Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш-арман (жалғасы)

1974
Алаш-арман (жалғасы) - e-history.kz
Алаш автономиясының облыстары мен үйездерінде Алашорда Кеңестерін құру, земство жұмысын жаңғырту, қазақ соттары мен тергеу комиссияларын тағайындау, Алашорда жанынан Әскери кеңес құру шаруалары жүргізілді. Омбыдағы Уақыт­ша Сібір үкіметіне 1918 жылғы 10 шілдеде қазақ автономиясын тану және онымен қызметтестік келісімдерге келу жө­нінде хат берілді. Арнайы комиссия құ­­­­рып, бірлесіп атқаратын шаралар ке­ше­­нін қарастыру көзделді.

Осы айда Сі­бір үкіметіне «Алашорда өз армиясын Бүкілресейлік армияның құрамдас бөлігі» деп есептейтіні хабарланды. Ал 12 тамызда Алашорда Әскери бөлімінің бас­шысы капитан Хамит Тоқтамысов үкі­метке Семейде құрылған бірінші Алаш ат­ты әскері (38 офицер, 750 атты жігіт) оқып-жаттығуға кіріскенін, ал Павлодар, Зай­сан, Қарқаралы, Өскеменде жиналған жігіттердің (барлығы 850) «қаржы, қару, киім-кешек және нұсқаушылар» бол­мауы себепті бос отырғандарын хабарлады. Сол күні Сібір армиясында берілген бұйрық бойынша «қазақ қарулы күштерін құруға байланысты мәселелерді шешу» Дала корпусы командиріне жүктелді. Бірақ Алашорда төрағасының міндетін атқарушы Мұхамеджан Тынышбаев пен Тоқтамысов 18 тамызда өзара алмасқан хабарға қарағанда, «алыс болыстардан, тіпті басқа үйездерден жігіттер келіп жа­тыр», бірақ милиция ұстауға қажет «қар­жы таусылды. ...Шарасыздық ахуал қа­лыптасып тұр»...

Бүкілресейлік Құрылтайшы жина­лыс мүшелерінің комитеті (Комуч) 1918 жылғы шілдеде Самара қаласында Алаш­ордамен (Әлихан Бөкейханов, Мұс­­та­фа Шоқаев бастаған өкілдермен) әс­ке­ри-саяси одақ шартына қол қойды. Алаш­орда Комучпен бірге Уфа қаласында Уақыт­ша Бүкілресейлік үкімет – Уфа Дирек­ториясын құрған 1918 жылғы 8–23 қыр­кү­йектегі Мемлекеттік мәжілістің жұ­мысына қатысты. Ертеңіне, 24 қыркүйекте (құжаттарда ескі күнтізбемен 11 қыр­кү­йек деп көрсетілген), Мемлекеттік мәжі­ліске қатысқан Алашорданың үкімет мү­шелері (Әлихан Бөкейханов, Уәлитхан Танашев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Ахмет Бірімжанов, Әлім­хан Ермеков, Мұхамеджан Тынышбаев) өз отырысын өткізді. Онда Алаш аума­ғындағы жергілікті басқаруды ұйым­дас­­­тыру және Алашорданың Батыс бө­лім­­шесін құру туралы мәселе қаралды. 11 бап­тан тұратын қаулы қабылданды. 5-бап­та «Соғыс уақытына және қатынас жол­дарының нашарлығына байланысты, Алаш автономиясының Бөкей ордасы, Ойыл уәлаяты, Закаспий облысының Маң­ғыстау үйезі, Торғай облысының Ақ­төбе және Қазақ үйездері кіретін батыс бөлігін іс жүзінде басқару үшін Алаш­орданың батыс бөлімі құрылады» деп тұ­жырымдалған. Кейбір зерттеушілер бұл қаулымен «Ойыл уәлаяты таратылды» деп жаңсақ пайымдап жүр, керісін­ше, байқалып тұрғандай, Ойыл уәлаяты – Ба­тыс бөлімнің құрылымындағы әкім­шілік аумақтардың бірі. Ал бұрынғы Ойыл уәлаяты үкіметінің құрамы жаңа­дан қосылған аумақтардың басшы қай­рат­керлері есебінен ұлғайып, Батыс бө­лімшені басқаратын үкіметке айналды. Жаңа құрамға Жанша Досмұхамедов, Бақ­тыгерей Құлманов, Халел Досмұхамедов, Есен Тұрмұхамедов кірді және ол аумақ­тағы қазақ емес, халықтың өзі сайлайтын тағы екі өкілмен толықтырылатын бол­ды. Осылай төтенше жағдайларда Алаш­орданың барлық құқықтарын пайдалана алатын Батыс Алашорда үкіметі жасақталды.

Уфадан Омбыға келген Уақытша Бү­кіл­ресейлік үкімет «жақын кезеңге бар­лық мемлекеттік басқару органда­рын біртұтас министрлер кеңесіне бағын­дыру қажет» деп тауып, 1918 жылғы 4 қара­шадағы пәр­менімен «Алаш үкіметі – Алашорда өмір сүруін доғарды» деп қаулы етті. Сол пәрменмен «Ерекше ереже негізінде Қазақ ұлыстарының мәдени-тұрмыстық және экономикалық мұқтаждықтарына қатысты барлық мәселелер қарамағында болатын Алашты басқару жөніндегі Бас уәкіл лауазымы» тағайындалды. Осы жайтқа орай Алаш автономиясын қол­дамайтын автор «ИКС» деген бүр­кеншік атпен Семейде шығып тұр­ған «Свободная речь» газетінде: «Біз сұл­тан Бөкейханов Қазақ өлкесін басқару жөніндегі бас уәкіл болып тағайындалады деп естідік», деп бастап, «мәдениеті жоқ халыққа» автономия беру «құрдымға апаратынын», алашордашылардың «қару­лы қылмыскер элементтері автономияға қар­­­­сы қазақтарды – большевик деп қа­таң жа­залап жүргендерін» жазды. «Бөкей­ханов мырза ешқандай да барша қазақ халқының ерік-жігерін білдіруші емес», деп түйді. Бөкейхановты «қазақ халқын басқаруға басты уәкілдік берілген адам етіп тағайындау – сұр қасқырға табын тағ­дырын ұстатқанмен бірдей» деді. Оның «1748 жылы хандық лауазымға та­ласып, ...билеушіні зұлымдықпен өлтір­ген Орта Ордадағы танымал сұлтан Ба­рақ­тың тікелей ұрпағы» екенін еске са­лып, «Алашорда төрағасы» және «Алаш­ты басқару жөніндегі бас уәкіл» тер­мин­дері қазақтар үшін «басқаша тұз­дық­талған баяғы хан лауазымы» болып шы­­­ғатынын айтты. Дегенмен Әлихан Бө­кей­­хановтың ел ішіндегі де, саяси қай­­­­раткерлер арасындағы да беделі өте жоғары еді. Бөкейханов басқарған «Алаш­­орда» Халық Кеңесі өз қызметінде Сібір­дегі билікке үміт артты. Адмирал Колчак «Үкімет Жаршысы» газетінің 1918 жылғы 20 қарашадағы нөмірінде жа­рия­лаған халыққа арналған үндеуінде: «Бүкілресейлік Уақытша үкімет 1918 жыл­ғы 18 қарашада ыдырап кетті. Министр­лер кеңесі билікті толығымен қабыл алды да, маған, орыс флотының адмиралы Александр Колчакқа берді, – деп хабарлап, алдағы жоспарын былай тұжырымдаған-ды: – Азамат соғысының және мемлекеттік тұрмыстың толығымен іріген өте қиын жағдайында осы билік азабын мойныма ала отырып, өзімнің басты мақсатым: х­а­лық басқару түрін өзіне кедергісіз сайлап ала алатын болу үшін ...шайқасқа қа­білетті армия құру, большевизмді жеңу және заңдылық пен құқықтық тәр­тіп орнату, сөйтіп ...бостандықтың ұлы идеяларын жүзеге асыру». Мұндай мәлім­деме ниетіне үйлесіп тұрғандықтан, Алаш­орда Колчак билігімен байланысқа мән беріп қарады. Мақсатты қарым-қатынас жасаудың арқасында Жоғарғы билеуші адмирал Колчактың пәрменімен Ресей үкіметі (Ресей Мемлекетінің үкіметі, Кол­чак үкіметі) кеңсесінде арнайы комиссия құрылды да, онда қазақ халқының ведомствоаралық жайғастырылуы қарал­мақ болды. Мәселемен комиссия 1919 жылғы 11 ақпандағы отырыста алдын ала танысты. Мәжіліске Алашордадан Әлихан Бөкейханов, Уәлитхан Танашев және Айдархан Тұрлыбаев қатынасқан. Сонда Бөкейханов Алашорданың пайда болуы және алға қойған мақсаттары жайында дәйекті әңгіме қозғап, ел ішіндегі сот, жер-су, армия ұйымдастыру, т.б. мәселелердің бірінші кезекте қаралуын сұрады. «Қазақ халқында сепаратшылдық ой жоқ, ол Ресейден бөлінуді қаламайды. Біз – батысшылдармыз, – деді ол. – ...Біз мұнда бір ғана тілекпен – елдің құрылтайшы яки ұлттық жиналысқа жетуіне қажет тәртіп орнатуға атсалысу мақсатымен келдік». Танашев 1918 жылдың 4 қарашасындағы пәрменді еске алды. Соған сәйкес өздерінің «Қазақ халқының өкілдік органы туралы ереже» және «Алашорда бойынша бас уәкіл туралы ереже» жасайтын комиссия­лар ұйымдастырылады деп күткендерін, ал Жоғарғы билеушінің пәрменімен құ­рылған мына комиссияның алға қойған міндеті қандай екенін білмей тұрғандарын айтты. Өздерінің «Алашты басқару үшін сот қажет, жер мәселесін шешу керек, милиция және басқа жайттар қаралуға тиіс» екенін айтып отырғандарын, соларды қа­растыру осы комиссияның құзырына кіре ме, жоқ па – соны айқындап алған жөн болмағын аян етті. «Бас уәкіл туралы мәселе... біз үкіметте дайындалған ере­­же бар болар деп ойлаған едік» дей келе, бұл тарапта өздерінің Алашорда бо­йынша Бас уәкілді – Генерал-губернатор құқықтары берілген немесе Индиядағыдай статс-секретарь мәртебесіндегі құқықтары бар тұлға болуға тиіс деп ойлайтындарын естіртті.

Алашорданың түрлі салада Омбыға елең­деуі жалғасып жатты. Мәселен, Ұлт кеңесіндегі саяси қызметімен қа­тар Мұ­хамеджан Тынышбаев эконо­ми­ка және тұрмыс мәселелерімен шұ­ғыл­­­дан­ған еді. 1919 жылғы наурызда Семей зем­ство басқармасы құрылыс-техни­ка­лық бөлімінің меңгерушісі ретінде Сі­бір­­дегі Омбы, Том, Новониколаевск (Но­во­сібір) қалаларын іссапармен аралап, үйезде салынбақ мектептер мен емхана­лар құрылысына қажет материал­дар ал­ды. Ал 1919 жылғы 16 сәуірде «Же­тісу облысы қазақтарының уәкілі, 2-ші Мем­лекеттік думаның мүшесі, (Львов пен Керенский үкіметі) Түркістан коми­тетінің мүшесі, Түркістан автономиясы Министрлер Кеңесінің төрағасы, Алашорда мүшесі, Жетісу және Сырдария облыстарындағы ашыққан қазақтарға көмек көрсету жөніндегі комитеттің төр­­ағасы, қатынас жолдары инженері Мұха­меджан Тынышбаев» деп қол қойып, Алаш (Заречная слободка) қаласынан Жо­ғарғы билеушіге Жетісу облысы қа­зақтарының ауыр халі жайында үлкен баяндама жолдап, большевиктерден азат етілген аудандардағы ел-жұртқа кө­мектесу үшін жеті бапқа тізілген (ас­тық, шаруашылық құрал-жабдықтарын, құ­рылыс материалдарын, дәрі-дәрмек, қар­жы бөлу және қазақ интеллигенция­сын қудалауды тоқтату жөнінде) көмек көр­сетуді сұрады. Сол жылғы жазда Жо­ғарғы билеуші Александр Колчак Омбы­дағы ордасында Орал казак әскері мен Жайық сырты қазақтарының өкілдерін қа­былдап, өтініштерін тыңдады, көтерген мәселелерін өзінің кеңесінде шұғыл қа­райтынын мәлімдеді. Қазақ өкілі Жоғарғы билеуші Колчакқа «Құрметті ақсақал атағын беру туралы» съездің қаулысын табыс етті. 1919 жылғы 7 маусымда Жан­ша Досмұхамедов Жымпитыдан Алек­сандр Колчакқа жолдаған хатында Қа­зақ өлкесінің большевиктер Орынбор–Ташкент темір жолы бойын алуына байланысты іс жүзінде теңдей екі жартыға – шығыс және батыс бөлікке бөлініп қал­ғанын, осы екі бөлік арасындағы «байланыс қиындап кеткендіктен, Алашорда Қазақ өлкесін басқару ісін уақытша Шы­ғыс және Батыс бөлімшеге бөліп жүргізуге мәжбүр болғанын айтты. «Алашорданың Батыс бөлімшесінің салыстырмалы түр­де қарағанда Шығыс бөлімшеден интел­лигенттік күштері молырақ болғандық­тан, тиісінше қол жеткізген табыстары да ар­ты­ғырақ болды», деп, нақты мысалдар келтірді. Азаматтық басқару саласы бойынша өз аумағында земстволық және қалалық өзін-өзі басқару істерін жолға қоюды аяқтады. Сот жүйесін жасады. Басқарудың полициялық бөлігін де реттеді. Қарулы күшті ұйымдастырып, жасаудағы қиындықтарды жеңу үшін «қазақ тілін, тұрмысы мен әдет-ғұрпын, психологиясын» білетін офицерлер қа­жет еді, сондықтан Бөлімше әскери мек­­теп ашты, қазақ прапорщиктерінің ал­­ғашқы түлегі даярланып та қойды. Бі­рін­ші полк жасақталды, бірақ әскери бө­лім­дерді ойдағыдай құруға қару-жарақ, қар­жы жетіспейді. Еш жақтан ешқандай ма­териалдық көмек алмағандықтан, Алаш­орда өз әскери бөлімдерін тек жергілікті халықтың қаражаты есебінен ұстауда. 

Алайда азамат соғысының от-жалыны шиеленістірген саяси жағдай, жер-жерде кеңес өкіметінің нығая бастауы Алаш автономиясы үкіметінің жұмысын мүл­дем қиындатты. Алашорданың Тор­ғай облыстық бөлімшесінде «совет өкі­­ме­тіне қарсы күресіп жүрген Ах­мет Бай­тұр­сынов және басқалар», Тор­ғай губер­ниясының Әскери комиссары Токарев Предсовнарком Ленинге (көшір­месі ВЦИК пен Соғыс істері халкоматына) жол­­даған жеделхатқа қарағанда, «совет өкіметін мойындауға мәжбүр бол­ды. ...Бай­тұрсыновты Торғай үйездік сов­деп төр­ағасы Қаралдин ...Жангелдин жол­дасқа ертіп кетті». Ахмет Байтұрсынов (ыңғайы, Орталық Алашорданың тапсырмасын алғаннан кейін) кеңес өкіметімен келіссөз жүргізу үшін Дала өлкесінің Төтенше комиссары Әліби Жангелдин­мен бірге Мәскеуге аттанды. Жангелдин Әскер-революциялық кеңеске (РВС), Бү­кілресейлік Бас штабқа, Соғыс комиссарлары Бюросына берген баяндамасында «...қантөгіс болдырмау үшін Дулатовтың шайкасы және... жасағы совет өкіметін мойындады... басшыларының бірін, атап айтқанда көрнекті қазақ әдебиетшісі ре­тінде Байтұрсыновты маған қосып Мәс­кеуге жіберді. ... Байтұрсынов қазір ме­ні­­мен бірге Мәскеуде» деп көрсеткен. Бай­тұрсыновтың сапары сәтті болды. Бүкіл­ресейлік Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК) 1919 жылғы 4 сәуірде арнайы қау­лы шығарып, алашордашыларды кеңес өкіметіне қарсы күрескендері үшін жазаланудан азат етті, яғни оларға мем­лекеттік билік органы атынан амнис­тия (болған жайтты ұмыту, кешіру шарасы) жарияланды. 1919 жылғы 10 шілдеде Ах­мет Байтұрсынов Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Революциялық комитеттің (Қаз­­ревкомның) құрамына енгізілді. Рев­­ком­да ел мүддесін көздеген бірқатар жұ­мыс атқара келе, 1920 жылғы 4 сәуір­де ол «ғасырлар бойы езгіде болып кел­ген қазақ халқын азат етудің жол­дарын көп уақыт бойы іздеуден ке­йін... таптар мен ұлттарды толық азат ету­ді өзінің алдына тікелей мақсат етіп қой­ған және оны ішінара жүзеге асырған интернационалдық Коммунистік партия... ...бағдарламасын жүзеге асыруға кө­мектесу үшін Россия коммунистік боль­­шевиктер партиясына өтуге шешім қабылдадым» деп, РК(б)П Орынбор комитетіне өтініш тапсырды. Қазревком 1919 жылғы 15 қыркүйектегі отырысында «ақгвардияшылар жағында әрекет етіп жүрген, басында Досмұхамедов тұр­ған оралдық алашордашы қазақтарды Совет өкіметі жағына тарту үшін» арнайы қаулы қабылдап, «ревком мүшелері Байтұрсынов пен Тұнғаншин жолдастарға өз аттарынан Досмұхамедовпен келіссөз жүргізуге құқ берді». 27 қазандағы отырыста Ахмет Байтұрсынов «совет өкіметі қазақ халқына автономиялық өзін-өзі басқаруды жалған емес, іс жүзінде бер­генін қазақтардың анық көріп, көздері жететіндей әрекеттер» жасау керек екенін айтты. Сол орайда «Қазақ ревкомы барлық қазақтарға, соның ішінде ақтар жағында совет өкіметіне қарсы күресіп жүрген алашордашылардың торғайлық және оралдық топтарына совет өкіметі жағына шыққан жағдайда амнистия жариялауды» ұсынды. 31 қазанда Қазревком амнис­тия жариялау жайынан Түркмайданға өтініш беруге қаулы алды. 1919 жылғы 4 қа­ра­шада Түркістан майданының Әскери-ре­волюциялық кеңесі (Реввоенсовет, РВС) «Советтік Ресейге қарсы күреске тіке­лей немесе жанама түрде қатысқан барлық қазақ халқына толық кешірім жариялансын» деген қаулы шығарып, амнистия шарттарын жариялады. Осы шешімдермен қоса Қазревком өкілдерінің белсенді түрде жүргізген келіссөздері көп ұзатпай өз нәтижесін берді. Азамат соғысында Ресей Жоғарғы билеушісінің әскерінен қызылдар басым түсе бастағаны айқындалып келе жатқан, тиісінше оның қазақ қайраткерлерінің өтініштеріне көңіл бөлуге мұршасы келмейтін. Осыны көрген әрі кеңес өкіметінің амнистиясына арқа сүйеген көптеген азамат кеңестік жүйені мойындап, жаңа өкіметтің мекемелері мен ұйымдарына қызмет атқаруға кіре бастады. Әлихан Бөкейханов өзінің ғы­лыми-шығармашылық жұмыстарымен шұғылданды. Мұхамеджан Тынышбаев Түркістан Республикасына кетті. Ке­ңес­тік билік алдында Жетісудың солтүс­тігінде тұратын халықтың ауыр жағдайы жөнінде мәселе көтерді. Халел Ғаббасов Семей педагогикалық техникумына оқы­тушылыққа кірді. Міржақып Дулатов Омбыда аз уақыт Ақмола және Сібір облыстық оқу бөлімдерінде істеп, 1920 жыл­ғы күзде Ташкенттегі «Ақ жол» газе­тіне қызметке тұрды. Әлімхан Ермеков Том политехникалық университетіндегі оқуын жалғастырды. Райымжан Мәрсеков Семей губерниялық атқару комитетінің ақпарат-нұсқау бөлімінде нұсқаушы-тексеруші болып қызмет атқаруға кірісті...

1919 жылғы 10 желтоқсанда Батыс Алашорда совет өкіметі жағына шығу шараларын мұқият ойластырып белгіледі. Ақ казактарға қарсы соғыс қимылын жүргізу жөнінде құпия бұйрық шығарды. Сол бұйрық бойынша тұрақты қазақ әскери бөлімдері 27 желтоқсан күнгі таң­ғы сағат алты жарымда шабуылға шық­ты. Үш сағатқа созылған шайқастан кейін Қызылқоға қаласы азат етілді. Елек корпусының күллі штабы корпус командирімен, оның көмекшісімен, штаб бастығымен бірге қамауға алынды. Және 500 жауынгер казак пен офицер тұтқындалды. Табысты шайқастар нәтижесінде екінші күні қала айналасы 25–30 шақырымға дейін тазаланды. Қарсыластар тылындағы жергілікті жасақтар да соғыс әрекеттерін жүргізіп, ақ казактардың ұсақ жасақтарын қару­сыздандырды. Осылар жайында Батыс Алашорда Орынбордағы Қазревкомға толық баяндай келе, «совет өкіметінің жауларымен күреске белсенді түрде қатыса отырып, Алашорда өзін советтік Ресейге іс жүзінде қосылдық деп санайды» деп мәлімдеді. «Алашорданың Қазақ Ревкомымен бір мекемеге құйылып-бі­рі­гуін Алашорда өзінің совет жағына өтуі­нің табиғи нәтижесі ретінде біледі» деген тұжырымын аян ете келе, кідіртпей шешімін табуға тиіс мәселелерді тізбе­леді. 1920 жылғы 11 қаңтарда Ойыл уәлаятындағы Қызылқоғада Алашорда Батыс бөлімінің кеңес өкіметінің өкілдері қатысқан отырысы болды. Шығыс майданы 1-ші армиясы Әскери-революциялық кеңесінің (РВС) өкілі Евгений Наумов пен Қазревком өкілі Нысанғали Бегімбетов алашордашыларды Кеңес өкіметі жағына нақты түрде шығуымен құттықтап, ал­да тұрған мәселелерді тұжырымдады. Олар­дың түйген қорытындыларына сәй­кес (Алашорда үкіметінің Қазревкомға қосылатыны және Алашорда әскери бөлім­дерінің Орал майданы жойылғанша татар қосыны құрамында болатыны, соғыс олжалары есепке алынып, Қызыл армияның мұқтаж бөлімдеріне берілетіні, тағы басқа маңызды мәселелер жөнінде) шешімдер қабылданды. Хаттамаға Алашорда Батыс бөлімінің төрағасы Жанша Досмұхамедов пен Қазақ әскериревкомының өкілі Ны­санғали Бегімбетов қол қойды. Алайда өзін жеңімпаз санайтын кеңестік билік бұған көңіл аударған жоқ. Қазревком 1920 жылғы 5 наурызда «Қазақ ұлттық «Алашорда» үкіметінің Батыс бөлімін жою туралы» мәселе қарап, алашорда басшыларын «совет билігі Қазақ өлкесінде неғұрлым бекем орныққанға дейін қазақ­тың еңбекші бұқарасынан оқшаулау» жөнінде қаулы алды. Қазақ халқының совет өкіметіне тілектестікпен қарайтын бөлігі мен орталық аудандардан қоныс аударып көшіп келгендер (переселендер) Алашорданың белсенді қызметкерлеріне «жауығып қарайтындықтан, оларды рев­­ком мүшелігіне де, басқа жауап­ты жұ­мыстарға да ұсынудан бас тартатын­дық­тары» жөнінде шешім шығарды. Қазревком Батыс Алашорданың жауап­ты қызметкерлерін Орынборға шақырды, со­сын Жанша Досмұхамедов, Халел Досмұ­хамедов, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов, Беркінғали Атшыбаев бесеуін Мәскеуге жіберіп, тағдырларын Бүкілресейлік Ор­та­лық Атқару Комитетінің шешуіне қал­дырды...

Әкімшілік-территориялық құрылымы қалыптасқан, тұрақты армиясы бар, ұзақ­қа созылған келіссөздерден кейін бел­гілі бір шарттармен кеңес жағына шық­қан Батыс Алашорданың қызметін тоқтатып, мүлдем таратып жіберу үлкен тарихи оқиға еді. Бұл жайт ХХ ғасыр басындағы алғашқы орыс революциясымен бірге ұшқындап, бір мүшел бойы даму үдерісін бастан кешу арқылы ұлт-азаттық қозғалыстың жеңісті белесінде шаңырақ көтерген Алаш Ордасын түгелдей жою ретінде бағаланды. Содан бері жүз жыл өтті. Бірақ Алаш рухы өшкен жоқ. Қоз­ғалыс кеңестік платформада астыртын жалғасты. Азаттық мұраттарына адал азаматтар тап туын көтере жүріп, әрдайым ұлт мүддесі үшін күресті. Алаш идеясы егемендік мұраттарымен де үйлесіп кеткен, ол күні бүгінге дейін жаңа тұрпатты тәуелсіздік күрескерлеріне ел игілігіне қызмет етудің сара жолын көрсетіп келеді.  

www.egemen.kz 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.




Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?