«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

#Түрік әлемі: халқымыздың аңшылық және саятшылық дәстүрі ІІ

297
#Түрік әлемі: халқымыздың аңшылық және саятшылық дәстүрі ІІ
Қазақ табиғатынан көшпелі халық. Негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Сонымен қатар, егіншілік, балықшылық, аңшылық, орман шаруашылығы секілді кәсіптерді де қоса меңгерген. Әсіресе, табиғатпен етене жақын өскен қазақ халқы үшін аңшылықтың орны ерекше болған. Ит жүгіртіп, құс салып саятшылық жасаған.

Қазақ табиғатынан көшпелі халық. Негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Сонымен қатар, егіншілік, балықшылық, аңшылық, орман шаруашылығы секілді кәсіптерді де қоса меңгерген. Әсіресе, табиғатпен етене жақын өскен қазақ халқы үшін аңшылықтың орны ерекше болған. Ит жүгіртіп, құс салып саятшылық жасаған. Белгілі зерттеуші, этнограф Зейнолла Сәніктің айтуынша, қазактың «Жеті қазына» деп атайтын жеті қазынасының «сән қазына» тобына кіретіні – ер жігіт, сұлу әйел, ақыл-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтык, жүйрік тазы екені жұртқа мәлім. Осы «Жеті қазынаның» төртеуі тікелей аңшылыққа қатысты болып отыр. Алайда, уақыт өте келе қоғамның дамуына байланысты малшаруашылық, егіншілік, бау-бақша, қолөнеркәсіп сияқты кәсіптер қалыптасып жалпы халықтың аңсары осылай ауады да, аңшылықтың көлемі тарыла бастаған.

«Оны кәсіп кылатындар барған сайын азая берді. Бұрынғы тазымен, сакланмен, садақпен, жүйрік атпен аң аулаудың қатарына кыран құспен аң аулайтын жаңа мазмұн қосылды. Ендігі жерде аңшылык күнкөрістің тұтас түйіні болудан қалды. Күнкөрістің негізгі түйіні - мал шаруашылығы мен егіншілік және басқа кәсіпке ауды. Аңшылық енді негзгі күн көріс көзі емес көбінесе серуен сапардың, салбурын кұрудың, дала қызығын тамашалау салтына айналады”, - деп жазады ол өз еңбектерінде. 

7c57234346e6bb51cdb860ba37642119.jpg

Қазақтың құсбегілік өнері

Зейнолла Сәніктің зерттеулерінде құсбегілер қыранның мекеніне, алғырлығына, сырт бітіміне, мінезіне қарай «Алтайдың ақ иығы», «Сәуірдің сарыбалағы», «Боғданың қарагері», «Тарбағатайдың тарпаң қызылы» немесе «Қанішер кара», «күйшіл», «кекшіл», «ак шегір», «садақ сан», «қандыбалақ», «шүңірек», «шәулі», «сарысүмбі», т.б. деп аталатыны айтылған.

Бүркіттің жас атаулары

Бүркіттің 100-150 жыл жасайтыны ғылыми жолмен дәлелденген. Қазақ құсбегілері оны 15-20 жасқа дейін қолға ұстаған.

Бүркітті жасына қарай былай деп атаған: бір жас – балапан,

екі жас - түбіт,

үш жас – тірнек,

төрт жас - тастүлек,

бес жас - мұзбалақ,

алты жас - көк түбіт,

жеті жас - кана,

сегіз жас - жаңа,

тоғыз жас - май түбіт,

он жас - баркын,

он бір жас - баршын,

он екі жас - шөгел...

Осылайша, 15-20 жасқа дейін ат қойған.

Бүркіт баптау

Бүркіт баптау – халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық өнерінің бірі. Құс төресі бүркітті қолға түсіріп, оны өз дегеніңе көндіру өте күрделі әрі қиындығы көп шаруа. Бүркітті алдымен түлету керек. Ол үшін ең алдымен қызыл, қансоқта секілді күшті жемдер беріп, біршама семіртіп қоң жинатады. Қоң жинап, түлегі әбден келген бүркіттің қанат құйрығы жетіліп, топшысы да қатайып, бекемделе бастайды. Мұнан соң қолға үйретілген құсты қайтадан арықтатады. Алдымен шырғаға тартып, ұшырып қанатын аштырып жемдейді. Бұл іс жүзінде шынықтыру болып есептелінеді. Құсбегілер бұдан кейін бүркітті бабына келген жарау күйінде ұстап, бабымен баптауға көшеді.

Бүркіттің тамағы

Атам қазақ бүркітке мынадай тамақтар беріп баптаған:

Қансокта – атып алынған аңның немесе сойылған малдың туралмаған, сөлі әлі кетпеген яғни қаны сорғалаған кесек ет.

Қызыл - құстың оңай қақшып алып, қылғытып жұта салуына ыңғайлы етіп туралған қызыл ет. Мұның да қан-сөлі өзінде болуы тиіс.

Тартпа Малдың немесе аңның желкесі, толарсағы, шандыры сияқты құнары аз, сіңірлі бөліктерін тартпа деп атаған. Ол құстың тым қоңданып кетпеуі үшін берілген.

Сарыбөртпе - туралған соң бірнеше рет суға шайып, сығып, кан-сөлiнен біршама арылған ет түрі. Бұл да құстың тым қоңданып кетпеуі үшін берілген.

Ақжем - майдалап туралып, суға салып сығымдап, бар нәрінен айырылған кесек ет.

Тоят - құс өзі алған аңның етін жұлып жеуі.

Үрген өкпе немесе боз өкпе - сойылған малдың немесе аң өкпесіне пышақ тигізбей кеңірдегімен қоса алып, үрлеп қояды. Сонда өкпе маңызынан айырылып, құсты белгілі уйге түсіретін жем болып шығады.

«Құсбегілер қолындағы құстың күй-жайын тамыршыдай бағып отырады да, кажет болса, бүркітке «ақжем» мен «бозөкпені» - жүдету, «тартпаны» - шынықтыру, «қансоқта» мен «қызылды» - семірту, «сарыбөртпені» құсты бір қалыпта ұстау үшін береді. Қажет деп табылғанда құсты ашықтырады, қоялатады, шаяды. Қоялату үшін бармақтай ақ киізді әбден жуып тазартып, майға орап бүркітке қылғытып жіберсе, аздан соң құсып, ішіндегі қоясын құсықпен бірге түсіреді. Ал ішін шайып ашыктыру үшін тырнаның жілігінен жасалған түтікпен бір-екі рет кара шай жұтқызады. Әртүрлі жемге шақыруды қазақ «қайыру» немесе «ойтамақ» деп атайды», - делінген З.Сәнікұлының еңбектерінде.

ab084211ed9981bb929132993259deca.jpg

Ал аңға түсуге, нағыз қансонарға баулығанда сыпырып түсу, шаншыла құлау, іле түсу секілді тәсілдерге машықталады. Зеңгір көктен шаншыла түскенде тәжірибесі әлі де қалыптаса қоймаған қыранның жер соғып қалу қаупі болады. Сол секілді сыпыра түскенде «тегеурін» деп аталатын арткы шеңгелін алдырып алу қаупі де жоқ емес. Сондықтан құсбегілер негізінен бүркіттерін іле түсуге баулиды.

Міне, бұлар - құс баптаудың негізгі басты қағидалары. Атам қазақ сұңқар, тұйғын, ителгі, каршыға, жағалтай, лашын,қырғи, тұрымтай сияқты құстарды баптағанда да осыған ұқсас тәсілдерге жүгінетін болған.

Құсбегілік тек бүркіт баптау секілді шаруалармен шектелмейді. Өрлік, Аяқбау, томаға, тұғыр, құндақ, балдақ, биялай, жемқалта, түтік секілді қажетті құралдар керек болады.

Енді соның біразына тоқталып өтсек:

Балдақ – қолға үйретілген бүркіт немесе басқа да ірі құстарды ат үстінде алып жүргенде қолды талдырып, шаршатпас мақсатында тіреп отыратын айыр басты ағаш таяныш құралы. Кей жерлерде оны «қолдық» деп те атаған.

Балдаққа ұзындығы 2-3 қарыс, жуандығы бір тұтам ағаш таңдалып алынады. Басындағы 10-12 см келген ашасының арасын 4-5 елідей жалпақ қайыспен қабаттап «тұсаулап», жұмсақ төсеніш (оны кейде кепіл деп те атайды) салады.

Таутекенің мүйізінен де жасалады. Балдақтың төменгі басына орнықты болу үшін ағаштың тошынынан домалақтап тобыршық орнатады, ал онан сәл жоғарыда тесіп байланған қайыс бүлдірге бау өткізеді. Бүлдірге ердің қамшылар жақ қапталындағы шеттікке (қол қанжығаға) бекітіледі. Ал балдақтың орта тұсынан тесіп өткізілген орта бау ердің алдыңғы қасының бетіне арнайы орнатқан шығырыққа байланады.

Өрлік – бүркіттің абайсызда аңшының өзіне түсіп зиян келтірмеуі үшін жасалатын қорғаныс құралы. Ол – адамның басын бүркіттің тұяғы зақымдай алмайтындай етіп жасалған ағаш қаңқа. Өрлік туралы орта ғасыр дәуірінен жеткен мынадай аңыз бар: Найманның Төлегетайы бала көрмей жүріп бір ұлды болады да, оған Ұлы жүзден Аусар биді шақырып, ат қойғызады. Аусар би «қытайдай ұрықты болсын» деп бата беріп, атын Қытай қояды. Қытай ержете келе тартымды азамат болып, ел билейді, Қытай би атанады. Аусар бидің ырымдағанындай, ұрпақты болып, Дөртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай деген төрт ұл дүниеге келеді. Сонан бір күні ол салбирынға шығады. Тұғырда ширығып тұрған қыранын аңға қоя бергенде шүйіліп келіп, өзіне түсіп, ақыры содан қаза табады. Өзі де, жолдастары да өрлігін ала шықпағанына опық жеп, Төлегетай баба жылай-жылай көзден айырылады.

Қарғы - қайыстан немесе былғарыдан жасалып, әртүрлі шытыралармен әсемделген, тазының мойнына тағатын дөңгелек белгі. Аңшылар шыжымын сол қарғыдан өткізіп, тазыны жетектеп алады. Қазақтың «қарғыбау» сөзі де осы карғыға бау тағудан келіп шыққан болуы мүмкін. Өйткені құда түсетін қызға «үкі тағу», «тана тағу» деп қолданылып жүрген сөздің орнына бұрын «қарғыбау тағу», «қарғыбау апару» делінетін.

Томаға - құстың көзін жауып тұру үшін былғарыдан қос сай, үш сай, төрт сай етіп тігіледі. Бүркіт аяғымен қағып түсірмес үшін оған тамақбау тағылады.

Балақбау - құстың аяғын қатты қыспайтындай етіп киізден сақина тігеді де, оның сыртын былғарымен қаптайды. Сол былғарыға ұзындығы екі сүйемдей ғана қайыс таспа немесе шыжым жіп тағып, ұшына жеңіл шығырық өткізеді.

Балақбау, біріншіден, қолдағы құсты тұқырта ұстап, орнықты отырғызу үшін керек;

Екіншіден, тұғырда мазасыз болмауы үшін;

Үшіншіден, желбауды өткізу үшін қажет. !

Биялай - қасқырдың қалың терісінен үш саусақ шығарып жасалған тері қолғап. Жеңі ұзын болады. Бүркітті қолға осындай биялай киіп, қолға қондырып алып жүреді.

Құндақ немесе бөлеу

Мұны жасау үшін талды бауырлап шабады да, дөңгелетіп екі басын біріктіреді. Содан соң шеңбердің ішіне жиі етіп күлдіреуіш салады. Оған пішіп отырып дөп-дөңгелек көрпеше төсейдi. Күні бойы шаршаған құсты кешкісін аяғын бауырына алдырып бір сәт осы құндаққа жатқызады.

Тұғыр – бүркіттің құйрығы жерге тимейтіндей етіп жасалған ағаш сәкі. Ағаш шеберлері тұғырды әртүрлі жасайды. 

1516941063_article_b.jpeg

Бүркітті ұстау әдістері

Қазақ құсбегілерінде бүркітті ұстаудың бірнеше тәсілін меңгерген:

Ұядан алу - құсбегілер негізінен балапанды ұядан алатын болған. Бұл қауіпті әрі қиын шаруа. Жартастың қиын жеріне салған бүркіттің ұясын аңдып жүріп, балапанын қолға түсіріп, бағып-баптап жетілдіріп алады.

Тормен ұстау

Ол үшін түсі қар немесе қара жерге ұқсас тор таңдалып алынады. Торды жайып, ортасына тірі қоян немесе кесек-кесек ет тастап қояды. Ашыққан қыран жемтігін іліп түсемін немесе етті жеп қайта көтеріле бергенде торға оралып ұша алмай қалады.

Тояттатып ұстау

Бұл да құсбегілер арасында кеңінен таралған әдістің бірі. Ашыққан қыран жемтікке түсіп, әбден тояттап, ұша алмай қалады. Дәл осы сәтті аңдып отырған құсбегілер жүйрік атпен бастыра қуап, құстың үстіне киім немесе жеңілдеу алаша, кілем лақтырып ұстап алады.

Шеңгелдестіріп ұстау

Қолға үйреткен үй бүркітін аңға салғанда тырнағы шықпай қалады. Сол секілді бір аңға бірнеше бүркіт түсіп тырнақтарып шеңгелдесіп қалатын шақтары болады. Құсбегілер осындай әдіспен де бүркіт ұстайды.

З.Сәніктің еңбектерінде тұрғышылар, қағушылар, тосқауылшылар, ізшілер, бақыршылар секілді құсбегілік дәстүрге қатысты ұғымдарға анықтама берілген.

Енді соларға тоқталсақ:

Тұрғышылар – бүркіт ұстап, биікте тұрушылар.

Қағушылар – жүретін, бекінетін жерін тінтe сүзіп, аңды қуып шығушылар. Тосқауылшылар – қашқан аңды інге жолатпай, таулы өңірден қайтарып, жасқап тұру үшін жолын тосушылар.

Ізшілер - аңның ізіне түсіп, қашкан жағын бағып тұрушылар.

Бақыршылар - аңшылар тобының алып шыққан косында қалып, ас-тамақ әзірлеушілер.

Салбурын

Қансонарда, жаңа жұртта немес басқа уәделі күндері аңшылардың топтасып, аң қарауы «салбирынға шығу» деп аталады. Салбурынға шығу - аңшылык салтанатының бір белгісі. Онда қару-жарағы, ұшыратын құсы, жүгіртетін иті және қағушылар, тұрғышылар, ізшілер сияқты жолдас-жоралары толық камтылады. Сонымен бірге қадірлеп ертіп шыққан, алғашқы аңды қанжығасына байлайтын қариялары да болады.