісуды егжей-тегжейлі зерттеген ешкім болған жоқ.

Тау орманын сақтап қалу сияқты орман шаруашылығы да жергілікті әкімшіліктің үнемі қамқорлығында болды. Ағаштың жаңа түрін өсіріп шығару және барын сақтап қалу Орта Азия үшін өмірлік мәні бар мәселе болды. Козелл-Поклевскийдің таудағы орманды құртудың қаншалықты қауіпті екеніне осы Жетісуда тұрған он екі жыл ішінде әбден көзі жеткен: 

«Леса вновь не отрастают, а воды для полива с каждым годом меньше, так что по неволе приходится бросать плодородные поля по недостатку воды. С другой стороны, многие совершенно пустынные местности превращены в прекрасные сады и рощи, влаги в этих местах больше, начинают появляться росы и около существующих рощ новые деревья прививаются гораздо легче и требуют меньше ухода и полива» 

Жетісудағы зауыт пен фабрика өнеркәсібі арақ-шарап ашыту және сыра қайнату өнеркәсіптерінен тұрды. Теріні аз және нашар илейтін бірнеше шағын тері өңдеу зауыты, бірнеше шағын сабын қайнату, май шайқау және ағаш кесу кәсіпорындары болған. Зауыт пен фабрика өнеркәсібі бойынша Жетісуда осылар ғана болған. Сонымен қатар, Құлжадан көшірілген механикалық шеберхана болған. Зауыт ісі үшін Жетісу таптырмайтын өңір болды. Әсіресе, өңір темір, қант, стеарин, шыны, фаянс және шұға зауыттарына зәру болған.

Жетісуда, әсіресе орыс тұрғындары арасында қолөнері аз дамыды. Қазақтар, тараншылар, дұнғандар мен сарттарда бұлардың қажеттіліктерін өтей алатын өз қолөнершілері болды.

Жетісуда сол кезде сауда аз дамыды. Сауда екі түрге бөлінді: қала, село мен станицаларда, дүкендерде отырықшы халыққа ақшаға тауар сату; және тауарды малға, теріге, жүн мен киізге айырбас үшін дала аралап жүріп саудалайтын далалық сауда. Жетісуға әкелінетін тауарлар жәрмеңкелерде, соның ішінде бастысы Ірбіт жәрмеңкесінде, одан кейін Крестов және Қоянды жәрмеңкелерінде саудаланатын. Жетісу азық-түлігі де осы жәрмеңкелерде саудаланатын, тек қой және мал Қоянды жәрмеңкесінде сатылатын. Сырттан келетін тауар: шай, мануфактура тауарлары, темірдің түр-түрі, қант, шам, ыдыс-аяқ, былғары, аяқ киім, шыны, галантерея және бакалея тауарлары, шетелдік және ташкенттік жүзім шараптары, әйелдер мен ерлердің дайын киімдері. Сыртқа шығарылатын тауар түрі: қой және мал. Олар Қоянды жәрмеңкесіне, Петропавл, Қашқар, Ферғана және Құлжаға айдалды. Астық көбінесе Семей және Ақмола облыстарына, сонымен бірге қытайлық Тарбағатайға шығарылды. Сонымен бірге Сібірге былғары, жүн, киіз, бал және балауыз шығарылды..

Тауарлар үш жолмен шығарылып, кіргізілді.

Бірінші жол. Ең бағалы тауарлар Ірбіттен Алматыға және Жетісудың басқа қалаларына аттармен қысқа жолмен әкелінді. Бұл тауарлар Семейден бастап көктемде арбамен Қапал тауларына дейін әкелінді. Бұл жол ең қымбат жол саналынды, тауарды бұл тәсілмен тасу пұтына 6 рубльге дейін жететін.

Екінші жол. Бұл тәсілмен тауарлар бумен жүретін кеме (пароход) арқылы су жолымен Семейге дейін, кейде тек Павлодарға дейін ғана жеткізілетін. Бұл жерде жеткізу құны, жүктің сипатына қарай пұты үшін 30-дан 40 тиынға дейін жететін. Семейден тауар ат, өгіз және түйемен Верныйға жөнелтілетін. Бұл тасымалдың құны, жыл мезгіліне, жол бойындағы шөп пен сұлының бітіктілігіне, малдың өлім-жітіміне қарай бір рубль мен үш рубль 50 тиын арасында болатын.

Үшінші жолы. Тауарды Крестов және Қоянды жәрмеңкелері мен Петропавлдан түйеге артып керуенмен жөнелту, олардың бір бөлігі Балқаштың шығыс жағы арқылы, басқалары – батыс жағы арқылы жүрген. Жүк тасымалының бұл түрі басқаларымен салыстырғанда арзан саналған, үш рубльден аспаған. Алайда бұл жолмен аз тауар тасымалданған.

Козелл-Покровскийдің жинаған деректері бойынша Жетісу облысына 300 мың пұтқа жуық тауар енгізілген, олардың ішінде шайдың өзі ғана 50 мың пұтты құраған. Егер тасымал құны арзанырақ болғанда, бұдан да көп мөлшерде тауар кіргізіп, шығаруға болар еді. Тасымал құны қымбат болғандықтан, тауар бағасы да сәйкесінше болған, инженер мынадай мысал келтіреді: қанттың пұты 20 рубльге дейін, темір – 6-дан 8 рубльге дейін, ірбіт арқаны – пұты 16 рубльге дейін, шыны – жәшігі 300 рубльге дейін жеткен. Машина мен пароходқа арналған қазандықты жеткізу үшін Иван Иванович Мәскеуден Ілеге дейін әр пұт үшін 12 рубль төлеген және тауардың жетуін бір жылдан астам уақыт күткен.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Жетісуға жасалған осы қысқаша шолудан бұл өлкенің табиғи байлыққа бай және еуропалықтар тәуір көтеретін климатқа ие болғанын көруге болады. Жетісу барлық жағынан дамуы үшін, автордың пікірінше, алдымен жол қатынасын арзандату керек, сол кезде егіншілік те, өнеркәсіп те, тау ісі де жалпы жаңа өлкелердегідей жылдам дами бастайды: «Бұл ретте Америка бізге үлгі болуы керек». Екінші жағынан, жол қатынастары болмаса, Ресей Орта Азияда ешқашан да бекімейді, сол себепті бай жетісу өлкесі пайда әкелмек түгілі, бюджетке ауыртпалық әкеледі деп атап көрсетеді инженер:

«Соғыс үшін ақша, ақша және ақшаның керектігі сияқты, шет орналасқан елдерді отарлау үшін жол, жол және жол қажет»

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?