Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бүгін – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні

2271
Бүгін – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні - e-history.kz

Естеріңізде болса, 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданған болатын. Мемлекеттік рәміздердің еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін атрибуттарының бірі екені даусыз. Қазақтанның тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын  білдіреді», – деп айрықша атап айтқан. Біз осы шағын жазбамызда мемлекеттік рәміздің бірі ретінде саналатын Мемлекеттік Ту туралы ғана айтпақпыз.

Еліміздің тәуелсіздігін ай­ғақ­­тай­тын бірден-бір нышан – Мемлекеттің Туы.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңға сәйкес Мемлекеттік Туға ресми түрде бекітілген анықтама бойынша айтсақ: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы  – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Туды сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн, шұғыла, қыран және әйнек бейнелері алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы  – 1:2».

Түркі тектес халықтар арасында кеңінен таныс «ту» сөзі сонау VI ғасырдан бері белгілі. Ешқандай мағыналық өзгеріске түспеген десе болады. Ту сөзімен қатар қолданылып жүрген «жалау» сөзі де ерте кезден белгілі. С. И. Ожеговтың «Түсіндірме сөздігінде»: «Ту дегеніміз – ағаш сапқа байланған белгілі бір түске боялған жалпақ мата, белгілі бір ұйымға, мемлекетке тән немесе тән етіп белгілеп берілген болуы мүмкін» деп анықтама берілсе,  ал «жалау дегеніміз – ағаш сапқа немесе жіпке тартылған эмблемасы бар түсті мата» деп келтірілген.  Ал тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев «Төрелер шежіресі» деген кітабында «Ту дегеніңіз – көбінесе үлкен матадан жасалып не найзаның басына, не арнайы бақанға байлан­ған рәміз. Тудың желегіне араб жазуымен жазылған Құран сөздері болады, бірақ сурет салына қоймайды. Оның есесіне жауынгерлік байрақтар әртүрлі болады. Байрақтарда қасиетті аңдар мен құстардың алтыннан жасалған мүсіндері, жылқының құй­рығы сияқты заттар т.б. кез­деседі. Мемлекеттің туы есе­бін­д­е сол кезеңде жоғары билікке ие болып, тақта отырған әулеттің туы қызмет жасайды» деген пікір айтады.

Көнеден қалыптасқан дәстүрге сәйкес тудың негізгі белгісі – оның түсі. Бұл ретте Коломбьер, Варенн, Ансельм секілді ту тарихын зерттеушілердің жазбаларынан көптеген деректер кездестіре аламыз. Орта ғасырларда Урстиц, Кнакониус, Зибмахер, Спильман және т.б. ғалымдардың еңбектері негізінде жасалған кестелер  қолданылған екен. Әр халықтың жадына бекіген пайымдауларға сүйенсек, қызыл түс – ерлік көрсету, күресу, бас көтеру, ал ақ түс – бейбітшілік, адалдық, қара түс – қайғыру, жоқтау және қарсылық білдіру деген ұғымдарды білдіреді. Түстердің діни мағыналары да болды. Мысалы, ақ түсті  христиандар, жасылды – мұсылмандар, сарғыш қызылды буддаға табынушылар киелі деп санаған.

Әр ұлттың өзінің болмыс-бітіміне сай өз бояуы болады. Мемлекеттік Туымыздың аспан түстес көк болуы да жайдан-жай емес. Бұл турасында Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбеков «Туда қазақтың үш мәсе­лесі бар» дей келе былай деген екен:  «Бірегей көгілдір түс тектен-текке таңдалған жоқ. Ол аспан мен өмір нәрі судың да түсі. Бірінші, көк тәңірі көк түс. Қазақ тәңірге сыйынған. Тәңіршіл­діктің кейбір әдет-ғұрпы қазіргі сал­ты­мызда да бар. Екінші, қазақ­тың мәрттігін, кеңпейіл­ділігін, ерлігін танытатын бүр­кіт. Бүр­кітіміз бен күніміз, көк ас­панымыз Туда. Үшіншіден, қазақ­тың қазақ екендігін ай­шық­тайтын оюын Туға қонды­руды мақсат еттім. Ұлтымыз бен туымызды айшықтап тұр­сын деп ерекше ою ойлап таптым».

Арғы бабаларымыз бөрілі байрақты  «Көк асаба» деп атаған. Аспан түсті тулар мен байрақтарды тарихтың әр дәуірінде Түркі қағандығы, Хазар қағандығы, Ұлы Селжұқ қағандығы, Ақсақ Темір мемлекеті, Қазақ Ордасының кейбір хандары мен батырлары да ту етіп көтерген.

Тудың  бетіне түрлі нышандарды бейнелеу – ертеден келе жатқан үрдіс.

Күн –  көшпелі өркениет дүниетанымының темірқазығы. Қазақстан аумағынан Күн бейнеленген ежелгі сақ (б. з. д. VII-IV ғ.ғ.) дәуірлеріне тән тас жазулардың (петроглифтер) табылғаны осының айғағы десек болады.

Табиғаттың төл баласындай болған көшпелілердің дала бүркітіне деген ынтызарлығы ерекше. Тарихшы Рашид-ад-дин деректерінде «Оғыз хан ұлыс үлестірген кезде үлесіне ұшы-қиыры жоқ киелі кең дала тиген үшінші ұлына елтаңба ретінде қанатты қыран бейнесін ұсынған» деген дерек те кездеседі. Сонда ұлан ғайыр атыраптың төл иесі қазақ ұлты үшін қыранның еркіндіктің нышанындай болары да заңдылық.

Туымыздағы шұғылалы Алып Күн бейнесі, қыран тектес халқымыздың қияға қалықтаған арманын арқалаған дала бүркіті мен рухани болмысымыздың ерекшелігі ұлттық өрнек –  мағынасы мол айшықтар. Бүгінде бұлармен бірге ұлтымыздың тарихи зердесі қайта жаңғырды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?