Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

7 наурыз күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология Институтында «Президент және халық» республикалық қоғамдық-саяси газетімен бірлесе отырып «Дала уәлаятының газеті» және Қазақстан тарихы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді

1509
7 наурыз күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология Институтында «Президент және халық» республикалық қоғамдық-саяси газетімен бірлесе отырып «Дала уәлаятының газеті» және Қазақстан тарихы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді - e-history.kz
Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология Институтында «Президент және халық» республикалық қоғамдық-саяси газетімен бірлесе отырып «Дала уәлаятының газеті» және Қазақстан тарихы» тақырыбында өтті.

Институт директоры,т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корр. мүшесі Х.М. Әбжановтың кіріспе сөзінде бүгінгі «Дала уәлаятының газеті» және Қазақстан тарихы» тақырыбына арналған басқосудың мақсаты - институттың бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын нығайту екендігін атап кетті. Себебі, мерзімді баспасөздер арқылы айтулы оқиғаларға қатысты мақалалар көпшілік оқырманға тез таралады. Қазіргі таңда жарық көріп жатқан кітаптарға қарағанда, газет-журналдардың оқырманы басым. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдалана отырып, газет редакциясымен тығыз байанысты орната отырып, оның беттерінде институт ғалымдарының тарихи ғылыми мақалаларын үздіксіз қамтамасыз ету арқылы оқырмандардың тарихи санасын қалыптастыру міндетін дұрыс жолға қоя алатындығымызды мәлімдеді.

Бағдарламаға сәйкес Институтымыздың бас ғылыми қызметкері т.ғ.д., профессор В.З. Галиев өз баяндамасында «Дала уәлаятының газетінің» XIX ғ. соңы мен XX ғ. бас кезіндегі қазақ ұлттық интеллигенциясының қалыптасуы мен бірігуіне қосқан үлесінің маңызын көрсете отырып, сол дәуірдегі бірқатар ұлт ағартушыларының газет бетіндегі мақалалары мен жалпы олардың ұлттық мүдде жолындағы орны мен рөліне тоқталды.

«Президент және халық» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы М.Тоқашбаев өз баяндамасында мерзімді баспасөздің қоғамның тарихи санасы мен көзқарасын қалыптастырудағы орнының ерекшелігіне тоқтала келе, алдағы уақытта  Қазақстан тарихына қатысты ғылыми мақалаларды оқырмандарға жеткізуде тарихшылар мен журналисттер бірлесе отырып жұмыс атқаратын болса, көптеген оң нәтижелерге қол жеткізе алатындығын атап өтті.

ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағаты, Мұрағат қорларын жариялау және пайдалану қызметінің жетекшісі М.Ғ. Жылысбаева бүгінгі таңда мұрағат қорларында сақталған газет-журналдардың құрылу тарихына қатысты деректер жеке қорларда көптеп кездесетіндігін және сол құжаттық деректер негізінде патшалық Ресейдің Қазақ жеріндегі отарлық саясатқа негізделген әскери жүйесінің қарқындап дамуы мен оның заңдық күшін жергілікті халыққа тарату мақсатында ақпарат құралдарының қажет болғандығын, баспасөздің сол тұстағы атқарған рөліне тоқталды. Оның дәлелі ретінде «Дала уәлаяты» газетінің алғашқы нөмірі «Акмолинские ведомости» газетінің қосымшасы ретінде 1888 жылы жарыққа шыққандығын, жалпы осы басылым бетінде жарияланған бұйрықтар мұрағаттық анықтамалар дайындау барысында негізге алынатындығы жайында сөз қозғады. Қорыта келгенде, газеттердің мұрағаттық құжаттық дерек ретіндегі маңызы қаралып, зерттеуді қажет етеді деген пікірін білдірді.

Институттың жетекші ғылыми қызмеркері, т.ғ.к., С.К. Рүстемов XIX ғ. соңы мен XX ғ. бас кезіндегі ұлттық басылымдар тәуелсіздіктің бастау көзі бола алғандығын және олардың қоғамдағы атқарған қызметін жан-жақты талдаса, т.ғ.д., доцент Г.Н. Ксенжик бүгінгі күні ЖОО-ның оқу үдерісінде Қазақстан тарихына қатысты кейбір жекелеген мәселелерді тереңдетіп оқытуда «Дала уәлаятының газеті» деген арнайы элективті курс жүргізудің әдісімен бөліссе, ғылыми қызметкері Р.Е. Оразов газет бетінде сол тұстағы қоғамдық-саяси мәселеріне қатысты жазылған мақаларға тоқталып оның ішінде жер мәселесіне қатысты мәселелер қамтылғанымен, қазақ ұлт-азаттық көтерілістері туралы ешбір деректің кездеспейтіндігіне тоқталса, М.Р. Сатенова ғылыми хабарламасын «Дала уәлаятының газеті» редакторларының бірі, әрі бас аудармашысы Ешмұхамет Абылайхановтың өмірі мен қызметіне арнады.

 Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультетінің магистрантары Г. Жұмаділ, М. Досқалиевалар «Дала уәлаятының газетінде» жарық көрген мақаларда көтерілген қазақ оқу-ағарту мен білім беру мәселелеріне және ресми қағаздарды қазақ тіліне аудару ісінің дұрыс жүргізілуіне, қазақ тіліндегі көркем әдеби тілде жазудың дамуына қосқан үлесін атап кетті.

Бүгінгі дөңгелек үстелде қарастырылған XIX ғ. соңы мен XX ғ. бас кезіндегі «Дала уәлаятының газетінің» тарихтағы атқарған рөлі мен маңызы ерекше болса, алдағы уақытта да мерзімді баспасөздер мен ғылыми мекемелердің тығыз байланысы отандық тарих ғылымының дамуына үлес қосатындығына сенім білдірумен қорытындыланды.   


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?