Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Асылбек Байтанұлы: Тойға жаңа мазмұн керек

2695
Асылбек Байтанұлы: Тойға жаңа мазмұн керек - e-history.kz

«Ас та төк ас-той» демекші, қазақ тарихындағы ұлан-асыр ас-тойдың бірі – Арқада, Ерейментаудың Қусағында 1876-жылы өткен Сағынайдың асы. «Ас-той» деп отырғанымыз – жылдық асы өтетін марқұмның жылы уағы толып, қара ту жығылып, тұлданған атқа құран оқылып сойлыған соң, астың той-мерекелік сипатты бөлімі басталып, «ас – аттыныкі, той – тондыныкі» дегендей, жиналған қалың қауым ас ішіп, қызық-думан тамашалауға көшпей ме? Сол Сағынайдың асына жұмсалған дән-дәулет Үндістандағы әйгілі өнер туындысы «Тәж-Махал» кесенесін салуға кеткен қаржыдан әлдеқайда асып түседі екен дегенді оқығаным бар-ды.

Ескі жылды думандата шығарып салып, жаңа жылды қарсы алған сәт кеше ғана еді. Алты-ақ ай бұрын болатын. Сол сәтте күллі адамзат баласы жаңа жылдың өз өмірлеріне қандай өзгерістер әкелерін білмеген болар, сірә. Ошағы Қытайдың Ухань қаласынан бастап өршіген коронавирус індеті осы алты айдың ішінде дүниежүзілік пандемияға айналып үлгерді. Әлем елдері арасында ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы қалыптасып жүйеленген сауда-экономикалық ырғақтың тас-талқанын шығарып, барлық елдердің ішкі-сыртқы бизнес айналымын баяулатты немесе тоқтатып тастады. Барлық мемлекеттерде жұмыссыздық деңгейі күн өткен сайын артып, әлеуметтік ахуал асқынып барады.

Бұл үрдістен Қазақстан да аман емес. Індет таралуына байланысты қабылданған шектеулер кім-кімге болсын, оңай тиіп отырған жоқ. Сондықтан да кейбір кәсіп иелері билікке өз арыз-тілегін білдіріп те, шырылдап та жатыр. Солардың бірі – той бизнесі өкілдері, яғни тойхана, мейрамханалардың иелері. Айтатын уәждері: «Тойханаларға той істеуге рұқсат берілсін, осы бизнестің айналасында күн көріп жүрген ондаған мың адамның хал-ахуалы қиындап барады». Иә, шекесі шылқып жүрген кім бар дейсіз, олардыкі де түсінікті жағдай. Той бизнесі – расымен де соңғы оншақты жылдың ішінде біздің мемлекетімізде ерекше гүлденіп дамыған сервистік сала. Үлкенді-кішілі тойхана, мейрамханалар жүйесі мен олардың басқару, ұйымдастыру құрамы, тұрақты және уақытша даяшылық қызметкерлері – үлкен бір қауым. Бұларға той-томалақтың асбасы мен музыкалық көмекшісін, фото, бейнетүсірушілерді, безендірушілерді, әншілер мен музыканттарды, алуан стильді бишілер мен рөлге енушілерді қосыңыз. Несін айтасыз, қазақтың тойы көп, бір жыл бұрын жазылып, ақшасын алдын ала төлеп қоятындықтан, беделді, сәулетті мейрамханалар мен асабалар, әйгілі әншілердің қызмет кестесіне ойлаған уақытыңызда енудің өзі де жарты бақыт болған дәурен еді ау! Мейрамханалардың бір орынға сұрайтын бағасы мен асаба, әншілердің гонорары туралы: «Біз қалтасынан тартып суырып алғанымыз жоқ, тұтынушы берді, еңбегіміз үшін алдық», - деп өздері айтпақшы, сөз қозғамай-ақ қойған жөн болар.

Біз тек осы тойдың қазақ өміріндегі орны, халқымыздың арғы-бергі тарихындағы ас пен тойы жәнен қашан да той-мерекенің шырайын кіргізіп, ел-жұрттың көңілін көтеретін өнер иелерінің орны мен оларға төленер «қаламақы», т.б. турасында сөз өрбітпекпіз.

Бүгінгі күннің ақиқаты – той-бизнес тоқырап, тығырыққа тіреліп тұр. Той-бизнесі өкілдерінің өтінішін Қазақстанның бас санитарлық дәрігері қабыл қылған жоқ. Демек, Тука (Нұржан Төлендиев) айтпақшы, «таксимен тамақ тасырлықтай» атшаптырым тойханаларға жүз-жүздеп қонақ шақырып дүркірететін тойларға рұқсат жоқ. Бірақ «тойханада той өтпейдіден» болып ұл үйленбей, қыз тұрмысқа шықпай тұра алмайтыны анық қой. Солай болып та жатыр. Кешегі ата-әжелерінің, әке-шешелерінің заманындағыдай, ағайын-туыстың шағын тобының шығарып салуы, қарсы алуымен соңғы үш ай мерзімінде қаншама мың жас отбасы құрылды. Солар ештеңеден кем-қор болды ма? Әрине, ештеңеден ұтылған жоқ. Қайта, керісінше, артық даңғаза дарақылықтан, ысырап шабылыстан, алыс-жуық сабылыстан ада, «тық етпе» тілеу өтті ме, өтті. Қазақтың той-тілеу дейтіні осы ғой. Қыз ұзатқанда, келін түсіргенде етжақын туыс, көңілі жетер ағайын, көрші-қолаңның қатысуымен жасалатын шағын рәсімді қазақ ежелден «тілеу» деген. Демек, даңғаза тойсыз-ақ шағын тілеумен көп рәсімді атқаруға болатынын, солай жасау керектігін халық ұғынып үлгерді. Әрі кейбір қоғам белсенділері де бұдан әрі қарай да тойға бес жылға мораторий жариялау керектігін айтып дабыл қағып жатыр. «Той – қазақтың қазынасы» дегенімізбен, расымен де, соңғы он жылдықтағы тойдың сәні артқанымен, мәні кете бастағаны әмбеге аян еді ғой. 

Қазақ осы – құда бол деп қинайтын,

Құдаларын құдайындай сыйлайтын.

Қазақ осы – дүние мен малыңды,

Оңды-солды шашу үшін жинайтын, - дейтін Әшірбек Телғозиевтің әнінің әуені қапысыз жақсы-ақ, «Қазақ осы» деп тұрып, өзі айтқандай «аңғал-саңғал, жабусыз» қазақ халқының дархан, жомарт, тойшыл, думаншыл мінезін ақылдың ақыны Қадыр Мырза Әлі де тамаша көрсеткен ғой. Бірақ та, біздің қазақ халқы қашанғы аңғал-саңғал, ағыл-тегіл, көл-көсір шашылып жүруіміз керек? Бұл әсте – пейілді тарайтайық дегендік емес, бірақ мынау кеңбайтақ жердің, қырық темір қылаулы елдің тұтастығын ұстап тұру үшін жаңа сапалық өлшемге көшуіміз де керек емес пе? Бүгінгі қазақ – Абай заманындағы қазақ емес, тіпті осы өлеңді жазған тұстағы Қадағаңның заманындағы қазақ емес. Себебі, олардың тұсындағы феодалдық патирархалды немесе социалистік пролетарлық дәуір емес, қазіргі дәуір – мүлде басқа, капиталистік жаһандану дәуірі. Артық шашылуды, алқам-салқамдықты кешірмейтін дәуір. Боласың немесе бордай тозасың. Кеше ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында дәл осы жағдайға тоқталуы бекер емес: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» 

news_full15583447408c016274f09899a96672cd202e6228b0.jpg

Дұрыс! Қолдаймыз, қолдау керек. Себебі, той жасаудың жөні осы екен деп, мынау қысылтаяң заманда қазақы жалған намысқа тырысып, өсімқор банктердің қарызына батып сорлап қалған адамдар қаншама. Бұған мемлекеттің араласуы әбден дұрыс деп білеміз. Орта Азиялық көрші мемлекеттер билігінің тойдың регламенті, жиналатын қонақ, тойлау уақыты т.б. тәжірибелеріне сүйенген жөн болмақ. Сонда ғана ас та төк ысырап тойға заңдық тыйым болмақ. Сондықтан да ХХІ ғаксыр қазағының той туралы түсінігін өзгертетін уақыт жетті.

Барыңды да нарыңды да сал соған,

Ата-бабам осы тойды аңсаған.

Баласына бір той жасап бере алмай,

Бұл өмірден өтіп кетті қанша адам.

Осы бір әнді бәріміз білеміз, іштей құптап келдік. Бірақ ендігі әкенің міндеті: барын да, нарын да шашып ұланасыр той жасау емес, ағайын-туыс, дос-жаранның басын қосып шағын мерекелік салтанат өткізіп, ұрпағының болашағына сәттілік тілеу болуы керек.

Демек, мұнда тойдың форматын да өзгерту керек болады. ХХІ ғасырдың адамы – жайлылыққа құмар. Ауыл халқының өзі кешегі біз көрген замандағыдай ешкім де киіз үй тігіп немесе шатыр (палатка) құрып, әйелдер жағы ыдыс-аяқпен әуре болғысы келмейді. Сондықтан ауылдықтардың өзі тойды қалаларда істеуге көшкен. Сондықтан да бұрынғы жазғы тойларда (ол кезде тойлар негізі жазда болушы еді ғой) жүргізілетін ат жарыс, қыз қуар немесе қыз қуу, көкпар, жаяу жарыс, айтыс, палуандар сайысы т.б. өткізу мүлде қалып қойды. Мынау заманда осыны қайта тірілтіп, жаңғыртуға үлкен мүмкіндік туып тұр. Ол қандай мүмкіндіктер? Жазғы тойларды жайлы да кең киіз үйлерде өткізуге болады. Оған толық мүмкіндік бар. Қазір келіскен уақытыңызда кез келген жерге киіз үйді өзі апарып тігіп, ішіндегі үстел-жабдығын әзірлеп, даяшылығын жасап беретін фирмалар жеткілікті. Бұл – тойханалардан әлдеқайда арзан. Жауын-шашын да өтпейді. Шақырылған адамдар киіз үйде күтіледі. Той бағдарламасы бойынша атжарыс, палуандар күресі т.б. күндіз өтіп, бұл – жаттанды сценарий емес, ел есінде ұзақ сақталатын жалпыхалықтық мерекеге айналады. Бұлай өткізу – ұлтымыздың рухани жаңғыруына әкелетіні айтпаса да түсінікті. Бұрынғы асаба – осындай тойдың ас жасаушысы ғана еді ғой, мұндай тойды білікті той басқарушы атқарады. «Той – тондыныкі, ас – аттыныкі» демекші, мұндай тойды кез келген өткізіп, әрбіреу жете де бермейді. Қазақтың байлары да орта дәулеттісі де осындай тойларды өткізіп жатса несі айып, жарасымды емес пе? Мұндай тойлардың әредік әрбір жерде өтіп жүргенінен хабарымыз бар, куә де болдық. Өте жарасымды.

Қазақ – қай заманда да ән мен күйді қадірлеген халық. «Дүниенің есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп Абай айтпақшы, қазақ өмірінің барлық сәті, тіпті үшкілсіз көйлек киіп о дүние аттанар алдында да, өз қазасын азалап жылаушылардың көріс жоқтауын естіп жатады-мыс (жаназа шығарылғанға дейін мәйіттің құлағы ашық жатады демей ме?) Абай осыны меңзеп тұр. Тумақ пен өспек-өнбектің барша рәсімдерін өлеңмен өрнектеп, ән-жырмен әдіптеуде қазақтан асқан халық бар ма екен! «Шілдеханадан» басталған ән-жыр әлемінің көрігін қыздырушы, көркін асырушы – әншілердің бәсі қашан да жоғары болған. Той-тілеудің иесі де олардың еңбегін қай заманда болмасын бағалап отырғанына, өткен ғасырлардағы әнші, сал-серілердің мұралары куә. Тіпті оларсыз ешбір ойын-той, базар-жәрмеңке өтпеген десе де болғандай. Арқаның атақты сал-серілері, әншілері Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Майра т.б. дүлдүлдерді арнайы шақыртып алдырып, лайықты «гонорарын төлеп» отырғанындығына қарап, бүгінгі әншілерімізді әспеттеп, кейде әспенсітіп жататынымызды сол баяғы заманнан бергі үрдісіміз-ау демеске де шара жоқ.

1848-1930 жылдар арасында Қарқаралы жерінде Қоянды жәрмеңкесі дүркіреп тұрды. Ресейдің, Қытайдың, Орта Азияның, Қазақ даласының әр жерінен келген саудагер, базаршы қауым тек қолда барын айырбастау, сату мақсатында ғана емес, қызық-думанды тамашалау үшін де асығатын болған.

2019_06_09_222436392900.jpg

Базарың құтты болсын, ардақты елім,

Қоянды ту көтерген думан жерім.

Қарқара, сұлу Көкше – жер шоқтығы,

Сарыарқа – алтын ана, асқар белім! – деп жәрмеңкенің думанды шымылдығын ашып, сәтті өтуіне тілек білдірген Біржан салдай дүлдүлдер аспандағы аққуға әнін қосып, Тәттімбеттей күйшілер домбырадан сырлы сазын төккен. Шашубай, Ағашаяқ стиліндегі өнерпаздары, өзбектің даршылары, Қажымұқан, Балуан Шолақтай алып күш иелері т.б. жәрмеңкенің шырайын кіргізетін болған. Бұлардың барлығы да өз өнерлерінің лайықты бағасына тура, ауыспалы мағынасында ие болып отырған. Бұған нақты мысал келтірелікші. Қазақтың рухани қазынасына «Гәкку», «Қалдырған» т.б. тамаша әндерін тарту еткен әйгілі Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының К.Салықов құрастыруындағы «Үкілі Ыбырай» жинағында ақынның Атбасар жәрмеңкесінде Доскей ақынмен айтысы берілген. Осы айтыстың кіріспесіндегі Үкілі Ыбырайдың Атбасарға жеткенге дейінгі сапарынан үзінді алайық: 

Жасымнан өнер бітті қызыл тілге,

Пенде қуып жетпейді өткен күнге.

Атбасарда үйіп қойған ақшам бардай,

Белді буып жөнелдім тәуекелге.

Осылайша өзінің туып өскен мекені Жалғызтаудан атқосшыға бір қартты ілестіре шығып, Саумалкөл, Сандықтауды басып, жолдағы елдің барлығының ортасында ән шырқап өнерін көрсетеді. Мұның нәтижесін ақынның өз сөзімен берейік: 

Өзімді жолдағы елге таныстырдым,

Қызыл тілді халқыма жағыстырдым.

Жеткенше Атбасарға сайран етіп,

Бес шапан жиырма теңге қағыстырдым, - дейді. Қазіргі күннің нарқымен шамаласаңыз да жаман емес. Үкілінің жолай табысы жаман болмаған. Мұнымен қоса: 

Бегәлінің баласы Кенжеболат,

Мінгізді көптен таңдап бір жүйрік ат, - дейтін жері тағы бар. Хош, осылайша, әйгілі әнші Ыбырай Сандыбайұлы Атбасар жәрмеңкесіне жеткенше өнерінің арқасында әжептәуір табыс табумен қоса, жәрмеңке барысында «Үкілі» деген анықтауышқа қоса, қомақты қаржыға ие болады. Мұндағы айтпағымыз: кешегі заман өнерпазының табысын санау емес, қазақ даласында өнерді лайықты бағалау дәстүрі ежелден-ақ болғанын айтып өту еді. «Тауықпын тары терген найман шалдан» (Әсет), «күніне жүзді беріп мыңды алсам да, қалтамның түбі тесік байымаймын» (Шашубай) дейтін де осы ән өнері. Бірақ олардың, тіпті бірер жылдың алдындағылардың көп алдында көрсетер, бағалатар өнері – орындаушылық дәстүрге фонограмма деген «музыкалық фастфудтың» араласпаған, саф өнер еді ғой. Ал сол Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырайлардың, кезегі Исалардың дәуіріндегі қазақ әнінің сұраныстық бәсі қалай, мынау заман «дәстүрлі әнші» деген ат берген саф өнерімізді насихаттап жүрген әншілерімізді қазіргі тойы қалай қабылдап жүр? Бұл – жеке бір мақаланың жүгі болар, сірә. Анығы – қазақ тойларында эстрадалық жанрдағы, тойшыларды көбінесе «шапалақ соғып отыруға» икемделген, дыбысы дүңкілдек, ойнақы әндердің дәурені жүріп тұрғандығы. «Той-томалақ – уақытқа обал-ақ» деп Қадыр ақын айтқанындай, алтын уақытты қия отырып, той иесінің көңілі үшін барғаныңызда, осы кештен алып шығатын рухани ләззат қандай? Жүргізген той-томалағына қатыса-қатыса енді не айтатынын өзіңіз де жаттап алған асабалардың сөзі мен мега-мини жұлдыздардың әндері, ішектей шұбатылған бірсарынды тілек айтулар, шынайы қолданыстық сипатына мүлде ұқсамаса да жасалатын «заманауи» жасанды драмаланған беташар, сыңсу, тағысын-тағылар, басы артық шалпылдатып сүюлер. Жалпы, осы орынды-орынды беттен «шалпылдатып сүю» – анық қазақтың дәстүрі емес. Қазақ әдебінде жас келінді, қыз баланың бетінен сүю өзінің жарына ғана бұйырған емес пе еді? Қайын ата, тіпті әкенің өзі қызын маңдайынан иіскемейтін бе еді? Орекеңдерден жұққан әдет екенін жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романында әзілмен емеуріндеп кететіні бар. Осы бас артық шап беріп шапылдатып сүю – гигиеналық тұрғыдан да, қазақы этикалық таным жағынан да жат қылық екенін асабалар неге айтпайды? Жоқ, айтпайды. Себебі, ол сценарийдің ішінде.

Асаба демекші, кейбір асабалар мен әншілердің мейманасы тасығаны соншама, үлкен қалалардың шет аудандарындағы кішігірім тойханалардағы тойлар басқаруды, ән айтуды өзіне кәдімгідей намыс көретін «талғампаздардың» да бар екенін халық жақсы біледі. Бұл енді әлгі «жұлдыз ауру» дегеннің дәл өзі болар. «Бекіренің бел кеспесін жемейтін қайран басым, қоңырсыған қой сорпасына қор болғаным-ай», - деп ертеде деп қыр еліне тұрмысқа шыққан Жайық бойының қызы айтыпты демекші, сол керімдердің дәл қазіргі жағдайы шертіп таңдап, кертіп жейтіндей емес ау.

158799-900x_.jpg

Тойға келген соң, ыздиып, сызылып, оқтау жұтқандай отырып, ішіп-жеп кетіп қал деп отырған жоқпыз. Айтпағымыз, дарақы күлкіні, даңғаза әуенді, ұшы-қиырсыз тост-тілектерді азайтып, жиналған жұртты рухани демалысқа жетелейтіндей, той тойлаудың тың форматын қалыптастыру – бүгінгі заманның талабы. Президентіміздің сұхбатындағы тойға қатысты басты акценттің өзі де – осы. Бұл тұрғыда ағайындас түркі халықтарында, әлем елдерінде талай тамаша дәстүрлер бар. Өзгенің бәрін қабылдағанда, той өткізудің тамаша дәстүрлерін неге қабылдамасқа? Неге той бизнесінің бүгінгі флагмандары асабалар мен әншілердің репертуарына, мүлік-мүкәммалына талаптар енгізбеске? Халқымыздың той тойлаудағы эстетикалық талғамын, этикалық деңгейін қалыптастыруда бұл адамдардың аса үлкен ықпалына неге мән бермеске? Қазақы қалпының қапысыз сыншысы хакім Абайдың:

Қобыз бен домбыра алып, топта сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап..., - деген ащы мысқылы қазіргі күні де еш өзгерместен өз күшінде тұрған жоқ па? Абай заманындағы өнерпаздардың өнері – табиғаттың өзі сыйлаған «натуральный» өнер екені – бесенеден белгілі. «Мал үшін тілін безеп жанын жалдаптың» көкесі – біреудің еңбектеніп жасаған дайын сценарийін, өзге бір халықтың немесе отандық басқа бір музыканттың, әншінің тер төгіп жасаған рухани еңбегін шімірікпестен иемденіп көп алдында «мал тауып жүруге» тастай тыйым болмаса да, сүзгі жасарлықтай қадам жасалуы тиіс емес пе? Әлде «күл болмаса бүл болсын» деп, осы қалпымен тастап қою керек пе еді? Ұлттық қауіпсіздік дегеннің өзі – шекараның аман болуы, ішер тамақ, тұтынар тауардың сәйкестігі, жат идеялардан қашық болуы т.б. толып жатқан сақтықтан тұрмай ма? Соның бірі – осы той-жиындарды өткізу салт-дәстүріндегі ұстаным болса керек-ті. Ел ағалары, есті қариялар айтудайын айтып-ақ келеді. Әлеуметтік желілерде де талқыланып-ақ жатады. Қазақтың өлімінің өзін ұлан-асыр тойдан еш айырмасыз болдырып бара жатқан – халықтың өз сұранысы ма, әлде осындай жағымсыз әдет, салттарды біртіндеп сіңіруші – пайдақұмарлық индустрияны гүлдендірушілер ме? Қоғамдық белсенділердің, зиялы қауымның, халықтың ой-мүддесін жеткізуші өзге де өкілдердің пікірін ескере отырып белгілі деңгейдегі тыйым-тежеулерді қабылдау – биліктің тікелей құзыретті міндеті емес пе? Бұқара халқының орынсыз шашылып-төгілудің, даңғаза-дудың жетегіне кетіп бара жатқанын сараптай отырып, мемлекет өзі шара қолданбаса, кім тоқтатпақ? Тойдың арқасында кейбір азық-түліктер мен зат-тауардың айналымы жоғары болып, қаншама мың адам осының арқасында нәпақа тауып отырғаны рас. Бірақ осы айналымның қанша бөлігі отандық өнім? Әлде біз ас та төк ас пен тойымыз арқылы өзге жұрттардың бизнесін қыздырып беріп жүрген жоқпыз ба? Бұл да бөлек зерттеудің тақырыбы.

«Ас та төк ас-той» демекші, қазақ тарихындағы ұлан-асыр ас-тойдың бірі – Арқада, Ерейментаудың Қусағында 1876-жылы өткен Сағынайдың асы. «Ас-той» деп отырғанымыз – жылдық асы өтетін марқұмның жылы уағы толып, қара ту жығылып, тұлданған атқа құран оқылып сойлыған соң, астың той-мерекелік сипатты бөлімі басталып, «ас – аттыныкі, той – тондыныкі» дегендей, жиналған қалың қауым ас ішіп, қызық-думан тамашалауға көшпей ме? Сол Сағынайдың асына жұмсалған дән-дәулет Үндістандағы әйгілі өнер туындысы «Тәж-Махал» кесенесін салуға кеткен қаржыдан әлдеқайда асып түседі екен дегенді оқығаным бар-ды. Ресей бодандығындағы отар жұрт қазақта ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына дейін Сағынай асынан асып түсетін небір үлкен астар болғаны және анық. Тек Сағынай асының өзгеден бәсін асырып, ел есінде мәңгі қалдырып тұрған – өнердің құдіреті, сол ас бәйгесінде Құлагер тұлпардың өлтірілуі, Ақан серінің «бай-байлап», бебеулеген ащы зарынан туған өлмес әні. Өзге ештеңе емес. Сол ас өткен жерде бүгіндері шегенделген ескі құдықтардың болар-болмас орны, суалған Қусақтың шаңдағы ғана жатыр. 

Ойлап қарағанда, қазіргі ас пен тойдың мән-мағынасы да сол Патшалық Ресей тұсындағыдан аса көп айырмашылықа ие еместігіне көз жеткізе отырып, осы бір тойшылдық эйфориясынан айыққанымыз жөн болар. Бір ғана біздің халқымыздың, мемлекетіміздің ғана емес, әлемнің проблемасы коронавирус дертінің де әптігі басылып, Жер шарындағы тіршілік қайтадан мамыражай қалыпқа түсер. Қазақтың тойына, асына, жиынына жаңа мазмұн керек. Міне осы кезде той-жиынға қатысты еріксіз қалыптасып үлгерген оңтайлы түсініктер мен үдерістерді бекерден бекер ұмыт қалдырмай, үнемшілдік пен тиімділікке негізделген салт-дәстүрмен жаңа дәуірдің парағын ашайық демекпіз. Онсыз дарақы, тойшыл халық ретінде көштен қалғанымыз қалған бола бермек.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?