Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сұлтан Сыздық төренің тарихы

3895
Сұлтан Сыздық төренің тарихы - e-history.kz

Кенесары хан дүниеден өткен соң соңында сегіз ұлы қалады. Жас төрелер бастапқыда әкелерінің күрес жолын жалғап, орысқа қарсы соғысуға шешім қылады. Алайда сенген дос, қолдайтын ел болмаған соң Сыздық төреден басқалары орыс билігіне бағынып, соның қоластына кіреді. Жалғыз Сыздық төре ғана орыс отаршылдығына қарсы күресті тағы 20 жыл жүргізіп, тек 1882 жылы ғана амалсыз бағынады. Сыздық төренің 20 жылдық күресі, одан кейінгі өмірі де әлі терең зерделене қоймағаны өкінішті. Төменде Әзімхан Ахмедұлы Кенесариннің «Сұлтан Сыздық төренің тарихы» атты шағын жазбасын ұсынып отырмыз. Бұнда Сыздық сұлтанның күресті жалғастыруға шешім қабылдар тұсы баяндалған. Материал «Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы» құжаттар жинағының 5-томынан алынды.

Сұлтан Сыздық төренің тарихы

Абылай дүниеден қайтқан соң, орыс өкіметі қазақты қыса бастап Көкшетау сияқты қазақтың орталық бөлік жеріне қала салған. Сөйтіп қазақты патша өкіметі құлдыққа айналдыра бастаған соң, Абылайдың қалмақ қатынының баласы Қасым бұл қорлыққа шыдамай, Абылайдың өмірі жетіп істей алмай кеткен, екінші мақсатына кірісіп, Қоқан ханынан жәрдем алмақ болып Есенгелді, Саржан деген балаларын Әулиеатаға жіберіп өзі Түркістанға келген. Бұл уақытта ұлы жүздің бір қатары Қоқанға, ол басып тұрган кезі еді, сондықтан қазақтарды бізден ажыратып әкетті деп. Есенгелді мен Саржанды Әулиеатада өлтірген. Қасымның өзіне у беріп Қарнақта өлтірген. Қасымның оқуда жүрген кіші баласы Кенесарыны ұстап алып зынданға салған. Кенесары Қоқанның зынданынан шығып, ата жолын қуып қазақтың баласын құлдықтан құтқару жолында жүріп, 1847 жылы қырғыздар қолында опат тапқан.

Кенесары өлген соң қалған жас балалары өздеріне қарасты ең жас әйелі мен бірнеше жыл Сары су бойын отан қылып тұрған. Балалары өсіп оң солын таныйтын болған соң, Сары суда елін жинап кеңес қылған. Бұл кеңесте жас төрелер қанша дегенмен мұсылман ғой, Қоқанның жәрдеміне барайық екі жақтан қысып, келе жатқан мұсылман елін орыс патшасының құлдығынан құтқару үшін қылыш шабайық деп қасына жүздей жігіт алып Әулиеатада тұрған Қоқан әскеріне келген. Әскер басы төрелерді қош алып Алматыдағы жатқан орыс әскерімен ұрысуға барамыз. Сіздер қазақтың ханзадасысыздар сондықтан барлық қазақ әскерін сендер бастап жүріңдер деп бұларды ертіп аттанған. Мерке, Қарабалтадан өткен де төрелерге сіздер қазақ ел жағдайын жер жағдайын жақсы білесіздер барлық қазақ датқалары мен әскерін ертіп, ілгері барып орыстан хабар алып келіңдер мен көп әскер мен арттарыңнан жүремін деген. Бұған төрелер жақсы болады деп барлық датқаларды қазақ әскері мен ертіп, Алматыға қарай жүріп берген. Ұзынағаш деген жерге келгенде қарт датқаларды көп қосын мен сонда қалдырып, төрелер өздері елден келген жүз шамалы жігіттерін алып, Алматыдан бір хабар алып келейік деп ілгері жүрген. Ол уақытта орыстар Алматыны алып жаңадан орналасып қала салып жатқан кезі еді. Малын жайып қойып, өздері там тас салып, еш нәрседен бейхабар жатқан орысқа келіп тиіп, бір нешесін өлтіріп, бір нешесін тұтқынға алып қанша малын қуып олжалап, Қоқан әскер басына тарту қыламыз деп өлген орыстардың бастарын түйеге артып, тұтқындарды малымен алып кейін қайтқан. Қоқан әскерімен ажыраған жерге келсе әскер жоқ. Жергілікті елден сұрастырса төрелерді қазақтармен ілгері жібере салып Әмір ләшкер барлық қосынын алып кейін қайтып кеткен. Қарабалта я Меркеде бізді күтіп жатқан шығар деп, Қарабалта, Меркеге келсе онда да тоқтамай Әулиеатаға кеткен. Артынан Әулиеатаға келсе, мұнда да тоқтамастан Ташкенге қарай жүріп кеткен. Әмір ләшкердің төрелерді қазақтармен орысқа алдап жұмсап жібергені әйгілі анықталған, Қоқан хандығынан кейін қалып датқалармен қош айтысып төрелер Сарысуға еліне қайтқан.

Қоқанның Қасымға, Кенесарыға қылғандары есіне түсіп, өздерін алдағанын көріп, Қоқан бұларға ел болмастығына көздері жеткен. Ежелгі дұшпаны орыс болса, ол күнде екі жақтап бірі күн шығыстан, бірі күн батыстан шығып Түркістанға ат қойған. Ортада аз елмен Кененің жас балалары қалған. Кіші жүздің жақсылары төрелер мен орысқа күн батысқа басшылық еткен. Ұлы жүздің Аққойлы, Құдайберген датқа сияқты шонжары орыстың күн шығыс әскерінің шылауында болған. Аз елмен ортада қалған төрелер қайтсек елімізді қатын баланы аман алып қаламыз деген пікірге келіп, елінің қарияларын жинап, кеңес қылып, орысқа елші жібермек болып, Сыздықтың кіші інісі Жәкей төрені елші қылып қасына 10-15 жігіт қосып Ақмешітте тұрған орыс әскер басына жіберген. Жәкей төрені орыстар қарсы алып күтіп бізге келсеңдер ел, жұрт, мал бастарына аман береміз, өздерін қызметке аламыз деп астына ат, үстіне тон кигізіп, беліне қылыш байлап қайтарған. Қолына әскер басы мөр басып, сол әскердегі орта жүз кіші жүздің барлық ақсақалдары, төрелері мөрлерін басып хат берген. Жәкей елшіліктен қайтқан соң ел басшыларын қайта жинап тағы мәслихат құрған. Орыс үкіметі елге аман барып оған кіші жүз бен орта жүздің жақсылары күлкі қылып отырған соң, бастығы Сыздық болып барлық төрелер елі мен орысқа бармақты мақұл көреді. Ел жиналып жүруге даярланғанда Сыздық мынадай пікір қозғайды: "Ел жұрт болған жерің түгел барыңдар. Мен әліде болса мұсылманның қылышын шауып көрейін, сендер түгел барсаңдар бір мені жоқтай қоймас. Мұсылманға құдай абырой беріп орысты қайтара қалса мен сендерді аман алып қалуға жарармын. Егер абыройды орыс алса жалғыз менімен ел кемімес те артпаста. Дұшпанның сыртында болғанша ішінде бол деген, сендер барыңдар деп, өзі Қоқан қолымен қосылып орысқа қарсы шықпақ болған. Сыздықтың мұсылман жәрдеміне бармақ болып, елді жинап қоштасып Қоқанға жүруге ордада отырып алдына бір шара қымыз алып кесеге құйып, кім менімен бірге баратын болса, қолымнан келіп қымыз ішсін де, далаға шығып ат ерттесін деген. Сонда жігерлі батыр жігіттерден қырық жігіт келіп, қолынан қымыз ішіп, баратын болған. Ақырында бізде сіз өлген жерде өлеміз деп екі қатыны да келіп қымыз ішіп бұларда жүрмек болған". Сөйтіп Сыздық қырық жігітімен Түркістандағы Қоқан әскеріне барып қосылған.

Жазған Әзміхан Ахметұлы КЕНЕСАРИН

Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қоры. 1338 папка. 1-2 беттер

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?