Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

2013 жылғы 14 желтоқсанда ҚР Президенті Н.Назарбаев қатысуымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс өтті

2014
2013 жылғы 14 желтоқсанда ҚР Президенті Н.Назарбаев қатысуымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс өтті - e-history.kz
Нұрсұлтан Назарбаев жиналысқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде 1991 жылдық 16 желтоқсанында әлем ұлттары шоқжұлдызында жаңа жұлдыз – Қазақстан Республикасы жарқырап жанғанын атап өтті.

5fba936ee08d28f2a98cd0348d6a316f.JPG

– Бұл күні біз өзіміздің қазақстандық жолға қадам бастық. Біз ұлы миссияны іске асырдық – Тәуелсіздікті алғаш жариялағандар қатарында болдық. Уақыт зымырап өтуде. Егемен Қазақстан дүниеге келгеннен кейінгі оқиғалардың бәрі енді Мәңгіліктің еншісіне кетіп бара жатқан Тарих. Ол уақытты біз қазіргі ұлы жетістіктермен салыстыра отырып бағалаймыз. Бұдан жиырма екі жыл бұрын біз экономиканы көтеруді ғана армандаған едік. Ал биыл Қазақстан әлемнің бәсекеге ең қабілетті 50 елінің қатарына қосылды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халқымыз үшін қашанда жеті санының орны ерекше екенін айтты.

– Еліміздің жаңа ғасырдағы жаңа бағдары – «Қазақстан 2050» стратегиясы да жеті басымдықтан тұрады. Тәуелсіздіктің тартуы ретінде халқымыз құн жетпес жеті қазынаға ие болды. Бірінші қазына – қасиетті де беделді еліміз, Мәңгілік Еліміз. Дау-дамайсыз шешімін тапқан он төрт мың шақырымнан астам шекарамыз Отанымызды біртұтас елге айналдырды. Көршімен тату, алыспен сыйлас ел болып отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Қазақстан Президенті екінші қазынамыз ретінде ел бірлігін атап өтті.

– Біз туған елімізді бейбітшілік бесігіне айналдыра білдік. Елімізде тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық салтанат құрды. Бірлік, береке – біздің басты байлығымыз, құн жетпес қазынамыз. Егер тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық болса, онда еліміз тарихтан лайықты орнын алады. Тәуелсіздік халқымызды бейбітшілік пен келісімнің сақтаушысы – Ассамблеяның бірыңғай шаңырағының астына топтастырды. Біздің рухани бірлігіміз – зайырлы мемлекет пен қоғамның басты іргетасы, – деді Мемлекет басшысы. 

Нұрсұлтан Назарбаев үшінші қазынамыз мәдениетіміз бен туған тіліміз болып саналатынына тоқталды.

–  Қазір қазақ тілін көрші елдерден өзге Әзербайжан мен Армения, Беларусь, Польша, Мажарстан, Оңтүстік Корея, Германия, Ұлыбритания, АҚШ мемлекеттерінің белді оқу орындарында оқытады. Бұл мемлекеттердің қатары жыл өткен сайын толығуда. Әйгілі Кембридж университетінде қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті туралы арнайы пән бар. Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық мәдениетіміз қайта жаңғырды. Біз «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, кеткенімізді келтірдік, кемдігімізді толтырдық. Біздің өнеріміз бен бай мәдени мұрамыз әлемдік рухани байлықтың бір бөлігіне айналды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің төртінші қазынасы индустриялық-инновациялық экономика екенін айтты.

– Бүгінде жеріміздің байлығы барша халыққа тиесілі және соған қызмет етеді. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, биыл Қазақстан минералдық ресурстарды басқару жөніндегі әлемдік рейтингте 19-шы орынға көтерілді. Біз жаhандық дағдарыстардан жақсы сабақ алдық. XXI ғасырдағы ұлттың табысты жолының бәрін индустриялық қуат пен инновация анықтайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Қазақстан Президенті бесінші қазына ұлттық байлығымыздың түп негізі – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы екенін атап көрсетті.

–Қазақстан және қазақстандықтардың қазіргі жетістіктерінің  барлығына біз қажырлы еңбегімізбен жеттік. Еңбек адамды мәртебелі, ал елді ұлы етеді, – деді Мемлекет басшысы. 

Нұрсұлтан Назарбаев алтыншы қазынамыз мемлекеттің қуатын архитектуралық тұрғыдан танытқан Астана болып табылатынын жеткізді.

– Оның жаңа орамдарында, саябақтарында және сәулеткерлік жауhарларында біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы тарихы айнадағыдай көрініс тапқан. Сондықтан Астанаға деген сүйіспеншілік – Отанға деген перзенттік сезім. Бұл – жаңа қазақстандық патриотизмнің алтын арқауы, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жетінші қазына жаһандық жауапкершілік пен барша адамзаттық бастамалар екеніне тоқталды.

4249c591a507680748c2c7503a86439c.JPG

Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты, сондай-ақ Қазақстанның Тәуелсіздік күні құрметіне салтанатты қабылдау өтті. 

Мәлімет ҚР Президентінің akorda.kz ресми сайтынан алынған
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?