Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Берке хан Ұлыстың ұлық ұстыны

1552
Берке хан Ұлыстың ұлық ұстыны - e-history.kz

Оқшаулану кезінде біраз кітап ақтарып, фильм қарауға мүмкіндік алдық. Соны пайдаланып көрші мемлекетте шыққан «Алтын Орда» атты сериалды мұқият көріп шықтым. Мұның алдында «Орда» деген фильмі үлкен дау туғызғандықтан Ұлық Ұлыстың 750 жылдығы қарсаңында шыққан, біздің көптеген қандастарымыз ойнаған сериалдан соны жаңалық, бір жақсылық күткен едік, онымыз бекер болып шықты. Әсіресе, Берке ханды ұнамсыз кейіпкер ретінде көрсетуі бізді біраз ойға қалдырды, қолға қалам алдырды.

Қоңыраулы найза алып қол төңкеріп, күн түбіне күңірене жортып жорық жа­са­ған Ұлық Ұлыстың әміршісі Батудың жа­нына ерген сайыпқыран сардар Берке еді. Жаужүрек көшпенділер арғымағын аялдатып, өркениет таңдағанда, ислам туын алғаш желбіреткен айбоз Берке еді. Мысырдағы Бейбарыспен одақ жасап, Крест жорығы мен Құлағуға тос­қа­уыл жа­саған данагөй, мәмілегер Берке еді. Жошы ұлдарының ішінде жолы бөлек, жо­сы­ғы ерек жампозы Берке еді.Уа­қыттың толқыны толассыз жөңкіліп, ға­сыр­лар парағы судырлағанда асылдарымыз күңгірт тартпас үшін қаламға серт.  

Берке тұлғасы

Ұлық Ұлыстың ұзын тарихында Жо­шы­­дан бастап, жетпіске жуық хандар­дың аты аталады. Осылардың қатарында ғылым мен мәдениетті, саясат пен дипло­ма­тияны терең меңгерген тегеурінді тұл­ға­лар аз емес. Мұндай пассионарлық қуат­қа ие тұлғалар өз айналасын өзгертіп қана қоймай, жаһан тарихына да ұлы өзгерістер әкеліп отырған. Ұлық Ұлыс тари­хында дәл осындай пассионарлық қуат­қа ие тұлғаның бірі – Берке хан. Бер­кен­ің мемлекет құру жолындағы саяси рефор­малары, ислам әлеміне сіңірген еңбегі, ғылым мен мәдениетке қосқан үлесі жалпы тұлғалық қыры, адами болмысы осы ойымызды қуаттайды.

Берке орта ғасыр тарихында Еура­зия­дағы саяси оқиғалар мен үдеріс­тер­ге едәуір ықпал еткен тұлға. Оның күр­де­лі өмірбаяны Ұлық Ұлыс тарихына қатысты ортағасырлық араб, парсы, орыс, қытай, түрк, батыс жылнамаларында бір­ша­ма сақталған. Осылардың арасында орта­ға­сыр­лық тарихшы әл-Жүзжанидің «Таба­кат-и-Насири» атты еңбегінде Беркенің балалық шағынан өмірінің соңына де­йін­гі тарихы баяндалған. Түрк тарихшы­сы Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» ең­бе­гіндегі «Берке хан тарихының бас­тал­уы» атты тарауында әйгілі ханның өмірге келуі, хан тағына отыруы секілді маңызды оқиғалар қамтылған. Ал Бер­ке­нің есейіп, Дели, Мысыр, Бағдат сұл­тан­дықтарымен хат алмасып, елші жібе­ріп, мемлекет ісіне араласа бастаған тұсы араб, парсы деректерінен өзге батыс тарих­шыларының еңбектерінде де ұшы­ра­са­ды.

Тарихи деректер бойынша, Беркенің әкесі – Жошы, анасы – Хорезм әміршісі Мұхаммед Ала әд-Диннің қызы Хан-Сұлтан болған. Болашақ ханның ислам ді­нін ұстануы және оның анасының бүкіл Орталық Азияда үлкен құрметке ие Ану­штегін әулетінен шыққандығы Бер­ке­нің өмірінде маңызды рөл атқарады. Тарихшы Жүзжани, Беркені әкесі Жошы Хорезмді жаулап алып, Сақсын, Бұлғар және Сақлаб еліне бет алған жорығында дүниеге келген дейді. Ол Берке туралы «Жошы ханның ұлы Берке жорық кезінде мұсылман жерінде туған екен. Берке туар кезінде анасына Жошы былай деген екен: «Осы ұлды мұсылман ене асырасын, кіндігін мұсылман кессін, Берке мұсылман ананы еміп өссін, ол мұсылман болып өссін». Егер осы әңгіме шын болса, Жошының Алла тозақ отын жеңілдетсін. Сөзсіз осы батамен Берке өсіп ер жеткен соң мұсылмандыққа бет бұрды. Осы заман 658 хижра жылы (1259-1260) Жошыдан қалған мұсылман билеуші осы болатын» деп жазған екен. Ал Өтеміс қажы аталған еңбегінде Беркеге қатысты былай дейді: «Берке хан анасынан туғаннан бастап мұсылман болуымен әйгілі. Ол дүниеге келген соң өз анасын да, өзге әйелдерді де ембей қойды. Сол себепті Жошы оны бақсы-балгерлерге қаратты. Олар сонда: Бұл мұсылман болғандықтан кәпір әйелдерді ембейді. Оған мұсылман сүт ана керек деген соң мұсылман әйел тауып әкелді. Берке оны еме бастады», дейді. Бұл дерек әйгілі Оғыз хан аңызының әсерінен алынуы да мүмкін. Қалай болғанда көптеген тарихшылар Беркені қыпшақ даласында, мұсылмандар ортасында дүниеге келген дейді.

Жалпы, Беркенің өмір тарихы Орталық Азияда ислам дінінің таралып жат­­қан ке­зі­мен сәйкес келеді. Сон­­дық­тан да бо­ла­шақ билеушінің түр­кі-ислам әле­мін­де­гі беделді тұлға ре­т­ін­де қа­лып­тасуына осы факторлар ай­тар­лық­тай әсер етсе керек. Ән-Насауи­дің пікірінше, Беркенің исламды қабылдап, Құран үйренуіне ұлы хан Өгедейдің ықпалы болған. Ал Жүзжани болса, жас ханзаданың ис­лам­ға ден қоюына әкесі Жошы әсер еткен дейді. Осылайша аталған екі тарихшы да Ұлыстың болашақ билеушісі бала кезі­нен мұсылман болғандығын алға тартады. Сондай-ақ Беркенің ислам ді­нін егде тартқан шағында қабылдағаны тура­лы пікірлер де кездеседі. Араб тарих­шы­сы Ибн Халдунның хабарлауынша, Берке Қарақорымға Мөңкені ұлы хан сайлауға барған сапарынан кері қайтарда Бұхарадағы сопылық тариқаттың көрнекті өкілі, әйгілі Нәжмәддин Кубраның халифасы әл-Бахарзидің қолын алып, ислам дінін қабылдаған. Қалай болғанда да, Берке хан тағына отырғанға дейін мұ­сыл­мандықты қабылдаған болуы керек. Себебі 1251 жылғы құрылтайда ша­лын­ған малдардың Беркенің құрметіне орай моңғол дәстүрімен емес, мұсылман әде­бі­не сай сойылуы осыны аңғартады.

han_berke.jpg

Берке ат жалын тартып мінгеннен бас­тап мемлекет ісіне араласып, Ордадағы бе­делді тұлға ретінде таныла бастайды. Оның өзіне тиесілі жеке иеліктерімен қатар, мұсылмандардан жасақталған отыз мың сарбазы болды. Тарихи құжат­тар­да Жошы өзінің ұлдарына иелік үлес­тір­генде Дешті Қыпшақтың оңтүс­тік бөлігі мен Батыс Түркістан айма­ғы Беркенің үлесіне тигендігі айтылады. Әл-Жүзжани «Жошы қайтыс бол­ған­нан кейін таққа отырған Бату хан Берке­нің жоғары мәртебесін растап, оның иелік­те­рі мен көптеген бағыныштыларын бекі­тіп берді», дейді. Батудың Беркеге ай­рық­­ша құрмет көрсетуі оның Ұлыста аса ық­­палды тұлға болғанын айғақтайды.

Таққа талас Өгедей, Шағатай ұрпақ­та­ры мен Төле, Жошы ұрпақтары арасында айтарлықтай асқынып, Күйік хан қайтыс болған соң тіпті ушығады. Ақыры бұл оқиға Төле, Жошы ұрпақтары ода­ғының жеңісімен аяқталып, Төле ұлы Мөңке ұлы хан сайланады. Жалпы төр­тінші тақ иесі Мөңке – хандыққа екі рет сайланған тұлға. Алғаш рет Төленің ұлдары Мөңке, Құбылай, Құлағу, Арық­бұ­ға астыртын суыт жүріспен Ба­ту­ға келеді де, Бату 1250 жылы Балқаш көлінің түстігіндегі Ала-қамақ деген жерде құрылтай шақырып, Мөңкені ұлы хан етіп жариялайды. Осылайша импе­рияның іргесін кеңітіп, айбынын асқақ­татқан ұлы әмірші Мөңкенің қазақ дала­сында тұңғыш хан көтерілуі – сол кезеңде әлемдік саясатта осы өңірдің геосаяси жетекші аймаққа айналғанын айқындайды. Алайда Шыңғыс ұрпақтары бұл оқиғаны кіндік атажұрттан жырақта өтті деп мойындай қоймайды. Сол себептен 1251 жылы Шыңғыс ханның атамекені Керулен алқабында Мөңкені екінші рет хан көтереді. Бату ұлы құ­рыл­тайды абыроймен өткізіп, тәртіп ор­нату үшін інісі Беркеге үш түмен әскер беріп, шұ­ғыл аттандырады. Тарихшы А.Пор­син­нің пікірінше, Өгедей мен Шағатай ұр­пақтарын биліктен шеттетіп, Мөң­ке­нің ұлы хан сайлануы Жошы мен Төле ұрпақ­та­рының үлкен жеңісі саналады.  

Беркенің билікке келуі

Беркенің Ұлық Ұлыс тағына отыру қарсаңындағы оқиғаларда әлі күнге дейін ше­шімін таппаған мәселелер бар. Со­лар­дың бірі – Беркенің алдында таққа отыруы тиіс болған Сартақ пен Ұлақ­шы­ның өлімі және оған Берке жақтас­та­рының қатыстылығы. «Алтын Орда» фильмі де Сартақтың өліміне Беркені кінәлайды. Алайда А.Порсин секілді бе­делді зерттеушілер мұндай пікірлерді жоқ­қа шығарады. Тарихи деректерге жү­г­інсек, Бату көзі тірісінде үлкен ұлы Сартақты Ұлық Ұлыстың келесі ханы ретінде ресми бекіттіруге Қарақорымға жібереді. Мөңке Сартақты жылы қарсы алып, оны мемлекеттің келесі тақ мұрагері деп жариялайды. 1256 жылы Бату қайтыс болып, Ордада тақ үшін талас басталғанда сыртқы күштер ықпал етуге тырысады. Көшпелілердің дәстүріне сәйкес ағасынан кейін інісіне тиесілі таққа Батудан кейін Берке отыруы тиіс-тін. Алайда ұлы хан Мөңкенің жарлығымен Сартақ хан сайланып, ол көп ұзамай қайтыс болады. Оның артынша таққа отырған Ұлақшы да көз жұмады. Берке осы уақытта Бұхарадағы Шейх Сәйфуддин Бахарзидің жанында болады. Өтеміс қажының хабарлауынша, Сайын хан (Бату) қайтыс болып, оның бектері өзара келісіп, Құлағуға елші жібергендігін естіген хазіреті Шейх Бахарзи Беркеге: «Әй, перзентім! Құдай тағаладан мынадай әмір келді: «Бабаларыңның жұртына барып, сонда билік құр деді», деп оны Бұхарадан Сарайшыққа шығарып салады. Бұл оқиға бізге Беркенің тек діни білім алған тақуа сопылығын ғана емес, оның сол дәуірдегі түрік тілінде еркін сөйлегенін айғақтайды. Оның араб, парсы яки моңғол тілінде дәріс алмағаны анық.

Ұлық Ұлыстың алтын тағы енді Бер­ке­­ге тиесілі болып, ол Мөңкенің жар­лы­­ғымен 1257 жылы таққа отырады. Ұлыс би­лі­гін қолға алысымен түркі-ислам құн­­ды­лықтарын негізге ала отырып, бір­қатар реформаларды іске асыруды көз­дей­ді. Алдымен әйелі Чечек бегім мен інісі Тоқай Темірден бастап бірқатар ру басыларын ислам дініне кіргізеді. Өз иелігіндегі қалаларда мешіт-медреселер тұрғызып, еркін құлшылық жасауға жағ­дай жасайды. Ортағасырлық тарихшы ан-Нувайри: «Чечек бегім құлшылық жасау үшін үнемі өзімен бірге арба үстіндегі шатырлы мешітін алып жүретін еді», деп тамсана жазады. Мемлекет және дін істеріне мұсылман елдерінен Шараф ад-Дин ал-Казвини секілді оқымысты адамдарды алдырып, қазы, уәзір лауа­­­­зым­­дарына тағайындады. Ол ислам қағи­да­ларын берік ұстанып, басқалардан да соны талап етті. Рубруктың жазуынша, Беркенің ордасында мал мұсылманша сойылып, доңыз етін жеуге тыйым салынады. Берке таққа отырғанға дейін де яса мен шариғат ережелері арасындағы қайшылықтарға қарамастан, Ордада та­мақ­тану рәсіміне өзгерістер енгізілген болатын. Осылайша Берке Шыңғыс хан әулеті арасында ислам дінін қабылдаған әрі оны кеңінен таратуға ықпал еткен алғашқы билеуші болды. Егер шоқынды Сартақтың ғұмыры ұзақ болып, ол өзі­нің миссионерлеріне ерік бергенде, ұлыс құрамындағы халықтардың, соның ішін­де қазақ жұртының да тағдыр-тәлейі бас­қа арнаға ауып кетуі мүмкін еді.

Ұлы даланың рухани келбетін өзгерт­­кен Беркенің билікке келуімен бірге Ұлық Ұлыстың жаңа дәуірлеу кезе­­ңі басталды. Оның бастамасымен сәу­лет­ті ғимараттар салынып, қалалар­дың құ­ры­лысы мен абаттандыру ісіне де үлкен мән берілді. Сарай-Берке, Сарай­шық қа­ла­лары орта ғасырдағы Ұлы Жібек жолы бойындағы ең гүлденген шаһар­лар­дың біріне айналды. Ұлыстың тағы бір маңызды саяси-экономикалық орталығы орналасқан Бұлғар қаласы да мәдениет пен өркениеттің орталығы саналды. 1261-1262 жылдары Венециядан келген саяхатшылардың жазбаларында Бұлғар қаласында Беркенің резиденциясы мен теңге шығаратын сарайы болғандығы айтылады.

Ол өзге діндер мен мәдениеттерге құр­мет­пен қарады. Мәселен, 1261 жылы князь Александр Невскийдің өтініші бо­йынша, Берке ханның рұқсатымен митрополит Кириллдің Сарайдағы Православ епархиясы құрылды. Осылайша Русьтың вассалды княздіктерімен тұрақты қарым-қатынасты сақтау қажеттілігімен қатар, Византиямен дипломатиялық қаты­нас­тар­да православ дінбасыларын ара­ғайын ретінде пай­далану мүмкіндігіне ие болды. Ұлық Ұлыс иелігінде фин-угор, славян, кавказ халықтарының да салт-дәстүрлері мен сенімдеріне еркіндік беріліп, қала­лар­да оларға арналған ғибадатханалар тұр­ғы­зыл­ды.

Берке Новгород, Псков, Ростов, Ярос­лав­ль, Суздаль, Владимир сынды қала­лар­да болған көтерілістерді күш­пен жаншыды, Литва мен Польшаға қарсы жойқын жорық жасап, Папа IV Иннокентийге арқа сүйеген князь Даниил Галицкийге күйрете соққы берді. Византия императоры Михаил VIII Палеолог тұтқынға түсірген Салжұқ сұлтаны Иззед-дин Кейка­вусты құтқарып, оған арнайы сарай сыйлады. Ол Еуразия кеңістігінде жаңа тұрпаттағы империя қалыптастыру үшін мемлекеттің ішкі құрылымымен қатар, сыртқы саясатын да жаңа бағытқа өз­гертті. Тарихтан мәлім, 1259 жылы Мөңке хан қайтыс болғанда, оның орны­на Арық Бұға мен Құбылай таласып, Құбылайдың қарсыластары, оның ішінде Қайдудың да қолдауымен Арық Бұға ұлы хан тағына отырады. Ал Құбылай өз орталығын Ханбалыққа көшіріп, ол да өзін ұлы хан деп жариялайды. Құбылайдың бұл әрекетіне Шыңғыс ұрпақтары қарсы болып, кейбірі ат құйрығын кесіседі. Осы мүмкіндікті пайдаланған Берке де Құбылайдың билігін мойындаудан бас тартып, өзіне тиесілі иеліктегі әміршілерді де тек өзіне бағынуын қатаң бақылауға алады. Ол Қайдуды қолдау арқылы Орта­лық Азиядағы ынтымақтастықты бекем­деуге, Құлағуды ығыстыру арқылы сал­жұқтардың еркін тыныстап, Осман мемлекетінің ірге көтеруіне негіз қалады. Сонымен қатар Бейбарыспен одақтасып, мұ­сылман әлеміне қолдау көрсетіп, Крест жорығына тойтарыс беруді көздеді. Себебі сол тұста Ирандағы Құ­ла­ғу мемлекеті мен Крест жорығы ислам дінінің жойылып кетуіне үлкен қауіп төндіріп тұрған еді.  

Бейбарыс пен Берке одақтастығы

Берке өзінің әділеттілігі мен тақуа­лы­ғына сай әрдайым мүміндердің қор­ғаны, қасиетті ислам дінінің жоқтау­шы­сы ретінде танылды. Оның исламға қатысты ұс­та­нымына орай, немере бауыры Құла­ғу­мен арада ежелден келіспеушілік бар еді. Нақты айтқанда, Берке Құлағудың Бағдад халифатына жасаған алғашқы жорығын ағасы Батудың ықпалымен тоқтатқан болатын. Кейіннен ол ұлы хан Мөңкенің пәрменімен Бағдадқа бәрібір басып кіріп, ондағы мұсылмандарды қырып, бүкіл қаланы қиратады. Бұған ашуланған Берке: «Құлағу дос пен дұш­пан­ды ажыратпай, барлық мұсылман әміршілері мен жақындарын өлтіріп, халифатты күйретті. Енді, уақыты жеткенде, Жаратқанның қалауымен жазықсыз мұсылмандардың төгілген қаны үшін жауап береді», деді. Осы оқиғадан кейін Берке мен Құлағу арасында бітіспес дұшпандық туып, соңы ұзақ жылдарға созылған соғыстың тұтануына алып ке­­ле­ді. Тарихи деректерге сүйенсек, 1262 жылғы Ширванда болған алғашқы шай­қаста Ноғай бастаған Ұлық Ұлыс әскері Құлағудың жасағына күйрете соққы береді. Осы тұста шағатайлық Алғу Құлағумен бірлесіп, Беркеге қарсы одақ құрып, Мөңке билікке келгеннен кейін өлтірілген туыстарының кегін алмақ болды. Құлағу да Бату және Берке әулет­те­рі­нен шыққан сұлтандардың көзін жоюға бұйырады. Осы оқиғадан кейін Берке Құлағуға қарсы соғысқа дайындалады. Құлағу да үш бөлік қол шығарып, бір қанатын өзі бастап Дербент арқылы Еділге жетеді. Алайда Беркеден ойсырай жеңілген Құлағу көптеген әскерінен айы­­ры­лып, қайтар жолда аттары мен адамдары өзенге батып, Кавказ арқылы зорға құтылады. Бұл оқиға бүкіл мұсылман әлемін дүр сілкіндірді. Бұдан кейін де Құлағу мен Берке әскері арасында бірнеше рет қақтығыстар болады.

Шыңғыс әулеттері арасындағы бұл қыр­ғиқабақ қатынасты олармен шекте­сіп жатқан Мысыр, Дели, Византия мем­лекет­тері бақылап отырды. Бейбарыс пен Беркенің одақтас ретінде тарих сахнасына шығуы осы тұстан басталады. Ал Құлағу еуропалық мемлекеттермен одақ құруға ұмтылады. Зерттеуші А.Юрченко Берке, Құлағу және Бейбарыс сұлтандар арасындағы қарым-қатынастарды әскери, діни, дипломатиялық секілді бірнеше контексте қарастыруды ұсынады. Біздіңше, Берке мен Бейбарыстың сәтті одақтастығы Құла­ғудың халифатқа жасаған қанды жоры­ғынан бөлек екі жақтың да әскер­ле­рінің негізгі күші қыпшақ жауын­гер­лерінен құралғандығында сияқты.

Осылайша 1261 жылы Ордаға Мысыр билеушісі әз-Заһир Бейбарыс сұлтан­ның сәлем-сауқаты мен мол тарту-та­рал­­ғысын арқалаған алғашқы елшілер келді. Мысыр елшілері алып келген хат­­тың мазмұнында Бейбарыс сұлтан Бер­­ке­мен бірлесіп Құлағуға қарсы соғыс ашуға дайын екендігі баяндалған. Берке де 1262 жылдың күзінде өзінің алғашқы елшілерін жіберіп, Бейбарыс сұл­танға ислам дінін қабылдаған татар әміршілерінің, олардың шыққан тегі мен руы қоса жазылған тізімі бар хатты жол­дайды. Осы жолғы Беркенің елші­ле­рі­мен бірге сұлтан Бейбарыс өзінің Күшербек ат-Түрки бастаған өз елшілерін қосып жібереді. Ол туралы араб тарихшысы Рукн-ад-Дин былай деп жазады: «Сұлтан (Бейбарыс) Беркенің елшілерін зор құрмет-қошеметпен қарсы алды. Қайтарында оған арнап Осман халифа жазған қасиетті Құран нұсқасын, түрлі-түсті кілемдер мен жайнамаздарды, Вене­ция матасы мен Ливант көйлегін, теріден жасалған қалы кілемдерді, франк дулы­ғасы мен алтын жалатылған сауы­тын, Хорезм ер-тұрманы мен алтын жалатылған шамдалдарды, күміспен күп­теліп, алтынмен апталған неше түрлі қару-жарақтарды, қара нәсілді қыз­мет­шілер мен аспазшыларды, араб сәйгү­лік­тері мен нубий түйелерін, маймылдар мен тотықұстарды, тағы да басқа толып жатқан есепсіз дүниелерді тарту етті», дейді. Осыдан кейін де Мысыр сұлтандығы мен Ұлық Ұлыс арасында 50-ге жуық елшілік байланыс жасалады. Еділ мен Ніл бойындағы рухани мәдениеттің тоғысына негіз қаланады. Бейбарыс пен Беркенің әскери, саяси, дипломатиялық одақтастығы Құлағу мен Крест жорығына жойқын тойтарыс беріп, Еуразия мен Таяу Шығыста ислам дінінің өркендеуіне жол ашады. Алайда Берке Ұлық Ұлысты ұзақ билей алмады. Ол Иранды Құлағудың ықпалынан азат ету үшін оның ұлы Абағамен соғысуға бара жатып, 1266 жылы Тбилиси маңында қайтыс болады. Әйтсе де, Берке хан 1269 жылы өткен Талас құрылтайында толық дербестік алған Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың негізін қалап кетті. Оның өз атына теңге бастыруы соны айғақтайды.

Бейбарыс сұлтанның елшілері арқылы Берке ханның кескін-келбеті, батырлық тұлғасы жылнамаларда сақталған. Ол туралы Абд аз-Захир: «Бұл шақта Беркенің жасы елу алтыда. Сирек сақал, жалпақ бет, өңі сары кісі екен. Шаштары өріліп, құлағының артына қарай қайырылған. Құлағында сегіз қырлы қымбат тасы бар алтын сырға. Үстіне жібек шапан, басына мұрақ, аяғына қызыл сафиян етік киіп, беліне қымбат тастармен әшекейленген алтын белбеу буынған. Хан шатырында өзімен бірге 50 әмір жайғасқан екен», дейді. Бір қызығы академик Ә.Марғұлан Ұлытаудағы Жошы хан мазарын қазған кезде жоғарыда сипатталғандай «қызыл сафиян» етіктің қалдығын тапқан болатын. Біздіңше, Жошының кесенесін Берке салдырып, өз әкесін мұсылман ғұрпымен жерлеуі әбден мүмкін.

Берке билік еткен аз ғана мерзім ішінде Ұлық Ұлысты Еуразиядағы мемлекет­тік құрылымы қалыптасқан, қуатты мемлекетке айналдырып үлгерді. Беркенің дәстүрлі түркі-ислам мәде­ние­тіне негіздеген өркениет өрісі Өзбек хан тұсында жалғасып, Орталық Азия ха­лықтарына ғасырлар бойы рухани азық болды. Осы үшін де біз Бер­ке­ге қарыздармыз. Еділ бойындағы Сарай қаласы жаңа мәдениеттің рухани орта­лы­ғына айналды. Көптеген ақын мен жазушы, ғалым мен ғұламалар ілім-біліммен еркін айналысты.

Былтыр елімізде Президенттің ар­на­йы тапсырмасымен Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығына қа­тыс­ты көптеген игі іс қолға алынды. Жошының кесенесі мен Ұлытау қайта жаңғырды. Осы тұста Жошының бел баласы, Ұлық Ұлыстың негізін қалаушы Беркенің де ұмыт қалмағаны абзал. Есімі оқулықтарға енгізіліп, зерттеу еңбектері қолға алынса, танымдық деректі фильм­дер түсіріліп, ескерткіші орнатылып, көшелерге аты берілсе, көмескі тартқан тұғырлы тұлғаның ұрпақтар жадында қайта оянары анық.


egemen.kz сайтынан алынды.



Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?