Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ХІХ ғасыр аяғындағы Қазақстандағы оқу-ағарту ісі

7719
ХІХ ғасыр аяғындағы Қазақстандағы оқу-ағарту ісі - e-history.kz

Бүгінгі таңда  елімізде отандық тарих ғылымы алдына елеулі міндеттер жүктеліп отырғаны аян. Ғылыми білім ауқымының кеңейіп, онда шынайылықтың көрініс табу деңгейі арта түскен сайын ғалымдар жаңа білімге қол жеткізуге мүмкін деген əдістер мен тəсілдерді талдауға жəне негіздеуге талпыныс қарқынын күшейте түседі. Бұл, əрине, тарих ғылымына, оның жекелеген проблемаларын зерделеуге, соның ішінде патшалық Ресейдің үстемдігі дəуіріндегі қазақтар арасындағы халық ағарту ісіне де қатысты.

   XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы - мәдени дамудағы өзіндік ерекшелігіне толы кезең. Өйткені, бір жағынан бұл кезде Ресей отаршылдарының қазақ даласына толығымен өздерінің отаршылдық саясатын орнатып, оны одан әрі елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінде тереңдету үшін әр түрлі шаралар жүргізумен ерекшеленсе, екінші жағынан қазақ халқының рухани ояну, өз азаттығы, тәуелсіздігі үшін күрестің жаңа кезеңінің басталғанымен ерекшелінеді.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясында орын алған қоғамдық-экономикалық қатынастардағы өзгерістер қазақ қоғамына да ықпалын тигізді. Тарих сахынасына қазақ зиялыларының жаңа легінің пайда болып, тәуелсіздік күресін жаңа сатыға көтеріп, қазақ халқының рухани-мәдени дамуына үлкен жол ашқан болатын. Мәдениет тұрғысынан алғанда бұл кезеңде ауқатты топ өкілдерінің, аз да болса қазақ жастарының европалық мәдениетті, Ресейдің жоғарғы оқу орындарын оқып меңгергендігі.  

Қазақ халқының білімге деген құштарлығын патша өкіметінің ұстанған отаршылдық саясаты да тежеп отырды. Қазақ халқының білім деңгейін жан-жақты дамытуға емес, жергілікті халықтың тілі мен дінін, әдет-ғұрпын жойып жіберуге және орыстандыруға аса мән берілген. «Міне, осындай жағдайда, қоғамдық күреске қазақ қоғамы үшін мүлдем жаңа саяси-әлеуметтік күш ұлттық интеллигенция араласа бастайды. Негізінен метрополия оқу орындарында білім алып, отаршылдық мемлекеттік басқару аппаратындағы қызметке және қазақ арасында орыс мәдениетін егіп, тарату үшін даярланған, зиялылар мұның бәрін жиып қойып, ұлттық тәуелсіздік пен ұлттық мәдениеттің өсіп өркендеуіне, ұлт өмірін қайта құру мақсатына қызмет ете бастайды». Сол кезде патша үкіметі қазақтарға белгілі бір деңгейде ғана білім беруді, сол жергілікті халықты орыстандырып, Ресей империясына тәуелді етудің шараларының бірі ретінде қараса, ал бұл қазақ халықы үшін оқу-ағарту ұлттық сананы ояту, отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күрес жүргізу үшін қажет болды.

Сондықтан да қазіргі таңда ақиқатты және заман талабына сай зерттеуді қажет ететін тарихымыздың аз зерттелген, әлі де күрделі, өзекті мәселелерінің бірі – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы оқу – ағарту ісі дер едік.

Айталық, Ақмола өлкесінің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени, оқу ағарту ісінің дамуына байланысты зерттеулер қанағаттанарлық болмаса да, біраз мәселелер айтарлықтай зерттеліп, тұжырымдалады. Дегенмен, Ақмола өлкесінің мәдени даму жайлы, оқу ағарту ісі жайлы деректер жекеленген еңбектерде ішінара кездеседі.

Патша өкіметі Қазақстан жерінде тұратын халықтардың әлеуметтік өмірі, тұрмысы, экономикасы мен мәдениетін, дінін терең зерттеу мақсатында, қазақ даласында зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін көптеген экспедициялар жіберді. Қазақтардың экономикасы мен шаруашылығы, тарихы мен этнографиясы, мәдениеті мен тұрмысы ғалымдардың зерттеу нысанына айналды. Бірақ бұл еңбектерінің көпшілігі сыни көзқарасты талап етеді, өйткені құнды фактілік материалдармен қатар ресми үкіметтің көзқарасын ұстанатын авторлар да болды.

Осының ішінен қазақтың ұлы ағартушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың есімін ерекше құрметпен атауға болады. Ш.Уәлихановтың қазақ халқының тарихы мен этнографиялық зерттеулері қазірдің өзінде Қазақстан тарихын зерттеуде баға жетпес құнды деректер болып саналады. Сондай-ақ, қазақ даласындағы әлеуметтік-саяси қарым-қатынастарға байланысты жазылған мақалаларының ғылыми маңызы зор. Оларға: «Абылай», «Қырғыздың ата-тегі», «Көне дәуірдегі қырғыздың қару-жарағы және әскери жабдықтары», «Сахарадағы мұсылмандық туралы», «Қырғыздың шамандық қалдықтары», «Қырғыздың көші-қоны туралы», «Сот реформасы туралы жазбалары», «Ыстық көлге сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы», «Жоңғар очеркі», «Қашқар сапары жайлы» және тағы басқа да еңбектерді жатқызуға болады. Шоқан бүкіл Орта Азия мен оған көрші жатқан елдердегі халықтардың географиясын, этнографиясын, фольклорын зерттеуге үлкен үлес қосты. Ғалымның туған жер тарихы, көне шежірелер, халық тағдыры, сахара көшпенділерінің өткен дәуірдегі мәдениеті туралы зерттеулері баға жеткісіз деректер.

hqdefault.jpg

XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ даласындағы халық ағарту мәселесінің қалыптасуы мен даму туралы жазған орыс миссионерлер-ғалымдары болды. Н.И.Ильминский орыс-қазақ мектептерінің дамуы, қазақ халқын орыс оқуына тарту туралы мәліметтер берілді. Мысалы, Ильминский өз еңбектерінде бұратана халықтарды қалай шоқындыру керек екендігі жөнінде мәліметтер келтірген. Бірақ бұл еңбектердің барлығы миссионерлік көзқараста жазылған болатын.

Келесі миссионерлік саясатты жүзеге асырған ғалым А.Е.Алекторов болды. Оның еңбектерінен Қазақстан жерінде халық ағарту-ісі тарихы бойынша алғаш мектептердің ашылуы, мұсылман мектеп-медреселердің тарихы жөнінде, үлкен фактілік материал негізінде жыл сайынғы оқу жоспары, бағдарлама және әр түрлі оқу орындарының ережелері, халық ағарту-ісі министрлігінің шығарған жарлықтары туралы құнды деректер аламыз. Сонымен қатар, еңбектің соңында «Статистические ведомости о народных училищах и частных учебных заведениях за 1898 гражданский год» қосымшасы берілген.

Аталған ғалымдар патша өкіметінің мүддесі көздеп орыс мемлекетінің құрылысы мен мәдениетін асыра дәріптеп жазған.

ХХ ғасырдың басындағы Алаш қозғалысының басшылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы және т.б. еңбектерінен құнды мәліметтер алуға болады. Бұл деректердің құндылығы сонда, олар қазақ халқының сол кездегі әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайы мен мәдени дамудың әр-бір қадамын зерттеді.

Қазан төңкерісіне дейінгі шыққан зерттеулердің басым бөлігі қазақ халқының мәдени өміріне қатысты   фактілерді берумен шектелініп отырды, тек кеңес үкіметі тұсында ғана бұл мәселеге жүйелі түрде көңіл бөліне бастады.

ХХ ғ. 20-30 жж. қазақ халқының мәдени өмірін белгілі ғалым

С. Асфендияров қарастырды. Автор патша үкіметінің оқу-ағарту және білім беру жүйесін сынға алды. «Патша өкіметі жаңа әкімшілік құрлысты орнатумен қатар, шоқындыру-ағарту ісін өркендете бастады. Қазақты орысқа айналдыру саясатын патша өкіметі ерекше ыждахатпен жүргізе бастады. Сонымен қатар, патша өкіметі өзіне дайын ұсынып отыратын кадр тәрбиелеуді мақсат етіп, орыс-қазақ мектептерін аша бастады» деп жазды. Асфендияров осы жазған еңбегі үшін қуғынға ұшыраған болатын.

Қазақтың біртуар ұлы Т.Рысқұлов мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан қазақ интеллигенциясының атқарған қызметіне көңіл бөліп, оның пайда болуы мен дамуының хронологиялық кезеңін XIX ғасырдың аяғына жатқызады. Ғалым қазақ зиялы қауым өкілдерінің саяси, әлеуметтік, ұлттық бағдарды негізге ала отырып саралау дәйектілігін атап өткен болатын.

Ұлттық демократиялық интеллигенцияның көрнекті өкілдерінің бірі –Қошке Кеменгерұлы Қазақстанның Ресейге қосылуының отаршылдық сипатының нәтижесінде қазақ халқының тәуелсіздіктен айырылғанын баса айтқан еді. Сонымен қатар, XIX ғ. екінші жартысы мен XX ғ. басындағы ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлер және сол кездегі қазақ халқының мәдени дамуы зерттеліп, нақты бағасын беруге тырысқан.

Сол кезде, яғни Кеңес өкіметі тұсында патша өкіметінің отаршылдық саясатының озбырлығын жазған тарихшылар мен олардың еңбектерін «Кеңес үкіметіне қарсы» бағытталған деген жала айып тағылды. Көптеген ғалымдар қудалауға ұшырап, ал олардың жазған еңбектерін оқуға тыйым салынды.

XX ғасырдың 50-80 жылдары XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы халық ағарту ісі терең зерттеліне бастады.

Т. Тәжібаев, Н. Сәбитов, А.И.Cембаев, Г.И. Храпченков тағы басқаларының бірқатар еңбектері жарық көрді. Мысалы, Т. Тәжібаевтың XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ өлкесіндегі оқу-ағарту, білім беру ісінің, мектептердің және педагогикалық ойдың дамуы тарихына арналған монографиясында автор: «Патша өкіметі бастауыш мектептерді әсте де қазақтардың толық және жан-жақты білім алуы үшін емес, болыс басқарушыларына тілмаш, сұлтандардың іс-жүргізушілері және т.б болып жұмыс істеуге жарарлықтай аздаған білім беру үшін ғана ашқанын» жазады. Т.Тәжібаев өз еңбегінде Алматы, Орынбор, Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Қазан, Уфа, Омбы және Қазақстанның кейбір облыстарының бай мұрағат деректерін пайдаланып, XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы бастауыш және орта білім беретін мектептердің саны, әрбір облыстардағы, соның ішінде біз қарастырып отырған Ақмола облысындағы халық ағарту ісінің даму ерекшеліктеріне де тоқталған. Сонымен қатар ғалым XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы оқу ағарту-ісі мен педагогикалық ойдың дамуындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың алғышарттарын зерттеді.

Революцияға дейінгі Қазақстандағы кеңінен тарала бастаған жаңа тәсілдік мектеп-медреселердің, мұсылмандық оқу орындарының даму ерекшеліктері туралы бірқатар зерттеушілер қарастырды. Н.Сәбитов өз еңбегінде ХХ ғасырдың басында қазақ өлкесінде кеңінен тарала бастаған «жаңа әдістегі» мектеп медреселердің пайда болуы мен даму ерекшеліктерін ашып көрсетуге тырысты.

Патша өкіметі тұсындағы оқу орындар жүйесі жайлы маңызды бірқатар мәліметтерді А.И.Сембаев пен Г.М.Храпченковтың еңбектерінен кездестіруге болады. К.Кереева-Қанафина қазақ жерінде болған экспедициялардың қазақтар туралы қалдырған мәліметтеріне талдау жасау негізінде

ХІХ ғ. ІІ жартысы мен ХХ ғ. басындағы қазақ халқының өмірі мен тұрмысы, мәдениеті мен әдебиетін зерттеді.

Сонымен қатар Х.Сүйіншәлиев, Х.Маданов, А.Жұбанов еңбектерде қазақтың рухани мәдениетінің дамуы, өнер қайраткерлері туралы көптеген деректер келтірілген.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін қазақ халқының мәдени өмірі тың деректер арқылы ұлт мүддесіне сай сай, жаңа көзқарас тұрғысынан зерттелінді. Атап айтқанда, М.К.Қозыбаевтың, К.Н.Нұрпейісовтің, А.Канапиннің, Р.Б.Сүлейменовтың, В.Галиевтің, Х.М.Әбжановтың, Т.К.Кәкішовтің, М.Мырзахметовтің, Ә. Омаров еңбектері дәлел бола алады.

Мәселен, М. Мырзахметов пен Ә. Омаровтың еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Олар патша үкіметінің оқу ағарту саласында жүргізген отарлау саясатын ашық әшкерелеген.  

Р.Б.Сүлейменов Қазақстанның революцияға дейінгі мәдени мұраларына, қазақ зиялыларының қалыптасу мәселесін қарастырды.

XIX-ХХ ғасырлардағы қазақ елінің қоғамдық өміріне арналған В.З.Галиевтің еңбектерінде сол кезеңде қазақ арасынан шыққан ең алғашқы ұлт зиялыларының қоғамдық, саяси-мәдени қызметіне талдау жасайды.

Енді осы деректерді бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады.

Деректердің бірінші тобына патша үкіметінің жергілікті өлкеге қатысты заң актілері мен қаулылары жатады.

Бұл топқа патша үкіметінің қазақ даласын отарлауға заңдық негіз беретін әкімшілік-территориялық заңдары мен ережелері шоғырланған. Сонымен қатар, заңдық құжаттардың басым бөлігі оқу-ағарту істеріне арналған. Мысалы, Ақмола облысындағы қырғыз (қазақ) ауыл шаруашылық мектептерін қайта құру туралы уақытша жарғы және т.б. құжаттар құрайды.

Заңдық негіздегі құжаттардың екінші бір бөлігін Екатерина ІІ патшайымның қырғыздардың (қазақтардың) әр түрлі руларына татар молдаларды бекіту, халық арасында ислам дінінің күшеюіне тежеу қою, Халық ағарту министрлігінің 1870 жылы 26-шы наурыздағы орыс-қазақ, аралас мектептерін ашу, қазақ балаларын орысша оқытып, шоқындыруға арналған заңы, мұсылман оқу орындарына орыс сыныптарын енгізу туралы шешімі сияқты діни мәселелерге қатысты болды.

Мұндағы пайдаланылған деректердің екінші тобын анықтамалық-ақпараттық құжаттар құрайды. Ақмола облысы өлкесінің саяси, әлеуметтік-экономикалық, халық ағарту ісі, мәдениеті, халқы, этникалық құрамы, халық шаруашылығының дамуына қатысты деректер «Киргизское хозяйство в Акмолинской области» (С.Петербург, 1910), «Материалы по киргизскому землепользованию...» (С.Пб, 1898-1908), Брокгауз-Ефронның «Энциклопедический словарь» және «Омский краеведческий словарь», «Россия - Полное географическое описание нашего Отечества», (т. 18. Киргизский край) атты жинақтарда кездеседі. Зерттеу жұмысында “Обзор Акмолинской области” деп аталатын Ақмола облысының әр жылғы шолулары кеңінен қолданылды. Бұл шолулар арқылы жыл сайынғы деректерді салыстырып талдау арқылы, зерттеп отырған аймақта тұратын жергілікті халықтың мәдени дамуы мен оқу-ағарту орындарының қызметін анықтауда нақты мәліметтер береді.

Деректердің үшінші тобына мерзімді баспасөз бетіндегі материалдар жатады. Өлкенің әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуы жайлы мәлімет беретін мақалалар жалпы ресейлік «Сибирские вопросы», «Вопросы колонизации», «Журнал Министерства Народного Просвещение» атты басылымдар мен жергілікті «Дала уалаятының газеті», «Степной край», «Киргизская степная газета», «Иртыш», «Степной пионер» баспасөз беттерінде жарияланды.

ХХ ғасырдың басында қоғамдық-саяси баспасөз құралдарының бірі болған «Қазақ», «Айқап» сияқты баспасөздерде қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайымен қатар, мәдени дамуы, мектеп-медреселер, орыс-қазақ мектептері, ауыл мектептері, әр жерлердегі оқу жайлы, қазақ зиялыларының   шығармалары кеңінен қолданылды.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы дәстүрлі қазақ шаруашылығының ыдырауы мен капиталистік қатынастардың енуімен   сипатталады. Бұл кезде Қазақстанның экономикасының дамуы біркелкі болған жоқ.     

Ресейдегі капиталистік қатынастардың жедел дамуы шикізат қорына деген қажеттілікті тудырды. Осыған орай, табиғи қазынаға өте бай, арзан жұмыс күші мол қазақ даласын игеру ісі қолға алына басталды. Патша өкіметі осы мақсатта бірқатар әкімшілік шараларды жүзеге асырды.

Атап айтқанда, 1854 жылы Сібір қазақтарының облысы Ақмола және Семей облыстары екіге бөлінді. 1865 жылы патша үкіметі қазақ даласын басқару туралы жаңа ереженің жобасын әзірлеу үшін “дала коммиссиясы” деп аталған комиссия құрды.

Осы аталған комиссияның ауқымды жобасы негізінде Қазақстанда әкімшілдік басқару реформасы жүргізілді. 1867 жылы 11 шілдеде II Александр патша «Сырдария және Жетісу облыстарын басқарудың уақытша Ережесін», 1868 жылы 21 қазанда Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқарудың Уақытша ережесін» бекітті. Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторларына бұл ережені енгізу үшін Мемлекеттік қазынадан 33.900 сом қаражат бөлді.

         1867-1868 жж. реформалар бойынша қазақ даласы үш генерал-губернаторлыққа бөлінді: Түркістан, Орынбор, Батыс Сібір генерал-губернаторлықтары. Бүкіл әскери және азаматтық билік генерал-губернатордың қолына шоғырланды.

Облыс әкімшілігін әскери губернатор басқарды. Әскери губернатордың жанынан үш бөлімнен жарлықшы, шаруашылық және сот бөлімдерінен тұратын облыстық басқармалар құрылды. Оларды вице-губернаторлар басқарды. Облыстар уездерге бөлінген еді. Мәселен, Ақмола облысына Петропавл, Көкшетау, Ақмола және Омбы, сәл кейінірек Атбасар уездері қарады.

1868 жылғы әкімшілік реформаның енгізілуінің жергілікті халық үшін ең ауыр зардабы – жерінен айрылуы еді. 1868 жылғы 21 қазанда қабылданған «Уақытша Ереженің» 210 бабында «Қазақтардың көшіп-қонып жүрген жерлері мемлекеттік жер болып табылады және ол қазақтардың қоғамдық пайдалануына беріледі», - деп көрсетілді. Жер қойнауы байлығы орман, су, табиғи байлық барлығы дерлік мемлекет меншігіне көшті. Ал, 1891 жылы 25 наурызда тұрақты «Далалық Ереже» бойынша қазақ жері «мемлекеттің меншігі» болып жарияланды.

Әскери-әкімшілік отарлау саясаты Ресейден шаруалардың қазақ жеріне ағылып келуіне жол ашты. Қоныс аударушылардың ең көп қоныстанған жері - Ақмола облысы болды. Ақмола облысының Петропавл және Көкшетау уезіне 1860-1875 жылдар аралығында 30 үй қарашекпен көшіп келсе, одан кейінгі 1878 жылға дейінгі бас аяғы үш жыл ішінде 287 үйлі мұжық келіп орнығады. 1879 -1881 жылдар аралығындағы   қоныстанушылардың саны 375-ке жетті. Патша үкіметі 1889 жылдың 13 шілдесінде селолық адамдар мен мещандарды қазыналық жерлерге өз еріктерімен қоныс аудару туралы Ереже бекітті. Ережеде Томск, Тобыл губернияларындағы, сонымен қатар Жетісу, Ақмола, Семей облыстарындағы олардың көшіп баратын жерлері анықталды.

Ереже нәтижесінде,   қазақ даласына қоныстанған орыс шаруаларының саны жылдан-жылға артты. Егер 1889 жылы Ақмола облысында барлығы 200 қоныстанушы келген болса, 1890 және 1891 жылдары 7 600 адам қоныстанған. 1891 жылдың көктемінен 1893 жылдың наурызына дейін Дала генерал- губернаторының өтінішіне байланысты қоныстану процесі тоқтатылды. Бірақ осы жылдары Ресейдің еуропалық бөлігінде аштықтың болуына байланысты келімсектердің келуі қайтадан кең өріс алды. Ақмола облысында осы жылдары 8 мың келімсек келген. 1891 жылдың 26 наурызда және осы жылдың 23 сәуірде жарық көрген патша жарлығымен өз бетінше келген келімсектер қорғалатын болды және жергілікті әкімшілік оларға жер бөліп беруге міндетті еді. Тек 1885 жылдан 1893 жылға дейін Ақмола облысындағы жергілікті халықтан 251 779 десятина жер тартып алынып, 10 940 халқы бар 247 жаңа село пайда болды. 1890 жылдың жаз мезгілінде Ақмола облысының бір өзіне ғана Ресейдің 32 губерниясынан 15 000 мыңға жуық шаруа қоныс аударған. Қоныс аударған 1 000 адамның 25 пайызы үкіметтің рұқсатынсыз қоныс аударушылардан тұрды. 1894-1903 жылдары Ақмола, Торғай, Семей облыстарына барып қоныс аударғандардың 63 пайызы астыртын мигранттар екендігі анықталған. Далалық өлкенің генерал–губернаторы қоныс аударғандарды орналастыру үшін   12 учаске (Петропавлда – 2, Көкшетауда – 9 және Атбасар уезінде – 1учаскені) бөлген.

Столыпиннің аграрлық реформасынан кейін қазақтардың жерін тартып алу жаппай сипат алды. Жалпы алғанда, қазақтардың тартып алынған жер көлемі 40 мың десятинаны құрады.

Орыс шаруаларының жаппай қоныс аударуы нәтижесінде қазақ өлкесінің демографиялық құрылымы өзгерді. 1897 жылғы жалпы ресейлік санақ бойынша қазақтардың саны 3 392 751, яғни халықтың 81,7% құраған, орыстардың саны 445 402 адам (10,95%), украиндар - 79 573 адамды құрады.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында Қазақстанның экономикалық негізі патша үкіметінің отарлық саясаты ықпалымен бірқатар өзгерістерге ұшыраған көшпелі мал шаруашылығы болды. Мал шаруашылығының үш түрі қалыптасты: біріншісі – таза көшпелі мал шаруашылығы, екіншісі – жартылай көшпелі, үшіншісі – отырықшы мал шаруашылығы. Б.Сүлейменов XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында Қазақстан территориясын шамамен екі зонаға бөледі: 1) солтүстік, солтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс аймақ, бұл аймақта халық мал шаруашылығы мен жер өңдеумен айналысқан; 2) орталық территорияның көпшілік бөлігі, оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтардағы тұрғындар мал шаруашылығымен шұғылданды.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғ. басында   ірі қара мал санының өсуі біршама байқалған. Ірі қара мал санының өсуінің екі себебі бар: біріншіден, әр бір жыл сайын қазақтардың арасында жем-шөптің көбірек дайындалуы: екіншіден, отырықшы аудандардың көбеюіне байланысты еді.

1912 жылғы есеп бойынша бар малдың 2314585 құрағанын көреміз.

Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан аймақтардағы егін шаруашылығы мал шаруашылығымен ұштастырылып отырған.

Орыс қоныстанушылары мен далалық өңірдің солтүстігіне ене бастаған орыс сауда-саттығының ықпалы нәтижесінде қазақ шаруашылығы бірте-бірте дәнді дақыл өсіру және отырықшы мал шаруашылығына негізделген экономикаға тартылды. Отырықшы және жартылай отырықшы өмір салтына көшу процесі, әсіресе, XIX ғасырдың аяқ кезінде орыстардың өлкенің солтүстік аудандарына көптеп қоныстануына байланысты өсті. Қоныстанушылар санының көбеюі дәстүрлі көшіп-қону бағыттарына тосқауыл қойды, осының салдарынан жергілікті тұрғындарға малдарына қысқы азық үшін дәнді дақылдар егумен шұғылдануына тура келді. Қазақстанның кейбір аудандарында қазақтар суармалы егіншілікпен айналысты. Қазақ егіншілері көбінесе, арпа, бидай, тары, ал оңтүстік жақта жүгері де егілді. Солтүстікте де, оңтүстік аудандарда да бір жерге қатарынан үш жылдан артық егін егілмейтін, үш жыл өткен соң, тыңайған жерге ауыстырылып отыратын. Бұл жайлы Щербина «Қазақтар, көбінесе, үш–төрт жыл қатарынан бидай егіп, 15-20 жылға дейін ол жер теліміне егін екпейді» деп жазған болатын.

Жалпы, Ақмола облысы бойынша 1860 жылдары тек қана 175 қазақ шаруашылығы егіншілікпен айналысса, ал 1896-1901 жылдары 20 949 шаруашылық 42 582 десятина жерге егін еккен. 1896-1901 жылдары Ақмола облысында барлық шаруашылықтың 34,8%-ы, ал 1907-1909 жылдары 41%-ы егіншілікпен айналысып, егіс алқабы 51 716 десятинаны құраған. Сонымен орыс шаруаларының жаппай түрде Қазақстанның солтүстік аймағына ағылуы егін шаруашылығының дамуына ықпал етті. Қазақтар жер жыртып, егін орумен де айналыса бастады. Дегенмен, қажетті мөлшердегі нанды қазақтар сатып алып немесе өз өнімдеріне айырбастап отырды. Бұлар өз кезегінде Қазақстан жерінде қаржы тауарлары қатынасының дамуына әкеліп соқты. Күнделікті тұрмыста пайдалануға жарайтын өндірістік тауарларға қатысты жергілікті тұрғындарда сұраныстың пайда болуы да бұл құбылыстың кең етек алуына жағдай жасады.

7a0d743539a7f98067ed163ca396c51e.jpg

Қазақстан даласына капиталистік қарым-қатынастардың енуі    сауда–саттықтың кең етек алуына жағдай жасады. Ресейдің сауда капиталы Қазақстанның ең шалғай ауданадарына еніп, жергілікті шаруашылықтарды Ресейдің, Орта Азияның, Батыс Еуропаның рыноктарымен тығыз байланыстырды.

XIX ғасырдың ІІ жартысында Қазақстанда сауданың үш түрі дамыды: 1) айырбас, 2) жәрмеңкелік 3) тұрақты.

Айырбас сауда -   жергілікті шикізатты Еуропалық Ресейдің фабрика-зауыт өнімдеріне айырбастау арқылы жүргізілінді. Айырбас сауда алыпсатарлардың қолында болды. Айырбас сауда қазақ жұртының тұрмыс-тіршілігіне өте қажетті әр түрлі тауарларды ауыл-ауылға сатып немесе айырбастау арқылы жүргізілді. Қазақ даласындағы айырбас сауданың өркендеуіне орай өсімқорлық кең етек алды.    

XIX ғасырдың 60-90 жылдарында   сауданың үшінші түрі жәрмеңке саудасы дамыды. Жәрмеңкелік сауда Ресейдің капиталистік экономикасы мен қазақ шаруашылығы байланыстарын нығайтумен қатар,   патриархалдық қатынастардың ыдырауына ықпал етті. Мұндай жәрмеңкелер сауда-саттық ісін орнықтыру, көршілес Еуропа, Қытай, Ресей және басқа да елдермен тұрақты экономикалық байланыс жасау және халықтық өнер мен мәдениетін дамыту үшін аса маңызды болды.

Жәрмеңкелер XIX ғасырдың ортасындағы көшпелілер мен отырықшы   халықтың арасындағы делдалдық міндеттерді де жүзеге асырды. Жәрмеңкелер жазғы және күзгі болып бөлінді. Жәрмеңкелердің саны жағынан Ақмола облысы жетекші орында болды. Ондағы жәрмеңкелер саны 40-қа дейін жетті. Олардың ішіндегі 3 үлкен жазғы жәрмеңкеге тек жергілікті көпестер ғана емес, Еуропалық Ресейдің қалаларынан да көпес-саудагерлер жиналды. Жәрмеңкелердегі тауардың басым бөлігі - мал мен мал өнімдері еді. Өлкедегі жәрмеңке саудасының өркендеуіне Ресейдің орталық аудандарындығы мал шаруашылығы шикізаттарына деген мұқтаждықтың өсуі де ықпал еткен. Бұл қазақ жеріндегі маусымдық жәрмеңкелердің көбеюіне әкелді. Бұл жәрмеңкелер Ақмола қаласындағы – Константиновск (жыл сайын 21 мамырдан - 10 маусымға дейінгі аралықта өткізілген), Атбасар қаласындағы – Петровск (10 шілде мен 5 маусым арасында), Петропавл уезіндегі – Тайыншакөл (1-20 шілдеге дейін) базарында жүргізілді. 1900 жылы бұл жәрмеңкелердің жалпы айналымы 7 181 мың сомды құрады, яғни облыстың барша жәрмеңкесінің айналымына тең болып, қазақ өлкесінің сатылатын әрбір өнім айналымы 4,5% шамасында болды. Жалғыз Көкшетау уезінің өзінде-ақ 1900 жылы айналымы 3,2 млн сом көлеміндегі күздік және қыстық 33 жәрмеңке өткізілді. Жәрмеңкелерде сатудың және сатып алудың басты тауары ретінде мал шаруашылығы жүрді. Ақмола облысының ірі екі жәрмеңкесі: Тайыншакөл және Константиновск жәрмеңкелері жөніндегі салыстырмалы деректерді келтіріп көрелік. 1871 жылы сату үшін мынадай мал саны айдап әкелген, біріншісіне - 5 000 жылқы 30 000 ірі қара, 78 000 қой, екіншісіне - 880 жылқы, 1232 ірі қара, 76 746 қой әкелінді.

«Памятная книжка Акмолинской области на 1915 г.» (Омск, 1915) деген еңбектің деректеріне сүйенсек: «1913 жылы жалпы Ақмола облысы бойынша 334 жәрмеңке өткізілген. Бұл жәрмеңкелерге 21 220 жылқы, 247 мыңнан астам ірі қара, 142 мың қой және ешкі, 306 түйе айдалып әкелініп, мал дәрігерінің тексерісінен өткен. Бұдан басқа көп мөлшерде 43 618 ірі қараның, 58 498 жылқының, 231 764 қой және ешкі терісін, 86 мың пұт қой, 33 мың пұт түйе жүні сатуға қойылған. Ал жалпы 1913 жылғы Ақмола облысында болған жәрмеңкелердегі мал басы мен мал өнімдерінің бағасы 235 млн сомды құраған».

Жалпы айтқанда, XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы жәрмеңкелер сауда-саттықтың ерекше түрі ретінде Қазақстан экономикасының дамуына әсерін тигізді, әсіресе, қазақ ауылының өркендеуіне тигізген ықпалы ерекше болды. Бұл жәрмеңкелер Қазақстандағы ішкі сауданың кең өріс алуына жол ашып қана қойған жоқ, сонымен бірге, сыртқы сауданың дамуына да үлес қосты. Осы аталған кезде қазақ өлкесінде өндіріс орындарының ашылуы, халықтың отырықшылыққа көше бастауы, қалалардың салынуы, жәрмеңкелер арқылы басқа шет елдермен қарым-қатынастың нығаюы қазақ халқының мәдениеті мен экономикасын дамыту үшін аса маңызды болды.

Жәрмеңкелік сауда Солтүстік Қазақстан өлкесін де Ресейдің базар қатынастар жүйесіне кіруге барған сайын тарта түсті. Әсіресе, тауар қатынасына мал және мал өнімдерін пайдаланып, бүкіл сауда құрылымын елеулі түрде үздіксіз өзгертіп, өлкенің экономикалық өмірін бұрынғысынан гөрі жандандыра түсті. Маусымдық жәрмеңкелерден басқа сауда капиталының көптеп енуімен қазақ жерінде сауданың стационарлық, яғни тұрақты формалары дүкен, айырбас сарайлар, көтерме сауда қоймалары көбейді. Халқы сирек, қатынас жолы дамымаған алыс жерлерде көшпелі өмір сүріп жатқан халық үшін жәрмеңкелер ірі сауданың қолайлы түрі болды.

XX ғасырдың басында тұрақты сауданың дамуына байланысты өлкенің экономикалық өмірінде жәрмеңкелердің рөлі төмендей бастады. Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында стационарлық сауданың дамуы Ақмола облысының сауда өнеркәсіп орталықтарынан алыс жатқан аудандарда да кең етек ала бастады. Мысалы, Көкшетау қаласы мен осы уездің басқа да ауылдық жерлерінде 1913 жылы жалпы айналымы 4 млн. сомды құрайтын 680 дүкен, көтерме сауда қоймалары, Атбасар қаласы мен осы уезде 2 млн. сом айналымы бар 320 стационарлық орталық, ал Ақмола қаласы мен уезінде 3 млн. сом айналымы бар 500-дей дүкен, қойма орталықтары жұмыс істеген. Ал, жалпы, жылына Ақмола облысы бойынша стационарлық сауда айналымы 63 млн. сомға жеткен.

Патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарамастан, Солтүстік Қазақстанды Ресейдің кең қанат жайған экономикалық кеңістігіне неғұрлым молынан тартып, капиталистік қарым-қатынастардың дамуына мүмкіндік беретін алғы шарттар жасалып, қолайлы жағдайлар туды деп айтуға болады. Нарықтық-қаржылық қарым-қатынастардың дамуы өз кезеңінде, өлкеде мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі және жартылай көшпелі халықтың бұрыннан қалыптасқан феодалдық негіздегі қоғамдастықтың ыдырау үдерісін жеделдетіп, натуралды шаруашылықтың жойылуына әкеп соқты. Өлкеде өнеркәсіптің жаңа салалары туындады.

XIX ғасырдың соңғы ширегінде Қазақстанда өнеркәсіп өндірісі қалыптаса бастады. Сол ғасырдың 90 жылдарынан бастап-ақ қазақ жерінде пайдалы қазбалардың көптеген түрлері бар екені анықталды. Осы кезден бастап Ресей кәсіпкерлері Қазақстанға біршама капитал жұмсап, бірқатар пайдалы қазбалар кеніштері негізінде әр түрлі өнеркәсіп орындарын ашты. Барлық Қазақстан өлкесіндегідей Ақмола облысының көптеген қалаларында Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Атбасарда да тері өңдейтін, май шайқайтын, ұн тартатын дирмендер және тау-кен өндірісі, түрлі-түсті, қымбат металдар өндіру ісі тез қарқында дами бастады.

XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өлкедегі кен өнеркәсібіндегі басты саланың бірі алтын өндіру болды. И.Словцов бұл жайлы өз деректерінде мынадай мәліметтер келтіреді: «Көкшетау уезіндегі 26 алтын іздеу орындарында 1891 жылы 1 536 адам жұмыс істеп, олар 2 пұт 19 фунд алтын өніміне ие болған. Бұл аймақта өндірілетін минералды қазба байлықтарын мыс және темір рудасы, тұз, ақ балшық пен құмның өндірістік түрлері, мәрмәр мен түрлі-түрлі тастар көптеп пайдаланылуда».

Өлкеде алтын өндіру деңгейі жылдан-жылға артып отырды. Көкшетау уезінде 100 алтын өндіру кені және бірнеше мыс өңдеу кені жұмыс істеді. Сол кездегі деректерге сүйенетін болсақ, қазақтар тұз өндіру, тау кен және балық кәсібімен айналысатын мекемелерде, ал қалаларда, зауыттарда еңбек ететін негізгі өндіргіш қара күш есебіне жұмысқа тартылды. Қазақтар ішінде мұндай жұмысқа көбінесе жатақтар (отырықшы кедейлер) деп аталатын адамдар баратын. Олардың бір күнгі табысы 30-40 тиыннан аспайтын. 90-жылдарға дейін алтын өндеумен жекеменшік фирмалар айналысса, ал одан кейінгі жылдары бұл өңірге алтын қорының молдығы мен арзан қол жұмысшылар көрсеткіші бұл өңірге орыстар ғана емес, шет ел капиталистерінің де назарын аудара бастады. Алайда, қазба байлықтарды өндіру ісі пайдаға құныққан айуандық сипатта жүзеге асырылды.

Бұл өңірде құрметті азамат атағына ие болған Поповтар, мещанин Копылов, Енесейлік саудагер Штерх, Корзинин және Медынцев сияқты ауқатты адамдар кен орындарын иеленді. Осы жылдары Қырғыз алтын өнеркәсіп компаниясы өз қызметін жүргізді .

Қарастырылып отырған жылдары зауыт-фабрикаларды өндіретін өнімдеріне байланысты 4 топқа: 1) пайдалы қазбалар, 2) мал шаруашылығы, 3) майшам жасайтын және сабын қайнататын, 4) өсімдік майын өндіретін зауыттар деп бөлуге болады.

Жалпы, Ақмола облысы бойынша 1891 жылы облыс аумағында 162 зауыт болған, онда 1 268 жұмысшы еңбек етті. Зауыт өнімділігі 844 633 сомды құраған. Одан басқа да 108 су диірмені мен 618 жел диірмені жұмыс істеген. Ол диірмендерде 700 983 пұт астық үгілді .

Яғни, қалаларда ауыл шаруашылық өнімін өңдейтін ұсақ өнеркәсіп орындары басым болды: тамақ (май айыратын, сыра, арақ шарап жасайтын, ұн тартатын т.б), тері илейтін, механикалық шеберханалар пайда болды. Ақмола қаласында шошқа майын қолданумен үш түрлі өнеркәсіп шұғылданды: май айыратын, сабын қайнататын және май шам шығаратын зауыттар. Бұлардың ішінен ең алғашқы сабын қайнататын өнеркәсіп 1882 жылы Ақмола қаласында ашылған. Сол кезде зауыттың үш жұмысшысы 2 800 сомға өнім шығарған екен. Ал 1914 жылы осындай үш зауыт 5 000 сомның өнімін өндірген .

ХІХ ғ. 90-жылдары ең алғашқы қой терісін өңдейтін зауыт жұмыс істей бастады. Зауыттың өнімділігі жылына тек қана 1 000 сомнан аспады. Бір зауытқа орташа алғанда, тек қана 1-2 жұмысшыдан келді. Әрине бұл өңдеуші кәсіпшілік болатын, дегенмен, бұл тауарларды тек жергілікті тұрғындар сатып алатын. Ал сапасына келетін болсақ, Ресей тауарларына қарағанда төмен еді.

Ақмола қаласындағы алғашқы тері өңдейтін зауыттар да сол кездері пайда болған. Бұл зауыттардың да өнімдерді өңдеудің сапасы төмен болған, Екатеринбург және Қазан қалаларынан келген тауарларға бәсеке ретінде бола алмады. ХХ ғасырдың басында ашылған қаладағы ең ірі және жабдықтанған өнеркәсіп орны А.Кубриннің сыра ашытатын зауыты болған. Оларда 8-ден 18 жұмысшы істеген, жалпы шығаратын өнімі әр жылдары 15 -тен 35,5 мың сомға жеткен.

1893 жылы Ақмолада бірінші бу диірмені жұмыс істей бастады, ал 1914 жылы 15 жұмысшысы бар екі бу диірмені 25 мың сом тұратын өнім шығарған. XIX ғасырдың аяғында қалада бұдан басқа өнім шығару жиынтық сомасы жылына 150 мың сомды құрайтын 65 жел диірмені мен бір су диірмені болды. Ақмола қаласында жалпы шығаратын өнімі 150.000 сомды құрайтын 65 диірмен бар. Сонымен қатар, 6-шошқа майын өндіретін, 4-майшам шығаратын, 1-сабын қайнататын, 1-тері өңдейтін, 2-қой терісін өңдейтін, 1-шекқарын тазалайтын, 1-жүн жуатын зауыттар жұмыс істейді. Бұл зауыттар жалпы құны 15.000 сом тұратын тауар өндіреді.

ХХ ғасырдың басында қалада әр түрлі құрылыс ғимараттарының салынуына байланысты кірпіш шығаратын зауыттардың маңызы артты. 1914 жылы 50 жұмысшысы бар 9 кірпіш зауыты 150 мың сомға кірпіш жасап шығарған.

XIX ғасырдың екінші жартысында Көкшетау уезінде де, негізінен мал және егін шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ғана болды. Мәселен, 1902 жылдың өзінде уезде 203 өндірістік кәсіпорын: 16 зауыт, оның ішінде тері өңдейтін – 8, кірпіш шығаратын – 1 (52 жұмысшы) майшайқайтын – 1 жұмыс жасады. Кейінірек, Кривозерное (қазіргі Саумалкөл) селосында Харламовтың сіріңке фабрикасы мен Айдабол селосында спирт өнімдері зауыты, Көкшетауда бу дирмені салынып, халыққа қызмет көрсете бастады. Бірақ бұл өндірістік күші сапасыз зауыттар болатын жұмысшылардың саны 2 ден 25-ке дейін жетіп, кәсіпорындарда небары 413 адам еңбек етті, зауыттардың техникалық деңгейі төмен болып, көбінесе, қарабайыр қол жұмысы басым болды . Өлкедегі зауыт-фабрикалар мен кен орындарында, көбінесе, малынан айырылып, кедейленген жатақтар жұмыс   жасады.

Ақмола облысының басқа да уездерінде сауда кәсіпорындары орналасты. Мысалы, Петропавлда 1898 жылы осындай мекемелердің саны 16-ға жетті, бұл кәсіпорындардың жалпы айналымы 400 мың сомды құраған.

Сауда-саттықтың және өндірістің дамуына байланысты, заманға сай капиталистік ұйымдасқан қаржы ұйымдары құрыла бастады. Петропавл қаласында 1871 жылы негізгі капиталы 40 мың сомға жететін қалалық қоғамдық банк ашылды. Ал банктың 1876 жылдың 1-ші қаңтарындағы капитал қоры 48.312 соммаға жеткен болатын. Бүкілресейлік Мемлекеттік Банкінің бөлімшесі 1874 жылы ашылып, ал кейін Сібір Сауда Банкінің бөлімшесі және 39 ірі серіктестіктер жұмыс істей бастады. Соңғыларының айналымы жылына 13 млн. сомды құрады .

XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Омбы қаласында да ағылшын, американ, неміс т.б. шетелдік фирмалар көптеп ашыла бастады. «Олар Қазақстанда ауыл шаруашылғы машиналарын сатып, мал шаруашылығы өнімдерін сатып алып отырды. Соның нәтижесінде шетелдік банк жүйесі құрыла бастады. Омбы қаласында әсіресе, манафактуралық тауарлар саудасы жоғары қарқынмен дами бастады. 1904 жылы Омбыда мақта-мата саудасымен айналысатын фабриканттар Морозов пен Циндель салған Мәскеу көтерме сауда қоймалары үлкен маңызға ие болды. Бұл қоймаға сауда жасау үшін әдейілеп Ақмола облысы мен Семей облысынан, Томбы мен, Тобылдан, Жетісудан халық ағылып келіп жатты».

Қазақтарда кәсіпкерліктің аң аулау түрі де кеңінен етек жайды, бұл кәсіппен жер аударылып келгендер де айналысты. Аң аулау мөлшері мен оның нәтижелері белгісіз, әйтсе де жәрмеңкелерде қымбат бағалы терілерді сату күн санап өркендей түсті. Балық аулау кәсібі де айтарлықтай дамыды, бұл кәсіппен, негізінен, қоныс аударушылар да айналысты. Патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарамастан, Солтүстік Қазақстанды Ресейдің кең қанат жайған экономикалық кеңістігіне неғұрлым молынан тартып, капиталистік қарым-қатынастардың дамуына мүмкіндік беретін алғы шарттар жасалып, қолайлы жағдайлар туды. Нарықтық-қаржылық қарым-қатынастардың дамуы өз кезеңінде, өлкеде мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі және жартылай көшпелі халықтың бұрыннан қалыптасқан патриархалдық-феодалдық негіздегі қоғамдастықтың ыдырау процесін жеделдетіп, натуралды толығымен жойылуына әкеп соқты. Өлкеде өнеркәсіптің жаңа салалары туындап, қоғамдық еңбек бөлінісіне және ұлттық жұмысшы кадрларының шығуына себебін тигізді. Қазақтар орыс шаруаларымен сауда-саттықпен ғана айналысып қоймай, сонымен бірге достық қарым-қатынаста да болып, олардың шаруашылықтарының жақсы жақтарын өздеріне алып, бірте-бірте отырықшылыққа көшіп, егін шаруашылығымен айналысып, өздеріне үй және басқа да құрылыс салумен айналыса бастады.

Қазақтардың көшпелі мал шаруашылығынан отырықшылыққа көшуіне байланысты солтүстік өңірде қалалардың маңызы арта түсті. Кәсіпкерлер қайырымдылық істермен де айналысып, білім және мәдени мекемелерге қолдау көрсетіп отырды. Ақмола көпесі Степан Кубрин жыл сайын қалалық кітапхананың қажеттіліктері үшін 200 сом бөліп отырған, бұл сома кітапхананың жылдық бюджетінен 4 есе артып кеткен болатын. Мұның бәрі айналып келгенде XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы мәдени өмірге өз ықпалын тигізбей қоймады.

 

                                                                                           (жалғасы бар)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?