Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезін қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды

2852
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезін қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды - e-history.kz

Бүгін Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде атқарылған жұмыстармен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова БАҚ өкілдерімен өткен жиында таныстырды.

-"Республикалық және халықаралық деңгейдегі 240 ескерткіштер болса, биылғы жылы 47 объекте жұмыстар жүріп жатыр. Соның ішінде Түркістан қаласында 17 тарихи-мәдени нысанда қайта жаңғырту және археологиялық жұмыстар жүруде. Жұмыс үш жылға, яғни 2019-2021 жылдарға жоспарланған. Өздеріңіз көріп отырғандай кесененің күмбезінде, Рәбия Сұлтан бегім кесенесі, сегіз қырлы кесене, шығыс моншасы сияқты бірқатар нысандарда қайта жаңғырту жұмыстары жүрсе, хан ордасы мен хан мешіті орналасқан Жеті ата қақпасы мен кесенені жалғайтын магистралды көшеде және Күлтөбе қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүруде. Жұмыстарға қаржы тек мемлекеттің бюджетінен ғана емес демеушілер тартылу арқылы да жүзеге асуда. Күлтөбе қалашығында демеушілердің қолдау көрсетуімен 9 га жерде қазба жүрсе, биыл сол жерден табылған ескерткіштерді сақтап қалу, қорғау яғни консервациялау, реставрациялау жұмыстары жасалуда. Реставрация жұмыстарына Қазақстаннан ғана емес шетелдік ғалымдар тартылуда. Кесенені бүлдіріп алмай сақтап қалу үшін әр жұмысты ғылыми-әдістемелік кеңестің алдына қоямыз және ғалымдармен де кеңесіп отырамыз",- деді Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің басшысы Күміс Сейітова.

Ауқымды жұмысты Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Қазқайтажаңарту» РМК жүргізген болатын. Күмбездің тарихи келбеті сақталып, желдеткіш қабаттары ретке келтірілді. Қазір күмбез етегіндегі сегіз қырмен қосылған жерінде гидрооқшаулау жұмыстары жалғасып жатыр.

Күмбезді қайта қалпына келтіру жұмыстары барысында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оған белгілі тарихшылар, зерттеушілер және білікті реставраторлар қатысқан.

Еліміз ғана емес түбі бір түркі жұртының рухани орталығы - Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени орындарды қайта жаңғырту, зерттеу және туристік орталыққа айналдыру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің үш жылға арналған даму жоспары бекітіліп, жүзеге асырылып жатқаны белгілі.

Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағындағы тарихи орындарда қайта қалпына келтіру жұмыстары, ортағасырлық Күлтөбе қалашығы, Хан ордасы мен мешіті орналасқан магистралды көше бойында археологиялық қазба жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Сонымен қатар Қылует жерасты мешіті (XII ғасыр), Жұма мешіті (XII-XIX ғ.), Рабия Сұлтан Бегім кесенесі (XVI ғасыр), Шилдехан (XIV-XV ғғ.), Шығыс моншасы (XVI) тағы басқа орындарда ауқымды шаралар қолға алынған.

Ал ортағасырлық Күлтөбе қалашығы және Жеті ата негізгі көшелеріндегі археологиялық-қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде Қожа Ахмет Яссау кесенесі мен көне Түркістан қаласы тарихи-мәдени кешенінің аумағынан еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы мұражай ашу жүзеге асырылып келеді. Аталған жұмыстарды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Қазақ ғылыми зерттеу институты және «Қазқайтажаңарту» РМК жүргізіп жатыр.

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?