Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихи достық көрмесі

1964
Тарихи достық көрмесі  - e-history.kz
Қазақстан - Ресей дипломатиялық қарым-қатынасына 25 жыл. Шертер сыры бар ширек ғасыр

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Қазақстан-Ресей: мәңгілік достық стратегиясы» атты тарихи деректі көрме ашылды. Биыл еліміздің Ресей Федерациясымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл. Осы жылдар ішінде екі ел арасында қаншама келіссөздер жасалып, сандаған құжаттарға қол қойылды. Бұл құжаттар өткен шақтың еншісінде қалып, мұрағатқа табысталғанымен, тату көршіліктің бір айғағы ретінде құнын ешқашан жоймайтыны белгілі.

Осы орайда Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің, Ресей Федеральды мұрағат агенттігінің ұйымдастыруымен өткен шара құжаттардың түп-төркінін тануға бағытталды. Көрменің ашылуында еліміз тарапынан Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжин Елбасы Н.Назарбаевтың, Ресей тарапынан Ресей Федерациясы Президентінің шет мемлекеттермен өңіраралық және мәдени байланыс жөніндегі басқармасының бастығы Владимир Чернов президент В.Путиннің құттықтау хаттарын оқып берді. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ресей Федеральды мұрағат агенттігінің жетекшісі Андрей Артизов, сондай-ақ, Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников тарапынан да дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын әйгілейтін көрмеге жылы лебіздер арналды. 

Марат Тәжин, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

Қазақ елі мен Ресей арасындағы байланыс ежелден басталады. Халық тілімен айтқанда, патша заманынан бері қарай қазақ пен орыс көрші болып келеді. 70 жылдай Кеңес одағының құрамында бірге болдық. Ал одан кейін де арамыз ажыраған жоқ. 1991 жылдан бері тәуелсіз ел ретінде байланыс орнаттық.

Тарихи-мәдени байланыс жағынан да, бүгінгі таңда экономикалық тұрғыдан алғанда да Қазақстан үшін Ресейдің орны бөлек. Неге десеңіз, іргелес жатқан елдер болғандықтан, экономикалық даму үрдісі де, қоғамның дамуы да бір-біріне оң ықпал етері сөзсіз. Екі ел арасындағы байланыстың дами түсуі бәрімізге де тиімді болмақ.

Михаил Бочарников, Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Қазақстан - Ресей әріптестігінің негізі сан ғасырларды көктеп өтіп, Кеңес Одағы құлап әр мемлекет өз тәуелсіздігін алған тұста жаңа арнаға бет бұрды. Бұл орайда ең алдымен 1992 жылы қабылданған Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімді атап өтуге болады. Екі жақты қарым-қатынастың негізгі ұстанымдары бекітілген бұл құжат мемлекеттер арасында саяси және экономикалық байланыстардың тұрақты дамуын қамтамасыз етті. Ал, 1998 жылы екі ел басшыларының Мәңгілік достық пен одақтастық туралы келісімге қол қоюы ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына мүмкіндік бергені белгілі. 

Көрме материалдары екі мемлекет арасындағы сенімнің жоғары деңгейіне, өзара түсіністік пен қолдау дәстүрлері, шынайы стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа негізделген Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының сындарлы үлгісін ашып көрсетеді.

Көрме экспозициясына еліміздің Ұлттық мұрағаты мен Ресей мемлекеттік мұрағатының қорынан алынған саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы 300-ден аса құжаттар қойылды. Олар мемлекетаралық, үкіметаралық және аймақаралық деңгейлердегі түрлі бағыттағы міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. 

 

Фото Нурбек Альманбетов

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) © e-history.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?