Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

#Түрік әлемі: Қазақ танымындағы заман ұғымы

1780
#Түрік әлемі: Қазақ танымындағы заман ұғымы - e-history.kz

Уақыт және кеңістік ұғымдары өте кең кең ауқымдағы мәселенің бірі. Зерттеу масштабы да ауқымды, қызықты әрі қиын тақырыптардың бірі. Уақыт біздің күнделікті тіршілігімізбен әбден біте қайнасқан еш өзгешелігі жоқ қарапайым құбылыс секілді көрінетіні рас. Алайда уақыт өте жұмбақ, өзінің шынайы табиғатын әлі де толықтай ашып көрсете қойған жоқ. Керек болса, қисынға келмейтін құбылыстар мен ғылыми парадокстарға толы барса келмес, құпиясының бір ұшығына кірген адам қайта айналып шыға алмас құпия арал болып қалып отыр. Әсіресе, оны философиялық тұрғыдан түсіндіру өте үлкен ізденісті қажет етеді.
Ал философиялық тұрғыдан алсақ уақыттың түсінігі тым терең. Академик А.Е.Ферсманша айтқанда «уақыт ең оңай әрі ең күрделі ұғым» болып шығады. Гераклит уақытты «заттардың ішіндегі ең соңғы және ең алғашқысы», «оның өз ішінде мәні бар, ол өзі бар да, жоқ нәрсе» дейді. Көзбен көруге қолмен ұстауға келмейтін зат, оны тек ой арқылы ғана түсіне аламыз. Ол санадан тыс, тәуелсіз өмір сүреді. Әрі мәңгілік, шегі де шеті де жоқ. «Бізді қоршаған табиғат ішіндегі белгісіздердің белгісізі ол – уақыт. Уақыт деген не, оны қалай басқаруға болады, бұны ешкім білген емес», - дейді Аристотель. Уақыт тарих пен өмір тылсымының өлшемі. Оның басы, өрбуі, және шегі болады. Ол қайталанбайды, өзгертуге қайталауға бомайды. Уақыт құпияға толы табиғат заңдылығы. Уақыттың құпиясын бір ғана заңдылықпен шеше алмаймыз. 

Сонымен уақыт деген не? Уақыт – тіршіліктің мықты да аяусыз өшірушісі, сонымен қатар оны жаратушысы да. Кеңістік осы уақыт ішіндегі оқша зулап келе жатқан уақыттың өн бойындағы заттар мен құбылыстардың бір-бірімен қатар орналасуын және өзара әрекеттесу ретін білдіретін философиялық ұғым. уақыт қайтып оралмайды. Кері бағыттылық уақыт болмысында жоқ дүние. Соған қарамастан уақытты үнемдеуге, басқаруға, басып озуға тырысамыз. Алайда, ол өз заңдылығын жүргізетін ұлы күш. Платонның ойынша «уақыт - мәңгіліктің қозғалу бейнесі». Яғни «құдайдың» өзі мәңгілік, тумаған және жаратылмаған; ғарыштың өзі.
Атам қазақ та уақыттың ұлы күш екенін шүбәсіз мойындаған. «Жазмыштан озмыш жоқ» деп кеткен бабаларымыз. Мұндағы жазмышы Жаратушының сызып берген шекарасы, әрбір пенденің маңдайына жазылған тағдыры. Яғни уақыт бәрінің төрешісі, әміршісі. Көне Түркілік түсінікпен айтсақ, уақыт - Тәңірдің өзі. Ал кеңістік сол Тәңірдің сыйы іспеттес. Қазақ үшін жерден асқан қасиетті дүние жоқ. Әрбір қарысы - құт, әрбір тасы кие. Топырақты шашуға болмайды, одан өнген көкті жұлмайды, көк өрім талды, жалғыз ағашты кеспейді деп басына ақтық байлап, қасиет тұтқан. Осы қасиетті кеңістікте жүріп аспан әлемін бақылады. Уақыт межесін белгілеп. Аспан шамшырақтарының шашылып түсуі мен айдың тууы, үркердің аууы секілді құбылыстарға қарап көшін түзей жүріп уaқытты aнықтaудa да аса бaй тәжірибe жинaқтaй алған. Яғни уақытты сағатпен, қашықтықты метрмен, шақырыммен өлшемесе де оларды дәл болжай білді. Өздерінің шaруaшылықтарына сaй рeттеп, күнделікті тұрмыс ыңғaйынa кeлтірe отырып, жыл, aй, тоқсaн, апта, тәулік секілді уақыт бөліністерін жобалаған. Қазақтың бұл танымы үлкен ілім. Тіптен әлемнің ешбір елінде кездеспейтін ғылыми жаңалық десе де болады. 

59d4aeb0183561432a8b4567.jpg

Яғни көшпелі түркі тайпалары (қазақ халқы) өзге бір өркениеттер секілді табиғат ананы  өзгертуге немесе оған үстемдік етуді мақсат етпеді. Керісінше, табиғатты қасиет тұтып онымен гармониялық үйлесімде бола білді. Яғни көшпелі бабаларымыз үшін кез-келген кеңістік кие, зымырап өтіп бара жатқан уақыттың әрбір сәті құнды саналды. Бұл көшпелі өмір сүрген атам қазақтың экологиялық санасының биіктігі мен уақыт пен кеңістік туралы пайымымының аса жоғары деңгейде болғанын көрсетсе керек. 

Көшпелі бабаларымыз қазіргі заманғы өлшем бірліктеріне көшкенге дейін мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан халықтық өлшем жүйесі бойынша жұмыс жүргізіп келген. Әрі уaқытты aнықтaудa да аса бaй тәжірибe жинaқтaй алған. Жыл, aй, тоқсaн, апта, тәулік секілді уақыт бөліністерін өздерінің шaруaшылықтарына сaй рeттеп, күнделікті тұрмыс ыңғaйынa кeлтірe жобалаған. Яғни уақытты сағатпен, қашықтықты метрмен, шақырыммен өлшемесе де оларды дәл болжай білген. Ұлттық ұғымымыздағы  уақыт мерзімдерінің қазіргі өлшем бірліктерінен көп айырмасы жоқ жоқ. Мәселен, бір сәт, қaс қaғым, «ә дeгeншe» деген деген тіркестер 1 сeкундтық өлшемнің белгілері. Сол секілді сүт пісірім уaқыт (10-15 мин ), шaй қaйнaтым (20-30 мин), биe сaуым уaқыт (1,5 сaғaт), eт пісірім уaқыт (2-3 сaғaт) деп болжам жасайды. Бұл ұзындық өлшемдердің ең қыскасы - елі. Саусақтың көлденеңін «елі» деп атайды. Сонда бір елі дегені - 1.5см, екі елі дегені - 4-5 см, төрт елі дегені - 8-9 см, бес елі дегені 10-11 см-ға тура келетін көрінеді. Сол тәрізді сынық сүйем – 14-15 см, бір сүйем - 18-19 см, бір қарыс 20-21 см-ға тура келеді. Міне, осы «елі», «сүйем», «қарыс» деп аталатын өлшемдер қазақ өмірінде өте үлкен рөл атқарған. Айталық, киім пішу, киім тігу, сырмақ жасау, тұскиіз кестелеу, үй ағаш жасау, киіз басу және қолөнер бұйымдарын жасаудың бәрі де осы өлшемдер бойынша орындалып отырған. Ол көбінде сол өңірдегі белгілі бір өнер иесінің қарыссүйемдерімен өлшеніп отырғандықтан, тегіс, бірыңғай, олпы солпысы аз, бір зауыттан, бір қалыптан шыққандай көрікті әрі әдемі болып жасалған. 

Бұл өлшемдерді, бәлкім, қазіргі өлшемдердің түп атасы, арғы тегі деуге де болады. Айталық, қазақта «жеті өлшеп, бір кес» «қарыстан сүйем жуық», «ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген сияқты мақал-мәтелдер бар.
Мәселен, «Қабанбай батыр» жырында:

Амалмен құрған қақпанды,

Ақылды пенде баспайды.

Тәңірім жазған жазудан

Өлшеулі ғұмыр аспайды», - деген өлең жолдары кездеседі. 

Міне, бұлар біздің халқымыздың өлшем жөніндегі ұғымдары мен өлшем жүйесінің өте ертеден қалыптасқандығын байқатады. Белгілі бір шектік, белгілі бір межені яғни өлшем ұғымын философиялық деңгейде меңгере алғанын байқаймыз. Бір қызығы, өлшем категориясын философиялық тұрғыда қарау еуропада 18 ғасырда ғана басталыпты. Нақтысын айтқанда, Фридрих Гегель бастап берген екен. 

Атам қазақ сонымен қатар, белгілі бір өлшемге бағынбайтын адамгершілік қатынастарды, мәселен, жақсылык пен жамандық қайырымдылық, жауыздық, зұлымдық секілді психолгиялық кеңістіктерді де бір ауыз сөзбен жеткізе білген. Қазақ адамды «пенде» деп жатады. Жан баласына қатысты «адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» дейтіні тағы бар. Бұл адами қасиеттің, адам бойындағы жақсы-жаман қасиеттер мен рухани, инсани, имани яғни көзге көрінбейтін кеңістіктердің межесін білдіретін өлшем. Ол сырт көзге көрінбейді бірақ бар.
Сол секілді қазақ ұғымындағы заман сөзін де осындай заңдылықтармен түсіндіруге болатын секілді. Заман – Дәуір, кезең. 2. Мерзім, уақыт, кезең. 3. Өмір сүрген уақыт. 4. Халық, жұрт, ел деген мағынада. 5. Белгілі бір уақыттан басталатын күнтізбелік жылдар есебінің жүйесі, жылдар есептемесі, белгілі бір эра дегенді білдіреді. Яғни «Заман» ұғымының кең ауқымды, әрі түрлі мағынаға ие күрделі ұғым екендігін байқаймыз. Сонымен қатар, философиялық тұрғыдан әлі де толық мәні ашылып, зерттеле қоймаған мәселенің бірі екені даусыз. «Заман – деген бір күнде орнап, сол күні-ақ бар мазмұнын айқындап беретін базар емес, ұлы да ұзақ сұрыпталатын кезең. Оның ділін-дінінен бастап философиялық мазмұнын бір күнде ұғыну қиын» деп жазады ұлы жазушымыз Ғабит Мүсірепов. 

Сайраш Сапарғалиеваның «Дала өркениеті» атты еңбегінде бқл ұғымдарға «қазақ үшін заман өздері өмір кешіп отырған уақыт пен кеңістіктің өлшемі, кеңістік пен уақыттың бір ұрпақ шеңберіндегі тұтастығы» деген анықтама берілген. «Екіншіден заман тағдыр. Ол адамдарға берілген мүмкіндік қана, ал оның шындыққа айналуы адамдар еркінен тыс күшке бағындырылған. Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар деген осы мәндегі түсінік дейді» ол. Яғни әлеуметтік кеңістік пен әлеуметтік уақыттың тұтастығы деген ой айтады.
Бұл нені білдіреді? Заманның анықтамасын анықтап, осымен бітті деп шешім шығара салу әзірше мүмкін емес дегенді білдіреді. Себебі, заман ұғымы мағынасы кең, жан-жақты қарастырылатын дүние. Яғни белгілі бір межеге сыймайтын нақты бір өткен уақыты белгісіз, аяғы белгілі болғанымен бастамасы анықталмаған, басы белгілі болғанымен немен аяқталары әлі бұлыңғыр кеңістіктің бір бөлшегі деуге болады. 

Хакім Абай айтады:

Көк тұман - алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған

Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.

Ол күндер - өткен күнмен бәрі бір бәс,

Келер, кетер, артына түк қалдырмас.

Соның бірі - арнаулы таусыншық күн,

Арғысын бір-ақ алла біледі рас. 

Сондай-ақ, 37 қара сөзінде тағы былай дейді: «Адам бала­сын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» дей келе заман ұғымын былай аяқтайды

«Дүние – үлкен көл,

Заман – соққан жел,

Алдындағы толқын – ағалар,

Артқы толқын – інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер...» 

Яғни үміт бар, бірақ бұлыңғыр. Ол замандар өтеді, бірақ нақты межесі жоқ. Қарапайым өлшемдік қағидаға бағынар түрі жоқ. Яғни не болары бір Аллаға ғана аян жұмбақ заман. Әр адам өз заманның өнімі. Заманның адамға, адамның заманға тікелей қатысы бар. Заманды қалыптасыратын, ондағы адамның жақсы, жаман ететін ортасы деп тұжырым жа­сайды. Сондықтан да заманның жаман неме­се жақсы болуына тікелей әсері ететін, оны қалыптастыратын адамның өздері екендігін түсіндіреді. Абайша айтқанда заман және адам егіз ұғым. Алайда заманның ықпалы күшті, билеуге келмейтін, игеруге көнбейтін ұлы күш. Яғни, қазақ ұғымындағы заман ұғымы адамды билеп, өз ырқына көндіріп тұрған ұлы құдырет. 

Қазақ ұғымында заманның үш түрі бар. Өткен, осы және келер заман. Сонымен қатар, ақыр заман деген ұғым барын айта кету керек. Ауыз әдебитеті нұсқаларында бұл заман түрлері қилы заман, ақыр заман, нар заман, зар заман, тар заман, қу заман, амал заман, Асан қайғы іздеген Жерұйық заман, Абылай хан тұсындағы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман, өзгерістер за­маны, қазіргі заман деп түрленіп отырады. Мұндай заман белгілерінің саны 200-ден астам деп жазады Ысқақов. 

Жалпы қолданыста «арғы», «есте жоқ, ескі заман» деген тіркестер бар. Яғни заман ұғымы ұзаққа созылған тарихы бар үлкен кезең. Ол белгілі бір кезеңдердің жылнамасы. Ол ала ту көтеріп Алашаның хан болған өте-мөте замандар немесе Жеті жарғы тұсында үлкен өркендеуге қол жеткізген, әз-Тәукенің уақыты, қасым ханның тұсы, жеке ел болып ұлттың мерейі өсіп көшпелі кезеңнен толық билігі өзіне тиген Қазақ хандығының құрылуы я болмаса Абылай хан билік еткен дәуірдегі «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезеңдердің жалпы атауы. 

SB_-_Kazakh_man_on_horse_with_golden_eagle.jpg

Бір белгілісі, заман ұғымы да құбылмалы. Абылай хан дәуірінен соң қазақ үшін қиын-қыстау замандар басталған еді. Тарих бетінде Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама деген атпен қалған жоңғар қырғыны басталады. Кеше ғана бақуатты өмір сүрген халық орыс пен қытайдың қысымына ұшырайды. Жүйеге қарсы елді жұмылдырылған қазақтың соңғы ханы Кенесарының өзі жеңіліске ұшырады. Сырым Датұлы бастаған, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістер соның айғағы. Кейін 70 жыл бойы орыстың боданы болдық. Кейін дүниенің бет-бейнесі қайта өзгеріп жеке ел болдық, Тәуелсіздік алдық. Қазақ ұғымындағы заман ұғымы осындай ұзын-қысқа, ауыр-жеңіл, қайғы мен қуанышты, жайлы жайсыз аумалы-төкпелі жылнамалардың жиынтығы. Яғни «Мына заман қай заман? Азулыға бар заман. Азусызға тар заман, Мұның өзі - зар заман...» я болмаса «…аптапқа түскен басың бар, жау айбынар досың жоқ» деп Шортанбай, Дулат секілді жырауларды зар жылатқан зарлы жылдардың шежіресі.
Қазақ ешқашан дайындықсыз отырмаған. Киелі кеңістік пен ұшқыр уақытты игеріп қана қоймай сол бір қос құдыреттің түйісінен пайда болған «замандардың» ашшы-тұшы, басы ғана емес ақыры түбі болатынын да жақсы білді. Әрбір қарысын кие, уақыттың әрбір сәтін, қадірін жақсы түйсінді. «Оралыңның барында ойнада күл» немесе «өтіп кеткен бұл дәурен қайтып мойын бұрмайды» деген жырлары арқылы бір күні келер қауіптің алдын ескертіп отырды. Түбі бір бұл заманның тарлық ететінін ал­дын ала болжаған. Атақты Мөңке бидің :

«Кер замандар болады,

Кер замандар болғанда

Көлдің суы бітіп, табаны қалар,

Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар,

Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,

Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар,

Адамның жақсысы кетіп, жаманы қалар,

Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,

Сөйтіп, ақылы жоқ санасыздың заманы болар...» деп жырлауы да бекер емес еді. 

Қысқасы, заман сөзі қазақ үшін өте қастерлі ұғым. Ол басында айтып өткеніміздей жылаған жылдар шежіресі, сағыныш, өткенді аңсау, келешектен үміт күту әрі одан келер қауіп-қатерлерден сақтану құралы. Қазақ өткен заманнан сабақ алады. Келешектен үміт күтеді. Асанды нарға мінгізіп «Қайғы» атандырған, шұрайлы қоныс «Жерұйықты» іздеткен де осы замана желі болатын. Өмірден баз кешкен Қорқыттың негізгі ұстанымы осы замана желінен қашу-тұғын. Өткеннен қашып, жердің жұмағын іздеген Асан мен Қорқыттың «заманы» кейінгі ұрпаққа Алаш тарихындағы ең айтулы оқиғаның бірі Қазақ хандығы құрылуына мүмкіндік ашты. Халықтың болашағы мен елдің ертеңі үшін ойға батып. Желмаясына мініп сулы-нулы, шөбі шүйгін, құтты қоныс іздеді. Бармаған жері қалмады. Ақыры тауып оған «Жерұйық» деген атау берді. Сол Жерұйық әлі күнге дейін тарихи функциясын жоғалтқан жоқ. Бұл идея мен түркілік дәстүр бүгінде қазақ елінің Тәуелсіздігіне, Мәңгілік ел идеясына айналып отыр. 

ҚОРЫТЫНДЫ
Басында айтып өткеніміздей уақыт пен кеңістік ұғымдары өте кең  кең ауқымдағы мәселенің бірі. Зерттеу масштабы да ауқымды, қызықты әрі қиын тақырыптардың бірі. Уақыт біздің күнделікті тіршілігімізбен әбден біте қайнасқан еш өзгешелігі жоқ қарапайым құбылыс секілді көрінетіні рас.  Алайда уақыт өте жұмбақ, өзінің шынайы табиғатын әлі де толықтай ашып көрсете қойған жоқ. Керек болса, қисынға келмейтін құбылыстар мен ғылыми парадокстарға толы барса келмес, құпиясының бір ұшығына кірген адам қайта айналып шыға алмас құпия арал болып қалып отыр. Әсіресе, оны философиялық тұрғыдан түсіндіру өте үлкен ізденісті қажет етеді.

Ал философиялық тұрғыдан алсақ уақыттың түсінігі тым терең. Академик А.Е.Ферсманша айтқанда «уақыт ең оңай әрі ең күрделі ұғым» болып шығады. Гераклит уақытты «заттардың ішіндегі ең соңғы және ең алғашқысы», «оның өз ішінде мәні бар, ол өзі бар да, жоқ нәрсе» дейді. Көзбен көруге қолмен ұстауға келмейтін зат, оны тек ой арқылы ғана түсіне аламыз. Ол санадан тыс, тәуелсіз өмір сүреді. Әрі мәңгілік, шегі де шеті де жоқ. «Бізді қоршаған табиғат ішіндегі белгісіздердің белгісізі ол – уақыт. Уақыт деген не, оны қалай басқаруға болады, бұны ешкім білген емес», - дейді Аристотель. Уақыт тарих пен өмір тылсымының өлшемі. Оның басы, өрбуі, және шегі болады. Ол қайталанбайды, өзгертуге қайталауға бомайды. Уақыт құпияға толы табиғат заңдылығы. Уақыттың құпиясын бір ғана заңдылықпен шеше алмаймыз. 

Сонымен уақыт деген не? Уақыт – тіршіліктің мықты да аяусыз өшірушісі, сонымен қатар оны жаратушысы да. Кеңістік осы уақыт ішіндегі оқша зулап келе жатқан уақыттың өн бойындағы заттар мен құбылыстардың бір-бірімен қатар орналасуын және өзара әрекеттесу ретін білдіретін философиялық ұғым. уақыт қайтып оралмайды. Кері бағыттылық уақыт болмысында жоқ дүние. Соған қарамастан уақытты үнемдеуге, басқаруға, басып озуға тырысамыз. Алайда, ол өз  заңдылығын жүргізетін ұлы күш. Платонның ойынша «уақыт - мәңгіліктің қозғалу бейнесі». Яғни «құдайдың» өзі мәңгілік, тумаған және жаратылмаған; ғарыштың өзі.

Атам қазақ та уақыттың ұлы күш екенін шүбәсіз мойындаған. «Жазмыштан озмыш жоқ» деп кеткен бабаларымыз. Мұндағы жазмышы Жаратушының сызып берген шекарасы, әрбір пенденің маңдайына жазылған тағдыры. Яғни уақыт бәрінің төрешісі, әміршісі. Көне Түркілік түсінікпен айтсақ, уақыт - Тәңірдің өзі. Ал кеңістік сол Тәңірдің сыйы іспеттес. Қазақ үшін жерден асқан қасиетті дүние жоқ. Әрбір қарысы  - құт, әрбір тасы кие. Топырақты шашуға болмайды, одан өнген көкті жұлмайды, көк өрім талды, жалғыз ағашты кеспейді деп басына ақтық байлап, қасиет тұтқан. Осы қасиетті кеңістікте жүріп аспан әлемін бақылады. Уақыт межесін белгілеп. Аспан шамшырақтарының шашылып түсуі мен айдың тууы, үркердің аууы секілді құбылыстарға қарап көшін түзей жүріп уaқытты aнықтaудa да аса бaй тәжірибe жинaқтaй алған. Яғни уақытты сағатпен, қашықтықты метрмен, шақырыммен өлшемесе де оларды дәл болжай білді. Өздерінің шaруaшылықтарына сaй рeттеп, күнделікті тұрмыс ыңғaйынa кeлтірe отырып, жыл, aй, тоқсaн, апта, тәулік секілді уақыт бөліністерін жобалаған. Қазақтың бұл танымы үлкен ілім. Тіптен әлемнің ешбір елінде кездеспейтін ғылыми жаңалық десе де болады.

Жұмысымызда осы мәселелерге жан-жақты тоқталып өтуге тырыстық. Уәде еткеніміздей «тоғыс тоғыс», «жеті амал» секілді халықтық жұлдыз жорамал түрлерінің бірнеше нұсқасына тоқталып өттік. Сонымен қатар, бүгінгі таңда қолданыстан мүлдем шығып қалған атам қазақтың адам қолының саусақтарындағы буын саны арқылы апта, айдың, есебін шығару тәсілдерін сөз етілді. Сонымен қатар, киіз уығы мен шаңырақ, күлдіреуішіне қарап уақыт межесін анықтау туралы деректер қамтылды. 

Басында айтып өткеніміздей, көшпелі бабаларымыз кеңістікті игеріп, қашықтықты меңгеруге деген деген талпынысы  тым ертеден басталды. Ертедегі көшпелілер өздерінің күнделікті тұрмыс-тіршілігін, көші-қоны мен төрт түлік малына жайлы қонысты күндіз күннің шығу мен батуына ал түнде шексіз де шетсіз аспан әлеміндегі сан мыңдаған жұлдыздарына көз тігіп, осынау ұшы-қиырсыз кеңістікте қарап бағдарлай білді. Сонымен бірге оларға өздерінше ат қойып, айдар таққан: Темірқазық, Аспан қайығы, Жетіқарақшы, Үркер, Есекқырған тағысын тағылар. Қазақ халқының халықтық білімінде түркі дүниесінен тамырын тартқан аспанды тәңірі-құдай ретінде қадірлеу түсінігі қалыптасты. Шығып келе жатқан күнге, айға тағзым етіп, құрмет көрсеткен. (Оларға табынғанын толықтыру керек) Оғыз қағанның өз балаларының атын Көк, Күн, Ай, Жұлдыз, Тау, Теңіз деп атауы туралы деректер де сөзімізге дәлел болса керек.

Расында да, атам қазақ тым ілкі заманнан-ақ (көне алтай дәуірі), аса жоғары деңгейде ілім жинай алған. Жерді түзiлiсiне, топырағына қарап танитын, шөбі мен суына қарап қонысын таңдап, аспан әлеміндегі жұлдыздардың орналасуы мен үркердің түсуі, айдың тууына қарап бағыт алатын халықтық білім бүгінде әлі күнге дейін толық зерттеліп біткен жоқ. Зертеу жұмысында қазақ халқының дәстүрлі ұғымындағы «күннің тоқырауы», «қарашаның қайтуы», «үркердің батуы», «мұздың қатуы», «киіктің матауы», «қыс тоқсан» және «ай тоғамы» деп аталатын жеті түрлі амал түрлері және басында айтып өткеніміздей «тоғыз тоғыз», қазақтың байырғы күнтізбелік дәстүрлері секілді ұлттық құнылықтарымыз туралы да бірақатар деректер келтіруге тырыстық. Яғни уақыт пен кеңістік ұғымдарын ілкі түркі халықтары соның ішінде қазақ халқы, қалай түйсінді, шексіз де шетсіз даланы мекен еткен көшпелі халықтар уақтты қалай бағдарлады, кеңістікті қалай игерді деген сауалдарға әр түрлі дерек көздері арқылы жауаптар беруге тырыстық.

Сонымен қатар байырғы қазақ күнтізбесіне қатысты тың деректер, бүгінде зерттеу нысандарына көп ілінбей жүрген халықтық амалдар – отамалы, құралайдың салқыны, тоғыс, дүлейлер секілді ұғымдар сөз етуге уеде берген едік. Мыңбай Ысқақов «Қазақ каленьдары», Қадан Қабисатұлы, Есенгелді Нұршаев секілді халық жылнамасы мен аспан күнтізбесін өте тамаша меңгерген жұлдызшылардың еңбектері пайдаланыла отырып «Тоғыс» «Жеті амал» секілді  үркер шоқжұлдызының қозғалысына негіздеп жасалған дәстүрлі күнтізбеміз туралы мәліметтер келтірдік.

Зерттеу жұмысымызда сонымен қатар уақыт пен кеңістікке қатысты дәстүрлі категориялар: Қазақ дүниетанымындағы Ағаш мифологиясы - Мықан ағашы - ғаламдық ағаш,  бәйтерек, шоқ терек тб, заман ұғымы,  ақырзаман, қиямет,  мәңгі өмір (Қорқыт), жерұйық, ергенеқон, отыкен, төрткүл әлем (көлденең космография), 18 мың ғалам, дүниенің төрт бұрышы, қыбла, ғайып болу секілді  түсініктерге өз шамамызша тоқталдық.

Сонымен қатар, К.Г.Юнгтың архетиптер және Михаил Бахтинның хронотоптар топтамасы, тарихи уақыт, ғарыштық уақыт, фантастикалық уақыт, трансформация, телепортация құбылыстары туралы деректер қамтылды.

Жалпы жұмыс отандық және шетелдік зерттеушілер, ғаламтор дерекері мен ғылыми жаңалықтарға негізделіп жазылды. Қоғамдық және мемлекеттік институттардың мәдени іскерліктегі бағамдық-өлшемдік рөлдерін талдап, жүйелі негізде сараптағаннан соң жұмыста қамтылған көптеген ой-пікірлер практикалық-прагматикалық тұрғыда қолданысқа жарап, нақты бір жағдайларда іске асырылуға әбден лайықты деген пікірге келдік;

Түрлі оқу орындары мен жас зерттеуші ғалымдардың, іскерлік саласында практикалық жұмыс жасайтын инновациялық ойлары бар ұрпақ өкілдерінің күнделікті қолдануына лайық еңбек болар деген үмітіміз де жоқ емес.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?